Бұрынғы білім және ғылым министрі «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылдауды ұсынды

0
2426
Ұстаз

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат — Бұрынғы білім және ғылым министрі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, педагог ғалым Шәмшә Беркімбаева Алматы әкімдігінде өткен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талдауға арналған қала активінің жиынында мегаполис басшысы Бауыржан Байбекке «Ұстаздар мәртебесі» туралы қалалық мәслихатта заң қабылдануын, Алматы бойынша ұстаздардың мәртебесін көтеруге жағдай жасау қажеттігін ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

«Елбасы білім саласының дамуына қашан да көңіл бөледі. Осы мақаласында Елбасы: «Білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт». Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қойған ұлт қана табысқа жетеді», — дейді. Қалалық мәслихат депутаттарының «Ұстаз мәртебесі» туралы заң қабылдауына бастамашы болуыңызды сұраймын. Бұл қоғамда қолдау табар еді. Осыдан 25 жыл бұрын ЮНЕСКО тарапынан  «Ұстаз мәртебесі» туралы ереже қабылданған болатын. Көптеген елдер содан кейін арнайы заң қабылдады. Бізде жоқ, әзірше, бұл өте керек. Себебі, мектеп — ұлт бесігі. Оның бабы болуы керек, оның бапты болуы ұстазға байланысты», — деді Шәмшә Беркімбаева.

Сонымен қатар, танымал ұстаз, бұрынғы білім және ғылым министрі Ш.Беркімбаева ұстаз мәртебесін көтеруге қатысты бірнеше ұсыныс айтты.

 «Тәуелсіздік жылдарында мектеп өмірі, бала тәрбиесі, ұстаз еңбегі, бала тәрбиесіне ата-ананың жауапкершілігі туралы бірде-бір көркем шығарма, бірде-бір көркем фильм болмады. Мүмкін, бұған әкімшілік тарапынан әлеуметтік тапсырыс жасау керек шығар. Жақсы ұстаздар туралы эссе, очерктер ұйымдастырылып, ол «Алматы ақшамы» газетінде арнайы айдармен шығып тұрса, кейін жинақ етіп шығарсақ», деген педагог ғалым қазақ мектебінің тарихына шолу жасады. 

«Қазақ мектебі ауыр жағдайларды басынан өткізді. Өткен ғасырда 900-ге жуық қазақ мектебі жабылды. Осының бәрі ұлттық санамызға түскен сызаттар, ол әлі кете қойған жоқ. Тәуелсіздік жылдары 1300 мектеп салынып, олар негізінен қазақ мектебі болып ашылды. Сол кездегі астанамыз Алматыда 70 жыл бойы бір ғана қазақ мектебі болды. Бүгінде оның саны 70-ке жуықтап қалды. Болашақта 65 аралас мектептің басым бөлігі қазақ мектебі болады деп үміттенеміз», — деді Шәмша Беркімбаева.

Қала әкімі Бауыржан Байбек Шәмшә Беркімбаева тарапынан айтылған ұсыныстарды қолдайтынын жеткізіп, жауапты азаматтармен айтылған пікірлерді тағы да ой елегінен өткізетінін айтты.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ