Мен-қазақ елінің ұланымын! (Шығарма)

0
13654

Қазақтай қайсар халықтың бүгінгі Көшбасшысы, елін сүйген, елі сүйген Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев «2015 жылы Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толады!» деп жариялау жасағаны баршамызға мәлім … Бұл ақ түйенің қарны жарылған күн!

Иә, мен — бақытты ұрпақпын, өйткені мен осындай күндерде өмір сүріп жатырмын.  Өз басым «адам өзінің ата-бабаларының тарихын білмей, болашаққа ешқандай қадам баса алмайды» деген пікірге толықтай қосыламын және осы бейбіт күнге қалай, кімнің арқасында жеткенімізді білу, сол туралы құнды деректерді игеру  біздің бүгінгі парызымыз деп есептеймін.

Уақыт, шіркін, неткен жүйрік едің?! Кеше  ғана алғашқы деп таныған көшбасшылармыз Керей мен Жәнібек бастаған қайсар халқымыз өз іргетасын қалауда қаншама қиындықтан тайсалмай өтіп, қаншама белестерді бағындырса, ал бүгін басқа елдермен терезесі тең, экономикасы қарқынды дамуға бет алған, өзгеге үлгі көрсетер мемлекеттердің біріне айналып отырмыз. Бұл зор мәртебе емес пе?!

Иә, мәртебеге жету оңай боп па? Бір сәт артқа көз салсам, сонау 1465 жылдары қазақ халқы өзінің Мәңгілік ел болу жолындағы алғашқы қадамдарын жасай бастаған еді. Тарихшылардың айтуынша, Қазақ хандығының Орталық Азия картасында пайда болуы жарты әлемді тізе бүктірген Шынғыс хан қолбасшы дәуірінен басталмақшы. Керей мен Жәнібек бабамыз Шу мен Талас аймақтарында желбіреген туымызды көкке көтеріп, қазақтың кім екенін жұртқа танытты! Осындай қазақ халқының алтын тарихында XV ғасырдың ортасы және XX ғасырдың соңы ерекше орын алған. Ерекшеліктің басты белгісі – ұлттық мемлекетіміздің дамыуы, қалыптасуы болса, ал басты оқиғасы-  Қазақ хандығаның құрылуы мен Қазақстан Республикасының тәуелсіз ел атануы. Бұл жерде Қазақ хандығының негізін қалаушы, алғашқы қазақ ханы Керей бабамыздың орны бөлек. Ортағасырлық тарихшы Махмуд бен Уәлидің зерттеуі бойынша алғашқы қазақ ханы Керей болғанынан хабардармыз. Жазба және тарихи зерттеулерде ең алғашқы қазақ ханының есімі -Герей, Кирай, Керей түрінде кездеседі екен. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы Керей атты есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, біз де осы аты аңызға айналған есімді мойындаймыз. «Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб және парсы тілдеріндегі деректерде кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің негізі «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіруі керек» деген тарихшыларымыздың пікіріне мен де қосыламын. Керей ханның  тегі Жошы ханның тұңғыш ұлы – Орда Еженнен бастау алып, оның ұлы Сасы бұқа, одан Ерзен, Ерзеннен Шымтай және де оның ұлы Орыс хан болып жалғасады. Орыс ханнан бастап, Керей ханға дейінгі шежіренің ортағасырлық деректерде керемет сақталғанына көппен бірге мен де қуаныштымын. «Муизз ал-ансабтың» дерегінен Орыс ханның 15 баласы яғни: 8 ұл және 7 қызы болғанына көз жеткіздік.  Бірінші ұл – Тоқтақия. Оның үш мұрагері және үш гүлдей нәзік әрі көздің жауын алар қыздары болған. Орыс хан, оның ұлы Тоқтақия, оның ұлы Анике Болат және оның ұлы – Керей хан болып жалғасады.

Жалпы,  Керей ханның қай жылы дүние есігін ашқанын жазба деректер жазбаса да, шамамен оны XIV ғасырдың соңы мен XV ғасырдың алғашқы жылдары туылған деп есептеудеміз. Өйткені ол Жәнібек хан екеуі XV ғасыр ортасында Моғолстанға келгенде, Шыңғыстық жолмен емес, жергілікті Дешті Қыпшақ тайпаларының заңымен жасы үлкендігіне байланысты хан боп тағайындалды. XV ғасырдың ортасында Қазақ хандығының құрылуы -Қазақстан аумағында көне замандардан бері жалғасып келе жатқан этникалық процестің мәдени және рухани дамулардың мемлекеттіліктің дамуының және XIV-XV ғасырлардағы саяси процестердің заңды нәтижесі болып табылады. Сондай-ақ, қазақ халқының құрылуының Еуразия тарихында да алатын тарихи маңызы ерекше. Сондықтан да қазақ құрылуының қазіргі талаптар тұрғысынан жаңаша көзқарастармен зерттеу маңызды мәселеге жатады.

Иә, зерттеу демекші …   Тарихымызда өзіндік орны бар осы мемлекеттік құрылымның зерттелу тарихына келсек, бұрынғы патшалық Ресейдің, одан кейінгі кеңестік кезеңнің, сондай-ақ бүгінгі тәуелсіздік жылдарындағы тарихнамада мәселеге тікелей арналған зерттеулердің  өте аз екендігі шындық. Жекелеген мақалалар мен кейбір оқулықтардағы материалдардан басқа  мәселеге қатысты бір ғана зерттеу еңбегі бар екен. Ол – кеңестік кезеңдегі өзбек тарихшысы Б.А.Ахмедовтың 1965 жылы Мәскеу қаласында жарық көрген «Государство кочевых узбеков» атты еңбегі. Кітаптың жарыққа шыққанына 50 жылдай уақыт өтсе де, автордың тақырып барысындағы жасаған көптеген ой-пікірлері мен тұжырымдары әлі күнге дейін мәселенің тарихы бойынша кең таралған тұжырымдар қатарына жатады. Сондай-ақ, оның пікірлері қазіргі кезеңдегі тарихнамамызда қабылданып отыр.

Менің  Әбілқайыр хан бабамыз туралы да сөз қозғамай кетуім жөн болмас. Әбілқайыр хан (нағыз есімі Әбілқайыр Мұқамбет Ғази баһадур хан) Түркістан қаласында туған. Ол — Әз Жәнібек сұлтанның бесінші ұрпағы. Шыңғыс ханнан бастап тарататын болса, ол хан әулетінің он сегізінші ұрпағы.

1710 жылы Қарақұмдағы халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ел басына күн туған кезеңдерде үнемі жанкештілік танытты.  Атап айтсақ,  ата-бабамыздың табаның табы қалған Сайрам, Түркістан және Ташкент қалаларын қорғау жолында ерен ерлігімен көзге түсті.  Сол жолда мерт болды. Ұлы қолбасшының моласы бүгінде ұрпағының тәу етер қасиетті орнына айналған. Ол  Қабырға өзенінің Өлкейекке құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде.

Қорытынды ойымда мен  қазақтың дархан жерінде, елінде тұрып жатқан адамдарға былай дегім келеді: «Қымбатты Қазақстан Республикасының тұрғындары, Отанымызды, туған жерімізді қадірлеп, осындай елде шат-шадыман ғұмыр кешіп жатқанымызға тәубе дейік! Біз үшін Керей мен Жәнібек бабамыз, Әбілқайыр мен Тоқтақия сынды  хандарымыз, қаншама батырларымыз қасық қанын қиды, өмірлерін берді, ендеше Ата-бабамызға басымызды иіп, мәңгілік тағзым етуге борыштымыз. Өзге ел қызыға да, қызғана да қарайтын қазақтың байтақ жері бізге ата-бабаларымыздан  қалған аманат. Оны біз қызғыштай қоруға, сақтауға тиіспіз!

Иә, ардақты ардагерлерімізді, соғыс балаларын да аса құрметтеуіміз керек! Өйткені, біздің  ұрпақ ардагерлерді көре алатын ең соңғы ұрпақ. Олардың көздері біз көрмегенді көрді, жүректері біз сезбегенді сезді.  Мен, Алина, барлық  адамдарды өз елінің патриоты болуға, ата-бабаларымыздың үмітін ақтауға шақырамын! Себебі, біздің ел- Мәңгілік ел болуы тиіс, ал біз- Мәңгілік елдің жастарымыз!!!

Авторы: Берғалиева Алина

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ