Дәстүрлі әншілік өнер айтылуы және құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты түрлі мектептерге бөлінуі

0
2027
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Дәстүрлі әншілік өнер айтылуы және құрылымдық ерекшеліктеріне байланысты түрлі мектептерге бөлінуі

Кез келген ұлттың өзіндік кескін-келбеті мен болмыс-бітімін айқындайтын ұғымды оның өзіне тән ұлттық мәдениеті дейтін болсақ, қазақ мәдениетіндегі ән өнерінің алар орны ерекше. Данышпан Абайдың “Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең” деген сөздері қазақ өмірінің бүкіл тыныс-тіршілігі өлеңмен өрнектелетінін айқын көрсетеді. Шындығында сәби дүниеге келгенде “бесік жырымен” әлдилеп қарсы алып, адам дүниеден өткенде “жоқтау” айтып шығарып саламыз. Қадым ғасырлар қойнауынан басталатын осы тамаша дәстүр әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Бүгінгі күн жастарының тойы да “жар-жар”, “беташармен” өтетіні ата-баба салтына адалдықтың айқын көрінісі іспеттес. Орыстың тамаша ғалымы Г.Потаниннің “Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деген сөзі қазақ тұрмысының осындай даралығынан туған керек.

Ұлтымыздың аса бай ән өнерін дамытуға Абай бастаған, Біржан сал, Ақан сері, Мұхит, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Әсет, Естай, Нартай, Кенен сияқты халық тұжырым болса композиторлары өлшеусіз үлес қосып, оны сапалық жаңа биікке көтерді. Олардың мол шығармашылық мұрасы қазақ операсы мен балетінде және классикалық музыкалық туындыларда кеңінен пайдаланылып, әлемнің ең әйгілі музыкатанушылары тарапынан жоғары бағаға ие болды.

“Ел іші – өнер кеніші” дейді дана халқымыз. Әрине, қазақтың дәстүрлі әндері мың әнмен шектелмесі анық. Ендеше, жаңа жоба алдағы уақытта тың туындылармен толысып, бүгінгі ұрпақты халқымыздың баға жеткісіз мол музыкалық мұрасымен сусындата береді.

Осы орайда ән жанрларын мынадай топтарға бөле қараудың ыңғайы бар сияқты:

1. Романс тектес әндер –«Ақбақай», «Жиырма бес», «Япурай», «Ғайни» т.б.

2. Сатиралық-юморлық әндер –«Он алты қыз», «Ағашаяқ», «Құлбай бай» т.б.

3. Қара өлеңге құрылған әндер –«Сәулем-ай», «Еркем-ай», «Қамажай», «Жеті арал жерім-ай» т.б.

4. Қыз-келіншектер әндері –«Майра», «Дудар-ай», «Әупілдек» т.б.

5. Желдірме әндер –термелер, арнау, насихат әндер т.б.

6.Эпостық мазмұндағы әндер–жырлардың кейіпкерлерінің атынан айтылатын әндер –«Жігіттің падишасы — Әмір Темір», «Қос мүйізді Ескендір» т.б.

7. Авторлық-арнау әндер. Молдабайдың әні, Ғазиздің әні, «Бүркітбай», «Шашубай», «Теміртас» т.б.

Әндерді бұлай бөлу арқылы олардың формасын анықтауға болады, романс тектес әндердің диопозоны кең, вокалдық қайырымы мол болады. Ал, сатиралық-юморлық әндерде керісінше, мұндағы ән ырғағы шапшаңырақ, мәтіні мен мелодиясы үнемі қайталанып отырады, вокалдық дамуы шектеулі.

Қара өлеңдерді көбінесе халық әндері деп атайды, бұлардың да қалыптасқан қайырымы бар, көбінесе он бір буындық өлеңге құрылады. Мелодиясы пентатоникалық сарынға бейім, сондықтан әннің өте көне түрі деп айтуға негіз бар. Қыз-келіншектер әндерінде вокал иірімдері мол кездеседі, мұны бөле атаудағы себеп –диопозоны мен ән мәтіні әйел дауысының табиғатына лайықталған. Желдірме әндердің ырғағы ширақ, аты айтып тұрғандай салтанатты әрі жүрдек шырқалады.

Эпостық мазмұндағы әндер кәдімгі қара өлеңге ұқсас, бірақ әннің аты немесе мазмұны эпостық кейіпкердің атына құрылады.Авторлық-арнау әндердің сарыны айтыс мақамдарын еске түсіреді, мұнда әуелі «Ал», «Ахау», «Оу» деген сияқты қаратпа айқай айтылады, қайырмасы қара өлеңге құралады, кейде өзге әндердегі мәтіндер қолданыла береді, ал, шумақта міндетті түрде автордың өзін немесе ата-бабасын мадақтаған өлеңі болады.

Халық әндері аймақтық мектептерге бөлінгенмен негізгі сарыны жалпы қазақы әнге ортақ сазға құрылады, сондықтан бір өлкенің әнін басқа өлкенің әншісі қиналмай айта береді, яғни қазақ әнінің біртұтастығы аймақтық әншілік мектептеріне қанша жіктегенмен бұзылмайды. Ғарифолланың Арқа әндерін тамылжыта шырқағаны, Жүсіпбектің Мұхит әндерін тебірене айтқаны соған дәлел бола алады.

Халықтық ән дәстүрінде орындаушылық ерекшеліктеріне қарай аймақтық мектептерге бөле оқыту тәжірибесі қалыптасқан. Жалпылай айтқанда, шартты түрде Арқа мектебі, Жетісу мектебі, Батыс Қазақстан (Мұхит Мералиев) мектебі деп бөлінеді.

1. Арқaмектебі –қазақы әншіліктің мейлінше дамыған саласы болып табылады. Арқа мектебінің өкілдері деп –Біржан, Ақан, Балуан Шолақ, Майра Уәлиқызы, Шашубай, Тайжан т.б. саңлақтарды атауға болады. Арқaәндері біркелкі еркін ырғақпен айтылады, диапозоны мейлінше кең болады. Арқа әндерінің кәсіби мектебін жасағандар – Ж.Елебекеов, Ж.Кәрменов, Қ.Байбосыновтар, бұлардан өзге, ән өнерінде ерекше із қалдырған Қ.Байжанов, Ә.Қашаубаев, Қ.Бабақов, Қ.Лекеров, Б.Жылқыбаев, М.Ержанов,  Ж.Омарова, Р.Есімжанова, Р. Қойшыбаева, М.Көшкінбаев, И.Әлібаев,    Ж.Қартабаева, Л.Сүйіндікова, М.Ешекеевтердің  атын атай аламыз.

2. Жeтісу мектебі – қазақтың көне әндерінің, әсіресе халықтық әуендердің мол сақталған әншілік өнер шоғыры саналады, орындалуы мен домбырада сүйемелденуі Арқа әндеріне өте ұқсас, сондықтан бұл мектептің өкілдерінің репертуарында Арқа сазгерлерінің әндері де кең орын алады. Жeтісу әншілігінің көрнекті өкілдері ретінде Жамбыл, Кенен, Қапез, Пішан, Дәнеш Рақышевтарды атай аламыз. Жетісу ән мектебінің кәсіби тұғырын қалаған –Ж.Кәрменов, оның ізін жалғастырушы шәкірті – Е.Қосбармақов.

3. Батыс Қазақстандық әншілік мектеп – еліміздің батыс өлкесінде дамыған әншілік өнер. Бұрынғы Бөкей Ордасының жерінде шырқалған төкпелі жыр негізінде синтезделген желдірмелі ән Мұхит арқылы жаңа белеске көтерілді.

Мұхит әндері Атырау, Ақтау, Орал, Ақтөбе жерінен бастау алып Сыр мен Арқаға дейін қанатын жайған. Бұл мектептің басында Ғарифолла Құрманғалиев тұр, Ғарифолла Құрманғалиевпен үзеңгілес өнерпаз ретінде Әли Құрмановтын есімін құрметпен атай аламыз. Ғ.Құрманғалиев осы мектептің жеке арнаға айналып үлкен өнер саласы болуына көп тер төкті. Ғарифолла мектебінен шыққан оның шәкірттері –  Қ.Бекбосынов,Қ.Орашева, Қ.Рахимова, А.Дәрібаева,  Ж.Сәрсенғалиев. Қ Ақтаев. М.Төрешов, Қ.Бердіғалиев, Ә.Еңкебаев, Қ.Құлышева, С.Таутаева, С.Рахметжанов,  С.Әбдірахманов, С.Жанпейісова, С.Мырзабаева, А.Қосанова, Қ.Кәкімовтар.

Бұл әдістемелік құралда Арқа әншілік мектебі зерттеу көзі болғанмен, жалпы қазаққа ортақ әншілік өнерге қатысты оқыту жұмыстарының методикасын келтіруді мақсат етіп отырмыз. Себебі, әншінің алғашқы дауыс қою дайындығы, домбырамен сүйемелдеуі, репертуар таңдауы, сахналық шеберлігі, дәстүрлі иірімдерді меңгеруі – барлық ән мектептеріне ортақ мәселе.

АСПАППЕН ӘН АЙТУ 

      Халық әндерін аспаппен сүйемелдеу ежелден келе жатқан өнер, ертеде серілері әнді барабан, сыбызғы, домбыра, қобыз, жетіген, шаңқобыз аспаптарының көмегімен шырқағаны тарихтан белгілі. Кейіннен қобыз бен домбыра аспабындағы үрдіс кең тарады, қалғандары қолданыстан шыға бастады, яғни, осы аспаптармен айту дағдысы мейлінше дамып, қалғандарын ығыстыра бастады.

Қобызбен айту өнері де ел ішінде жалғасып жатты. Қобызшы Сматай Үмбетбаевтың орындауындағы Арқа сазгерлерінің әндері мен термелері қоғамға қайта қозғау салды. Белгілі әнші – Бекболат Тілеухан жыраулардан қалған көне түріктік мақамды қайта дүниеге алып келді. Қазіргі кезеңде қобызбен ән айтатын жастар аз да болса баршылық. Жас әнші Қазыбек Әдікеев осы салада жемісті еңбек етіп жүрген өнерпаз.

Шертермен ән салу дәстүрі ертеректе жойылды дегенімізбен, ол да қазақ мекендеген Өзбек аудандарында өзінше дамуын тоқтатпады, Қазақтың Оңтүстігіндегі отырықшы елдерде шертермен өлең айту әйелдер мен қыздардың әуесі болып саналған. Өкініштісі сол, Болат Сарыбаев қазақ аспаптарын қайта жаңғыртқанда осы бір шертер әншілігіне зерттеу жүргізгені хақында еш мәлімет жоқтығы жанға батады-ақ. Қазіргі кезде Б.Бәбіжан шертермен ән айту дәстүрін сәтімен қолға алып жүр. Осы өнерді де болашақта кәсіби түрде дамытуға әбден болатындай.

Жетігенмен ән айту дәстүрі қазақта болмады деп айтуға да ауыз бармайды, себебі, бізбен мәдениеті мен тілі туыстас хакас, саха, бурят халықтарында осы өнер қазіргі кезеңде басты мәдениет болып отыр, сондықтан жетіген аспабы да өзінің жарқын болашағын күтіп жүргені рас. Қазір осы аспаппен Қарақат Әбілдина айналысып жүр, дегенмен еуропалық гармониямен өрнектелген жайылма аккордтардан тұратын аккомпонемент нағыз дәстүр бола қоюы қиындау. Сондықтан жетігендегі қоңырқай тембр арқылы халық әндерін өз мақамында қайта тудырудың да мүмкіндігі бар екенін айтамыз.

Сыбызғымен ән айту дәстүрі –көнетүркілік үлгі болып саналады, қазіргі кезде башқұрт ұлтында ғана сақталып отыр. Сыбызғыны тартып отырып оған көмейді қоса толғаудың өзі әуелде ән мен күйді біріктірмек тілектен туындайды, дегенмен сыбызғымен ән салғанда бірінші аспаппен ән әуені орындалады, содан соң жеке дауыста ешқандай сүйемелдеусіз әннің өз мәтіні шырқалады, соңында ән мақамы аспаппен тағы да бір қайырылады. Қазақ музыкасында қазір сыбызғы өнері даму жолына толық түсті деп айтуымызға болады, оған белгілі сыбызғышы – Талғат Мұқышевтың еңбегі көп сіңгенін айту артық емес, ендеше сыбызғымен ән айту дәстүрін жаңғырту алдағы абыройлы міндеттеріміз болмақ.

Адырнамен ән айту да қазақта болған көшелі өнердің бірі. «Қыз Жібек» фильмін түсірерде композитор Н.Тілендиев профессор Б.Сарыбаевтың кеңесімен осы аспапты киноға қолданғаны белгілі («Көш қызығы» әні). Қазір бұл аспаптың жетілген түрін фольклорлық ансамбльдерден жиі кездестіруге болады. Арфа аспабына ұқсас болғандықтан ән айтуға өте қолайлы, бұл да жаңғыруын күтіп жүрген дәстүріміз болып табылады.

Домбырамен ән айтудың жолы бөлек. Қазақтың әндеріндегі «Домбыра екі шекті қолға алайын», «Домбыра ер жігіттің қолғанаты», деген сөздер текке айтылмаған. Яғни ән төресі домбырамен ғана шырқалған. Домбыраның екі және үш шекті түрі сал-серілерде кеңінен қолданыста болған. Шығыс Қазақстан мен Жетісу өлкесінде үш шекті домбырамен сүйемел жасау кәдімгідей шеберліктің шыңы болып саналған. Арқа әншілерінде бұл аспап болмады деудің реті жоқ, әйткенмен екі шекті домбыраның қолданысы басым болды. Қазіргі кезде үш шекті домбырамен ән айту ешкімге әуезе болмай тұр, Бекболат Тілеуханның орындауындағы жалғыз ғана «Жорға тай» әні халықтың құлағында жаңғырық сияқты жарқ еткені болмаса… Бұл аспаппен оқыту мәселесі де болашақтың еншісінде.

Дәстүрлі әншілер отырып та тұрып та ән айтуды салтқа айналдырған. Отырып айту аспапты ыңғайлы ұстауға қолайлы, бұл әннің домбырада тартылатын қайырымдарын таза игеруге мүмкіндік береді, ал тұрып айтудың да өз ұтымдылығы бар, мұндай әрекетте диафрагмаға күш түспейді, дауыс еркіндікке ұмтылады. Сондықтан тәжірибеде осы екі жағдайды да шектемеу керек сияқты.

Домбырамен ән сүйемелі жеке музыка ретінде өте күрделі құбылыс. Ән айтылғанда ақырын шертілетін аспап шумақ біте берген сайын құтырынып, әуендегі қуатты ағымды екі шекке ауыстырады, сол кезде домбыра бебеулей тартылғаны дұрыс. Әнші ән әсеріне қаншалықты күш жұмсаса аспапқа да соншалықты сергек қаруы керек Аспап меңгеру — дәстүрлі әншінің алатын алғашқы асуы. Сондықтан мамандықтан сабақ беретін оқытушы бұған аса мұқият болғаны абзал

Дайындаған музыка пәні мұғалімі:
Нагиева Жадра Карашовна
Ақтөбе қаласы

№ 40 ОРТА МЕКТЕБІ

Басқа материалдар


ПІКІР ҚАЛДЫРУ