Біз аңсаған кешегі болмыс

0
787

Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек,                                                                          Тұрғандай өзі қимылсыз билеп.
Иықтан шашы төгіліп жерге,
Күмісті шашбау жарасып белге.

Иә, қашан да қазақ қызының кіршіксіз бейнесі, халқымыздың жайсаңдығы мен тектілігін айқындап тұратын биік болмыс. Алайда «Бүгінде, «Қазақ қызы» деген ғажап атқа кір келтірмей, абыроймен арқалап жүрміз бе?» деген орынды сауал туындайды. Олай болса, өз бойымыздағы қасиеттерді салыстырып, саралап көрелік. Бәлкім, бұл атауға баршамыз лайықты шығармыз.

Ықылым заманнан, қазақта қыз баласы ұяң да инабатты, әдепті болған. Ер адамға тік қарауға қымсынып,салмақты жүріс-тұрысымен,  сызылып, сыпайы қозғалған. Орынсыз жыртыңдап, жарыса күлуді оғаш қылық санаған екен. Ешкімнің сөзін бөлмей, етегі ұзын, кең көйлек киіп жүруі өнегелі отбасынан тәлім алғандығының айғағы іспеттес. Басында тақия не бөркі болған. Жөнсіз, әдепсіз сөйлеуден аулақ болып, кісінің алдын кесіп өтуден жасқанған. Қазақ қызы үшін кешкілік жалғыз жүру әркез орынсыз қылық. Басқаларға қол тигізбеген және кісіні болсын, жануарды болсын теппеген. Суық жүріс, сумаң қылыққа бармай, өтірік, өсек айтпаған. Адамға қарап есінеп керілу былай тұрсын,талтайып отырмаған. Тамақты асап жемеген. Бұраңдап, қылымсымаған. Біреудің алдында киім ауыстыру ең ұятты іс. Беу шіркін, салт-дәстүрден аттамаған, ғайбаттамаған. Ішімдік ішпеген, шылым шекпеген. Тәкаппарлыққа жол бермей, үлкен-кішіні  сыйлаған. Шектен тыс боянып, жасанбай, көздерден аулақ болуды жөн санаған.
Себебі, ұлттың алдындағы ұлы жауапкершілік қазақ қызының мойнында екендігін ұғына алды.

«Тәрбие басы тал бесіктен бастау алады». Осы тұста, қазақ қыздарын «жауhарына» балап, бар мейірімін төккен тәрбие кеніші, аналардың ықпалы зор. Аналарымыздың көрегендігі сондай, «Әкенің ең жақсысы жездедей-ақ» деп көп айтқанымен, сақ аналар қызына «жезде» деуден гөрі–»аға» деп сыйласатын шекара жасаған. Қызының ерте ме, кеш пе, әйтеуір кететіндігіне іштей бейімделіп жүретін ақылды аналар өзі білетін өңірдегі күн шалған шаңырақты, көргенді ата-ананы, әдепті бала-шағаны біліп алып, оны қызына сөз сыралғысы ретінде дәріптеп көргенсіздерді күні бұрын білдіртпей, жамандап қызына өз сыңайын сөз арасында ептеп ескертіп отырған. Қызды көргенді ету үшін алдымен ана өзіне шек қойған. Қызы бойжетіп ел көзіне түсе бастаған соң, ол бұрынғы қыдыруын, баласын оңаша тастауды қысқартады, азайтады, не өзімен ертіп жүреді. «Шешесі қыдырмашыл болса, қызы бастаңғышыл болатынынан» сақтанады. Үй ішінде қыздың тәртіпті болуда сөзін тыңдайтыны әке мен шеше, сескенетіні, сыйлайтыны – аға, сырласатыны — жеңге, ұялатыны — ауыл, ру. Бұлар — тұтасымен ойламай от басуға қорған.

Жоғарыдағыдай қазақы тәлім-тәрбие ертедегі қыздарды оқытып ғұлама етпесе де, адамгершілікке, жылы жүректілікке, махаббат ғаламында баяндылыққа, шынайы ғашықтыққа апарған. XXI ғасырда, әуел бастағы, өз болмысымыздың қандай болғандығын, және бүгінгі болмысымыздың қандай деңгейде екендігін ойланып қарасақ, іштей қынжылатынымыз рас. Десек те,  болашақ аналар ретінде, ұлт болашағы қазақ қыздарына байланысты екендігін естен шығармағанымыз абзал. Таңдау сізде!

                                                                                                САЯНА СЕЙТҚОЖА

 

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ