Қазақ тілінен ҰБТ және КТА кешенді тестте келетін деректер және сұрақтар мен жауаптар

0
2565
Үндестік заңы. Буын үндестігі.

Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар

Қазақ тілінде дыбыстар сөз ішінде, сөз бен қосымша арасында, сөз бен сөздің арасында бір-бірімен үндесіп, үйлесіп айтылады. Түбір сөздің жуан не жіңішке болуына қарай қосымша да жуан не жіңішке болады және сөздің соңғы дыбысына қарай үйлесіп жалғанады. Сөздің бастан-аяқ үндесіп, үйлесіп, біркелкі әуезбен айтылуы үндестік заңы деп аталады.

Үндестік заңының екі түрі бар: 1) буын үндестігі; 2) дыбыс үндестігі.

Буын үндестігі – түбір сөздің соңғы буынының жуан не жіңішке болуына қарай қосымшаның да жуан не жіңішке түрде жалғануы. Мысалы, бала+лар, үйрек+ті, құдірет+ті, кітап+қа, т.б. Буын құрауға негіз болатын дауысты дыбыстар болғандықтан, буын үндестігі дауысты дыбыстар арқылы орындалады. Буын үндестігі сингармонизм деп те аталады. Сингармонизм – грек тілінен енген термин. Sуn «бірге» және һаrmoni «байланысу», «үндесу» деген мағынаны білдіреді.

Қазақ тілінде буын үндестігіне бағынбайтын қосымшалар да кездеседі. Олар:
-мен, бен, пен – баламен, жұлдызбен, жолдаспен;
-қор, -паз, -қой – еңбекқор, өнерпаз, әуесқой;
-тал, -дар, -тай – өсімтал, кіріптар, шешетай;
-хана – емхана, дәріхана;
-нікі, -дікі, -тікі – Майранікі, атамдікі, Мақсаттікі;
-кер, -гер, -кеш – айтыскер, қаламгер, арбакеш;
-кес, -күнем – даукес, пайдакүнем;
-ов(а), -ев(а), -ин(а) – Әуезов(а), Серікбаев(а), Майлин(а);
бей – бейтарап, бейуақыт, бейтаныс.

Қазақ тілінде буын үндестігіне бағынбай жасалатын күрделі сөздер де бар. Мысалы, қос сөздер: салт-дәстүр, некен-саяқ, азық-түлік, қыз-келіншек, көрші-қолаң, аумалы-төкпелі, аға-іні, т.б.;

біріккен сөздер: Есекқырған, Екібастұз, түйетабан, Алтынемел, көкқұтан, итмұрын, егеуқұйрық, ақсүйек, Аягөз, т.б.;

тіркес сөздер: келе жатыр, көк ала, жақын жер, самал жел, жетпіс тоғыз, алтыншы үй, талдырмаш денелі, т.б.

ҰБТ — Кешенді тестте кездесетін конспектегі сұрақтар.

Буын үндестігі екінші сөзбен қалай аталатынын көрсетіңіз.
Буын үндестігі қандай дыбыстар арқылы жасалатынын табыңыз.
Буын үндестігіне бағынбай жасалған ойын атын көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбай жасалған сөзі бар сөйлемді көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбайтын сөзі бар сөйлемді көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбайтын сөзі бар сөйлемді табыңыз.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымша жалғанған сөзді көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымша түрін көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаны көрсетіңіз.
Буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаны көрсетіңіз.
Көп нүктенің орнына қойылатын буын үндестігіне бағынбайтын қосымшаны белгілеңіз. Дәрі…
Сингармонизм заңына бағынбай жасалған біріккен сөзді табыңыз.
Сингармонизм заңына бағынбай жасалған күрделі сөз қатарын көрсетіңіз.
Сингармонизм заңына бағынбай жасалған қос сөзді көрсетіңіз.
Сингармонизм заңына бағынбайтын қосымша жалғанған сөзі бар сөйлемді көрсетіңіз.
Сингармонизм заңына бағынбайтын қосымша жалғанған сөзді көрсетіңіз.
Сингармонизм заңына бағынбайтын қосымша қатарын табыңыз.
Қай септіктің жалғауы буын үндестігіне бағынбай жалғанады.
Қосымшасы дұрыс жалғанбаған сөзді көрсетіңіз.
Қосымшасы дұрыс жалғанған сөзді табыңыз.
Үндестік заңы бойынша қосымшасы дұрыс жалғанбаған сөзді белгілеңіз.
Үндестік заңы бойынша қосымшасы дұрыс жалғанған сөзді көрсетіңіз.
Үндестік заңы деген не екенін табыңыз.
Үндестік заңының неше түрі барын көрсетіңіз.
–ов, –евқа біткен сөздерге қосымша қалай жалғанатынын көрсетіңіз.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ