БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСТАРДЫ  ЖАҢҒЫРТУ — БАСТЫ МІНДЕТ. (баяндама)

0
1136
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҰМЫСТАРДЫ  ЖАҢҒЫРТУ — БАСТЫ МІНДЕТ.

Білім беру жүйесі — сабақтастығы бар білім беру бағдарламалары мен әр түрлі деңгей мен бағыттағы мемлекеттік білім беру стандарттары жүйесінің, оларды әртүрлі ұйымдастыру құқықтық формадағы, типтегі және түрдегі білім беру мекемелерінде іске асырушы тармақтардың, сонымен бірге білім беруді басқару органдары жүйесінің жиыны.

Бiлiм беру жүйесi қоғамның әлеуметтiк – экономикалық дамуында жетекшi роль атқарады, сондай – ақ оны әрi қарай айқындай түседi. Ал бiлiмнiң қалыптасып, дамуының жалпы шарттары философияның негiзгi мәселесi – рухтың материяға, сананың болмысқа қатынасы тұрғысынан зерттелетiн iлiм таным теориясы деп аталады. Таным теориясының басқа ғылыми теориялардан түбiрлi айырмашылығы – ол бiлiмнiң қалыптасуы мен негiзделуiнiң жалпы ұстанымдарын, объективтiк қатынастарды қалыптастырады.

Әлемдік өркениеттер тоғысында даму мен өрлеудің өзіндік стилін қалыптастырып, татулық пен тұрақтылықтың символына айналған Қазақстан үшін азаматтардың толыққанды білім алуы және ғылым мен білімнің дамуы ең өзекті мәселе. Бүгінде сандық технология мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамудың алғы шебіне шыққан мемлекеттер үшін ең басты құндылық – адами капитал екендігі даусыз.

Адами капитал дегеніміз – білім саласын дамыту негізі. Қазіргі уақыт жағдайында адами капитал ұғымын былайша алып қарастыруға болады. Яғни, адами капитал – денсаулығы мықты, интеллектуалдық белсенділігі жоғары, біліммен қаруланған, өмір сүру ортасына тигізер позитивті ықпалы зор құндылық. Қазіргі уақыт шегінде ұлттық экономикалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру талабы жаңа формат – «білім экономикасына» ауысуға назарын күшейтеді. «Білім экономикасын» қалыптастыру мен дамытудың басты факторы креативтік және инновациялық адами капитал болып табылады.

Адами капиталды таңдау еңбек өнімділігін, өмір сүру деңгейін, білім беру сапасын, денсаулық сақтауды, демалу саласы мен мәдениетті арттыруға негізделген ұлттық саясаттың жаңа принциптерін құру қажеттілігін айқындайды. Осы орайда ағымдағы жылдың 10 – қаңтары күні мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты дәстүрлі жолдауында Қазақстандықтарды ортақ іске жұмылдаруға шақыратын, еліміздің даму перспективасын жалғастыра түсетін негізгі 10 міндетті атап көрсеткен.

Аталмыш жолдауға арқау болған міндеттер қатарында бүгінгі мақаламыздың негізі болған, жолдаудың 7 – ші міндеті болып табылады. Жемісті жұмыстар мен баянды бастамаларға жол бастайтын жолдаудағы «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты жетінші бағытында барлық жастағы азаматтарды қамтитын өзіміздің білім беру ісінде өзіміздің білім беру жүйесін құру қажеттілігі туындағаны баса айтылады. Ол үшін еліміздегі орта, арнаулы, жоғары білім беру ұйымдарында белгілі бір жоспарлы жүйеге негізделген «білім беру жүйесі» қалыптасуы қажет.

Сонымен қатар Президент тапсырмасына сәйкес жаратылыстану және математика ғылымдарын тереңдете оқытуды орындау қажет. Осы бағытта елбасы «2019 жылдың 1 қыркүйегіне қарай мектепке дейінгі білім беру ісінде балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машығы мен әлеуметтік дағдысын дамытатын бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігін өзінің кезекті жолдауында баса айтқан болатын. Осы ретте Қазақстандағы білім сапасын көтеру мақсатында білім беру саласындағы жүйенің біркелкілігі мен стандарты (әлемдік стандартқа сай) жоғары болуы тиіс.

Оның негізгі бастамасы ретінде 2021 жылдан бастап орта білім беру саласы жаңартылған мазмұнға көшеді. Бұл дегеніміз – мүлде жаңа бағдарламалар, оқулықтар, стандарттар және кадрлар. Қазақстандағы білім беру саласын кезең кезеңмен алып қарастыратын болсақ. Ең алдымен білімнің баспалдағы балабақшадан басталады. Иә, расында балабақша тәрбиеленетін балалардың орташа жасы 4-5 жасты құрайтын болса, білім берудің алғашқы кіріспесін де осы жастағы балаларға оқытуға әбден болады. Себебі, әлемдік тәжірибе көрсеткендей баланың генетикалық дамуынан бастап, оның дүниеге келуіне дейін аралықтың өзінде баланың миы ақпараттарды тез қабылдайтын орган. Сондықтан 4-5 жас шамасындағы балалар әріптер мен сандарды, жалпы оқуды тез қабылдайтыны тәжірибеде дәлелденген.

Білім берудің екінші кезеңі ретінде мектептердегі бастауыш білім береу органын атауға болатыны хақ. Ол балалардың 6-7 жастан 11-12 жасқа дейінгі жасында оқытылады. Міне, осы сәтте балаларға жаратылыстану және математика пәндерін тереңдете оқытуды ұсынамын. Себебі, баланың миының тазалығы мен ақпараттарды тез қабылдау шапшаңдығы жоғары болады. Оқыту жүйесінің үшінші кезеңі – бұл шамамен оқушылардың 12 жастан 15-16 жасқа дейінгі аралығы. Бұл жас – оқушылардың өзіндік көзқарасы қалыптасып, жеке тұлға ретінде шешімдер қабылдауға қабілетті бола бастайтын, жасөспірім шағы. Бұл кезеңде балалардың таңдау еркіндігіне сай мамандыққа қызығушылығын арттыру, сонымен қатар ақпараттық талдау еркіндігіне жол ашу мақсатында тілдерді меңгеру жұмыстарын қадағалау қажет.

Сонымен қатар биылғы жолдаудың жаңалығы педагогтардың біліктілігін арттыру және мәртебесін көтеру мәселесі. Барша ұстаздар қауымының көңіліне қуаныш ұялатып, болашақтарына сенім сыйлаған жолдаудағы міндеттер межесінде мұғалім мәртебесін көтеру, жалақысын арттыру, біліктілігіне қарай, арнайы оқу курстарыннан өткен және жаңартылған білім бағдарламаларымен сабақ беретін мектеп мұғалімдерінің айлық жалақыларына 30 – 50 % көлемінде қаржы қосу айтылған болатын. Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажеттігі жолдау жүктеген міндеттердің бірі.

Еліміздегі білім беру жүйесін жаңартудың басты мақсаттарының бірі ретінде оқушылардың оқу жүктемесін төмендетуді ойластыру керек. Себебі, біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріледі. Президент жолдауындағы айқын міндеттерге сәйкес қазіргі таңда төртінші революциялық даму кезеңіне қадам басқан, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылу үшін Қазақстанның әрбір азаматы компьютерлік сауатты, бірнеше тілдерді еркін меңгерген, ақпараттық технологияларды игере алатын болуы тиіс. Осы ретте елбасы жолдауында «Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде» — деп, еліміздің көшбасшы елдердің қатырана қосылуы үшін ең алдымен адами капиталдың дамуы мен өрлеудің аса қажеттігін баса айтты.

Біз «Алты Алаштың басы қосылса төр ұстаздыкі» деп, ұстазын ұлықтаған, мұғалімін мәртебесін асқақтатқан, кең даланың төскейінде тер төгіп, еңбектің нанын жеген, ұрпақтың қамын ойлаған халықпыз. Олай болса, осы ретте «Қазіргі заман талабына сай, әр мұғалім, өз білімін жетілдіріп, ескі бірсарынды сабақтардан гөрі, жаңа талапқа сай инновациялық технологияларды өз сабақтарында күнделікті пайдаланса, сабақ тартымды да, мәнді, қонымды, тиімді болары сөзсіз» деп орыс педагогі К.Д.Ушинский айтқандай білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеу, оқыту жүйесін біріздендіру, білім беру жүйесін жандандыру әрқашан күн тәртібінен түспейтін мәселе.

Алдағы уақыттар еншісінде татулығы тұрақты, халқы қуатты, ынтымағы ырысты – Қазақстан халқының ортақ мақсаттарға жетуге деген ұмтылысы зор жетістіктер сыйлайды деп сенемін.

Азиз ДҮКЕНБАЙҰЛЫ,

Қармақшы аграрлы-техникалық

колледжінің өндірістік оқу шебері,

техника ғылымдарының магистрі.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ