Биология: Жануарлар туралы толық деректер және ҰБТ сұрақтары

0
3773

Жануарлар тіршілігі туралы жалпы түсінік. Жануар ағзасының ерекшеліктері

Жануарлар өсімдіктерден тек өздеріне ғана тән, елеулі ерекшеліктері бойынша ажыратылады. Сондай ерекшеліктердің ең негізгілері мыналар:

Жануарлар дайын органикалық заттармен қоректенеді, яғни олар өз ағзасына қажетті қоректік заттарды – нәруызды (белокты), көмірсуды, май тәрізді заттарды өсімдіктен алады.

Жануарлар белсенді қозғалады: көпшілігі бір жерден екінші жерге орын ауыстырады (отырықшылары да бар). Мысалы, қанқыз бүгін бір жерден көрінсе, ертеңіне дәл сол жерден көрінбейді, себебі, ол бір орында тұрмайды, жорғалап не ұшып кетеді.

Өсімдік бір орында өседі. Оның тұқымдары ғана басқа жерлерге әр түрлі жолдармен орын ауыстырып таралады.

Жануарлардың көпшілігінде ас қорытуды, тыныс алуды, зәр шығаруды қамтамасыз ететін және сыртқы ортамен қарым-қатынасты жүзеге асыруды реттейтін арнайы мүшелері, мүшелер жүйесі болады.

Көптеген жануарлардың денесі екі жақты симметриялы болып келеді: дененің оң және сол жағындағы мүшелері жұп және бірдей қызмет атқарады.
Мұндай жануарлар алға, жан-жаққа жеңіл, еркін қозғалады. Қорегін ұстайтын, жауына шабуыл жасайтын, немесе олардан қорғанатын, айналаны
бағдарлайтын негізгі мүшелері дененің алдыңғы бөлімінде орналасады. Жануарлар жауынан қалай құтылатынын өздерің әңгімелеп, талқылаңдар. Өмірден білетін мысалдарды келтіріңдер.

Аз қозғалатын жануарлардың дене пішіні жұлдыз немесе шатыр, немесе өсімдік гүлі тәрізді болады. Мысалы, теңіз жұлдызының денесі сәулелі симметриялы: денесінің дәл ортасынан әр тармағына ойша сызық жүргізсе денесі бірдей бес бөлімге бөлінеді, әр бөлімдегі сәйкес мүшелер белгілі бір қызмет атқарады . Денесінің сәулелі симметриялы болуы баяу қозғалатын немесе су түбіндегі қатты нәрселерге жабысып тұратын жануарлардың өзіне қажетті қорегін, қай жағынан келсе де, сезініп, белсенді түрде ұстауына, немесе қауіпті жау болса, одан қорғануына мүмкіндік береді.

Жануарлардың тіршілік ортасы және мекен ортасы

Жер ғаламшарында тірі ағзалар, олардың ішінде жануарлар үш түрлі ортада тіршілік етеді. Сулы ортада, мысалы, балықтар, киттер, т. б.; құрлық-ауада – өрмекшілер, бунақденелілер, құстар, аңдар; топырақта – құрттардың кейбір түрлері (шұбалшаңдар), кейбір аңдар (мысалы, көртышқан) тіршілік етеді. Жануарлардың паразит түрлері үшін басқа жануарлар мен адам денесі тіршілік ортасы болып саналады. Мысалы, паразит құрттар мен кенелер жануарлардың денесінде (сыртқы, ішкі мүшелерінде) тіршілік етеді. Күйкентай орманды дала аймағында кездеседі (тіршілік ортасы). Бірақ орманға кірмейді; ашық, ағаштары сирек өскен жерлерді мекендейді. Ондай жерлер дала тышқандарын аулауға, ағаш басына ұя салуға қолайлы.

Өз тіршілігінде бір ортада ғана емес, екі түрлі ортада тіршілік ететін жануарлар да бар. Мысалы, безгек масасы (4-сурет), бақалар – суда да, құрлықта да; ал дала тышқандары топырақта да, жер үсті-ауа ортасында да тіршілік етеді. Іркінді суы бар батпақты жер безгек масасының мекен ортасы, мұнда оның көбеюіне қолайлы жағдайлар бар.

Жануарлар тіршілік ортасындағы өзінің тіршілік етуіне қолайлы жағдайлары бар нақтылы үлескілерді мекендейді. Олар қоныстанған осындай нақтылы бір үлескіні сол жануарлардың мекен ортасы дейді.

ҰБТ — Кешенді тестте кездесетін конспектегі сұрақтар.

Іркінді суы бар батпақты жерлер қай ағзаның мекен ортасы болып табылады?
Барлық жануарларға өз мекен ортасында қалыпты тіршілік етуіне қандай қасиеті мүмкіндік береді?
Жануар денесінің алдыңғы бөлімінде қандай мүшелері орналасқан?
Неліктен күйкентай орманға кірмей, ашық, ағаштары сирек өскен жерлерді мекендейді?
Төмендегілердің қайсылары топырақта тіршілік етеді?
Жануарлар тіршілігіне қолайлы жер:
Жануарлар өз ағзасына қажетті қоректік заттарды алады:
Сулы ортада тіршілік ететін жануарлар:
Теңіз жұлдызының денесі:
Өз тіршілігінде екі түрлі ортада тіршілік ететін жануарлар:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ