ҰБТ тапсырушы түлектерге ақыл-кеңес

1
2698
Freepik.com

Ұлттық біріңғай тестілеу — оқушының 11 жылдық білімін саралап, сараптайтын, болашағын анықтайтын, мұғалім мен мектеп сапасын көрсететін, ата-ананың арманын туралайтын үлкен сынақ.  2004 жылдан бері келе жатқан бұл білімді сынау жүйесі осы уақытқа дейін сан түрлі өзгерістерге түсіп, жыл сайын жаңартылып отырады. Осы жылғы ҰБТ-ның қалай өтетіндігі туралы нақты ақпарат әзірге болмаса да, форматы өзгермейтіндігі сөзсіз! Сол себепті, егерде сіз  11-сынып оқушысы болсаңыз, уақытыңызды бос өткізбей, арманыңызға деген бір қадамды қазірден бастағаныңыз жөн болар. 

Биыл еліміздегі карантин шараларына байланысты қашықтан оқу іске қосылғанын ескеретін болсақ, 11-сынып оқушаларына ауыр соққы болғанын байқаймыз. Себебі, онлайн ҰБТ-ға дайындалу ешкімге оңай соқпайтыны рас. Дегенмен, кез-келген дүниенің жақсы жағын алып қарастыруға болады.

Қазір заман талабына сай, сіз мұғалімнің көмегінсіз де, өз бетіңізбен, кез-келген жерде отырып дайындалуыңызға мүмкіндігіңіз бар. Бастысы, ол, алдыңызға қойған үлкен мақсат пен соған жетелейтін жігеріңіз болса болғаны.

Осы тұста, ҰБТ-ға  дайындалудың оңтайлы тәсілдерін көрсетіп өтуді жөн көрдік.

  • Ең алдымен дайындықты бастамас бұрын, арманыңыз бен мақсатыңызды нақтылап алыңыз. Мысалға, мен «дәрігер» болғым келеді, демек мен ҰБТ-да биология мен химия пәнін таңдаймын. Ал жоғары оқу орынына түсу үшін сәйкесінше маған жоғары ұпай жинау қажет.
  • Арманыңыз бен мақсатыңызды нақтылап алған соң, оған жету жолын кестеге сызыңыз. Яғни, сізде 7-8 ай уақыт бар делік. Сізге осы уақыт аралығында 5 пәнді толық меңгеріп шығу керек. Ол үшін бір күнді тек бір пәнге арнаңыз. Мысалы, дүйсенбі — оқу сауаттылығы, сейсенбі — математикалық сауаттылық, сәрсенбі — қазақстан тарихы, бейсенбі — биология, жұма — химия, сенбі — бір апталық біліміңізге шолу жасап шығыңыз, ал, жексенбі — сабақты жайына қойып демалыңыз!
  • Иә, шынымен, демалыңыз! Бұл ҰБТ-ға дайындық кезіндегі басты ереже. Сіздің миыңыз сіз ойлағаннанда керемет жұмыс жасауы мүмкін, бірақ миғада демалыс қажет екенін ұмытпағаныңыз жөн. Демалыс қажет екен деп мүлдеп сабақты ысырып тастап жүрмеңіз! 
  • Егер жалқау немесе ойыңыз шашыраңқы адам болсаңыз өзіңізді жеңе біліңіз! Себебі, сізде арман бар, оған жету жолы да бар. Тек өзіңізді аздап алдап қойыңыз. Мысалы “жексенбі демаламын, сол күні ұялы телефонды шұқылаймын” деп, барлық жасағыңыз келген дүниені жексенбіге қалдырыңыз! 
  • Ең алдымен дайындық тестін өз бетіңізше шешіп көріңіз. Білмеген сұрақтарыңызды жай ғана аттап өтіңіз. Осыдан сіз өз біліміңіздің деңгейіне көзіңіз жетеді. Сонымен қатар, жалпы ҰБТ форматымен таныс боласыз! 
  • Дайындықты бастар алдында, өзіңізбен қатарлас адаммен бәсекеге түскен дұрыс. Бұл дегеніміз, өзіңіздің сыныптасыңызды бәсекеге шақырыңыз. Мәселен, «мына тарауды кім бірінші бітіреді немесе мына сұраққа кімнің жауабы дұрысырақ, кім ҰБТ-дан жоғары ұпай жинайды» деген секілді. Бұндай бәсекелестік сізге күш береді, сонымен қоса сізді дамытады! 
  • Алған біліміңізді біреумен бөлісіп отырыңыз. Ол үйіңіздігі адамдар болсын, құрбыңыз болсын, күнделікті оқыған дүниеңізді айтып беріңіз. Әйгілі физик Альберт Энштейн айтып өткендей «алты жасар балаға бірнәрсе түсіндіре алмай жатсаңыз, демек ол нәрсені өзіңіз де түсінбегенсіз”. Расымен ақпаратты жаттап алуға тырыспаңыз. Оны түсініңіз, көз алдыңызға елестетіңіз, және қызығып ол ақпаратпен біреумен бөлісіңіз! 
  • Соңғы кеңес, ол өзіңізге сеніңіз. Басқалардың сенімін ақтауға емес, алдымен өз сеніміңізді ақтауға тырысыңыз. Сіздің қолыңыздан барлығы келетініне өзіңізді сендіріңіз!

Бұл жай ғана арманыңызға деген бір қадам. Бұл сынақпен өмір тоқтамайды. Бастысы, жалқаулық пен балалықты артқа тастап, өз-өзіңізді қолға алу! Сіздің қолыңыздан барлығы келеді! Сәттілік серігіңіз болсын!

    Ертай Әмина Әділқанқызы
Тұран университеті, 
журналистика мамандығының
 4-курс студенті


1 ПІКІР

  1. Өте керемет жазылған?
    Расында пайдалы ақпарат екен )

ПІКІР ҚАЛДЫРУ