Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі

0
4348
Ұлттық қолөнер - эстетикалық тәрбиенің негізі

Қазақ өлеңі туралы байсалды әңгіме қозғайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазақ поэзиясы, қазақтың қара өлеңі Абай мен Ыбырайдан бастау алып, оның жалғасы әсіресе, XX ғасыр басындағы поэзия әлемінде ерекше көзге түсе бастаған еді. Себебі, осы тұста асқақ жырларымен, жалынды үніменен халыққа танымал бола бастаған ақындар қатары көбейе түсті.

МАЗМҰНЫ

  1. Кіріспе
  2. Негізгі бөлім

1 тарау

Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі

2 тарау

Бернияз — Абай үлгісіндегі ақын

Ақын поэзиясының көркемдік ерекшелігі

Қорытынды

Сілтеме көрсетілген әдебиеттер

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Кіріспе

«Білім беру реформасы-Қазақстанның бәсекеге нақтылы қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін аса маңызды құралдардың бірі» [1] делінген Елбасының 2006 жылғы 1 наурыздағы жолдауында. Бұл жолдау Қазақстанды келешекте биік белестерден көрінуіне себепші болады деген сенімдемін. Соған орай мен диплом жұмысын осы жолдауды басшылыққа ала отырып жаздым.

Қазақ өлеңі туралы байсалды әңгіме қозғайтын уақыт әлдеқашан жетті. Қазақ поэзиясы, қазақтың қара өлеңі Абай мен Ыбырайдан бастау алып, оның жалғасы әсіресе, XX ғасыр басындағы поэзия әлемінде ерекше көзге түсе бастаған еді. Себебі, осы тұста асқақ жырларымен, жалынды үніменен халыққа танымал бола бастаған ақындар қатары көбейе түсті.

«… XX ғасырдың басында қазақ поэзиясында… Сұлтанмахмұт пен Сәкеннің, Мағжан мен Бернияздың кейіпкердің ішкі жан сырына үңіліп, оның қалың қатпарын аздап болса да, ашуға тырысатын өлеңдерімен бірге қазақ өлеңіне лиризм келе бастағанды» [2. 146 бет] деп өз мақаласында Бекділдә Алдамжаров 20 ғасырдың басындағы ақындар жайлы, олардың қозғаған тақырыптары мен өлеңге әкелген жаңалықтарын ауызға алады. Сөз жоқ, аты аталған ақындардың ішінде Сұлтанмахмұт, Сәкендерді, олардың мол туындыларын кешегі мен бүгінгі қазақ баласы түгел дерлік білері анық. Әйтсе де сол ақындар қатарында оқырманға есімі таныс емес, шығармалары халыққа таралмаған, әлі де болса филолог-ғалымдардың тарапынан зерттеуді қажет ететін ақын бар. Ол — Бернияз Күлеев.

Б.Күлеев XX ғасырдың бас кезінде өмір сүрген, жалынды жырлар жазып, кезінде қоғам ісіне де араласып, өмірден жастай өткен ақын.

Бернияздың өмірбаянына қатысты деректер өте мардымсыз, тапшы. Жиырмасыншы жылдардағы қазақ газеттеріне шыққан замандастарының бірлі-жарым естеліктері мен бірді-екілі монографиялық еңбектердегі ақын өміріне қатысты айтылған деректер ғана.

«Ақын өмірбаянының алғашқы, негізгі биографы — ақынның замандасы жақын жолдасы Мерғали Ешмухамедұлы. М.Ешмухамедұлының ақын өмірбаянына қатысты алғашқы дерегі оның өмірі мен шығармашылық жолына байланысты жазылған «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 30 наурыз күні шыққан №72 санында жарияланған «Күлейұлы Бернияз» деген мақаласында берілген.

Бұдан кейін «Еңбекші қазақ» газетінің 1923 жылғы №19 санындағы ақын қазасына байланысты берілген «Бернияз Күлеев» деген азанама — мақаласын, «Тілші газетінің» 1923 жылғы 20-наурыздағы №28 санындағы Мағжан Жұмабаевтың «Бернияз Күлеев» деген мақаласын ақын өмірбаянына қатысты аздап деректер алуға болатын нұсқаларға жатқызуға болады.

I тарау Бернияз Күлеевтің ақындық әлемі

«Б.Күлеевтің негізгі шығармашылық өрісі — лирика жанры. Ол махаббат көңіл-күй лирикаларын көп жырлаған ақын.Тіпті ақынның екі-үш поэмасының өзі оқиғалы сюжетке құрмай, бірыңғай лирикалық толғаныстарға құрған. Сондықтан да Бернияздың ақындық қуаты мен шығармашылығының қайнар көздері лирика жанрының төңірегінен табылмақ» (С.Жәмбеков. Б.Күлеевтің ақындық мұрасы. Авторефераты). [5.15 бет]

Бернияз өлеңдерінің шығу, басылу, эволюциялық даму кезеңдері сияқты мәселелерді қарастырудың қажеті жоқ. Өйткені аз ғана — он шақты жыл шамасында шығарылған өлеңдері бас-аяғы жинақы, әрқайсысының бітімі тиянақты, тағдыр оты сөнуге жақын екенін ақын бейне бір сезгендей, өлең жолдарынан іштей серпіліс, бұлқыныс байқалады.

1916 жыл! Қайшылыққа толы, сол бір талайды әрі итеріп, бері шыққан уақытта ол небәрі 19-ақ жаста екен. Бірақ бұл да — болмысынан сезімтал жүректі, сергек ойлы айрықша талант иесі үшін аса бір ауыз ашып, көз жұмарлық аз ғүмыр емес-ау. Керісінше, қоршаған ортаның ағы мен қарасы туралы толғаныс иіріміне түсіп, сезгенін көргісі, көргенін танығысы келетін соншалықты бір тынымсыз, соншалықты бір мазасыз шақ осы ма деп қаласың… («Ойдағым», «Қыздың мінәжәті», «Қазақ қызы»). Туғаннан екі аяғымен тік тұра қалған тірі пендені кездестіргеніміз жоқ. Мұндайда тәй-тәй басып барып сұғұну де, сонысы үшін іштей қиналып «бүліну де» («Зарлық», «Өзіме») заңды құбылыс. Адамзаттың пешенесіне табиғат-ана о бастан-ақ жазып қойған осынау қалыптасу кезеңінен ол да аттап өте алмаған. Бірақ өзіндік бір ерекшелігі -жетістігі де, кемшілігі де сол — түбі қалай болар екен деп салмақтап, артын ойламастан, айналасынан алған әсерін албырт көңілмен қағаз бетіне түсіре берген, түсіре берген…

Соларды сарапқа салып қарай бастасақ, көз алдымызға қазақ поэзиясы деп аталатын үлкен жолға маңдай тіреген қысқа, қысқа да болса жолаушысын адастырмай айқын соқпақ жатады. Жетістігі деп отырғанымыз — осы бір соқпақтың тек қана Бернияздың өзіне тән болып шығуына әлгі қасиеттің тікелей әсерін тигізуі. Сөйтіп бітім-болмысымен бөлек, өзге ешкімдікіне ұқсамайтын Бернияз поэзиясының жасалуы.

«Тақырып жағынан алғанда ақынның төл шығармаларын шартты түрде үш салаға бөлуге болар еді. Бірі — әлеуметтік жырлар, екіншісі жеке басының сезіністерін білдіретін толғаулар, үшіншісі — махаббат сырын шертетін немесе табиғат көріністерін бейнелейтін әсем лирика», деп ақын өлеңдерін өз тұрғысынан осылай бөледі. Ысқақ Дүйсенбаев өзінің «Эпос және ақындар мұрасы» [6. 292 бет] деген еңбегінде.

1914-1916 жылдар — Бернияздың аулында өскен шағы. Балғын жастың толғаныстары мен ойлары, айналадағы дүниені танып-білуі, арман-тілегі тіпті ерте есейген әрі терең. Адамның дәл осы шағында өзінің болмысына жан дүниесіне терең үңіліп, оны жалпы өмірмен байланыстыра толғануы, зерделі ойлар түю жиі кездесе бермейтін құбылыс. Ал Бернияз Күлеевтің өлең иірімдерінен осы күбылыс көрініс тапқан. «Ойдағым» өлеңінде ақын:

Жатсам-тұрсам бір минут ойдан кетпей,

Ішімді өртеп бойды алып аяу етпей,

Ойға, қырға жүгіріп сандалсам да,

Көзім көріп ұстауға қолым жетпей.

Өзі қызық, қымбатты, өзі тәтті,

(Әттең қылған қылығы жанға батты).

Кейде жүзі жып-жылы, мейірімшіл-ақ

Болса-дағы кей шақта көңілі қатты.

Ұшқындай боп талпынып тұла бойым,

Соған жетпек — тек қана жалғыз ойым.

Сол күндерде сау басым сырқат болып,

Қызықтырмас көңілімді күлкі ойын…

Жеткізбейді ойдағым ойласам да,

Соңына еріп қуалап қоймасам да.

Ашулансам, ол қайта алыстайды,

Алданбайды күлген боп ойнасам да…

Әлі жүріп келемін әуре болып,

Әлім бітіп, бір қызып, бірде тоңып,

Жетсем, жаным көрсін деп рахатын,

Жете алмасам, қалуға жолда солып.

«Өзім», «Зарлық», «Апама хат» өлеңдері де осы сарындас, бағыттас. Жап-жас ақын көркем сөз құпиясын меңгергені былай тұрсын, бейнелі, келісті көрініс, эпизод жасауға шеберлене бастағаны байқалады. Адамға табиғаттың тартқан сыйы, ғажайып қасиеті — ойлау қабілеті. Адам баласы осы қасиеттің құдіретін мойындаған, тамсанған, маржан сөздермен өрнектеген.

Бернияз жеті шумақ өлеңін «Ойдағым» деп атап, ой деген сөзді жандандырып, тірі құбылыс, құбылмалы мінез «бітіріп», қуса жеткізбейтін жүйрік ретінде бейнелейді. Жүйрік ой адам көңіл-күйіне қалай әсер ететінін шебер суреттеп өрнектеген. Ойланғандары орындалса «жетсем, жаным көрсін деп рахатын», «жете алмаса, қалуға жолда солып»- биік армандар мен қатерлі күдіктер арпалысқан, толғаныстар мен буырқаныстар аясындағы тынышсыз, саналы жас бейнесі байқалады. Саналы жастың ойы, көзқарасы ең алдымен өзін танудан, адамды танудан бастау алып, өмірдегі олардың орны мен мәні туралы толғаныстармен астасып жатады. Бернияз «Өзім» деген өлеңінде өзін асқақтата бейнелей келеді де, адам құдыретінің құпиясы мол, оны танып болу қиынның қиыны деген түйін жасайды.

…Өзім патша, өзім төре, өзім хан,

өз ойымды сан сабазға бермеймін.

…өзім серік өз ойыма — досыма,

Қуанамын, жылаймын, күлем қосыла.

Өзіме өзім не қылсам да риза,

Өзім күйем өзім жаққан отыма…

Оң ба, сол ма — жүрер жерім белгісіз,

Өзімді өзім, ол да әлі білмеймін.

Бұл жолдар торығудан туған деп айтуға болмайды, керісінше, ойлы жас өз өмірінің сыры мен мазмұны сан тарапты жолдың қайсысына бағышталуы мүмкін деген толғаныстардан туған.

Келесі бір «Қызықты жаз» деген өлеңінде ақын:

…Халінше алға жылжып жан иесі,

Ой бар орын алсам деген төрден.

Бірі боп осылардың сен де тырыс,

Бұл күнгі қалған бала қазақ ерден.

Гүлденіп шашақ атқан жазғы күнді

Орын ал ізгергімен бірге өрден.

— дейді.

Мұнда ақын табиғат сұлулығын, жадыраған жас мезгілін әдемі суреттеп келеді де, артынан ауыл жастарына мәз-мейрам боп босқа жүре бермей, алға ұмтыл, әрекет жаса деген ой тастайды.

Ақынның «Апама хат» атты өлеңі сол кездегі яғни 1916 жылдардағы қазақ қалпын, олардың өз еркіндігінен айрылып, тұтқында жатқандай халде екендігін жырлап, халқына жаны ашитындығын айта отырып, «Қамыққанда туған жерді сағынып», «Тырс-тырс тамып кететін-ді ыстық жас» деп сағынышымен мүңын хат ретінде жолдайды.

Бернияздың бұл аталмыш алғашқы өлеңдері ауылда, екі сыныптық орыс-қазақ училищесінде оқып жүрген кезінде жазылған. Демек, ол едәуір білім алған, сауатты көзі ашық, көкірегі ояу, айналаға өзіндік көзқарасы қалыптаса бастаған шағы.

Жас Бенияздың әдебиет маңдайына шыққан кезі ұлы төңкерістің қарсаңы болатын. Сондықтан да ол сол мезгілдегі қазақ ауылының тіршілігіндегі ең маңызды саналған мәселелерге соқпай кете алмады. Ақын өзінің «1916 жылға», «Бостандық күнінде», «Бұлт» деп аталатын өлеңдерін бостандық тақырыбына арнайды.

Мұндағы көңіл бөлерлік бір нәрсе, егер «Бұлт» өлеңінде Бернияз іштей қорқынышы мен күдігін білдіріп, болашақтан не күтемін деген ойлар болса, ал қалған шығармасында бостандықты алаңсыз қуана қарсы алып, құттықтау сөзін жолдайды.

Мысалы, «1917 жылға» дейтін өлеңінде бұл жылдың көптің сағына күткен, азаттық әкелген ардақты, атақты жыл екенін айта келе, ақырында былайша түйеді.

…Қара күштің жаман ойын тапқан жыл,

Кем-кетікке кеміс күнде жаққан жыл…

Баулы бұлбұл байлауынан босанып,

Жаңа күннің жарық шамын жаққан жыл.

Сен де рахат, сен де кеңіс, сен де гүл,

Әлді — әлсіз айырусыз сен де бір,

Тарих беті, жұрт аузында ұмтылмас,

Жылдың жылы, жыл патшасы — сенсің, біл!

1917-1918 жылдардағы өлеңдерінде ақын дүниетанымы да кеңейіп, қаламы да қатайып, ірі тарихи оқиғаларға көзқарасын ашық та батыл білдіре бастағаны байқалады. Ол кездегі қазақ ауылы оқу, білім қадірін біле бастаған. Ақпан және қазан төңкерістерінен Бернияз үлкен үміт күткен сияқты. Өлең жолдарынан «бостандық», «жұрттың қамы», «бақ қонды елге жұртқа — алты алашқа», «бірлік, ерік», «жарық күн» т.б. тіркестердің жиі кездесуі соның дэмі. «Бостандық болғанда бір қыздың тілегі», «1917-жылға», «Бұлт», «Бостандықтан бұрын, Бостандық болған соң», «Жорықтан соң», «Соғыс майданында», «Ел ерлеріне», «Алға», «Жастар үшін», «Ер жігітке», т.б. Әр жылдарда жазылған бұл өлеңдерде сол кезеңдегі қазақ қоғамының әлеуметтік, моральдық, философиялық мәні бар мәселелері қозғалып, өзіндік шешім тапқан. Мысалы «Ел ерлеріне» деген өлеңінде ақын:

…Аз шыдасаң, елді жаудан ашарсың,

Жау жүрегін жасқанбастан басарсың,

Біріктіріп бес бөлегін жалғанның,

Мәңгі-бақи елмен еркін жасарсың,

-дейді.

Тағы бір топ шығармаларында Бернияз Күлеев бұрыннан келе жатқан, бірақ әлі де өз мәнін жоймаған тақырыпты ілгері дамыта түседі. Ол — сол кезеңдегі қазақ әйелінің аянышты халі мен қара түнек қапаста өткен азапқа толы өміріне арналған ақынның бірнеше өлең — жырлары. («Қазақ қызы», «Апама хат», «Солған гүл», «Әйелдер сөзі», «Әкеме», «Бостандық алғанда бір қыздың тілегі»). Бұл өлеңдердің ішкі мазмүны өлең кейіпкерлерінің сәздері, жырлары арқылы ашылады. Осы ұтымды әдісті қолдану арқылы Бернияз тақырып мәнін тереңдете түскен. Мұнда қазақ қыздары өз жағдайларының қиындығы мен күрделілігін түсініп, пайымдай отырып, оған назарын аудара алатын қажырлы, байсалды, батыл жандар бейнесінде көрінеді. Ақынның «Қыздың мінажаты» (мінәжат — жалбарыну мағынасында) деген өлеңінде.

Я, алла мен ойлаймын түрлі ойды,

Суарып жүрген шақта қозы-қойды,

Ойласам жүрегіме тұз сепкендей,

Өсірген надандықпен сырлы бойды.

Қазақта қандай қыз бар оқып жүрген

Жандыны жансызбенен тоқып білген?

Деп айтар: «Ана біреу маржан бопты».

Оқыған талапкерді болса көрген,-

деп толғанады қазақ аруы. Мұнда қазақ қыздары әлі оқу оқып, білім алуға қадам жасалмаған шағы, бірақ олардың бойында білім арқылы дүниені тануға ұмтылыс көрінеді, «жандыны жансызбен тоқып білуге» талабы бар екендігін, өзімен жасты құрбыларының қой-қозы бағып жүргені жүрегіне тұз сепкендей басылатынын дәл өрнектеп, өмірді шынайы көрсетеді.

Бернияздың «Әйелдер сөзі», «Бостандық болғанда бір қыздың тілегі», «Әкеме» (қазақ қызы аузынан),- «Шын сұлуға», «Қыздың зары», «Мағрифаға» атты бір топ өлеңдері — XX ғасыр басындағы поэзияға осы маңызды тақырыпты әр қырынан ашқан құнды туындылар. Әр қырынан ашқан дегенде тілге тілек болатын жағдай — теңсіздік, қалың малға сатылу, күң ретінде жүру сияқты әйелдер жағдайы Бернияздан бұрын да, оның заманында да талай айтылған, суреттелген жай екені белгілі. Олар туралы Бернияз да аталған өлеңдерінде айтады. «Алты Алашта әйел шын жетім»- дейді ол. Бірақ ол тақырыптың осы қырын айтумен шектелмейді, замана әкелген, өзі байқаған және тың, жаңа деп «тапқан» жайларға, өзгерістерге, мінез-құлықтарға көңіл аударады, жыр өзегі етеді.

Әйел теңдігі тақырыбының ақын өлеңдерінде жаңаша қырда көрінгенінің тағы бір сыры — әке мен бала, әке мен қыз, ана мейірімінің сәулеленуі. Солардың қатарында Бернияздың «Әкеме» (қазақ қызының аузынан) «Апама хат», «Сүйікті анама мәңгілік белгі» сияқты өлеңдері бар.

Әдетте қалың мал мәселесі әке тарапынан шығады. Осыдан қыз бен әке арасында суыстық туады, қыз өзінің бақытсыз болуын әкесінен деп біледі. Енді санасы ояна бастаған қыз бұрынғыдай емес, тағдырға әке шешіміне мойынсына салмайды, Бернияз жырлаған қыздар да өз тағдырын өзі шешуге ұмтылыс айқын көрініп тұр.

Туғандық, аталығының тәтті, әке,

Мейірімсіз, тас бауырлы қатты әке,

Айтпайын десем-дағы, көз қарауың,

Айуандай өз басыңа батты, әке…

Көрмедің көкірек отым, көз жасымды,

Жылатып жастай малға саттың, әке…

Емес пе ем мен шын сенің балаң, әке,

Шын болса, құтқар оттан, әке! —

деп батыл мінез көсетеді қазақ аруы ақынның «Әкеме» атты өлеңінде.

«Сүйікті анама мәңгілік белгі» деген өлеңі эмоциялық әсерлі туынды деуге болады.

Екі шумақты жолдарда тағдыр бір кездерде анадан мәңгі айыратынын, сондағы ананың қайғы жүтып сағынатын сәтін елестетеді. Ақын өз өмірі қысқа боларын бейне бір алдын-ала сезген бе дерсің.

Ай жүрермін түзде, жыл жүрермін,

Күнің болар мені сағынар.

Жатсаң-тұрсаң, ойлап құлыным деп,

Жасағанға жылап сағынар.

Сүйікті анам, сонда мен болмаспын,

Сен сағынып қайғы жұтарсың.

Төсің иіп, ыстық жасың тамып,

Сүгіретімді сүйіп құшарсың.

Дәл осы жолдардай баласынан айрылған ана қайғысы мен сағынышын суреттеу сол кез поэзиясында, сірә, туа қоймаған шығар?!

Ерте есейіп, өмірге біршама ерте араласқан, мазасыз заман салқынын сезген тумысынан талантты, дарынды да жалынды Бернияздың асқақ армандары мен қиялдары үлкен бір қиындықтарға ұшырағандай, көңілге күдік ұллап, жас жүрегі қатты жарадар болғандай. Жүрек жарасы, ой толқындары, ұйқысыз түндер мен беймаза күндер, жалғыздық пен жабығу, сағыныш, өлім туралы жыр жолдары жиі ұшырасады. Осы бір көңіл күйінің туу себептері бізге беймәлім, әрине білу де мүмкін емес шығар. Мүмкін ақын жаны дейтін тылсым дүние осы болар. 1918 жылғы өлеңдерінің бірін де ол:

Қызғалдақтай қызық өмір,

Күні келсе, солмай ма?

Еркін жүрген ерке көңіл,

Қайғы-зарға талмай ма?

Тасқан қайтып, толған солып,

Сарғайтпай ма сондайда.

Алтын жастық жалған болып,

«Аһ» ұрар күн болмай ма? —

депті. Жиырмаға толмаған албырт, жас ақыннан туардай жолдар ма!? Немесе:

Жалғыздықтан жай таба алмай,

Жарылғандай ер жүрек,

Жаным күйіп шыдай алмай,

Жас келеді мөлдіреп.

«Жас жүрегім» өлеңінде ақын:

Жас жүрегім, жанба текпе,

Бола берме арманда.

Өрлесең де жерден көкке.

Жай табу жоқ жалғанда.

Арманың көп-біту қайда

Айта берсең күні-түн.

Тек мен білем, аһ не пайда

Менен басқа тыңдар кім?…

Соншалықты тарығу, зарығу. Неліктен ақын мұнша налиды, ақын жаны, жүрегі «жанатындай не болды сонша ма?! Иә, бұл біз үшін беймәлім тұстар. Әйтсе де, осы өлеңдері арқылы ақынның өмірден ерте өтетінін алдын ала сезген бе дейсің. «Рас, көңіл-күйді жырлау мен өмірдің өткіншілігі туралы егілуді бір-бірінен бөліп қарауымыз керек. Бірақ бұл тұрғыдан келуді Бернияз өлеңдері көтермейді. Оңдағы мұңды сарын оптимистік парасатты ойлардан негіз алып, өзара тамыр тоғыстырып отырады. Шынында да, осынау жарық  дүниеден күні ертең-ақ өтетінін ұмытса, адам өмірінде мән-мағына қалар ма еді. Оның барлық жасампаздық істері соны іштей сезінгендіктен атқарылмай ма? Олай болса, ақынға таңылған… «кемшілік» оның өлеңдерінің философиялық астарына мән бермеуден туған деп қорытынды жасау керек» [7. 22 бет] дейді бұл жөнінде Әбдіраштың Жарас қаны өзінің «2001 жылы шыққан «Парыз. Парасат. Пайым» атты зерттеу еңбегінде.

Жоғарыда тоқталып өткен шығармаларға тікелей қатысы болмаса да, ақынның көңіл-күйін басқа бір тұрғыдан білдіретін, біраз оқшаулау тұрған екі өлеңі бар («Қилял сөзі», «Қайтер едің?»).

«Қиял сөзінде» Бернияз лирикалық ішкі тебіреністерін бір мезгіл доғара тұрып, өзінің азаматтық борышын еске түсіргендей қалып білдіреді. Ондағы өзекті ойы: «Өз ұлтыңа ұлдық қылып атқар дейді ұл ісін». Бірден көзге түсетіні: өлеңнің жалпы тынысы, рухы жақсы, көтеріңкі. Өмірге белсене араласу, одан үлкен үлес, ізгі жеміс күту, қайтсе де қайнаған тіршілікте сырт қалмай оның жуан ортасында болып, күресіне жан аямай қатыссам екен деген құштарлық пен ынта бар. Бұл өлеңді оқып отырғанда жас жүректің дегбірсізденіп, алабұрта алға самғағанын сезінесің:

«Тағы-тағы, тағы-тағы,

Толып жатқан түр», — дейді.

«Не сырлар бар жалғандағы

Бәрін тегіс біл»,-дейді.

Бұл жолдарда ақынның кейбір өлеңдеріне тән дерексіз ойды қууы немесе сары уайымға салынып торығудың салқыны мүлде жоқ.

Бернияз шығармаларының денінде жастық шақтағы уыз сезім жиірек сөз болатыны түсінікті ерекшелік. Ақын сол сезімнің тазалығын әсемдігін жырлай отыра, оған қарсы қара күштің барлығын да есінен шығармайды. «Қайтер едің?» деп аталатын ұзақ өлең, осындай контрасқа құрылған. Осы өлеңнің алғашқы жолдарында жаңа толысқан, жүрегінде зәрредей кіршігі жоқ балғын жасқа ақ несиені періштедей әсем қыздың сыр ашқаны, мұңын шаққаны сөз етіліп:

Жанғандағы жан жарым деп ойласа,

Махаббаттың мейріміне тоймаса,

Жатса-тұрса жалғыз соның тілегі,

Басқа қиял ойында да болмаса.

Жас өмірде жолығам деп арманға,

Шын сүюді санамашы арзанға?

Екі жүрек кәмілдікпен қосылып,

Алғанымен болса риза жалғанда…

Осылайша тебіренеді де, ақыры ынтық екі жүректің қосылуы бір сәтке ақынды сүйсіндіргендей болса, ол өмірде тілек-арманның былайша үнемі тоғыса бермейтінін де ескертіп өтеді.

«Бернияз талантының бар мүмкіншілігімен жарқырап көрінетін өлеңдері негізінен махаббат туралы [7. 24-25 бет] деп көрсетеді Әбдіраштың Жарасқаны. Әрине ақын бола тұрып махаббат тақырыбына бармауы, ғашықтың сезім жайлы қалам тербемеуі ойға сыймайды. Қай ақынды, жазушыны алсаңыз да осы бір ұлы сезім — махаббат лирикасын жырламай, ол тақырыпты қозғамай кете алмаған. Солардың қатарынан Бернияз да өзінің ерекше сезімтал, ғашықтың ойларымен көрініс алды. Және бір айта кетерлік жай — Бернияздың махаббат тақырыбына молынан баруына бірден-бір себеп — өзінің сүйгеніне қосыла алмауы. Бұл жөнінде Әбдіраштың Жарасқаны тағы да былай дейді: I — Бұл ретте оның басында болған ғашықтық драмасы үлкен роль атқарғаны күмәнсіз,- деп келеді де, — Олардың жаны ақша қордай таза, сезімі аққайраңдай мөлдір жастың кім болса да мұрат тұтарлық бейнесін танимыз».

Ақынның махаббат тақырыбындағы өлеңдерге негізінен «Шын сүю», «Шын сұлуға», «Айныған аруға», «Шер шыдатпай саған арнап», «Ұшпақтағы жарыма», «От жанындай өртеп ішті», «Кірсіз көңілің, күнәсіз ізгі жаның», «Мағрифаға», т.б…. Солардың кейбіреулеріне қысқаша тоқталып өтсек.

«Таң алдында» өлеңінде түр жағынан жаңашығы шамалы болғанымен мазмұнында біраз ерекшелік бар. Лирикалық қаһарманның көкірегіндегі ғашықтық дертін ақын таң алдындағы табиғаттың сұлу суретіне көмкеріп берген. Аспандағы мың сан жұлдыздардың түгелдей кәміл батқаны, өз қызметін атқарып айдың да сол көктің бетін айналып жүргені, жасыл мақпалға оранған жайлы жердің бір сәтке тыныс алғаны, бозторғайдың алакөбеде сайрағаны міне осылардың бәрі-бәрі ыңтыққан жүректің лүпілін айқынырақ білдіру үшін фон ретінде беріліп отыр.

Гүл жайнаған жас жүрегім балдырған,

Еркіндікпен ойға есін алдырған.

Дамыл бермей, ұйқы бермей ұзақ түн,

Сонда оны ғашық оты жандырған.

«Сүйем» дермін, ол сезімді ұғар ма?

Ойдағыдай көңіл болып тынар ма?!

Шын беріліп махаббаттың лебіне,

Екі жүрек ойдағы ізден шығар ма?!

-десе, «Шын сұлуға» атты өлең де бірден ғашық жарды тым әсірелей дәріптеуден басталады да, ақын қыза келе сүйгенін хор қызына, періштеге теңеуді місе тұтпай, оны алланың қатарына апарып қоюдан да тайынбайды. Өлеңнің бір жерінде: «Көркің күн, жүзің жарқын, ажарың ай» дегендейін көтеріңкі теңеулерден кейін тағы да мақтау сөздерін үдете түсіп, бүкіл әлемді оған табындырғандай болады:

Жүрсең — жер, күлгенде — көк сүйенеді,

Ағаш-шөп сәжде қылып иіледі.

Аспанның ажарлысы Ай менен Күн

Көркіңді көріп таң боп күйінеді.

Алдыңнан әлдеқашан бұлт қащқан,

Құлдықта қол қусырып жер мен аспан.

Айнадай ай жүзіңнің ажарынан

Ұялып жұлдыз біткен бетін басқан…

Келесі жолдарда сұлудың сырт көркіне ақылы да, мінезі де сай екені баяндалады. Дүниедегі бар қасиет бір соның бойында: ақыл-парасат, терең ой, жетік ми, шешен тіл, кең көңіл. Оның үстіне сырт пішіні де сұқтанарлық: бойы тал, белі сындар, сырты әсем, қысқасы ол алланың артық туған ардақтысы, оған тең ешкім жоқ. Әрине, ақын түсінігінде мұндай асыл жанға жалбарынып жалыну, сөз айтпай бағынудан басқа жол жоқ.

Адамзат ес білгелі махаббат тақырыбы онымен бірге жасап, бірге өсіп келеді және ол бірде-бір бәсеңсіп немесе сарқынып көрген емес. Сан ғасырлар бойында көптеген ұлылы-кішілі ақындар осы тақырыпқа бір соқпай кеткенін көре алмаймыз. Кейде, керісінше, ел аузында ежелден аңызға айналған әйгілі ғашықтар жөнінде, мысалы, Шығыстың жеті ғашығын алыңыз, бірнеше ақындардың бірінен кейін бірі көлемді дастандар шығарғандарын да ұшыратамыз. Бұл неліктен? Қайталану ма, әлде өзара бәсеке ме? Екеуі де емес, гәп басқада жатыр. Адам сезімі, оның ішінде ғашықтық толғаныс ұшы-қиыры, түп-тұғыры жоқ шексіз дүние. Махаббатта: қуаныш пен өкініш, сәттілік пен сәтсіздік, рахат пен азап, үміт пен түңіліс қатар жүреді. Бұларға сырт кедергіні, адам арасындағы күншілдік, қызғаныш, жауыздық, опасыздықты қоссақ, бұл тақырыптың қалайша таусылмайтынын, тозбайтынын түсінуге болатындай.

«Бернияздың «Гүләндам» атты өлеңін таза махаббат лирикасы деп айтарлықтай» [6. 321 бет] егер Ысқақ Дүйсенбаевтың сөзімен айтсақ: Бұл шығарманың нағыз махаббат тақырыбына арналған шығарма екеніне көзіміз жетерліктей. Ақын әуелі сүйген жарына назын білдіріп, оның асқан көркі мен жібек мінезіне қызығатынын ешбір жасырмайды. Алайда, ақын сол қиғаш қасты, қолаң шашты, теңіздей терең қара көзді, әсем күлкіні -бәрін өз басы сүйсіне қарап сұқтанса да, басқаларға күлгенде:

Ақ төсіңді,

Гүл бетіңді,

Жаным, жатқа көрсетпе…

Өйткені:

Бақ алманың

Дәмін, мәнін

Білу қайда есекке?!

Осылайша түйіп, жас сұлуға қатты ескертеді, надан жұрт сені қадірлей де білмейді, қырсық болғанда көзі тиіп жүрмесін деп қорқытып та қояды. Ақыр соңында:

Келші бері,

Сүйші мені,

Суырылсын көмейім.

Сүй, құшақта,

От құшақта.

Есім ауып өлейін!

Әйтсе де «өлімді ауызша шақырғаны болмаса, өмірмен қоштасқалы отырған жоқ». Сондықтан бұл өлеңнің тыныс мен тебіреністерінде күйректік ізі білінбейді.

Бернияз өзінің «Айныған аруға» деген өлеңіне бұл тақырыпқа басқа бір қырынан келген. Мұнда ақын лирикалық қаһарманның сезім байлығын бар тебіренісі, бар серпінімен терең көрсете алған. Ең ілікте ол бір ғашығынан басқа ешкімді танығысы, көргісі келмейді, тек соның асқан көркіне бағынады да оны өзіне бірден-бір тең жан санайды.

Ең ақыры ол сүйген жарына жалбарына тіл қатады: «Қайтейін, өзің біл, сенсіз жерде маған қызық жоқ екенін ескер. Мен жауыз жазмыштың жазғанына көндім, мейлі дос табалап, дұшпан күле берсін. Әлі де сен үшін күйемін де жанамын, сені шын сүйемін, өмірі ұмытпаймын. Ал уәдеден тану өз еркінде, тек мейірімді ием көңіліңе қайырым салсын»,-дей келе былайша аяқтайды:

Жан жарым, осы саған сөзім айтар,

Өкпем көп шын айнысаң саған айтар.

Тапсырдым шын сүйіспен ақ жүрекке.

Сол үшін мейілінше жауап қайтар?

Әрине, бұл өлеңінде Бернияз өткендегі лирик ақындарды қайталаған жоқ. Сол атышулы махаббатқа байланысты адам сезімінің тағы бір қалпын, нюансын көрсетіп, оны көркем тілмен бейнелеп отыр.

Осы қатардағы шығармалардың бірі «Сүйікті қайғылыға» деген өлеңінде түр жағынан ерекшелігі қара өлеңмен емес, сегізаяқ түрінде жазылған. Бұл жоғарыда сөз етілген өлеңнің көшірмесі болмағанмен көлеңкесі тәрізді, шағын нұсқа ма деп қаласың, себебі, мұнда да сертке беріктік, жарға опалы болып уағыздайды.

«Шер шыдатпай саған арнап», «Ұшпақтағы жарыма», «От жалындай өртеп ішті»,  «Кірсіз көңлің, күнәсіз ізгі жаның» тағы басқалар — бұлардың дені жеке адамдарға арналған. Олардың ішінде «Сен менің шын нанған аллам» тәрізді бір шумақ өлеңнен басқа, еркін толғайтын көркем шығармалар да бар. Ақын бір сәтте сүйген жарды тым асыра дәріптеп, оның еркелігін, назын көтеруге өз дайындығын білдірсе («От жалындай өртеп ішті»), тағы бірде құбылмалы сұлудың көңіл күйін бұлжытпай береді («Кірсіз көңлің, күнәсіз ізгі жаның»).

Тақырып жағынан бұл аталған өлеңдердің ерекшелігі шамалы, айта қаларлықтай жаңалығы да жоқ, алайда жас ақынның аз уақыт мөлшерінде шеберлігін кемелдендірумен қатар сезім толғанысы шеңберін кеңейте, тереңдете түскенін де аңғаруға болады.

Бұл циклде ерекше тұрған бір өлең «Мағрифаға» деп аталады. Оны әшейіндегі махаббат лирикасына қосуға келіңкіремейді, өйткені балиғатқа жаңа толған жас сұлудың әсем де, пәк сипатын ақын сұқтана бейнелеп, оған көп үміт артады, жәбір-жапа көріп келген қазақ қыздарына он жеті жасар Мағрифа үлгі, тірек болады деген сенім білдіреді.

Бернияздың өте шебер жазылған өлеңінің бірі «Шер шыдатпай, саған арнап» деп басталады. Бұл жолы да ақын өзін төмен тұлып, бар кінәні мойнына жүктегендей ниет білдірсе де, бұдан іліктегі толғауларындағыдай — тым беріліп, тым құлап кетпейді: ғашық жарға деген ықыласымен бірге өкпе-назын, өкініш-өксігін де жасырмайды, бірлесе сыр шертуге шақырады. Сондықтан бұл өлеңде торығу, налудан гөрі бірін-бірі шын сүйген екі жастың сыр сұхбаты, сезім-толғанысы басымырақ. Осылардың бәрі, шығарманың ішкі мазмұнын байытумен қатар сыртқы бояуына да ерекше көрік беріп тұр.

Бернияз махаббатқа арналған үлкенді-кішілі бірнеше өлеңдерінде адам өмірінің гүлі іспетті асыл сезімнің сан түрлі қыры мен сырын шебер аша алған.

Ақын лирикасында табиғат көрінісі едәуір орын алады. Әрине, табиғат пен адамның қатысы туралы жазбаған ақын, сірә, жоқ шығар. Дүниенің ғажабы — табиғат тынысына, әр кездегі құбылысына, өміріне әр түрлі, әр дәрежеде бойлайды. Санқилы суреттер өрнектейді. Суреттердің әсерлілері де, әлсіздері де, қайталаулары да кездеседі. Бернияздың «Қызықты жаз», «Бұлт», «Түн», «Жаздың алды», «Жазғы дала», «Таң алдында», «Жапыраққа қарап», «Әдемі түн», «Жаз», «Күз», «Жас теректің жапырағы», «Шолпф» өлеңдері қазақ поэзиясына сан өрнекті, сырлы, сыңғыр үнді табиғат лирикасы келгенін паш етті.

Бернияз лирикасындағы тамылжыған табиғат суреттері адамның жан дүниесімен қабысып, бір-біріне кірігіп, үндесіп кетеді. Мысалы, «Жапыраққа қарап» атты шағын өлеңін алалық. Жер жүзіне жаңа ғана келген жас жапырақты көргендегі туған ой-сезімдері арқылы ақын алыстағы елін, жерін сағынатындығын әсерлі бейнелеп, нәзік толғайды:

Сенде асқан ажар болмаса да,

Ойланарлық түрлер табылады.

Жат жерлерде жалғыз жүргеніңде,

Сорлы ақын сені сағынады.

Сөйтіп табиғаттағы боямалы көріністі ақын өз басындағы халге теңестіріп, белгілі бір тынысты, көңіліндегі жабырқаңқы кезеңді шебер де нәзік білдіреді.

«Б.Күлеев, міне осындай табиғатқа жан салудың» адамша кейіптеп жан берудің үлкен шебері болған ақын» дейді табиғат лирикасы жөнінде Сәбит Жәмбеков. [5. 9 бет]

«Әдемі түн» атты шығармасында ұйқыға кеткен жазғы ауылдың әсем суреті берілген. Аспан тап-таза, жарқындасып жымыңдасқан жұлдыздарда сан жоқ, солардың ортасында айдын көлді кезген аққудай ай жүзіп жүр. Бір мезет түн тыныштығын бұзған эн естілсе, тағы бірде қойдың үріккені, иттің үргені және айтақтаған әлсіз дауыс құлаққа жетеді. Ақыры:

Өтпейді құрттай уақыт — басылар үн,

Қой қойып үріккенін, ит болар жым.

Ай жылжып, жұлдыз ойнап балғыдай,

Тағы да тын шығармай тұрады түн.

Сол дала суретінің тағы бір әсем көрінісін суреттейтін, Бернияз шығармаларының бірі — ол «Жазғы дала». Қазақ даласының жадыраған жазғы бір шағын алғанда ақын оны зор шабытпен сүйсіне жырлаған. Еркін жазықта ойнаған балалар, жер қайыстыра жайылған мал, аспанда үн қосқан қаз бен қу айналаны қоршап тұрған көкорай шалғын, боз бетеге, қызғалтақ — қына, жосылып аққан өзендер, сылдыр қаққан мөлдір бұлақтар, орман тоғай мен асқар таулар — міне ақын көзіне түсетіні осындай әсем көріністер. Ақын жүрегі таза, көңілі көтеріңкі, қайғылы жастар бола қалса, оларды шақырып, өз қуанышымен бөліскісі келеді.

Қозғалған дертке,

Өршіген өртке

Мың да бір дауа жазғы шөп.

Жаныңды ерім,

Тарқасын шерің,

Байрыңды жерге ал төсеп.

Қайғылы жастар, мұнда кел.

Жалғанда жұмақ жазғы жер.

Бұл өлеңнен жайма-шуақ сезім лебі ескендей, жас ақын өмір тынысын, табиғат көркін шаттана, құштарлана жыр етіп отыр.

Қымыз тақырыбы қазақ поэзиясында ертеден келе жатқанын және бұл жөнінде талай ақындардың арнайы толғағанын (Дулат, Абай, Сұлтанмахмұт) білеміз. Сондықтан Бернияздың «Қымыз» деп аталатын өлеңіне тоқталып, кей өзгешіліктері жөнінде сөз етсек. Ақын:

Қатарлап құлын байлатып,

Сабаға құйған сар қымыз.

Сапыртып әбден сайлатып,

Қазағым ішкен жазы-күз.

-деп қымызды қазақ халқының сүйетінін, әрбір үйде саба-саба қымыз толып тұратынын, келген қонағын сол сусынмен күткен қазақ бүгінде сары суға құмар болып, қымыз жайын мүлде ұмытты деп өз ренішін былай білдіреді:

Бұл күнде қымыз бар кісі

Айранды тіпті көрмейді.

Қымызсыз кедей — жарлысы

«Айран іш» десең көнбейді.

Қояйын сөзді мен жым-жырт,

Тарта бер жақсы түріңе.

Айтпады деме, аңқау жұрт,

Сол жетер сенің түбіңе.

Бернияздың осы өлеңінің мазмұны мен көркемдік ерекшелігі тұрғысында Ысқақ Дүйсенбаев: «Мазмұн мен көркемдік жағынан алғанда ақынның бұл шығармасы шамалы, сын көтермейді» дейді. [6.300 бет] Әйтсе де Бернияздың көпшілік өлеңдері өзінің мәнімен, сапалығымен құнды.

«Бернияз Күлеев жөнінде ертелі-кеш айтылып жүрген пікірлерді негізінен екі топқа бөлуге болады. Біріншісі — ақын өлеңдері тым уайымшыл, өлім туралы, өмірдің өткіншілігі туралы көп толғайды, оқушысын оптимистік рухтан айырып, пессимизмге — тіршіліктен түңіруге әкеліп тірейді дейді.

Мұндай келеңсіз ойдың айтылуына біздіңше ең басты себеп — аталмыш шайырдың көңіл-күй лирикасына көбірек ден қойғандығы. Өлеңдерінің мұңшыл-күйшіл сарында жазылуынан. Егер ақын әдебиет теориясында айтылатын лирика түрлерінің осы сипатына бейім болса, талант бейіміне орай осы табиғатты жыр жазса, ол үшін айыпты болмауы керек» деп Бернияз лирикасы жөнінде айтылған көреғар пікірлерді талдап, оның (ақынның) поэзиясының дұрыс жақтарын айтқан белгілі әдебиет зерттеушісі, ғалым Б.Кенжебаев. [4. , ,]

П  тарау

Бернияз Күлеев — Абай үлгісіндегі ақын.

Мұны біраз зерттеушілердің пікірінен байқауға болады. Белгілі әдебиет зерттеушісі Айқын Нұрқатов та «Абайдың өлең үлгілері мен өлшеулерін көп қолданған ақындардың бірі — Бернияз Күлеев» [8. ] деп атап өтеді. Табиғат, жаратылыс суреттерін беруде Бернияз қаламы көп жағдайларда ұлы ұстазының ізімен әсем өріліп отырады. Осыдан барып ғалым тағы мынадай мәлімет береді.

«Ақынның кей мезеттерін атамастан бұрын мына бір жайды айта кету шарт. Қазақстан Оқу халық комиссариаты Абайдың өлеңдер жинағын даярлауды Бернияз Күлеевке тапсырады. Осыған даярлық ретінде ол «Ақжол» газетіне арнайы мақала бастырады. Бернияз Күлеевтің өз айтуынша ол Абайдың тұңғыш жинағына енбеген өлеңдерін толық қамтуды, оның қара сөздерін енгізуді, ақын өміріне байланысты иллюстрациялар беруді, өмірбаянын толықтырып, кеңінен қамтып жазуды мақсат етеді». [8. ]

Бұдан біз Бернияз Күлеев Абай мұрасын жинап бастырушыға айрықша еңбек сіңірген деп қорытынды жасаудан аулақпыз. Біраз оның Абай шығармаларымен мол таныс болғаны дау туғызбаса керек. Бұған тіпті Б.Күлеевтің өз өлеңдері де куә бола алады. Ол бірталай өлеңін Абай өлеңдерінің ұйқас, өлшемдерімен жазған. Мысалы, оның «Жазғы дала» атты өлеңі «Сегіз аяқтың» өлшем ұйқасымен жазылған:

Қол бұлғап күліп,

Керілген тұнық,

Даланы жарып бұлаңдар

Толықсып тасқан,

Тасқанын басқан,

Дариядай зырғар, сылаңдар.

Шын сұлудай албырап,

Көрінер сағым бұлдырап.

Сол сияқты «Гүләндамға», «Қайда екен» тәрізді өлеңдері Абайдың «Сегіз аяғының» ұйқас, өлшемдерін үлгі етудің нәтижесінде туған. Бірақ олардан Абай поэзиясының терең халықтық рухы сезіле бермейді, әлеуметтік астар аз. Ақын табиғат көріністерін де әралуан адам сезімдерін де жағадай, жалаң қалыпта алып жырлайды.

Ал «Жас жүрегіме», «Жырла да зарла, көңілім» тәрізді өлеңдері құлаққа Абайдың үнін анық әкеледі. Ақынның көңіл-күй сезімдерін қозғайтын бұл өлеңінің тақырыбы ерекше. Бұл өлеңінде ақын жүрек мәселесін қозғайды. Поәтикалық образ ретінде жүрек тақырыбы қазақ поэзиясында үлкен орын алатын, мәнді, маңызды бейнелі сезім сырларымен астасқан ерекше көркем құбылыс. Оның поэзиясының алтын діңгегі мен жүрер жолының бағыты. Оның дегеніне көнбеу, оның істеген ісіне қарсы келу тәріздес ойлардың салқыны ақын үшін жат құбылыс. Қашанда Абай үшін жүрек — ерекше ыстық, ерекше маңызды, ерекше қасиетті, ерекше көркем дүние болып қала бермек. Жүректің поэзиядағы маңызын, оны көркемдік тұрғыдан қабылдап түсінудегі орнын Абай былайша толғайды:

Ақылмен ойлап білген сөз,

Бойға бітпес сырғанар.

Ынталы жүрек сезген сөз,

Бар тамырды қуалар.

Бернияз бен Абай өлеңдерінің бұл тақырып жағынан ұқсастығы болса, сол өлеңдерді мазмұны бойынша алып қарасақ Бернияздың «Жас жүрегіме» атты өлеңі Абайдың «Жүрегіме, ойбай соқпа енді!» және Абайдың жүрек тақырыбына арналған басқа да шығармаларымен сарындас. Абайда:

Жүрегім, ойбай, соқпа енді,

Бола берме тым күлкі.

Көрмейсің бе, тоқта енді,

Кімге сенсең, сол шикі.

Бернияз Күлеевте:

Жас жүрегім, жанба текке,

Бола берме арманда.

Өрлесең де жерден көкке,

Жай табу жоқ жалғанда.

Ал, «Жырла да зарла, көңілім» атты өлеңі Абайдың «Өзгеге көңілім тоярсың» атты атақты өлеңіне айрықша жақын, ұқсас мазмұндас, үндес келеді. Абай тілдің өнер ретіндегі сипатын асыл сөздің жамиғатқа тигізер әсерін, үлкен мәнін айтып, сөз ұқпайтын наданға шүйлігеді.

Сайра да зарла қызыл тіл,

Қара көңілім оянсын.

Жыласын көзден жас ақсын,

Омырауым боялсын.

Қара басқан қаңғыған,

Қас неден нені ұға алсын?

Көкірегінде оты бар.

Құлағын ойлы ер салсын. Бернияз да осыған әуендес, сарындас келетін ойды былайша береді:

Жыла да зарла, көңілім,

Сел болып жасың төгілсін.

Естіген ойдан баз кешіп,

Қамығып шындап егілсін.

Жер аспан бірден қозғалып,

Таулар мен тастар жібісін.

Ойланған ойлар толғанып,

Мұздаған жүрек жылысын.

Абай өлеңіндегі сияқты, мұнда да ақынның өз өнерінен ем іздеуі, сол арқылы іштей жаңарып түлеуі, рухани медет табуы, жайындағы тақырып жырланған.

Қорытынды

Сайып келгенде дарынды талант иесі, асқақ жырлы Б.Күлеев қазақ өлеңінде өзіндік орны, өзіндік биігі бар ақын. Аз ғана ғұмырында құнары мол құнды дүниелер жазып, ұрпағына өшпес өнеге етті.

Нәзік лиризм мен сентиментализмге құрылған жыр шумақтары оқырманды сезім әлеміне жетелей жөнеледі.

Бернияз Күлеевтің ақындық мұрасын талдау барысында біз оның өлеңдерінің философиялық астарға бай екенін, ақындық шеберлігін, сондай-ақ ұлы Абай үлгісіндегі ақын екендігіне көз жеткіздік. Ең бастысы — оның қазақ поэзиясына әкелген жаңалығы, қосқан үлесі. Бұл тұрғыдан да Бернияз өзіндік қырынан көрінеді.

Ол — символист ақын. Қазақ символизмінде Мағжанмен қатар тұрған. Бернияздың поэзиясы да сын көтерерлік дәрежеде. Өкініштісі — екі талантты жас, бірі аға, бірі іні ақын; Мағжанның есімі, өлеңі әрбір қазаққа етене таныс, жүрегінде сақтаулы, көкейінде жаттаулы. Ал Бернияз… Бернияз ше? Жиырма жастағы жас буынның бойына біткен даралық қасиеті, ақындық шеберлікті әлі күнге ешкім дұрыс бағалай алмай келеді. Шығармалары әлі күнге дейін кереғар пікірлерге толы. Кейбір зерттеушілер Бернияз өлеңдерінде тарығу, зарығу, мұң басым, оны ақын ретінде тану қиын дегендей пікірлер танытуда. Бұған Бернияз айыпты ма?! Заман солай болды емес пе?! Біз Бернияз өлеңдерінің бәрі мұндай сарында деп айта алмаймыз. Өйткені, оның жалынды жырлары бұл пікірлерге кереғар келеді.

Дәл жиырмаға келмеген,

Өмір түрін көрмеген,

Алысқа қол сермеген

Жас майысқан баламын.

Жан жайнатқан жастықтың,

Қан қыздырған мастықтың

Содыр-соқпақ тастықтың

Жолыменен барамын.

Жасымаймын жаспын деп,

Таспаймын да баспын деп.

Тек тілеймін ассын деп,

Таумен талас талабым.

Пайдаланылған әдебиеттер.

  1. Абай. Екі томдық шығармалар жинағы. І-ІІ том. Алматы, 1986
  2. «Ақжол» газеті. 1923. 23 ақпан.
  3. Әбдірашев Ж. Парыз. Парасат. Пайым. Алматы, 2001
  4. Дербісалин Ә. Дәстүр мен жаңашылдық. Алматы, 1976.
  5. Дүйсенбаев Ы. Эпос және ақындар мүрасы. Алматы, 1987.
  6. Дүйсенбаев Ы. Қазақ әдебиеті тарихынан очерктер. Алматы, 1970.
  7. Екі мыңдық дала жыры (жинақ). Алматы, 2000.
  8. «Еңбекші қазақ» газеті. 1927. №15-16.
  9. Жәмбеков С. Б.Күлеевтің ақындық мұрасы. Автореферат. Алматы, 1997.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ