Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы маманның кәсіби құзыреттілігі

0
2139
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Қазақстан Республикасында Білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында еліміздегі барлық оқушыларды сапалы біліммен қамтамасыз ету мақсаты алға қойылған. Бұл бағдарламада Отандық білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне ендіру үшін педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, олардың кәсіби біліктілігін дамытуды қамтамасыз ету, мемлекеттік қолдау мен ынталандыруды арттыру мәселелеріне басты назар аударылған.

Тұнғыш Елбасының Қазақстан халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауларында Қазақстандық оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыруға, алған білімдерін күнделікті өмірде пайдалана алуларына айрықша көңіл бөлінген. Оқушылардың функционалдық сауаттылығын жетілдіру өз кезегінде мұғалімдердің кәсіби құзыреттілігін арттыруды қажет етеді.

Қазіргі кезеңде адамзат  өркениетінің сақталуы мен қоғам дамуының деңгейі еліміздің экономикалық қуаттылығының, ұлттық қауіпсіздігінің кепілі — білім беру жүйесінің, адамдық ресурстардың рөлі және маңызы артуда. Қоғамдық қатынастар жүйесіндегі өзгерістер білімге де әсер етеді. Жаңа тарихи кезеңнің сұранысы мен экономикалық дамудың қажетсінуіне сәйкес білім жан-жақты, терең тұғырлы болуы тиіс.

Н.Ә.Назарбаев қазақстан халқына жолдауында ХХІ ғасырдағы білімді дамыған ел болу үшін біз келешекте жоғары технологиялық, ғылыми ауқымды өндірістер үшін кең көлемде, жаңаша ойлайтын мамандарды қалыптастыруға тиіс екенімізді, сондықтан, инновациялық экономиканы құру үшін заманауи білім беру жүйесі мен менеджерді даярлаудың қажеттілігін айтты.

Қазақстан Республикасы «Білім туралы» Заңының 8-бабында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен  практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар: оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу», — деп қарастырады [1].

Қоғамның қарқынды дамуы ғылым мен білім деңгейінің дамуына тәуелді. Н.Ә.Назарбаев «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Өмір бойы білім алу, әрбір қазақстандықтың кредосына айналуы тиіс. Біз… білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз» — деп білім берудің сапасын арттыруда білім беретін мекемелердің инновациялық қызметке көшуін қалыптастыруға баса назар аударды [2].

Өркениетті елдер арасындағы бәсекелестік білім деңгейімен анықталатындығы шындық. Еліміздің педагогикалық қауымдастығының алдында Қазақстан Республикасында білім беруді бәсекеге қабілетті: мақсатты жаңарту және оларды жүзеге асыру яғни, білім берудің мазмұндық процессуальдық аспектілерін қайта қарау міндеті тұр.

Қазақстан Республикасының тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты ел болашағы үшін маңызды құжат болып табылатын кезекті Жолдауында білім беру жүйесі мен ғылым салаларын дамытудың жаңа міндеттері алға қойып отыр. Елімізді әлемдік деңгейдегі білім орталығына айналдыру туралы биік мақсат қойып, мемлекетімізде ғылымның дамуына ерекше көңіл бөлуде, «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Біз осыны түсінуге тиіспіз. Сондықтан біз өте шынайы, барынша прагматикалық стратегия құрғанымыз жөн. Біз шығыны көп емес зерттеулер мен әзірлемелерге ден қоюға тиіспіз», – деген сөзі баршамызды ойландыруы тиіс және аса жауапкершілікпен жүзеге асыру қажет деп түсінеміз.

Сапалы білім берудің стратегиялық міндеттерін жүзеге асыруда педагогтардың кәсіби құзіреттілігін дамыту негізгі шешуші рөл атқарады. Білім беру жүйесінде білім берудің ұлттық үлгісіне өту арқылы білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізетін, әлемдік педагогиканың озық үлгілерін жаңашылдықпен дамытатын кәсіби құзіретті ұстаз. Білім беру жүйесінде кәсіби жетілген, білімдер мен білік дағдыларды құзырлылық ұстанымдарының талаптарына сәйкес өздері меңгеретін және осы арқылы ойлау жүйесін, шығармашылығын, рефлексиялық машығын дамытатын құзіретті ұстаз болуы тиіс.

Педагогтардың кәсіби құзіреттілігі мәселесі үнемі зерттеуші ғалымдар назарында. ХІХ ғасырдың 70-90 жылдары Н.В.Кузьминаның, А.К.Маркованың, М.Ж.Жадринаның және т.б. зерттеулерінде құзіреттілікті мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетінде кәсібилікті анықтайтын басты компонент және педагогикалық үрдісті басқаруда жаңа мақсат ретінде қарастырады. Құзіреттілік пен құзырлық мәселесі жайында жұмыстарға талдау қазіргі кезде «құзырлықтың» және «құзіреттілік» ұғымдарының нақты бір мағыналы түсініктері жоқ екені байқалады.  Зерттеушілер құзырлық пен құзіреттіліктің 40-қа жуық түрлерін атайды. Құзіреттілік анықталады:

—  ұстаздың мамандықты оқушы тұлғасының қалыптасу құралына айналдыру қабілеті (И.В.Кузьмина);

—  білім, білік, дағды және оларды іс-әрекетте, қарым-қатынаста, дамуда (өзіндік дамуда) жүзеге асырудың жолдары мен тәсілдері (Л.М.Митина);

—  кәсібиліктің тұлғалық құрамы (Т.Ю.Базаров);

—  маманды даярлау сапасының өлшемі мен нәтижесі (А.Г.Бермус, И.А.Зимняя);

—  білім мазмұны жаңаруының тәжірибеде байқалуы (В.В.Краевский);

—  оқытушының педагогикалық мәдениетінің базалық құрамы (Т.Е.Исаева);

—  білімдік стандарттарды құрылымдауға жаңаша келіс (А.В.Хуторской).

А.В.Хуторской құзіреттілік – бұл «алдын-ала тапсырылған әлеуметтік қажетсіну (қалып) <…>. Құзіреттіліктер тек біліммен немесе тек білікпен шектелмейді. Олар тәжірибедегі білім мен әрекеттің арасында болатын қарым-қатынастар ортасы болып табылады» — деп көрсетеді [4].

Осы бағыттағы ізденістерді қарастыра отырып, жалпы білім беретін орта мектепте мұғалімнің кәсіби- тұлғалық құзіреттілігі мәселесінің мазмұны жаңа талаптарды қамтитынын көруге болады. Теле-радиоқатынастар, интернет жағдайында мұғалім ақпарттың басты көзі бола алмайды.   Мұғалім бұрынғыша тілді жақсы меңгеруі тиіс (дәлдігімен, суреттеушілігімен, ішкі ойды түсінуімен жіне т.б.), бірақ тьюторлық кеңінен таралуда, яғни оқушыға оқу үрдісінде қоса әсер ету. Білім берудің жобалық – құзіреттілік үлгісі жағдайында мұғалім іс-әрекеті «оқыту-оқу». өзара көмектесіп әрекет жасау нәтижесі» болады. бұл қатынас <…> оқыту үрдісінің жағдай ғана емес, оның нәтижесі де болады» — дейді Ю.В.Сенько.

Осыған орай, М.А.Мазниченко мұғалім «өзінің субьективті емес, оқушының субьективті ақиқатын ескере отырып (себептері, мәні, құндылығы, құруы және т.б.), оқушымен бірлестікте жалпы білімдік ақиқатты құрылымдайды»,- деп түсіндереді.

Ұстаз өзінің әлеуметтік – кәсібилік көрсеткіштерін білуге, оқушыларды зерделеу жолдары мен мұғалімнің кәсібилігін  анықтайтын және сапаны бағалаудың әртүрлі әдістерін жетік меңгеруі тиіс.

Мұғалім жоғары деңгейдегі маман болуымен қатар мынандай талаптарға сәйкес іс-әрекет жасау қажет деп білеміз: білім беру мазмұнының нұсқалығын сақтау; оқушылардың жеке білімдік аймағын жобалай білу; келешек кәсіби іс-әрекетіне сәйкес ортада білім алуын жалғастыру үшін қажетті құзіреттерді қалыптастыру; білім беру үрдісіне интербелсенді, әрекеттілік құзіреттерді енгізуге даярлығы, қабілетті меңгеруі, жобалау – зерттеушілік және коммуникативті әдістермен жұмыс істеуі.

Қазақстан реапубликасының 12 жылдық білім беру тұжырымдамасында педагог-кадрлардың кәсіби-тұлғалық құзыреттілігін қалыптастыру басты мақсат екенін атай келе, 12 жылдық білім беруде педагог төмендегідей құзыреттіліктерді игеруі міндетті деп көрсетілген.

1. Арнайы кұзыреттілік – өзінің кәсіби дамуын жобалай білетін қабілеті.

2. Әлеуметтік құзыреттілік – кәсіптік қызметімен айналысу қабілеті.

3. Білім беру құзыреттілігі – педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

ЮНЕСКО-ның мәліметтері бойынша шешуші құзіреттіліктерге жататындар: әлеуметтік, мәдениаралық, коммуникативтілік, бұйрықтық, адамның өмір бойы оқу қабілеті. Бұл құзіреттер мұғалім мамандығына тікелей қатысты.

Ю.В.Сенько «Ұстаздың кәсіби құзіреттілігіне үш блокты: жалпы мәдени, арнайы («өз» пәні аймағында) және басым – психологиялық – педагогикалықты» жатқызады.

Қ.Құдайбергенова «Құзырды әртүрлі кенеттен болған ситуацияларда мәселелерді шешу үшін қажетті білімді немесе әрекетті көрсете білу қабілеті, білім мен өмірлік ситуация арасындағы байланысты орнату мүмкіндігі ретінде, ал құзырлылықты адамның өзіндік деңгейіне, даралық қасиеттеріне тікелей байланысты тұлғалық, теориялық, практикалық өлшеу дәрежесі жоғары деңгейде кіріктірілген құрылым ретінде қарастыру ұсынылады» деп түсіндіреді.

Т.Г.Браже «Құзырлық – тек кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті» — деген анықтама береді [5].

А.К.Маркова «Мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетті жоғары деңгейде жүргізуін, педагоикалық қатынасын, оқушылардың оқуы мен тәрбиелігінде жақсы нәтежеге жетуін және мұғалім тұлғасының жүзеге асуын кәсіби құзіретті еңбегі деп атайды [6].

Ш.Т.Таубаева мұғалімнің педагогикалық іс-әрекетке даярлығы мен кәсіби өзін-өзі дамыту технологиясын ұсынуын кәсіби құзіреттілігінің фундаменті деп есептейді.

Сонымен, құзіреттілік деп мұғалімнің қабілеті, тәжірибесі, даярлығы, еңбегі айтылады. Құзыреттілік қалыптастыру дегеннің өзі болашақ мұғалім – қазіргі студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, ойлаудың, интелектуалдық белсенділіктің жоғары деңгейіне шығу, жаңаны түсіне білуге, білімнің жетіспеушілігін сезінуге үйрету арқылы ізденуге бағыттауды қалыптастырудағы күтілетін нәтижелер болып табылмақ. Бұның өзі өз кезегінде қазіргі ұстаздардан шәкіртті оқытуда белгілі бір құзыреттіліктерді бойына сіңірген жеке тұлғаны қалыптастыруды талап етеді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасының «Білім» заңы.
  2. Н.Ә.Назарбаев. «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам». //Егеменді Қазақстан. 10.07.2012.
  3. Қазақстан Республикасының тұнғыш Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауы «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».
  4. Хуторской А.В. Современная дидактика. Учебное пособие. 2-е изд. – М.: Высшая школа, 2007. – 639 с.
  5. Браже Т.Г. Гуманитарная культура взрослых: развитие в процессе непрерывного образования. – СПб.: Тускарора, 2006.
  6. https://infourok.ru/
Мұхитова Гүлнәз Бектұрсынқызы
Өтемісов атындағы БҚМУ магистранты
Ғылыми жетекші Ергалиева Гүлжан Алғазиевна п.ғ.к., доцент

ПІКІР ҚАЛДЫРУ