Бастауыш сыныптарда оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің   теориялық негіздері

0
106
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартында бастауыш сатыдағы оқыту “оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жекебас-тұлғалық қатынасын (этикалық,эстетикалық,адамгершілік тұрғысынан) тәбиелеу” мақсатын көздейтіндігі айтылған.

Мазмұны

  1. Кіріспе

I-тарау. Бастауыш сыныптарда оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің   теориялық негіздері

  • Педагогика ғылымында “эстетикалық тәрбие” ұғымының анықталуы
  • Бастауыш сынып оқушыларының сұлулық сезімдерін тәрбиелеу жолдары

Қорытынды

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

 

Кіріспе

Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартында бастауыш сатыдағы оқыту “оқушыда жалпы адамзаттық құндылықтар мен адамның айналадағы дүниемен жекебас-тұлғалық қатынасын (этикалық,эстетикалық,адамгершілік тұрғысынан) тәбиелеу” мақсатын көздейтіндігі айтылған. Халыққа білім берудің бүкіл жүйесін қайта құру жағдайында бұл мақсатты іске асыру үшін эстетикалық тәрбиесінің ең маңызды бағыттарының бірі – ана тілі пәні арқылы, яғни көркем шығармалар арқылы оқушының әсемдік сезімін қалыптастыруға басты көңіл бөлінуде.

Баланы жастайынан эстетикалық тәрбиелеуге Мағжан Жұмабаев ерекше назар аударды. Ол қазақ мектептерінің мұғалімдері үшін “Педагогика” оқу құралын жазды. Онда ғалым-педагог эстетикалық тәрбиені “сұлулық тәрбиесі” деп атап, тәрбиенің міндеті ”баланы дұрыс, пайдалы, жоғары нәрседен ләззат алуға, төмен, пайдасыз нәрседен жиренуге үйрету” екендігін ескертеді.

Дәл осы ойды Ы.Алтынсариннің еңбектерінен байқауға болады. Ы.Алтынсарин эстетикалық тәрбие проблемаларын қозғайтын арнайы еңбектер жазып қалдырмаса да оның эстетикалық көзқарастарын педагогикалық қызметінен көруге болады.

Орыс халқының педагогтары К.Д.Ушинский,В.А.Сухамлинский, А.С.Макаренко да эстетикалық тәрбие мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. “Мәдени дағдыларды қалыптастыру” атты мақаласында А.С.Макаренко бұл жөнінде “Жақсы айтылған ертегі — мәдени тәрбиенің басы, егер әрбір отбасының кітап сөресінде ертегілер жинағы тұрса, қандай жақсы болар еді”,-деген тұжырым айтады.

Қазіргі мектеп практикасын талдау да бастауыш сатыда көркем шығармалар арқылы оқушыларды эстетикалық тәрбиелеу қажеттігін айғақтай түседі.

I бөлім. Бастауыш сыныптарда оқушыларға эстетикалық тәрбие берудің теориялық негіздері

I.1.Педагогика ғылымында “эстетикалық тәрбие” ұғымының анықталуы

Философиялық тұрғыдан алып қарайтын болсақ “эстетика” деген сөздің өзіне былайша түсініктер берген. “Эстетика”-көркемдік таным теориясы, әсемдік туралы, көркем шығарманың жалпы заңдары туралы, адамның болмысқа эстетикалық қатынасы туралы ғылым, өнерге деген көзқарас, өнерді қабылдау, сезіну, түйсіну, түсіну.

Ал,”эстетикалық” дегеніміз не, бұл сөз нені білдіреді? Бұл гректің сөзі, оның тікелей аудармасы “сезінушілік” (чувственное) дегенді білдіреді: Мұнда көру, есту, түйсіну, талғам арқылы – бұл адамдардың сезінуі.

Эстетикалық тәрбие адамның рухани бейнесін қалыптастырудың соншама ауқымды саласын қамтиды. Кейде эстетикалық тәрбие деген ұғымды “көркемдікке тәрбиелеу” деген ұғыммен қатар алып жүрміз.

“Көркемдікке тәрбиелеу” дегеніміз — өнер құралдарымен тәрбиелеу деген сөз. Ал эстетикалық тәрбие дегеніміз – Ильишаның айтуы бойынша өнердегі, табиғаттағы және бүкіл қоршаған өмірдегі әсемдік құралдары арқылы тәрбиелеу деген сөз. Сондықтан көркемдікке тәрбиелеу эстетикалық тәрбиемен пара пар емес оның өте маңызды, бірақ құрамдас бөлігі болып табылады.

Батыстың белгілі философы И.Кант (1724-1804) “Прекрасное есть символ нравственного, бодрого и только принимая это во внимание, оно нравится” деген еді. Ғұлама бұл жерде этикалық тәрбие адамның эстетикалық тыныс – тіршілігімен байланысты деп тұр емес пе? Этика мен эстетика бір-бірінсіз өмір сүре алмайтыны шындық. Ал бұл екеуінен де жұрдай, не бұлары бір-бірімен қиыспайтын адам бұрын да болған, қазір де бар. Эстетикалық талғамды тәрбиелеу – адамның көңіл-күйіне, мінезіне қатысты мәселе. Айталық, көркем сөз бен картиналарды адам іштей бағалап, жан дүниесімен сезініп, терең ойға шомылып, ұнағанына қуанып, ұнамағанына реніш білдіріп отырады. Егер адам осындай көңіл күйіне түспесе, эстетикалық тәрбиеміздің пәрменсіз болатындығы түсінікті. Эстетикалық талғамнан эстетикалық ұғымды ажырата білу ләзім. Эстетикалық талғам – адамның түрлі өнер салаларынан алған түсініктерінің жиынтығы. Эстетикалық ұғым оның іргетасы, ол шәкірттердің жас өзгешеліктеріне байланысты өзгеріп отырады.

Эстетикалық (сұлулық) тәрбие беру балалардың өскен ортасына, жасына және ұлттық ерекшелігімен байланысып жатады. Мысалы, біздер төменгі сынып оқушыларын шығарма кейіпкерлерінің іс-әрекетіне таң-тамаша болып қайран қалатыны, олардың кейіпкерлерге баға беріп, өздеріне үлгі ететін кісінің жан-жүйесінің нәзік жақтарына көңіл қоя білмейтіні шығарманың көркемдік мәнін түсіне бермейтіні, ал олар адамның сыртқы тұрпатына ғана көңіл аударып, бұлардың ішкі астарына зейін қоймайтындығы, шығармаларда құйқылжытып жылдам орындалатын әуездерді ұнататыны байқалса, жоғары сыныптардағы ересек шәкірттердің музыкалық шығармалардың орындалу шеберлігімен дауыс ырғақтары гармониясына көңіл бөле бастайтыны белгілі.

Дала ойшылдары жас өскіннің эстетикалық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген, олардың жыр-толғауларынан жақсы байқалады.

Аса мәнді эстетикалық түйіндерді кейіннен ұлы Абай мен Сұлтанмахмұт аз айтпаған. Олар әннің, жырдың көркемдігін көкірегі ояу, жаны сезгіш, ойы қырағы адам шарықтаған шығармашылық қиялдың негізінде ұғынады деп түсіндірген. Бұл жерде біз табиғатпен үнемі етене араласып жүрген қазақ халқының ойлау және қиялдау жүйесінің сыр-сипатын жақсы аңғарамыз. Ойшыл-ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров: “Халықтың әні кетсе, әдебиеті жесір қалады, сәні кетеді. Сәні кетсе, жаны кетеді”,-деп тегіннен-тегін айтпаған.

Осы ойды Абай қырық үшінші қара сөзінде ары қарай толықтырады.”Ол хабарлардың ұнамдысы – ұнамды қалыппен, ұнамсызы – ұнамсыз қалыппен, әркешік өз суретімен көңілге түседі…Жан қуатыменен адам хасия қылған өнерлері де күнде тексерсең күнде асады. Көп заманнан тексермесең, тауып алған өнеріңнің жоғалғандығын және өзіңнің ол мезгілдерден бір басқа адам боп кеткендігіңді білмей қаласың”-деп Абай мұнда адамның көркем шығармашылығының негізінде эстетикалық сезімді жатқызады. Абай өзінің шығармаларында эстетикалық түсініктерге, әсемдік, сұлулық, талғам және т.б. эстетикалық категорияларға арнайы талдау жасамағанымен оның өлеңдерінде осы түсініктерді қамтитын мазмұнда шумақтар аз емес.

Халықтың ауызекі шығармашылығын Абай өзінің педагогикалық идеяларын таратуда, әсіресе, адамгершілік-эстетикалық тәрбиесін жүзеге асыруда қажетті құрал ретінде пайдаланады.

Мәселен, қарасөздерінде мақал-мәтелдерді талдау, ертегі, аңыз сюжеттерінде, салт-дәстүрлерге тоқталу, адамдардың этикасын, мәдениеттілігін сипаттау арқылы балалар мен жастарды адамгершілікке, әсемдікке баулып ақыл-кеңес береді. “…Мақалдарды халықтың өмірімен, тарихымен тығыз байланыста алып қараған, оларды қоғамдық мәні тұрғысынан бағалап, өзінің қазақ тарихына, этикасына, дініне, дүниетанымына деген көзқарасына сәйкес талдаған.

Егер топтап айтар болсақ, мақал мен мәтелдерді талдау барысында Абайдың көтерген мәселелері адамгершілік, ынтымақтастық, татулық, әділдік, еңбекшілдік, адалдық, талапкерлік, талаптанушылық, ел тарихы. Бұл мәселелерді жеке, жалаң түрде алмай, мақалдарды талдау барысында зұлымдық, сұрқиялық, екіжүзділік, барымташылық тәрізді мінез-құлықтарға қарсы қоя отырып қарастырды”.

Жастарға адам баласының сыртқы сұлулығы мен ішкі жан-дүниесінің үйлесімділікті болғаны дұрыс екенін ескерте отырып, Абай өзінің “Он сегізінші қара сөзінде” “адам баласына жыртықсыз, кірсіз, сыпайы киініп…таза кимек дұрыс іс”, ал  “өз дәулетінен артық киінбегі, не киімі артық болмаса да, көңіліне қуат тұтып, тым айналдырмақ –кербездердің ісі” деп түсіндіреді. “Кербездің екі түрлі қылығы болады: бірі бет-пішінін, сақал-мұртын, мүшесін, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ. Біреуі атын, киімін “айран ішерім”, деп солардың арқасында сыпайы, жұғымды жігіт атанбаққа, өзінен кейінгілерге “әттең дүние-ай, осылардың атындай ат мініп, киіміндей киім кигеннің не арманы бар екен?” деген болмаққа ойланбақ. Мұның барлығы – масқаралық, ақымақтық. Мұны адам бір ойламасын, егер бір ойласа, қайта адам болмағы – қиын іс. Кербез дегенді осындай кер, кердең немеден безіңдер деген – сөзге ұқсатамын. Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылдық”- деп кісінің кісілігін киімінен емес, адамгершілігінен, білімі мен мәдениеттілігінен көрінетінін ұғындырады.

Сонымен қатар ол жоғары адамгершілік қасиеттердің мінез-құлық мәдениеттілігіне байланысты екенін ескеруді де ұмытпайды,”…ғылымды, ақылды сақтайтұғын мінез…бұзылмасын!…мінезде азғырылмайтын ақылды, арды сақтарлық беріктігі, қайраты бар болсын! Бұл беріктік бір ақыл, ар үшін болсын!”,- деп балалар мен жастардың көрсеқызарлыққа, жеңілтектікке, біреудің орынсыз сөзіне ермеуге шақырады, адамды сұлу, көрікті көрсететін мінез деген ұғымға жетелейді.

Балалар мен жастардың әсемдікке, сұлулыққа деген көзқарасын қалыптастыруда Абай өлеңдерінің рөлі ерекше. “Қуатты ойдан бас құрып, еркеленіп шығар сөз” деп ұлы ақынның өзі айтқанындай, оның өлеңдеріндегі туған жердің сұлу табиғаты, қазақ ауылының көріністері, адамдардың көңіл-күйі сан алуан сезімдерімен ұласып музыка үніндей естіледі.

Мұндай суреттемелер “Жаз”, ”Күз”, ”Жазғытұрым”, ”Желсіз түнде жарық ай”, т.б. өлеңдерінде ереше әсерлі көрсетілген.

Өлеңдегі табиғаттың әсем көрінісі, күн шұғыласы, адамдардың, жан-жануарлардың іс-әрекеттері – бәрі де балалардың қиялына қанат бітіріп, күнделікті тыныс-тіршіліктегі көріністерге көңіл тоқтатып, оны эстетикалық тұрғыда қабылдай білуге үйретеді.

Абай қазақ қыздарының нәзік жанын, ибалы қасиеттерін, мінез-құлқын, жүріс-тұрысын, сұлу мүсінін, адамгершілік, ар-ұждан тазалығын, бүкіл болмысын тамаша бір теңеулермен әсерлі жырлап, олардың мәртебесін көтеріп, жүрек сезімін өлеңге қосты.

Мысалы:

Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы,

Аласы аз қара көзі нұр жайнайды.

Жіңішке қара қасы сызып қойған,

Бір жаңа ұқсатамын туған ойды.

Маңдайдан тура түскен қырлы мұрын,

Ақша жүз, ал-қызыл бет тіл байлайды.

Нәзік бел тал шыбықтай бұрындайды.

Қалаң қара шашы бар жібек тамды,

Торғындай толқындырып көз таңдайды…

Осылайша әдемі кейіптеумен бірге:

Бұлардың кейбірінің мінездері,

Ешнәрсе көрмегенсіп бұртақтаған.

Кейбірі жайдары, ашық боламын деп,

Орынсыз адамдармен жыртақтаған – деп қыз-келіншектерге мұндай одағай мінездің әркімге ұнай бермейтінін ескертуді әсте ұмытпайды.

Абай эстетикалық тәрбиенің құрамы ретінде халық музыкасының маңызына да тоқталады. Қазақтардың жарық дүниеге келгеннен өмірінің соңына дейінгі әнге, өлеңге, музыкаға деген көзқарасын, солардың ықпалымен қалыптасатын эстетикалық сезімін “Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол”, өлеңінде жан-жақты терең таныммен жүрекке жеткізеді.

Абай, әсіресе, халық арасынан шыққан әнші-күйшілердің, ақын-жыршылардың өнеріне зор құрметпен қарап, жастарды оларды үлгі тұтуға бағыттап отырған.

Эстетикалық тәрбие туралы пікір айтқан адамдардың бірі – Шоқан Уалиханов.

“Ата көрген оқ жонар” дегендей, Шоқанның көркемдік танымының қалыптасуына әкесі Шыңғыстың ықпалы айрықша болды. Шыңғыс қырғыз-қайсақтардың (қазақтардың – Ұ.С.) салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, мәдениетін, өнерін зерттеген орыс ғалымдарымен, жазушыларымен байланыста болды, оларға қажетті материалдар жинауға көмектесті.

Шоқанның халық шығармашылығына деген сүйіспеншілігінің қалыптасуына, көркемдік талғамының жетілуіне, ой-өрісінің, рухани әлемінің кеңи түсуіне бірнеше факторлар (шартты түрде) әсер етті (өскен ортасы,табиғат, туыс-жолдас, өнер адамдары т.б. жанұясы, әке-шешесі, әжесі; орыс достары).

Шоқанның балалық шағы Көкше өңірінде – Оқжетпес, Құсмұрын, Сырымбетте өтті. Бұл өңір баршаға өзінің тарихи аңыздарымен, ғажайып сұлу табиғатымен, атақты майталман суырып салма ақын, әнші-күйшілерімен белгілі. Мұның Шоқанның рухани жетілуіне, көркемдік талғамының қалыптасуына тікелей әсері болғаны күмәнсіз.

Бала жасынан әжесі Айғанымнан ертегі, аңыз-әңгімелерді, тарихи оқиғалар мен XVIII ғ. Жоңғар көтерілісіне қатысқан батырлар туралы естеліктерді естіп өсуі Шоқанның туған жер, ел, Отан алдында жауапкершілігіне арттыруды, халық мұрасын бағалап, сүйе білуге үйретті. Оның ой-өрісінің кеңеюіне, көркемдік талғамның жетілуіне орақ ауыз, от тілді ақын-жыршылар (Жұмағұл, Жанақ, Арыстанбай, Орынбай, Шөже, Нұрымбай), бал таңдай әншілер, саусағынан өнер тамған күйшілерден естіген қазақ халқының тарихи шындығын бейнелейтін әндер мен лирикалық әуендері, эпикалық жырлары мен толғаулары, тарихи күйлері әсер етті.

Эстетикалық тәрбие туралы құнды пікір айтқан адам – Ыбырай Алтынсарин болды. Оның дүниетанымдық көзқарасының қалыптасуына, халқына халық мұрасына:ауызекі шығармашылыққа әдет-ғұрып, салт-дәстүрге деген сүйіспеншілігінің артуына, эстетикалық талғамы мен сезімінің дамуына өскен ортасы (табиғат, семья, туыс-достар, өнер адамдары т.б.) әсер етті. Әсіресе, қазақтың мәдениетін, өнерін терең білетін, ақыл-ойы жоғары, сөзге шешен, елге сыйлы атасы Балқожаның ықпалы ерекше болды.

Ыбырай осы бала жастан халықтық педагогикадан алған тәлім-тәрбиесін, үлгі-өнегесін, көңіліне түйгендерін оқу-ағарту ісі арқылы қазақ балаларының бойына сіңісті ете білді. Балаларды ауызекі шығармашылығын қадірлеуге, ондағы халықтың басынан өткен қилы-қилы тарихи кезеңдерге әділ баға бере білуге үйретті, оны ерекше әсермен, жоғары эстетикалық сезіммен қабылдауға баулыды.

Ы.Алтынсариннің де эстетикалық тәрбие проблемаларын қозғайтын арнайы еңбектер жазып қалдырмағаны белгілі. Бірақ, Ы.Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның педагогикалық қызметінен көрініс тапты.

“Қазақ хрестоматиясына” енгізілген ауыз әдебиетінен жинаған материалдардың мазмұны тек қана танымдық, адамгершілік, өнегелік және ақылгөйлік сипатқа ғана емес, ол сондай-ақ жоғары эстетикалық талғамның жан-жақты қалыптасып дамуына, әдемілікті түсіне білуге, нағыз сұлулықты сыртқы жылтырақтардан ажырата білуге тәрбиелейтін ықпалымен де құнды.

Белгілі педагог Мағжан Жұмабаев:

“Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егер адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны”-дей келіп,”Жаратылыстың һәм искусствоның сұлулық заттары адамның сұлулық сезімдерін оятады. Үлбіреген гүл, күңіренген арман, сылдырлаған су, былдыраған бұлақ, шексіз-шетсіз қара көк теңіз, түрлі шөптермен толқынданған дала … міне, осы сықылды жаратылыстың сұлу заттары адам жанында бір ляззат, бір сұлулық толқынын оятып, туғызбай қоймайды”- деп атап көрсетеді.

Шетел ғалымы Г.Маркет: Эстетикалық қызығу, эстетикалық қажеттілікке қарағанда белгілі бір құнды нәрсені меңгеру мақсатына бағытталған ұмтылыс” дейді. Бұл жерде ол эстетикалық қызығу үлкен бір мақсаттан туындаған іс-әрекет пен саналылық, жеке адам мен эстетикалық объектісінің арасындағы тығыз байланыстық екенін айтады.

Зерттеуші С.А.Жолдасбековтың пайымдауын басшылыққа ала отырып, “Эстетикалық қызығушылық деп біз эстетикалық құндылығы бар объектіге мақсатты танымдық қатынасты түсінеміз. Эстетикалық қызығушылық объекті мен субъектінің эмоциялық әсер толқыны мен түсінігі арасында пайда болады”, дей келіп, “эстетикалық қызығуды өмірдегі, болмыстағы адамға қажетті эстетикалық құндылықтар мен құбылыстарды танып білу мақсатымен өз қалауы бойынша нысаналы іс-әрекет екенін ескерсек, мұндай іс-әрекетті бастауыш класс оқушыларының бойында ерте қалыптастырып, эстетикалық қызығушылықты жас кезден оятудың маңызы зор екені күмән туғызбайды”- деп қорытынды жасайды.

I.2. Бастауыш сынып оқушыларының сұлулық сезімдерін тәрбиелеу жолдары

Есімі соңғы кездері жұртшылыққа мәлім бола бастаған Ө.Тілеуқабылұлы “Шипагерлік баянда” жан сұлулығы мен тән сұлулығы жайлы біраз пікірлер айтқан. Адамның жайдары мінезі, сөйлеу шеберлігі, әдемі киінуі, денесін жинақы ұстауы оны көркемдікке баулитындығын айта келіп былай дейді:”Әр пенденің тұлғалық бітімі бет әлпеті, өз түсі, ылпалық киім жарасымы: мінездемелік ұнасымды тақілеттер бір-бірімен айқындық парықталыс белгілеп танымал кісілер көргеннен жазбай танитын бітіске ие болуы жарақтық».

Ғұлама адамның киген киімі қонымды әрі жарасымды, таза болса, оның көңілін көтеріп, жанының жайдарлы болуына себеп болады дейді: ”Пенде көркі,- деп жазды ол,- ылпалық жарастылық, яғни жапырақтық, жарасақтылық … “ дей келіп, ылпа әрі толық, әрі орамды, әрі жылы, жарасымды әрлі болмағы мен сәнді болмағы шарт…”.

Ортағасырлық шипагерлік бұл арадағы негізгі түйіні – адам денесі таза, кірқожалақтан аулақ болса, одан түрлі жаралар аулақ жүреді. Сондықтан да баланы жас кезінен тазалық сақтау әдетіне дағдыландыру қажет.

Дене тік және сұңғақ болып қалыптасуы бала үшін ат үстінде мығым отыруы, жүріс-тұрысын үнемі бақылап отырғаны абзал.

Ғұлама дененің көркем болып қалыптасуы үшін мынадай кеңес береді. Тамақты жемеу, өйткені ол дененің терлеп, әрі жағымсыз иіс шығаруына себепші болады. Адам көбінесе жеміс-жидектерді көбірек жеуді әдетке айналдыру қажет. Дала ойшылы тамақты көп жеген адам рабайсыз семіреді, сөйтіп тән сымбаттылығынан айрылады дей келіп, “ішуі жаманның, тышуы жаман”, “Жөнсіз ас кекіртеді, одан қалса семіртеді” дегендей тұжырымдар жасайды.

Орта ғасырлардағы келесі бір қазақ ғұламасы шежіре-тарихшы Қадырғали Жалаири, ұлың батыр болсын, ал қызың көркем сұлу болсын дейді. Оның осы түйіні Құран Кәрімдегі ер адамның күші мен көркі, зеректігі мен батырлығы үйлесіп жатуы тиіс дейтін қағидалармен үндеседі. Ал, қыз баланың жайдарлы, сымбатты болуы өмірдің сәні және ұрпақтың көркем болып жалғасуының негізі. Ғұламаның, — “Үйдегі нәрселер үй иесіне сай” деуінің өзінде де үлкен мән жатқан жоқ па? Мәселен, кейбір салдыр-салақ тұратын отбасынабара қалсаң дүниелері шашылып, шаң басып, бөлмесі қолаңсып жатады. Үй ішіндегілердің ұқыптылығы мен тазалығы жан мен тән сұлулығымен орайласып жататындығы белгілі.

“Адам эстетикасы” дегенде біз нені түсінеміз?

Енді осыған тоқталайық:

  1. Сыртқы келбет (түр-тұрпат). Сән.

Сыртқы келбет пен мінез-құлық тығыз байланысты. Ол туралы:”әлем-жәлем киім”, “тұрпайы, арсыз түр”, “жасанды күлкі”, т.б. тіркестер жоғарыдағы ойымызды дәлелдей түседі. Адамның сыртқы түрі, келбеті оның мінез-құлқына адам мәдениетінің бір бөлігі ретінде кіреді. Оның үстіне, көбінесе, адамның мінез-құлқы оның сыртқы түрінен, киім киісінен, жүріс-тұрысынан, т.б. көрініп отырады. Мысалы, адамның театрға джинсы шалбармен келуі – мәдениетсіздік және әдемілік емес.

Сыртқы түр деп нені айтамыз? Бұған кіретін құбылыстар: киім, фигура, келбет, бет-әлпетінің өзгерісі, дене құрылысы, бой, салмақ, мүсін (“Фигура” сөзі латын тілінен аударғанда “сыртқы түр”, “бейне” дегенді білдіреді).

Мүсін – адам денесінің әдеттегі, үйреншікті қалпы. Шағын бойлы, сымбатты, мүсінді адам бойлырақ көрінеді. “Қайындай сұлу, сымбатты”, “мүсінсіз ат сиыр сияқты”, т.б. тіркестер – бұған дәлел. Мүсіннің дұрыс болмауы денсаулыққа әсер етеді, тынысты тарылтады. Иықты тіктеу, ішті тарту, басты жоғары ұстау, бұғақты шығармау, аяқты сүйретпеу, т.б. Міне, мұның бәрі – дұрыс мүсіннің элементтері. Мүсін жаттығулар, гимнастика арқылы қалыптасады. Шығыста көбінесе жүкті төбесіне қойып тасу қанқаның түзелуіне септігін тигізеді деп саналады.

Мүсінді де, мүсінсіз де адамдар бар. Артық салмақ олардың көңіл-күйін бұзады.

Мысалы, Америкада 42 жастағы Уолтер Хадсоннің салмағы 550 кг (мәліметтер 1988 жылы алынған). Көптеген артистер өздерінің салмағының артып кетпеуін қадағалап отырады. Олардың кейбіреулері қызық нәтижелерге жеткен. Мысалы, 47 жастағы Рэкел Уэлч 168 см боймен 50 кг-ға төмендесе, Жаклин Биссеннің бойы 170 см, салмағы 54 кг.

Артық толысудың себептері:

  1. Кең тараған себебі – тамақты көп ішіп, аз қимылдау. Қарапайым халық жалқау адамдар толық (семіз) болады деп санайды.
  2. Жасы ұлғаюы себепті зат алмасудың бұзылуына байланысты ауру.
  3. Баланы сәби шағында күшті тамақтандыру семіздікке алып келуі мүмкін.

Балаларды шектен тыс тамақтандырмау керек.

  1. Тұқым қуалаушылық.

Адам өзінің пішінін қадағалауы қажет. Әйелдер кейде сәнді, әдемі көйлектер тігеді, шаштаразға барады, беттерін әрлейді, ал пішіндері туралы “ұмытып кетеді”. Шын мәнінде мүсінді, сымбатты болу — әдемі.

Бұл бастауыш сатыдан бастап, бала санасына құйыла беретін мәселе.

Сыртқы түр, киім, шаш, т.б. туралы сөз еткенде жазушы А.П.Чеховтың “Адамда бәрі де әдемі болуға тиіс: келбеті де, киімі де, жаны да, тәні де” деген сөзін еске алмауға болмайды.

Мінез-құлықтың мәдениеті тек өзінің келбетімен, түр-тұрпатыңмен ғана адамдарға жағымды әсер қалдыра алуыңмен анықталады. Киім жақсы тігілген, үтіктелген, аяқ киім тазартылған, шаш таза, көзқарас жылы, тілектес, бетті әрлеу мен иіс-су шамасынша болуы керек. Кеште сәнді киім, жұмыста спорттық киім болғаны дұрыс, керісінше емес. Мінез-құлық үлгісін де байқау, сақтау қажет.

Мәселен, күлкі қарапайым болуы тиіс. И.Мержаев жазғандай:”Ауызды кең ашып күлуге болмайды. Сықылықтап күлу, басқа да айналадағы жұрттың мазасын алатын күлкілер сияқты орынсыз”.

3.Этикет. Этикеттің негіздері.

“Этикет” сөзі француз тілінен алынған, “мінез-құлықтың белгіленген, тұрақталған тәртібі”, “қоғамда қатынаса білудің түрлері” дегенді білдіреді.

Қоғамның дамуының басында ешқандай этикет болған емес. Ежелгі Римде император Цезарьға “Цезарь” деп сөйлеген. Императорлық биліктің әрі қарайғы даму сатысында оған қаратып сөйлеудің ерекше ережелері жетіле бастады.

Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу адамның темпераментін ескере отырып, оның мінез-құлқының жағымды жақтарын қалыптастыруға және адамның өзгелермен қарым-қатынас жасауы үшін кедергі жасайтын қажетсіз қасиеттерін жете білуге келіп тіреледі. Мінездің кейбір сипаттарын қарастырайық.

Сыпайылық – бұл адамдарға деген құрмет. Ізгі ниетті қарым-қатынас. Сыпайылыққа – дөрекілік, дөкірлік, тұрпайылық, арсыздық қарама-қайшы. Қарым-қатынаста сыпайы болғаны адамды айналадағы адамдар жоғары бағалайды, ал мұндай қасиет сыпайы адамның өз басына жеңіл болады, себебі туысқандарға, достарға, таныстарға:”Рахмет! Қайырлы таң!” деп айту аса қиын емес. Сол себепті де “Ештеңе де сыпайылық секілді жоғары бағаланбайды және оңай берілмейді” деген сөз бар.

Әдептілік, өнегелік – бұл өзіңізді басқа адамның орнына қоя білушілік.

Бұл – жеке және қызмет бабындағы қатынастарда шама-шарықты білу сезімі. Өнегелі адам басқа адамдардың қасиеттерін кемсітпейді, ал биязы, сыпайы адам өз қасиеттерін сыйлайды. Өз пікіріңді біреуге күштеп танытуға, әбес сұрақтармен адамның жеке өміріне араласуға, мазасын алуға болмайды. Басқа адамның хаттарын оқу, сізді қанша қызықтырып тұрса да, адамға тесіле қарау дұрыс емес.

Егер қонақ абайсызда ыдысты сындырып алса, оған ренжігеніңізді көрсетпегеніңіз абзал. Әрине, қуанышты да, көрсетудің керегі жоқ. Кінәсін мойнына алып, өкініп, жазасын тартқаннан кейін де адамға оның кінәсін айта беру — әдепсіздік. Жасаған қайырымдылығын, жақсылығының үшін үнемі алғыс айтқызуды талап ету де — әдепсіздік. Өзіңіздің таныс адамыңызды қолайсыз жағдайда көріп қалсаңыз, оны байқамаған қалып танытыңыз және оны есіңізге алмаңыз да.

Тілектестік, жақсылық тілеушілік басқаларға көмек беріп, олардың жайын түсініп, қайғысына ортақтасу, сол сияқты олардың табыстарына қуана білуден көрінеді. Күншілдік, қызғаншақтық – бұл басқаларға да табыс пен бақыт тілемеу. Қызғаншақ адамның басқаны күндеуден басқа қолынан ештеңе келмейді. Қызғаншақ адамдармен достаспауға, араласпауға тырысыңыз.

Ойын кезінде немесе сеанс үстінде әңгімелеспейді және түсінік бермейді. Тек тыңдап, көру керек. Тіпті, егер бағдарлама қызық болмаған жағдайда сыпайылық үндемей отыруға міндеттейді.

3.Киім туралы.

Киімге қойылатын бірінші талап – мұнтаздай тазалық. Киім, шаш, тырнақ, мойынның, т.б. қайсысы болса да бәрібір. Ұқыпсыздық, кір, таза еместігін сезіну, әр уақытта қолайсыздыққа туғызады және айналадағыларды сыйламаушылықты білдіреді.

Бастауыш сатыда эстетикаға эстетикалық талғам қалыптастыратын жол-ол-көркем шығармалар.

Көркем шығармалар негізінде экологиялық, этикалық, эстетикалық мұраттарды оқушылардың табиғатқа ізгілік қатынасын қалыптастырумен тұтастықта қарастыру белгілі бір методологиялық жүйені талап етеді. Көркем шығарманы жалпы эстетикалық дүниетаным тұрғысынан қабылдау моделін жасау оның рухын тұтас қалпында оқушы бойына сіңіруге мүмкіндік береді.

Осы орайда зерттеу мәселесін жүзеге асыруда сабақта белгілі бір ұстаным болуы қажет. Көрнекті ғалым М.Н.Скаткиннің “Дидактиканың даму тарихы білімінің мазмұнында, сипатында, дүниетанымдық қызметінде, ойлау ерекшеліктерінде де көрініс табады”,- деп айтқанындай сабақ үстіндегі оқушылардың жеке ерекшеліктерін ескеру сияқты дүниетанымдық сипаттағы оқыту принциптері сияқты оқушылардың табиғатқа ізгілік қатынасын қалыптастыра оқытуды арнайы принцип ретінде тануды қажет етеді.

Адам тек ақыл-оймен ғана емес, -сезіммен де өмір сүреді. Сезім – біздің дүниені қабылдауымыздағы, оны түсінудегі, өмір сүрудегі, болашақты ойлаудағы, дүниені жасап құрудағы қабілеттің бөлінбес бөлшегі. Адамзат жасаған ақыл-ой, білім, ғылым, тәжірибесі адамға қандай керек болса, ғасырлар бойы сұрыпталып, шыңдалып, әсемделіп жеткен сезім тәжірибесін білу де соншалықты қажет. Дүние туралы, әлем туралы ғылым мен білім мыңдаған жылдарда қалыптасқан болса, адамның сезім арқылы білінетін оларға қатынасы да соншалықты ұзақ уақыт қалыптасқан.

Сол қалыптасқан қатынастар мен сезімдердің материалдық көрінісі көркем өнер адам сезімі мен қатынастарын ізгілендіруде бай тәжірибе жинақтаған. Сол тәжірибені пайдалана отырып, әдебиет сабағында адам жанын адамгершілік, ізгілік деңгейге көтеріп, сезім мен қатынас мәдениетін қалыптастырамыз.

Әдеби – теориялық білім де, әдебиеттің тарихы да қанша жетілдірілген деңгейде меңгерілгенімен, мектептегі әдебиет пәнінің мақсаты мен мәні бола алмайды.

Әдебиеттің тарихы мен теориясы әдебиетшіні ғана дайындайды, оларда әдебиеттің ана сүті, жүрек қылын шертер нәрі жоқ. Әдебиеттің ана сүті – оның мәнінде, ондағы сұлу суретте, ой-сезім бірлігінде. Әдебиеттің мәні ғана адамның жан сезімін байытады. Әдебиеттің мәнін түсінген, сезінген ұрпақ қана оның адамгершілік – эстетикалық мазмұнымен сусындап, оның ана сүтіне қанығады, тойынады, сөйтіп ғасырлар бойында қалыптасып, дамып, сұрыпталып келген сұлулық сезімі тәжірибесін меңгеріп, әдебиетті танып білуге әрқашан дайын болады. Сол арқылы өзінің өмірге, адамзатқа, табиғатқа ізгі қатынасын құруға қабілеті артады.

Көркемөнердің ғылымнан айырмасы – ғылым заттар өзін зерттесе, көркемөнер сол затқа адамның қатынасын қалыптастырады. Ал адамзат қатынастарының бай тәжірибесін күштеп меңгеруге болмайды. Меңгеруші адамның қабылдап отырған сезім мен қатынасты өзінің өмір тәжірибесімен тектестіріп, күйініп – сүйінуі арқылы өз бойынан, өз жан дүниесі елегінен өткізу арқылы, көңіл-күйінің толғаныс-толқындары аясында ықтиярлы тап білмек, сөйтіп өз игілігіне, өз қазынасы айналдырмақ.

Білім мен сезім тұтастығы (синтезі) — әдебиет сабағында оқушының табиғатқа ізгілік қатынас тәжірибесін қалыптастырудың методологиялық арнасы бола алады.

Өнер арқылы ғана сезім мен білім бірлігі болып табылатын қатынас ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырады, өнер арқылы ғана адамнан адамға беріліп отырады. Ол – тек өнерге ғана тән бірлік. “Өнер дегеніміз – сезім техникасы”- деп, П.Л.Выготскийдің өте ұтымды айтқанындай, өнер адам сезімдерін зерделейді, қалыптастырады, сау әрі таза болуын қамтамасыз етеді.

Бірақ бұл қызметін тек табиғатқа, дүниеге жан бітіру арқылы ғана, адам мен сол жанды табиғаттың тұтастық қатынасы арқылы ғана жүзеге асыра алады. Көркемөнердегі табиғат – кәдімгі табиғаттан да, ғылымдағы табиғаттан да, өзіндік ерекшелігімен бөлек дүние. Кәдімгі табиғаттан айырмасы – көркемөнердегі табиғат автордың көзқарасы бойынша мейлінше әсемделген, түрлендірілген, белгілі бір мақсатта сұрыпталған. Ал, ғылымдағы табиғат – кәдімгі табиғаттың сол қалпындағы күйі болса, көркемөнердегі табиғат, яғни сезім мен қатынас тудыратын табиғат.

Ғылым сендіріп, дәлелдеп, ақиқатты өз болмысында танытып оқытса, көркемөнер сүйіндіре, не күйіндіре ақиқаттың ішкі рухын жұқтырып, адамның тек санасын ғана емес, бүкіл жан дүниесін баурап оқытады.

Әрине, көркемөнерде де дәл және нақты білім мен іскерлік қажет. Алайда өнер тарихы, оның сырлары туралы білім, ақпарат қалыптасатын іскерліктер өнердің негізгі оқыту әдіс – тәсілін алмастыруға тиіс емес. Егер ол ұзақ уақыт және ұдайы алмастыратын болса, онда баланың көркемөнерді, әдебиетті қабылдау қабілеті дами алмайды.

Өйткені шығарма әлеміне ену – көркемөнерді қабылдаудың негізгі заңы. Ол көркемөнерді танып білу, сезініп түсіну әдістерін айқындайды. Оқушылардың дүние, адам, шығарма – нені болса да тұтастықта қабылдауға бейім келуі – оларды шығарма әлеміне тарта оқытуға психологиялық негіз бола алады.

Оқушы осылай шығарма әлеміне ену барысында бастан кешкен сезімдері, білімдері, іскерліктері шығармашылық жұмысына жалғасып, көркемөнердің туу процесін сезінуге, оны көркем эстетикалық тұтас қабылдауына мүмкіндік қабілеттерін арттыра түседі. Оқушы білімі, іскерлігі, шығармашылық ізденіс әрекеттері әдебиет сабағының түпкі мақсатына қызмет етеді: баланың дүниеге, табиғатқа, адамға қатынас мәдениетін қалыптастырды.

Көркемөнерді оқумен үндес бұл заңдылық туралы Б.Неменский былай деп тұжырымдайды: “жалпы білім беретін мектепке білім, іскерлік және шығармашылық – түпкі мақсат емес, ол – көркемөнердің сырын меңгеруге, сол арқылы оны қабылдауға жеткізетін құрал. Білім, іскерлік, шығармашылық әдебиет әлеміне баланы апаратын ситуацияның элементтері болуға тиіс, сол арқылы оның адамзаттың адамгершілік-эстетикалық тәжірибесін игеру қабілеті ашыла түседі”.

Табиғатқа жан беріп, оны қабылдаушы адаммен біртұтас субъекті деңгейіндегі қатынасқа келтіріп, шығарма әлеміне тарта отырып, жан дүниесіне сіңіру арқылы адамның рухани игілігіне айналдыру суреткердің мұраты болса, оны Б.Д.Ковалевскийдің өзінің музыканы мектепте оқыту туралы еңбегінің эпиграфы етіп алған В.А.Сухомлинский сөзімен айтуға болады. “Мектептегі музыкалық тәрбие шын мәнінде музыкантты тәрбиелеу емес, ең алдымен адамды тәрбиелеу”. Шығарма әлеміне тарта оқытудағы мақсат – шығарманың оқиғалық арқауын ғана біліп алу емес, көркем әдебиеттің мәнін түсіну.

Табиғатқа ізгілік қатынасты қалыптастыратын әдеби мұраларды бейнелі қабылдауға логикалық ойлау мен көркемдік сезіну бірін-бірі толықтыра түседі. Әдеби материалдың заттық болмысы, логикалық түсінігі қаншама айқын болғанымен, нақты, көрнекті болғанымен, біз ондағы табиғаттың мән-жайын әлі жете танып біле алмайсыз. Бұл турасында С.Л.Рубинштейннің пікірін негізге алсақ, заттардың, құбылыстардың қашан да, белгілі бір мазмұн-мағынасының шеңберіне сыймайтын құны болады. “Осы әр нәрсенің нақты мазмұнынан тысқары құн дегенімізге адамның көзқарасы, қарым-қатынасы, өз алдына бағалық сапаға ие көркемдік таным, көркемдік талғам кіреді. Осынау толық құрам ескерілмеген жағдайда адамның жалпы рухани қазынасының бөлінбес компоненті эстетикалық құндылық қамтылмайды, шығарманы эстетикалық қабылдау жүзеге аспайды.

I-тарауды қорытсақ, М.Жұмабаевтың пікірінше, әр адамның сұлулық сезімдері әртүрлі нәрседен оянымпаз болады. Біреудің музыкадан, біреудің сұлу суреттен, біреудің поэзиядан. Искусствоның әйтеуір бір түрінен ляззат алмайтын, біреуіне құмар болмайтын адам болмайды.

Тәрбиешінің міндеті балада искусствоның қандай түріне ынта бар екенін тауып, сол ынтасын, сол түр туғызатын сұлулық сезімдерін өркендету. Өркендету жолдарынан төмендегі жолдарды көрсетуге болады.

1) Балаға жаратылыс сұлулығынан ляззат алғызу. Жаратылыста сұлулықтың неше түрінің бәрі бар. Бала бұлақтың былдырын, судың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, орманның күңіренгенін, теңіздің күрілдегенін естісін; жымыңдаған жұлдыздар себілген көк шатыр көркі, түрлі түсті кемпірқосағын, буыны жоқ бұраңдаған қайыңды көрсін.

Жаратылыс сұлу. Бала сол сұлу жаратылыстың құшағында болсын, балада сұлулық сезімдері еріксіз оянады. Тәрбиеші жаратылыстағы түрлі сұлулықтарға баланың абайын аудара білу керек.

2) Баланың маңайындағы нәрсенің бәрі жинақты, ретті, таза болсын. Таза деген сөзді қымбат деп ұғу қата. Тегінде қымбаттың бәрі сұлу деп ұғу қата ғой. Баланың маңайындағы нәрсе қымбат болмасын. Таза, ретті, тәртіпті болсын. Ойдың іші, киім-кешек, ыдыс-аяқ бәрі таза болуға тиісті. Баланың үсті-басы, денесі, беті-қолы, бәрі таза ұсталуға тиісті.

Баланың маңайындағы жүрген адамдар ретті, тәртіпті, таза болуға міндетті. Ұяда не көрсе, ұшқанда соны істейді. Тазалыққа үйренген бала таза болады. Былықтыққа үйренген бала былық болады.

Ас жеп отырып әжесі жалаңаш қолмен мұрнын сіңбіріп, яки баланың нәжісін ұстап, қолын жөндеп шаймастан, яғни асқа кіріссе, бала да осыны істейді. Кейбіреулердің былықтықты ырыс көруі надандықтың әбден асқандығы ғой.

Баланың маңайында сөйленетін сөздер де әдепті, сұлу болуға тиісті. Былық сөздерді естіп өскен бала өмір бойы былық, былапыт тілді болады. Отағасы-ау, бала-шағаның алдында былық, былапыт сөздерді сапырып сөйлегеніңді қой. Қайдағы құдай атқан сөздерді естіп өскен ұлыңда қандай әдеп болады, қызыңда қандай қылық болады?!

Және баланың маңайындағы адамдардың жүріс-тұрыстары да әдепті, сұлу болуға тиісті. Сұлу дене, сұлу қозғалысты көріп өскен баланың денесі де, қозғалысы да сұлу болады. жер жүзінде біздің қазақтың денесінен, қазақтың жүріс-тұрысынан жексұрын дене, жексұрын жүріс-тұрыс кемде-кем-ақ шығар. Аяғы қисық, жауыры құшық. Ақыл қарында тұратындай-ақ, қарны буаз биенің қарнындай салбырап жатса, би болады-мыс. Кейбір “мырзалар” сұлу боламыз деп жүргенде қиқаңдай ма керек, бұраңдайма керек, қарап тұрсаң жүрегің айнып құсқың келеді. Осыларды көріп өскен қазақ баласының денесінде не сұлулық болады?! Қазақ! Жұртқа күлкі болмайын десең, бұл мінездеріңді таста, балаңды сұлу, сымбатты қылып өсір. Адам сұлулықты сүйсе, тазалықты сүйеді. Тазалықты сүйсе, оған ауру жоламайды.

3) Баланы сұлу искусствомен терең таныстыру керек. Бала неше түрлі сұлу үндерді естісін, неше түрлі сұлу түрлерді, түстерді көрсін, сұлу сөздер, сұлу өлеңдер жаттасын. Түрлі музыка құралдарының үндерін тыңдасын, сурет салып үйренсін. Ән салып, музыка құралдарында ойнап үйренсін. Міне осыларды естісе, баланың сұлулық сезімдері өркендейді.

II бөлім. 2-сыныпта “Ана тілін” оқыту барысында оқушылардың эстетикалық тәрбиесін қалыптастыру жолдары

II.1.Бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық тәрбиесін қалыптастыруда көркем шығармалардың алатын орны

Қазақстан Республикасы бастауыш білімнің мемлекеттік стандартында білім берудің басты міндеттерінің бірі оқушының “айналадағы дүниемен дара – тұлғалық қатынасының қалыптасып, эстетикалық, этикалық адамгершілік нормаларын меңгеруін” қамтамасыз ету екендігі атап көрсетілген.

Бұл бастауыштағы ана тілі пәніне де қатысты міндет. Өйткені дәл осы құжатта атап көрсетілгендей. “Ана тілі – бастауыш мектептегі негізгі де маңызды пән, адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі, қарым-қатынас жасау мен дүние танудың құрамы, баланың интеллектісі мен шығармашылығын дамытудың арнасы … Оқушының адамгершілік және әсемдік эстетикалық сезімдерін қалыптастыру құралы”.

Әдебиет сабағында оқушылардың қиялын дамытуға үлкен мүмкіндік бар. Егер біз әдебиетті көркем өнермен, музыкамен, табиғаттың тікелей өзімен интеграциялау арқылы бере білсек, бала олардың оқиғасына, кейіпкерлердің тағдырына ортақтасады, көркемдігін терең сезініп, жүрек тебірентер әсерін бойынан өткізіп отырады, ал бұның өзі – бала қиялының шарықтауына негіз болмақ. Осы жөнінде М.Жұмабаевтың пікірімен де келісеміз. “Жаныңдағы ойды, әсерді жарыққа шығаруға ынтаны бала не жаратылыстан алады, не маңайдағы адамдардың тұрмысынан алады, не искусстводан алады. Әр бала бір жерге қамалмай, еркін жаратылыстың құшағында болсын. Экскурсияға бір план бойынша барып, белгілі бір заттарды, екен көріністерді бақылау үшін. Мысалы, көктің түсін, бұлттардың түрін, құмырсқаның ұясын, құстардың ұшуын, жапырақ, көлдердің түр-түстерін бақылау сықылды. Мұндай бақылау уақыттарында алған әсерлерін сөзбен жарыққа шығаруға ұмтылуы, һәм баланың аузына дәл, терең, сұлу сөздердің түсуі анық нәрсе дей келіп ғалым-жазушы ойын әрі қарай жалғастырады.

“Искусство. Бала искусстводан көп әсер алсын. Күй, ән тыңдасын, сұлу картиналарды көрсін, театр сахнасымен таныс болсын, кестелі әдебиет түрлерін тыңдасын. Осылай әсер алып, дағдыланған соң мұғалім бос әңгіме соқпай, қарапайым, жұмсақ әңгімемен балалардың алған әсерлерін анық ұқтырсын. Сонда бала жалаңаш әсерлерін киіндіру үшін сұлу сөзді өзі-ақ іздейді, — деп М.Жұмабаев қиял процесін дұрыс қолдану арқылы табиғат пен көркем сөз байланысын, тұтастығын, олардың туу жағдайын ашып берді.

Атақты педагог В.А.Сухомлинский оқу процесі мен тәрбие процесінің бірлігін сақтай отырып, көркем шығарманың, ауыз әдебиеті үлгілерінің, халықтың педагогика өнегесінің оқушыларды өздерін қоршаған ортамен, табиғатпен етене тұтастыратынын айта келіп, оны этико-психологиялық негіз деп көрсетеді.

“Сенім мен қайырымдылықтың қайнар көзі бізді қоршаған ортаның сұлулығында”, — дейді ол. Құстардың қалай әндетіп, бұлақтардың қалай сылдырлайтынын естімей өскен, көк шөптің жер қыртысынан қалай жарып шығып келе жатқанын көрмеген, гүлдердің әсем бояуын тамашаламаған, батып бара жатқан күннің шапағының қарағайлы орманды алтындай түске бояғанын көрмей өскен ұрпақтың қиял сезімі тас қараңғы, соқыр, өлі жандарға ұқсас болып келеді. Мұндай сезімі селт етпес ұрпақтан қиялы қарыштаған ғалым да, сөзі сел боп аққан ақын да шықпайды.”Өйткені шығармашылық сезімді оятатын таңырқау мен қызығудың, сүйсінудің, ләззатқа бөленудің, ой-қиялдың анасы – табиғат.

Л.В.Занков өзінің дидактикалық жүйесінде психология ғылымында әсерленуге эмоцияға берілетін сипаттамаға сүйене отырып, ең тиімді әдістеме ретінде оқушының әсерленушілік – еріктік жан дүниесіне, рухани қажеттігіне қозғау салатын әдістемені жақтайтынын атап көрсетеді және өзінің дидактикалық жүйесін осындай әдістемемен құрдым деп есептейді.

Әсерлену – субъектінің көңіл күйін, объектіге деген қатынасын бейнелейді және рахаттану, жирену, шаттану, жабырқау, қуану, қайғыру т.б. сияқты адам жанындағы қарама-қарсылықты сапаны, яғни оң немесе жағымсыз өзгерістерді көрсетеді. Осымен байланысты – адамның психикалық әрекетінің және дүниеге қатынасының түріне қарай интеллектуалдық, моральдық, эстетикалық әсерлену болып бөлінеді.

Көркем шығармалар көркем образдар, суреттер, сипаттаулар мен тілдің бейнелі құралдары арқылы сана мен сезімге, психикаға әсер етіп, адамда эстетикалық, адамгершілік әсерленуді тікелей туғызады.

“Әдебиеттің басты міндеті оқушының сезіміне әсер ету, сол арқылы жақсы қылыққа, мінезге баулу, өмірдің сырын аңғарту. Әдебиет арқылы бала бойына жұғатын жақсылықтың бәрі осы жолмен келеді”, — дейді С.Қирабаев. Әдістемелік әдебиеттерді талдау барысында эстетикалық тәрбие туралы көп пікір айтқан адам Ы.Алтынсарин екенін байқадық. Оның бұл тақырыпта жазған еңбегі – “Хрестоматия” оқу құралы.

Хрестоматияға енгізілген қай шығарманы алмайық, адамгершіліктік, танымдық дидактикалық бағытты ұстайды. Барлығында да автор достыққа, шыншылдыққа, ұстамдылыққа, қызығушылыққа, адал еңбек етуге, туған жерін, елін сүюге, табиғаттың ғажайып сұлу көріністерін сезіммен қабылдауға, ата-ананың ақыл-кеңесін тыңдай білуге шақырады. Оны “Бай баласы мен жарлы баласы” әңгімесінен Үсеннің қиналған кезде әкем айтушы еді:”далада жүріп адассаң, молалы жерде су болады, сулы жерде ел болады” – деп әркез әкесінің кезінде айтқан ақылын, ұлағатты сөздерін еске түсіруінен-ақ байқауға болады.

Сонымен бірге осы әңгімедегі “…қырдың жығылар асты үлкен көл екен, көлдің айналасы да, іші де жыңылдаған мал; жағасындағы жібектей жапырылған көкорай қора-қора қой мен жылқы, жылқының бір парасы көл ішіне кіріп, белінен құраққа кіріп тұр, енді бір жақ жағасындағы сортаңда бір топ түйе жатыр” деген табиғаттың тамаша көріністерінің суреттемесі балаларды, оларға деген эстетикалық қатынасқа тәрбиелейді, қуаныш сезімі мен шабытын оятады.

Әдебиеттер тізімі

  1. I. Киященко Н.И., Лейзеров Н.Л. Эстетикалық шығарма. – М.: Знание, 1984.
  2. Шацкая В.Н. Мектепте эстетикалық тәрбиелеудің жалпы мәселелері. – М.: ПҒА РСФКР, 1995.
  3. Лихачев Б.Т. Педагогика. Дәрістер курсы. ИПК және ФПК тыңдаушылары мен педагогикалық оқу орындары студенттеріне арналған оқулық. – М.: «Юрайт», 1999.
  4. Эстетикалық мәдениет және эстетикалық тәрбие. Мұғалімдерге арналған кітап. А.М. Лобковскийдің ред. басшылығымен. – М.: Просвещение, 1972. – 60 б.
  5. Чукман Е.К. Оқушылардың қабілеттерін дамытудағы өнер рөлі. – М., 1985. – 60 б.
  6. Бакушинский А.В. Исследования и статьи: Изобразительное искусствоведение. тр. – М.: Современный художник, 1981. – 351с.
  7. Юсов Б.П. – М.: НИИ общей педагогики АПН РСФСР, 1981. –160 с.
  8. Симонов П.В., Ершов П.М. Темперамент. Характер. Личность. – М., 1984. –147 с.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ