Бауыржан Момышұлы есімі жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу құралы

0
7462

 

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігіне қол жеткізгеннен кейін, осы Тәуелсіздіктің тұрақтанып нығаюында экономикалық қуаттылық, саяси-әлеуметтік тұрақтылық сияқты көздермен бірге қазақстандықтардың  париоттық рухын  қалыптастырып, дамыту мәселесі де басым бағыттар қатарында саналады. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі  мен өз еліне деген сүйіспеншілігін қалыптастыру – басты міндеттеріміздің бірі», – деп айтқандай, жас ұрпақ бойында патриоттық рух қалыптастыру және дамыту аса өзектілікке ие болуда.

Отанды сүю, туған елге  деген сүйіспеншілік – халқымыздың ежелден қаймағы бұзылмай келе жатқан тарихи дәстүрі, өмір ережесі. Көшпелі өмір салтын ұстанған қазақ халқының арғы-бергі тарихына көз салсақ, бір күнде, бір мезгілде ата ұранымен жиналып, топтастырылатын сарбаздар, негізінен, сыртқы жаудан қорғайтын, қорғану мақсатында ұрысқа шығатын, ал соғыс біткен күні тарап кететін ерекшелік тән. Тарихта қазақ халқының өзге елге басқыншылық соғыс жүргізгені болған емес. Ал өз елі мен жерін қорғау жолында қазақ сарбаздарының көзсіз батырлығы мен қайталанбас ерлігін, Отанын жанындай сүйіп, көзінің қарашығындай қорғайтынын жаулардың өздері де мойындаған. Тіпті Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақ жауынгерлерінің  нағыз патриоттық ерлігі туралы көрнекті жазушы И. Эренбург өзінің 1942 жылы жарық көрген «Қазақтар» деген очеркінде бойлары 160 см төңірегіндегі қорку дегенді білмейтін қазақ жігіттерінің қайсар ерліктері мен табандылығы фашистерге қатты үрей туғызатынын жаза келіп: «Бір фриц маған: – Бізге қарсы аса қорқынышты солдаттар тап болды – оларды ешқандай оқ та, от та тоқтата алмады, олар тура бізге қарсы жайпап кетерліктей жүгірді», – деді деп, ерекше таңданып жазған еді.

«Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» дейтін қазақ халқының ерлік рухы мен дәстүрі  – елге деген сүйіспеншілікті ең биік құндылық етіп санауында болса керек. Бұл  турасында Елбасымыздың мына сөздері дәйекті ақиқат бола алады: «Менің бабалары батыр, аналары  дана халқым бар. Тағдырдың талай тауқыметін мойымай көтерген,  өмірдің небір шырғалаң кезеңдерінде небір аласапырандарды басынан кешірген төзімді халқым бар… Талай жаудың меселін қайтарып, ел іргесін сөгілтпей, жерін жауға бермей, аман алып қалған батыр халқым бар». Елбасымыздың бұл тебіреністі сөздері қазақстандықтарды патриоттық рухқа шақырады. Патриотизм дегеніміз – әке-шешеңді құрметтей білу; ауыл-аймағыңды ардақтай білу; өз ұлтыңды сүю, ана тіліңді ардақтау; өз халқыңның өткен жолын (тарихын) құрметтеп, оған тіл тигізбеу; өз отаныңды жаудан қорғау екендігін кезінде Бауыржан Момышұлы ұрпаққа өсиет етіп кеткен.

Елбасымыз отандастарымызды патриотизмінің қоғамдағы тұрақтылық кепілі екеніне баса назар аудара отырып, оның өзі жаңа қазақстандық патриотизм екенін атап айтты. Қазақстандық патриотизм – кең, ауқымды  ұғым. Ол отанды сүюдің неден көрінетінін анықтайды. Атап айтқанда: қазақстандықтардың бірлігі, ынтымақтастығы, татулығы; ана тілді, төл мәдениетті, халықтық дәстүр-салтты, туған жерді сүю; өзге халықтардың тіліне, мәдениетіне, дәстүр-салтына құрмет; құқықтық мәдениеттілік, сыбайластыққа, жемқорлыққа қарсы күрес, діни экстермизмдерге және түрлі қоғамға жат ағымдарға берілмеу, шынайы рухани-адамгершілік туын биік ұстау, экологиялық мәдениеттілік, экономикалық сауаттылық, төзімділік, өз бетінше өмір сүре білу, өз бетінше адал еңбек ету, өз бетінше шешім қабылдай білу, өз бетінше үздіксіз білім алу дағдыларын меңгеру, нарықтық қоғамның даму заңдылықтарын білу, бәсекеге қабілетті болу т.б. Бұның бәрі де, түптеп келгенде – патриотизм құрамдастары. «Патриотизм – Отанға, елге деген махаббат!», «Адам болу – қасиет, азамат болу – міндет, патриот болу – парыз» деген Бауыржан Момышұлының сөздері  бар.

Бауыржан Момышұлының өмірі – өнеге, жазған мұралары – патриоттық өсиет. Бауыржан Момышұлының өнегелігі сол, ол – елі мен туған жерін нағыз сүйген, оған қашан да адал қызмет еткен, сын сағатта оны жан аямай қорғаған және қол бастап, жауды жеңуге ерен үлес қосқан ер. Бауыржан Момышұлы өмір сүрген заман айқас пен шайқасқа толы дүрбелең еді. Ұлы Отан соғысы тап болды. Соғыс – елдік пен ерлікке сын. Бауыржан халқының ерлік, адамгершілік, әділдік рухымен өзі де қаруланды, сарбаздарын да сол рухқа шақырды. Оның адалдығы азаматтығымен ұштасып жатты. «Ар, намыс, адамгершілік, ақ ниет, адалдық – алдымызда темір қазықтай жарқырап, шөлдегенде сусын, қалжырағанда қайрат, шаршағанда шабыт, ашыққанда арымызға ақ малтадай азық, белімізге тірек, көңілімізге қорек, болдырғанда ұстап мінген төл атымыздай болды,» – деп жазды батыр-жазушы. Қазақ халқының жауынгерлік салт дәстүрі, жаужүрек батырлығы мен ерлігі, қаһармандығы, қолбасшылық қабілет-дарыны, әскерлерді ерлік жасай білуге жұмылдыра білу қасиеті, шешендігі мен әмір ете білу құдіреті Бауыржанның қолбасшылық тұлғасында ерекше толымдықпен көрініс тапты.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы өзінің «Москва үшін шайқас», «Генерал Панфилов», «Қанмен жазылған кітап» т.б. кітаптары арқылы ұрпақтарды отансүйгіштікке тәрбиелейтін бас тәрбиеші де бола алды. Оның «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жұмылып қызмет ет», «Тәрбиелі адам – тәртіптің құлы, тәртіпті адам – елдің ұлы», «Отан үшін отқа  түс – күймейсің!» т.б. өсиеттері Отанды қастер тұтуға шақырады. Батыр Бауыржан жастарға адамгершілік пен ерлікті өсиет етіп, келешек ұрпақтың елін, отанын, халқын шын сүйген ерлер болып қалыптасуын қалады. Атақты генерал И. В. Панфилов Бауыржан Момышұлының халқына, еліне адалдығын, шынайы отаншылдық сезімін құрметтеп, мақтан тұтып кетті. Орыс жазушысы Александр Бек соғыс кезінің өзінде-ақ «Арпалыс» («Волоколамское шоссе») романын жазып, патриотизмнің үлгісі ретінде Бауыржан Момышұлының мәңгі өлмес қаһармандық бейнесін жасады.

Халық батыры Бауыржанның тау тұлғасы оның  2010 жылы мерекеленген 100 жылдығына орай жарияланған өзінің 30 томдық шығармаларында айқын танылса,  ұлы Мұхтар Әуезовтың «Намыс гвардиясы»атты пьесасына,  үлкен қаламгер Тахауи Ахтановтың  Бәукеңнің Мәскеуді қорғаудағы ерлігіне арналған романына,  Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романына, белгілі жазушы, батырдың қандыкөйлек майдандас досы Дмитрий Снегиннің Бәукең туралы кітабына,  т. б.  көрнекті шығармаларға арқау болды.

Біздің Республикамыздың бүгіндері әлем таныған қуатты елге айналуы, әлемдегі дамыған елу елдің қатарына көтерілуі, ендігі жерде ең озық отыз ел сапына бағыт алған Даму Стратегиясының  жүзеге асырылып жатқандығы, 2012 жылғы олимпиада  ойындарында 200-дей елдің ішінде он екінші орыннан көрінуі, «ЭКСПО – 17» әлемдік жаңа технологиялық көрменің Астана қаласында өткізілу құқын жеңіп алуы, өмір сапасының еселеп артуы, тағы басқадай табыстарымыз – ұлы патриотизмнің жемісі. Елбасымыздың «Қазақстан  жолы –2050 : бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ!» атты Қазақстан халқына Жаңа Жолдауында айқындалған Даму Стратегиясы –  алдағы патриоттық рух салтанатының көзі, жеңістеріміздің кепілі! Н.Ә.Назарбаев: «Отанға деген сүйіспеншілік – еліміздің келешегіне, оның кемел ұрпағына біздің аманат етер ең қастетті өсиетііміз деп білейік. Отанын Бауыржан Момышұлындай сүюді өнеге етіп қалдырған басқа қаламгер жоқ» – деп айтқандай, Бауыржан Момышұлының отаншылдығы патриоттық тәрбиеде баға жетпес құнды құрал болып табылады.

Авторы: Сабыр Зәріп


ПІКІР ҚАЛДЫРУ