Білімдінің қолында алтын шырақ

0
5597

Білім-өмір нәрі. Ол- болашақта жейтін наның. Біз бұл сөздерді күнделікті үлкендерден естіп жатамыз. Ал сол сөздерге құлақ асатын жандар сирек кездесіп жатады. Ащы да болса шындық соңғы уақытта көпшілік жастардың санасын әлеуметтік желі атты дерт жаулап алған. Бұл ауру тек жастардың ғана емес, барша XXI ғасыр адамдарын дендеп алған. Меніңше, әлеуметтік желінің торына түскен жандар білім атты байлықтан кенде қалады. Бар уақытын бос нәрселерге жұмсаған жан білімнің ауылынан алыс кетері сөзсіз. Адам баласын қараңғылықтан құтқаратын — білім сынды алтын шырақ. Сол шыраққа беттеген жан уақытын босқа кетірмей бар күшін жолында кездескен кедергілерді жарып шығуға сарп еткені абзал. Білім бәрінен артық, өйткені ол пайғамбарлардан қалған мирас. Қазіргі таңда елімізде білім беру ісіне жіті мән беріліп отыр. Себебі, өркениетті елдер қатарынан жастары білімді, халқы сауатты мемлекет қана көріне алады.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Болашақ жастардың қолында»,- деп қазақ жастарына барынша жағдай жасап, қолдау көрсетуде. Сөзімнің дәлелі «Болашақ» бағдарламасы, жыл сайын жоғарғы оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттар, одан бөлек әсем әрі көрікті мектеп ғимараттары, ондағы тегін білім. Сондай-ақ, Елбасымыз «Қазақстан жаһандық нақты ахуалда өсу, реформалар, даму» атты халыққа арналған жолдауында» Мен 2017 жылдан бастап жаңа жоба «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасының басталатынын жариялаймын»,-деп атап айтқан болатын. Ұлт іргесін құлатпай әрі берік ұстап тұру — жастарға артылған жүк. Бұл заманда, яғни жастардың бір ғана міндеті бар. Ол — білім алу. Ал білімге апарар баспалдақ — кітап оқу. Шыны керек қазақ жастарының кітапхана табалдырығын тоздырмақ түгілі, кітап бетін ашуға құлықтары жоқ. Кітаптар — уақыт толқындарының бетінде жүзіп жүрген ой-пікірдің кемесі және ол өзінің аса қымбат жүгін ерекше ұқыптылықпен ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші. Ендеше етек-жеңімізді жинайтын, қару-сайманымызды қамдайтын уақыт келген тәрізді.
Елбасымыздың «кітап оқитын адамдар әрқашанда теледидар көретіндерді басқаратын болады»,- деп айтқан сөздерінде үлкен мән бар. Демек, білімнің шырақшысы-кітап, ал білім-өмірдің шырақшысы. Сондықтан кітап біздің ең жақын досымыз. Оны ашпасақ ол үнсіз жатады, оқи бастасақ алдымыздан бүкіл әлемнің есігін айқара ашады. Ол болашақтың жарқын арнаға бет бұруына жәрдемдесері сөзсіз. Ендеше, ел болашағы білімді жастардың қолында екенін ұмытпайық!
Ғалия Абылай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ