Білім мазмұны түсінігі жəне оның мəні

0
1187

Оқу-тəрбие барысында ең алдымен шəкірттерде құндылықты- мəнді сұраныстар мен ниеттер қалыптастыру міндеті тұрады, олар тұлғаға қажет сапа-қасиеттердің орнығуына негіз ретінде қабылдануы лəзім. Болашақ қоғам мүшесі –тұлға педагогикалық процесс аймағында өз əрекет – қылықтарына, қоғам мен ел тағдырына, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілік сезімін қалыптастырып, əділетсіздік пен немқұрайлықтан қашық болуға баулынады, өзінікінен басқаша пікірлерді ымырашылдықпен тыңдап, ұрда-жық ысырып тастамай, қажеттісін қабылдауға үйренуі тиіс.

Білім мазмұны

Жоспары

  1. Білім мазмұны түсінігі жəне оның мəні
  2. Білім мазмұнын қалыптастыруға байланысты негізгі теориялар
  3. Мемлекеттік білім стандарты
  4. Оқу жоспарлары, бағдарламалары жəне оқу құралдары

 

  1. Білім мазмұны түсінігі жəне оның мəні

Табысты оқу қамтамасыздығы үшін неге оқыту қажет, білім мазмұны қандай болуы керектігін анықтап алу міндетті шарт. Білім мазмұны түсінігі бойынша біркелкі пайымдама жоқ.

Білімдендіру қызметін іске асыруға бағытталған дəстүрлі педагогикада білім мазмұны оқушылар игеруі тиіс педагогикалық икем мен сəйкестікке келтірілген ғылыми ақпарат жəне оған байланысты тəжірибелік ептіліктер мен дағдылар жүйесі ретінде қабылданған Білім мазмұнының мəнін ашуда бұл бағыт білімдік бағдарлы (знаниево-ориентированное) оқу атамасын алған. Мұндай оқу жүйесінде адамзаттың тарихи дамуы барысында жинақталған білімдер ғана əлеуметтік құндылық ретінде танылады.

Бұл көзқарастан демократиялық қоғамның басты міндеті- шығармашыл, дербес ой жүргізе алатын адам қалыптастыру – жалаң білім жинақтау талаптарының көлеңкесінде қалып келді.

Соңғы кезеңдерде білімді адамиластыру идеясының арқасында білім мазмұнының мəнін айқындауда тұлғалық бағдарлы (личностно-ориентированное) оқу бағыты кең назарға алынуда. Осы бағытқа орай оқушылар белгілі оқу мазмұнын ғана меңгерумен шектелмеуі тиіс.

Оқу-тəрбие барысында ең алдымен шəкірттерде құндылықты- мəнді сұраныстар мен ниеттер қалыптастыру міндеті тұрады, олар тұлғаға қажет сапа-қасиеттердің орнығуына негіз ретінде қабылдануы лəзім. Болашақ қоғам мүшесі –тұлға педагогикалық процесс аймағында өз əрекет – қылықтарына, қоғам мен ел тағдырына, қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілік сезімін қалыптастырып, əділетсіздік пен немқұрайлықтан қашық болуға баулынады, өзінікінен басқаша пікірлерді ымырашылдықпен тыңдап, ұрда-жық ысырып тастамай, қажеттісін қабылдауға үйренуі тиіс.

Тұлғалық бағдардағы білім мазмұны мейлінше толық құрылымға келтірілген, педагогикалық тұрғыда икемге түсірілген əлеуметтік тəжірибе күйінде төрт элементтен құралып, төмендегідей іс-əрекеттерде көрініс береді:

— нəтижелік формасы –білім (қоғам, табиғат, техника, ойлау, іс-əрекет əдістері жөнінде) күйінде бекіген танымдық іс-əрекеттер;

— үлгі бойынша орындау ептіліктері (ақыл-ес жəне практикалық ептіліктер мен дағдылар) формасындағы əрекеттердің белгілі əдістерін іске асыра білу;

— проблемді жағдайларда қалыптан тыс шешімдер қабылдау ептіліктері формасындағы – шығармашыл іс-əрекет, қызмет;

— тұлғалық бағдар (қоршаған ортаға, дүниеге, адамдарға, өз басына, мораль нормаларына, көзқарастық идеяларға жəне т.б.) формасындағы көңіл-күй құндылықты қатынастарды орындай білу.

Білім мазмұнының аталған элементтері бір-бірімен байланысты жəне өзара шарттасқан. Əлеуметтік тəжірибенің осы элементтерін игерген адам жақсы орындаушы ғана болып қалмастан, дербес, өз бетінше шығармашылдықпен əрекет істей алатын, қалыптасқан қатынастар жүйесіне өз үлесін қоса білетін тұлға дəрежесіне көтерілуге мүмкіндік алады.

  1. Білім мазмұнын қалыптастыруға байланысты негізгі теориялар

Білім мазмұны тарихи сипатқа ие. Ол қоғам дамуының белгілі кезеңдерінде алға тартылатын білім міндеттері мен мақсаттарына орай анықталады. Əрқилы əлеуметтік жүйедегі білім мазмұны біргелкі емес. Ол өмір, өндіріс жəне ғылыми білімдердің даму деңгейіне сəйкес өзгермелі.

Білім мазмұнының қалыптасуына байланысты негізгі теориялар XVIII ғ. ақырында- XIX ғ. басында өрбіді. Бұлар мəн-мағынасына қарай білім мазмұнының материалдық жəне формальдық теориялары атауларымен педагогика тарихына енді.

Білім мазмұнының материалдық теориясын қолданушылар (дидактикалық материализм немесе энциклопедизм теориясы тараптарлары) білімнің негізгі мақсаты – оқушыларға ғылымның əрқилы салаларынан мейлінше ауқымды білім игерту деп білді. Мұндай пікірді өткен дəуірлердегі көптеген танымал педагогтар қолдап, қуаттады (Я.А.Коменский, Г.Спенсер жəне т.б.). Аталған теория бүгінгі күнде де өз жүгінушілеріне ие (болмаса, оқушыларды шектен тыс жүктеме ақпаратқа кезіктіру неліктен тиылмайды?).

Білім мазмұнының формальдық теориясын қалаушылар (дидактикалық формализм идеяшылдары) оқуды шəкірттердің қабілеттері мен танымдық қызығуларын, олардың зейінін, есін, ұғымын жəне ойлау мүмкіндіктерін дамытудың құралы ретінде пайдаланады. Олар түсінімінде, білім көзі — ақыл. Сондықтан да, ең алдымен адамның ақыл-есін жəне қабілетін дамыту қажеттігіне ден қойды. Білім мазмұнын іріктеуде дидактикалық формализм тараптарлары математика жəне классикалық көне тілдер сынды дамытушылық сипатымен құнды пəндерді басшылыққа алды. (Дж. Локк, И.Г.Петалоцци, Н.Гербарг жəне т.б.).

Қазіргі дəуір педагогикасында бұл екі теория да сынға ұшырауда. Таза, жалаң күйінде аталған бағыттардағы педагогикалық жүйе оқу-тəрбие міндеттерін ойдағыдай орындай алмайды. Мектептің басты мақсаты- адамның ақыл-ес (интеллектуал) күштерін дамытып, сол арқылы білім игеруге, оны қолдана білуге үйрету. Осыдан, бүгінгі педагогика дидактикалық материализм мен дидактикалық формализм бағыттарындағы оқу-тəрбие істерін бірлікте жүзеге асыруды қолдайды. (К.Д.Ушинский).

XIX жəне XXғғ. шектерінде білім мазмұнын іріктеудің дидактикалық прагматизм теориясы қалыптасты. Бұл теорияны қолдаушылардың (Дж.Дьюи, Г. Кершенштейнер) пікірінше, білім мазмұнының негізі жеке пəндерде емес, ол оқушының қоғамдық жəне дара іс-əрекеттерінде. Білім мазмұны оқушылардың сол білімді меңгеруге бағышталған ұжымдық еңбегі жəне белгіленген мəселені шешуге сəйкес практикалық əрекеттерді қажет ететін пəнаралық біліктер жүйесімен белгіленуі тиіс. Осы теорияға орай оқушылар мейлінше еркіндікпен оқу пəндерін таңдауға құқылы, оқу-тəрбие жұмысы оқушылардың субъектив сұраныстары мен қызығуларына икемдестіріледі.

Европа, əсіресе, АҚШ мектептерінде кең енген бұл теория нəтижесі білімдену деңгейінің күрт төмендеуіне соқтырды. Өткен ғасырдың 20-жылдары Қазақстан оқу –жүйесінде “Төте оқу” атымен қабылданған бұл əдіс өз жалғасын таппады.

Дегенмен, материалдық жəне формальдық теориялар, дидактикалық прагматизм бағыты уақыт талаптарын көтере алмағанымен, білім мазмұнын қалыптастырудың осы заманғы бағыттарының өркендеуіне үлкен ықпал жасады.

Белгілі поляк ғалымы В.Оконь функционалды материализм атты білім мазмұнын қалыптастыру теориясын жарыққа шығарды. Оның пікірінше, қандай дидактикалық теория болмасын, ол оқушылардың білім алуын қамтамасыз етумен бірге сол білімдерді өз іс-əрекеттерінде пайдалана білу ептіліктерінің де жетілуіне негіз болуы шарт, яғни таным мен іс-əрекет ажырамас бірігімді байланысқа келуі қажет. Жеке пəндер мазмұнында да сол пəннің жетекші ұғымы басты назарға алынуы тиіс. Мысалы, биологияда – эволюция теориясы, математикада – функционалды тəуелсізділік, тарихта – тарихи шарттылық жəне т.б., яғни білім мазмұнын таңдастыруда дүниетанымдық көзқарастарды басшылыққа алған жөн. Дəрістер барысында оқушылар өз меңгерген білімдерін практикада қолданып үйренетіндей жағдайлар жасалуы тиіс.

Көзделген нақты практикалық мəселелерді білім негізінде шеше отырып, шəкірт табиғи, техникалық, мəдени жəне қоғамдық болмысқа сай өз мүмкіндіктерін қайта қарап, өзгертуге үйренеді.

В.Оконь теориясы өз ішіне қоғамның білімге қойған талаптарын жəне оқушылардың жеке сұраныс –қызығуларын біріктіре қамтиды.

Қазақстан Республикасындағы бүгінгі мектептің білім мазмұны ҚР “Білім заңына” сəйкес құрастырылған. Бұл Заңға орай білім мазмұны қоғамның экономикалық жəне əлеуметтік ілгерілеуінің аса маңызды жағдайаттарының бірі, сондықтан ол тұлғаның өзіндік қалыптасуына, оның өз мүмкіндіктерін өз бетінше іске асыра алуына жағдай жасап, қоғам дамуын, құқықтық мемлекеттің бекіп жəне жетілуін қамтамасыз етуге бағытталған.

Білім мазмұнының міндеті-қоғамның əлемдік деңгейге сай жалпы жəне кəсіби мəдениетін көтеру, оқушылар санасында осы заман білім деңгейі мен білімдену бағдарламасының талаптарына сəйкес əлем бейнесін (образ мира) қалыптастыру; тұлғаның ұлттық жəне əлемдік мəдениетке араласуына; осы күнгі қоғамның төл тумасына айналған жəне сол қоғамды жетілдіруді мүдделеген адам жəне азамат тəрбиелеу; қоғамның мамандар қорын жаңғырта көбейтіп, əрі қарай дамыту.

Білім мазмұнын қалыптастырудағы басты мақсат — расалық, ұлттық, этникалық, діни жəне əлеуметтік тегіне қарамай адамдар, халықтар арасындағы өзара түсіністік пен қызметтестік қатынастардың орнығуына жəрдемдесу, оқушының ерікті пікір мен наным таңдау құқығын іске асыруға көмектесу, əрқилы дүниетаным көзқарастарды ымырашылдықпен ескеру.

Білім мазмұны жалпы жəне кəсіби білімдерден құралады. Жалпы білім мазмұны негізінде тұлғаның жалпы мəдениеті, оның дүниетанымы, азаматтық бағдары, əлемге, еңбекке жəне қоғамдық өмірге болған көзқарасы қалыптасады.

Кəсіби білім мазмұны адамға нақты еңбектік іс-əрекет саласындағы білімдер мен ептіліктерді игеру үшін қажет.

Педагогика ғылымында білім мазмұнын іріктеудің өлшем-шек (критерий) жүйесі қабылданған. Осы шектер негізінде мектепте берілетін білім мазмұны келесідей талаптардың орындалуына себін тигізуі міндетті:

— тұлғаның жан-жақты дамуы жəне оның базалық мəдениетінің қалыптасуына қажет міндеттерді толық та біртұтас күйде берілуін қамтамасыз ету;

— оқу пəндері мен қоғамдық практикаға енетін білім материалдарының ғылыми жəне тұрмыстық маңызға ие болуы;

— əрқилы жас деңгейіндегі оқушылардың нақты мүмкіндіктеріне сəйкес болуы;

— материал мазмұны көлемінің оқушының мүмкін болған игеру уақытына сəйкес келуі;

— жалпы орта білімді құрастыруда халықаралық тəжірибені ескеру;

— осы заманғы мектепте бар оқу -əдістемелік жəне материалдық базаға сəйкес болуы.

  1. Мемлекеттік білім стандарты

ҚР “Білім заңына” сəйкес елімізде білім стандарттары қабылданған.

“Стандарт” түсінігі латын сөзі негізінде қабылданып, “үлгі”, “өлшем” деген мағынаны аңдатады. Білім стандарты мəн-мағыналық тұрғыдан сауат, білімділіктің мемлекеттік өлшемі ретінде қабылданып, қоғамдық мұратқа орайластырылған, əрі нақты тұлға мен білім жүйесінің мүмкіндіктерін ескерген сол мұратқа жету негізгі белгі — талаптар (параметры) жиынтығын қамтиды.

Білім саласындағы стандарттаудың негізгі нысандары –стандарт құрылымы, оқу жүктемелерінің мазмұны, көлемі жəне оқушыны дайындау деңгейі. Стандарт бойынша белгіленген деңгей, дəрежелер мен талаптар білім сапасын бағалау мен білімдену процесінің негізгі қырларын сараптауда мызғымас шек (эталон) сипатында қабылданады.

Білімді стандарттаудың қажеттігі қоғамдық құбылыс ретінде танылған білім саласындағы түбегейлі өзгерістерге орай туындап отыр. Қазақстан Республикасының егеменді елдер қатарында демократияға, нарықтық қатынастарға, тұлғаның құқы мен еркіндігіне бетбұрысы білім аймағындағы саясатты қайта қарастырып, жаңаланған заман көзқарасымен түсінуді талап етіп отыр.Білім саласы енді ең алдымен жеке тұлғаның рухани қасиеттерін қамтамасыз етуге бет бұрды. Бұл өз кезегінде оқу процесін ұйымдастыру, оқу –оқыту формалары мен əдістерін таңдау жəне білім мазмұнын іріктеу істеріне көптеген өзгерістердің енуіне себепші болды.

Стандарттау сонымен бірге білім саласындағы көптеген жаңашыл қадамдарға байланысты қажет болып отыр. Атап көрсететін болсақ, олар:

1) мектеп оқу процесінің жаңа еркін ұйымдастыру формаларына өтуі;

2) көптеген мектептердің құқықтық дəрежесінің өзгеруі;

3) тың оқу жоспарларының енгізілуі;

4) мектептердің оқу пəндері мен олардың игерілу көлемін өз қалауымен таңдауы;

5) баламалы оқулықтардың қосылуы;

6) оқудың жаңа технологияларының жасалуы; көп деңгейлі жəне жіктемелі оқуға өту.

Байқағанымыздай, аталған демократиялық қадамдар өткендегіміздей тезге салынған бір сарынды (шаблон) оқу жүйесіне тосқауыл қойып, əрқандай жəйт, жағдайларды ескеріп, білім беру процесіне шығармашылдықпен қатынас жасау қажеттігін айғақтауда. Осыдан, əрқилы оқу мекемелерінде оқушылар игеретін білімнің біргелкі деңгейін қамтамасыз ететін білімдену кеңістігінің базалық тұтастығын сақтау- міндетті шараға айналды.

Ал Мемлекеттік стандарт елдегі жалпыға ортақ бірдей білім қорының болуын қамсыздандыратын жалғыз тетік.

Сонымен бірге, білім стандартының алғы шепке тартылуына себеп — Қазақстан Республикасының əлемдік мəдениет жүйесіне енуге болған талпынысы. Бұл білім сапасын қалыптастыруда халықаралық білімдену тəжірибесінің жетістіктерін ескеруді қажет етеді. Осы талаптың орындалуынан Қазақстан азаматтарының білімі жөніндегі құжаттары шет елдерде мойындалатын болады.

Мектеп тəжірибесіне енген Мемлекеттік стандарт оқу процесін мызғымас, қатаң ресми байламға матау емес, керісінше, ол педагогикалық шығармашылдыққа, міндетті мазмұндық өзек (стандарттың өзі) төңірегінде баламалы бағдарламалар, оқудың əрқилы технологияларын, оқу құралдарын жасауға кең жол ашады.

Мемлекеттік міндетті стандарттар бəсеке негізінде қабылданады,10 жылда бір рет қайта өңделіп, қажетті реттеулер мен түзетулер енгізіледі, мемлекеттік заңмен бекиді. Ол барша оқу орындарының қай салаға бағынуына, типіне, меншіктік формасына тəуелсіз орындалуы міндетті.

Жалпы білім беруші мекемелердің білім стандарты үш бөліктен құралады: мемлекеттік, ұлттық – аймақтық жəне мектептік.

Стандарттың мемлекеттік бөлігі (инвариант) елдегі білім кеңістігінің біртұтастығы мен тұлғаның əлемдік мəдениет жүйесіне енуін қамтамасыз етеді.

Ұлттық – аймақтық елдің жер-жерлеріндегі ерекшелік, талаптарына (ана тілі мен əдебиетіне, жағрафиясына, мəдениет пен өнеріне, еңбек, өндіріс дайындығына жəне т.б.) байланысты анықталады.

Мектептік білім мазмұны нақты оқу орнының анайылығы мен бағыт –бағдарына орай оқу пəндерінің енгізілуімен белгіленеді.

Стандарттың мемлекеттік бөлігі – бұлжымас, қайта қарастырылуы өте сирек, ұлттық аймақтық жəне мектептік бөліктер- баламалы, оның құрамды бірліктері жүйелі жаңаланып барады.

Қазақстан республикасының “Білім туралы Заңында” көрсетілгендей, жоғары өкілетті мемлекеттік органдар негізгі білім ақпараттарының ең төмен көлемдегі мазмұнын, оқу жүктемесінің ең жоғары деңгейін белгілеп, түлектер дайындығына қойылатын талаптарды алға тартады. Қабылданған оқу жүктемесі шегіндегі міндетті білім көлемінен тыс, қосымша білім мазмұнын ұсыну жергілікті оқу орындарының билігінде. Стандарт құрамы келесі бірліктерді қамтиды: жалпы білімдік оқу орындарының түбір (типтік) жоспары, мазмұн құраушы мызғымас (инвариант) жəне баламалы бөліктер, оқушыларың жалпы дайындық деңгейіне қойылатын мемлекеттік талаптар.

  1. Оқу жоспарлары, бағдарламалары жəне оқу құралдары

Білім мазмұны оқу жоспарларында, бағдарламаларында, оқулықтар мен оқу құралдарында айқындалады. Оқу жоспары – оқу орнында игерілетін оқу пəндерінің құрамын, оларды меңгеру бірізділігі мен кезек тəртібін, əр пəн бойынша жылдық, апталық бөлінген сағат санын, оқу жылының бас-аяқ мерзімі жəне апта, айларын анықтап беретін құжат. Оқу жоспарлы түбір (типтік) жəне нақты оқу мекемесі тарапынан жасалған оқу жоспары болып бөлінеді. Түбірлі оқу жоспарында мектеп (ЖОО) қабырғасында оқу жылдарына орай жүргізілетін барша оқу пəндерінің тізімі беріледі. Игерілуі қажет пəндер оқу жоспарында үш топқа бөлінеді: 1) міндетті (базалық-мемлекеттік бөлік), 2) оқушылар қалауы бойынша (аймақтық бөлік) жəне 3) мектеп (ЖОО) кеңесі бекімімен өтілетін пəндер (мектептік (ЖОО) бірлік). Түбір оқу жоспарында əрқилы білім саласына, факультативтерге, оқушылар таңдауымен енген курстерге арналған сағаттар бөлігі өрнектеледі.

Түбір жоспар негізінде жеке ерекшеліктерін ескерумен мектеп (ЖОО) өз оқу жоспарларын жасайды. Оқу формаларына қарай күндізгі, ауысымды, сырттай, қашықтықтан оқыту жоспарлары да əр қилы келеді. Оқу жоспарлары негізінде оқу бағдарламалары түзіледі. Оқу бағдарламалары өз ішіне:1) нақты пəнді оқу жөніндегі түсініктемені; 2) оқушылардың (студенттердің) біліміне қойылатын талаптарды; 3) əр сыныпта (курста) пəн бойынша өтілетін материалдардың тақырыптық жоспарын; 4) пəн курсы бойынша білімдер мен тақырыптар тізімін, яғни бағдарламаның өзін; 5) пəнге орай оқу жабдықтары мен көрнекі құралдар тізімін; 6) қажетті əдебиеттер ауқымын; 7) бақылау сұрақтарын, 8) курстық, дипломдық жұмыстар тақырыбын (ЖОО да)-қамтиды.

Оқу бағдарламаларының түбірлі (типтік), оқу-жұмыс (рабочие) жəне авторлық түрлері ажыралады.

Түбір бағдарламалары Мемлекеттік білім стандарты негізінде нақты пəн бойынша құрастырылады. Оларды ұсыныс сипатында қабылдауға болады.

Оқу — жұмыс бағдарламалары түбір жоспары негізінде түзіліп, мектептің педагогикалық кеңесінің (ЖОО да жетекші кафедра) шешімімен бекиді. Бұл бағдарламалар білім стандартының талаптарына сəйкес, сонымен бірге ол нақты оқу орнының мүмкіндіктерін ескерумен жасалады.

Авторлық оқу жоспарларында білім стандартының талаптары міндетті сақталады, бірақ оқу материалын ұсынудың өзгеше қисыны, оқу барысында оқып-зерттелетін құбылыстар мен процестерге автор тарапынан өзіндік көзқарастар болуы мүмкін. Мұндай бағдарламалар көбіне таңдамалы курстар мен факультативтерде қолданыс табады. Оқу бағдарламаларын құрастырудың педагогика тарихында екі əдісі белгілі: концентрлі жəне тізбекті.

Концентрлі əдіске орай бір оқу сатысында өтілген оқу материалы алдағы жоғарылау сатыларда күрделірек күйде жəне оқылады.Бұл əдісті қолданудың қажеттігі оқушылардың жас ерекшеліктерін ескеру принципін сақтаудан туындайды.

Тізбекті əдіспен түзілген оқу бағдарламаларында əр кезекті оқу сатысының материалы өткен жылдардағы игерілгендердің қисынды жалғасы ретінде қабылданады. Мұндай оқу өзінің үнемділігімен еленеді.

Білімдік оқу материалының нақты мазмұны оқулықтар мен оқу құралдарында ашылады.

Оқулық мектептік (ЖОО) білім ақпаратының көзі əрі оқу жабдығы, білімдену мақсаттары мен мазмұнын айқындайды.

Оқулықтың басты көрінісі –мəтінде. Мəтін келесі бірліктерден құралады:

— негізгі (тұғыр терминдер, олардың анықтамалары, негізгі деректер, құбылыстар, оқиғалар; заңдар, теориялар жəне жетекші идеялар жəне т.б. баяны);

— қосымша (құжаттар, хрестоматиялық жəне анықтамалық материалдар, өмірнама деректері, статистика мəліметтері ж.т.б.);

— түсініктеме (кіріспе, ескертулер, сөздіктер, көрсетпелер ж.т.б.)

Оқулықтарға қосымша оқу құралдары дайындалады. Мұнда оқулық материалдарының кейбірі мазмұн тұрғысынан тереңдей түседі, кеңейеді. Оқу құралдары – бұлар хрестоматиялар, есеп жинақтары, атластар, жаттығу жинақтары жəне с.с.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ