Менің арманым немесе орындалған арман

0
23138

Бүгін күнделігімді парақтап отырып, мектеп кезінде жазған эссемді тауып алдым. «Менің арманым — журналист болу» деп жазыппын. Еш өзгертусіз назарларыңызға ұсынып отырмын. Армандар алдамайды. Мен қазір журналиспін. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін үздік тәмамдадым. Осыны оқып отырған іні-қарындастарыма армандай біліңіздер дегім келеді. Армандау — өте керемет дүние. Ол үшін ешқандай күш не ақы төлеудің қажеті жоқ. Тек арманға сеніңіздер. Арманыңыз бар болса, онда оны аялаңыз. Ол сені күтіп жатыр…

Автордан

«Адам  боп  келіп  өмірге, адам  боп  кету  парызым»…

Бір  күні  саябақта  демалып  жүріп, терең  ойға  шомып  кеттім. Мен не  үшін  келдім  өмірге? Осы  сұрақтың  жауабын  таба  алмай  ұзақ  ойландым. Айналама  көз  жүгіртсем  бәрінің  жұмысы  қауырт, бәрі  де  қозғалыс  үстінде. Сол  сәтте  тек  мен  ғана  қозғалыссыз  отырған  секілді  болып  көрінді  маған.  Жан –жағыма  қарап  отырып  кенет  жердегі  қыбырлаған  құмырсқаға  көзім  түсті. Аузына  азығын  тістелеген  құмырсқа  ініне  қарай  бағыт  алыпты. Ал  жүрген жолында  ізі  қалып  жатыр. Сондағы  ойланғаным  адам  түгілі  қыбырлаған  жәндік  те  жүрген  жолына  із  қалдыра  біледі  екен. Маған  дәл  сол  кезде  мынадай  ой  оралды. Әрбір  жан  сүріп  өткен  өмірінде  артынан  өз  ізін  қалдыра  білу  керек  екен.  Бұл  өмірден  өз  орныңды  табу  үшін, өз  жолыңды  салу  үшін, үлкен  болып  қалу  үшін – үлкен  арман  мен  мақсат  керек  екен  адамға.

Бұл  өмірдің  дүние  есігін  ашқан  сәттен  бастап  белгілі  мақсаттармен  өмір сүреміз. Сол мақсаттарымызға  жетуге талпынамыз. Қазір  жасым  17 де. Десе  де  осы  кезге  дейін он  жеті  мың  рет  армандап, соның  біріне  жетіп, біріне  жетпеген  екенмін. Әрине, әрбір  адам өз  ойлаған істеріне  қол  жеткізу  үшін  міндетті  түрде  алдына  мақсат  қоюы  тиіс.Сол  секілді  менің  де  жүрегімде  алып  ұшқан  армандарым.  бар. Сол  армандарымның  ішінде ең  маңызды да  ерекшесі  өзім  қалаған  мамандығымның  иесі  болу. Қалаған  мамандығына  түсу  барлық адамның  өміріндегі  маңызды  нәрсе. Ол  үшін  тынбай  еңбек  етіп, қаймықпай  алға  жүру  шарт.Кішкентай  кезімнен  жүрегімде  ұялаған, ал  қазір  болашағыма  қарай  қадамым  жақындаған  сайын  қайта-қайта  гүлдеп, қауыз  жарған  арманым  бар. Ол  — журналист  болу. Белгілі  ағылшын  журналисі : «Журналистика – өзің  түсінбей  тұрған  дүниені  өзгеге  түсіндіре  білу» — деп  баға  берген  екен. Бұл  мамандықтың жолы  қиын  екенін  білсем  де, жүрегімдегі  бір  тылсым  күш сол  жолға  қарай  тартады  да  тұрады. Себебі  ол  менің  сәби  көңіліммен  қалаған  пәк  арманым, мақсатым. Қанша  қиын  болса  да  сол  жолмен  жүргім  келеді.  Журналистиканың  мен  білмейтін  сан  қилы  жолдарын  ыждақаттылықпен  ұғынып, атақты  журналист  аға-апаларымыздың  жолын  қуып, өскелең  ұрпаққа  үлгі  болардай, алдағы  сан  қилы  жолдарды  өз  межеме  бағындырып, Қазақстан  халқының  Отан  сүйгіш  азаматы  болып, өз  елімді өзге  жұртқа  танытып, шіркін  Қазақ  елі  деп  тамсанатындай  дәрежеге  жеткізсем  деймін.  Қазіргі  заман  білектінің  емес  білімдінің  заманы. Тұғырымыздың  тірегі  білім  екенін  ұмытпауымыз  керек.

«Халық  пен  халықты, адам  мен  адамды  біріктіретін  білім»  деген  екен  атақты  жазушы  Әуезов. Әрине, әрбір  адамның  алға  қойған  мақсаттары  бар. Менің  де  алдыма  қойған  жоспарларым  өте  көп. Мақсатсыз  адам  алысқа  бармайды  деген. Сол  себептен  де    алға  мақсат  қою  керек, армандау  керек  және  соған  қол  жеткізу  үшін  тынбай  еңбек  ету  керек. Осындайда  поэзия  алыбы  М.Мақатаевтың  «Арманда  ұлым» атты  өлеңі  есіме  еріксіз  орала  кетті.

Арманда  ұлым!

Кім  боласың? Қандай  өмір  сүресің?

Ол  өзіңнің  үлесің.

Ақылымды  тыңда  мейлің, тыңдама

Тілегім  бар  бір  ғана.

Шығып  ал  да арманыңның  шыңына,

Сосын  мейлі  ұшып  өл  де  сырғана.

Болса  ақылың  біл  мынаны  жалғанда

Жолай  көрме  арманы  жоқ  жандарға.

Арманда  ұлым, ақтық  демің  қалғанда.

Айтқанымды  жөн  де мейлің, жөн  деме

Арманда  ұлым, қия  деме, өр  деме

Шығып  ал да  арманыңның  шыңына

Қира  мейлің, күйре  мейлің  дөңгеле!

Арман  —  ол  сенің  жүрегіңнен  туған  сиқырға  толы  ғажайып  әлем  секілді. Ал  ол  әлемнің  иесі  атану  да  өз  қолыңда! Армандай  біл  және  соған  сене  біл! Себебі, армандар  ешқашан  алдамайды!

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ