Әдебиет пәнінің мақсаттары мен міндеттері

0
15787
Ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаудың тәрбиелік мәні.

Әдебиет пәнінің мақсаттары мен міндеттері. Қазақ мектебіндегі қазақ әдебиеті пәні – білімдік, тәрбиелік үлкен жүк көтеретін, әр жақты қызметтер атқаратын ең маңызды пәндердің бірі.

Мазмұны

Кіріспе

1.1. Оқушылардың әдеби-теориялық ұғымдарын қалыптастырудың маңызы

1.2. Көркем мәтін құрылысын сыныптар бойынша таныту

1.3. Жанр түрлерін таныту

1.3.1. Ауыз әдебиеті жанрларының ерекшелігі (ертегі; жұмбақ; мақал.)

1.3.2. Лирика жанрын ұғындыру

1.3.3. Эпикалық жанр түрлерін оқыту (мысал; әңгіме;  повесть; роман.)

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер

 

Кіріспе

Әдебиет пәнінің мақсаттары мен міндеттері. Қазақ мектебіндегі қазақ әдебиеті пәні – білімдік, тәрбиелік үлкен жүк көтеретін, әр жақты қызметтер атқаратын ең маңызды пәндердің бірі.

Әдебиет пәнінің негізі – көркем шығарма.  Ал шынайы көркем туындыда адамзаттың асыл арманы, ұшқыр қиялы, ел басынан өткерген қилы-қилы оқиғалар, сол жолдағы күрес-тартыстары, өмір белестері,елдің ерлік дәстүрлері, халық тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, ырым-жоралғылары, психологиясы, кең дала табиғаты кескінделген.  Сондықтан ол – оқушы зердесіне замана болмысын, дәуірдің тынысын бейнелейтін  «өмір оқулығың, халқымыздың көркем тарихы.

Оқушы көркем әдебиеттен әрқайсысы өзіндік қайталанбас ұғым-нанымымен, сенім-арманымен, өкініш-опығымен, қуаныш-қызығымен, арпалыс-тартысымен, ерлік-ездігімен, жақсылық-жауыздығымен, биігі-осалдығымен, сұмдық-қулығымен, ақ ниет, адал пейілімен, бар тіршілік болмысымен көрінген талай тағдырлармен танысады. Соның бәрі жазушының жан толғанысымен беріледі де, оқырманын енжар қалдыра алмайды.

Әдебиет пәні — мектептегі негізгі эстетикалық пән. Ол оқушы бойында биік эстетикалық талғамды дамытады, өнер туындысындағы, табиғаттағы, адамдар қарым-қатынасындағы жарасымдылық пен әсемдікті тани да ұға білуге, дұрыс бағалауға, олардан жан ләззатын тауып әсерленуге, терең пайымдауға үйретеді. Оқушылардың адамгершілік-эстетикалық мұраттарын, көркем талғамы мен қажеттіліктерін осы негізде қалыптастыруды көздейді.

Сонымен бірге ол — өмір танудың ерекше құралы, көркем әдебиетке деген оқырмандардың сүйіспеншілігін, ынта-ықыласын оята отырып, оқырмандық мәдениетті қалыптастырып, оқырмандық тәжірибені дамытуы тиіс. Оқырмандық мәдениеті биік оқушыда тек көркем шығармаға ғана емес, өнердің әр түрлі құндылықтарына деген қызығушылығы, жалпы, кітаппен кездесуге деген  тұрақты қажеттілігі, сұранысы пайда болады; кітапты өз бетімен оқуға дайындалады. Ал мұның өзі, бір жағынан, үзіліссіз әдеби білім беруді қамтамасыз етудің, екінші жағынан, қоғамның рухани мәдениетін көтерудің де шарты болмақ.

Әдебиет пәні оқушыны өнер туындысын тануына, оны ой көзімен пайымдауға қажетті біліммен, біліктілік дағдылармен қаруландырып, оқырмандық тәжірибені қалыптастырады; оқушыда көркем образды қабылдауға қажетті сезім сергектігін дамыған шығармашылық қиял мен оқыған шығарманы (жеке көріністі) көз алдына қайта жаңғыртып елестете алу қабілетін; кейіпкер тағдырына ортақтаса білу, шығарманы бар нәрімен терең қабылдап, тебірене әсерлене білуді; шығарманы мазмұн мен түр бірлігінде, көркемдік тұтастықта қабылдай білуді; шығармада кескінделген мінездер сырын, шығарма идеясын; жазушы позициясын шығарма арқауына сүйене отырып ашуды; шығарманы бағалауды негіздей білуді; өзіндік ой-толғамында дербестікті, идеялық-көркемдік құндылығы жоғары туындыларды ғана қалайтын оқырмандық талғампаздықты, түрлі жазушылар шығармашылығын, шығармаларын салыстыра отырып қарастыра білу біліктіліктерін қалыптастыруды көздейді.

Оқушылардың ауызша-жазбаша тілін дамыту, ойын ауызша-жазбаша келістіріп, жүйелі де дәлелді баяндай білуге үйрету мәселелері де әдебиет пәнінің басты бір міндеті. Міне, өнер туындысы ой мен сезімге, сана мен жүрекке бірдей күшті әсер ететін осындай сипаттарымен терең бағаланады. Сондықтан да әдеби білімге көптеген міндеттер жүктеледі. Алайда көркем шығарманың идеологиялық, эмоциялық, адамгершілік, өміртанытқыштық ішкі қуаты оқушы игілігіне оның өзіндік «меніненң жеке түйсігі мен тәжірибесінен өту арқылы ғана айналады.

Әдебиет пәні – қоғамтанудың басты құралдарының бірі. Әрбір шығарманың өзінен ұғым, нәр, ләззат ала білмеген оқушының жан дүниесі ойдағыдай өсіп жетілмейді. Әрбір оқушы жанында көркем шығарманы қызығып оқитын ынта туса бұл білімнің басы.

Ендеше оқу-тәрбие жұмысының негізгі әдісі – баяндау мен сөзге құрылған бақылау емес, дидактика заңдарын терең қолданып, жаттықтыру, яғни білімді мазмұннан туғызып, дағдыға айналдыру. Я.А.Коменский сол үшін мектепті жаттығу орнына балаған. Бірақ жаттығулар оқушының жүгін ауырлатып, түк бермейтін формальдық, мағынасыз жұмыстар емес, білімділікке жетелейтін жаттығу болуы тиіс.

Кейбіреулер білім сыныпта, тәрбие сыныптан тыс жұмыстар арқылы беріледі деп, осы егіз іс арасына өткел қояды. Сабақ кезінде мұғалім материалдан (мәтіннен) бұрын оның формасын (талдау) үйретеді. Тәрбие ең алдымен пәннен (білімнен) нәр алады. Мұндай жайларға мұғалім тереңірек үңілуге тиіс. Өйткені тарихи желіде талданған әрбір әдеби шығарманың патриоттық тәрбиеге қосатын өзіндік үлесі бар.

Сонымен, сабақты сапалы етіп өту үшін әрбір мұғалім ең алдымен оқыту теориясына (методологиясына), сөз оқуы мен зат оқуының айырмасына жетік болуы тиіс.  Сонда оған сабақтың теориясы мен практикасы айқын болады.  Мұғалім методика, педагогика, психология ғылымдарына бірдей сүйенеді.  «Дидактикаң дегеннің мағынасы – бір ғана тәжірибешілдік емес, материалистік оқудың тұтас теориясы мен жүйесі. Оны қазақтың ұлы педагогі Ы.Алтынсарин біртұтас әдіс деп атаған еді.

Шәкірттің ойлау қабілетін дамытуға оқытудың проблемалы сипатта болуы ерекше әсер етеді.  Проблемалық оқу – оқушыға беретін білімнің бәрін мұғалімнің өзі баяндап бермей, олардың алдына сұрау салып , мәселе қойып , соны өздігінше шешуге бағыттау.

Әрине, кез-келген сұрақ проблемалы бола бермейді. Проблемалық сұрақ – білетін мен білмейтіннің арасындағы қайшылықты іздеу, оны шешуге қажетті жетіспей тұрған тәсілді табу. Бұлай оқытудың басты жолы – оқушыны дұрыс ойлай білуге баулу. Бұл жерде материалға сай дұрыс сұрақ қоя білудің де маңызы зор. Ойлауда қарама-қайшылықтың пайда болуы проблеманың тууына жағдай жасайды, затты не құбылысты дербес алып қарауға мүмкіндік береді. Ойлауда диалектикалық қайшылықтың болуы оқушының өз бетінше жұмыс істеуіне түрткі болып, содан барып мәселені шешуді керек ететін проблема туады. Сөйтіп білетін мен білмейтіннің арасында қайшылықтар туындайды да, сол мезетте дайын тәсіл болмағандықтан өзекті мәселе туындайды, сөйтіп оқушының ізденімпаздық әрекеті мен ынтасы арта түседі.

Сонымен бірге, мұғалім шәкірт ойлауындағы дара айырмашылықтарды да, яғни олардың ой тәсілдерінің (талдау, жинақтау, салыстыру, жалпылау, жүйелеу т.б.) түрліше болатындығын да есте ұстауы тиіс.

Білім жүйесін меңгеру – күрделі ой жұмысының нәтижесі. Бұл ойлау тәсілдері мен формалары (ұғым, пікір, ой қорытындылары) арқылы жүзеге асады. Ақыл-ойдың басты формасы – ұғым. Бұл айналадағы заттардың мәнді, негізгі белгілері туралы қарапайым ой.  Шәкірттің оқу үстінде меңгерген ұғымдарының қалыптасу жолы бірнеше басқыштан өтеді. Алғашында бала меңгерген ұғымның аумағы тар, мазмұны да кейіннен тереңдейді. Ұғымды меңгеру сөз арқылы іске асады. Сөз – ұғымның материалдық қабығы. Ұғым бір сөзбен де, бірнеше сөзбен де беріледі, оның нақты не абстрактілі жалаң, не күрделі екендігі тек контексте ғана айқындалады. Шәкірттің танымдық ұғымын берік қалыптастырмайынша оларға жүйелі білім беру қиынға соғады.

Осылайша ойлау тәсілдерін тиімді пайдаланумен шәкірттер өздері ұғынуға тиісті заттар мен фактілерді саралап, салыстырып, жекелеген құбылыстардың не себептен туындайтынын, яғни оның шығу төркінін, себептерін іздестіретін болады, оқушы мұғалім сұрағына тек жауап беріп қана қоймай, оған өздері де сұрақ қойып, мәселені өз бетінше шеше білуге машықтанады.

1.1. Оқушылардың әдеби-теориялық ұғымдарын қалыптастырудың маңызы

5-7 сыныптарда әдебиет теориясынан мәлімет беруде көзделетін мақсат пен кезекте тұрған міндет – оқушының әдеби-теориялық мәселелер жайындағы  негізгі ұғымдарын қалыптастырып, соның нәтижесінде оларға әдебиет тану ғылымының негізінен білім беріп шығару және патриоттық рухта тәрбиелеуге негізделеді.  Бұл міндетті тек жалаң әдебиет теориясын оқыту мен орындап шығу мүмкін емес. Демек,  әдеби-теориялық мәселелер көркем әдебиетті, соның ішінде әдеби шығармаларды оқып үйрену негізінде үйретіліп қалыптастырылады. Нәтижесінде әдеби білім мен тәрбиелік процесс бірінен-бірі ажырамай, оқшауланбай өзара жымдасып бір тұтас жүйемен жүзеге асып отырады. Мұның өзі әдебиет теориясы мектепте дербес пән ретінде оқылмайды, бағдарламалық материалдарды өтумен байланысты үйретіледі деп табиғи принциптен келіп туады. Әрине, кейбір күрделірек әдеби-теориялық ұғымдар кейде, ретті жерінде, өтілген және өтіліп отырған әдеби материалдың негізінде өз алдына дербес сабақ болып өтілуі де мүмкін. Бұдан әдебиет теориясын оқытудың негізгі принципіне келетін зиян жоқ, қайта оқушылардың оқу материалдарын толық түсінуіне жағдай туғызады.

Оқушылардың әдебиет теориясынан алатын білім көлемі әр сыныптың бағдарламасында мөлшерлі түрде көрсетілген және оқулық-хрестоматиясына енгізілген. Алайда бұл мәселе әлі тиянақты шешілмей келеді.

5-7 сынып бағдарламасында  әдебиет теориясынан берілетін білім жиынтығын мөлшерлеп белгілегенде, алдымен оқушылардың жас ерекшелігі, білім көлемі, әр сыныпта өтілетін әдеби материалдық ерекшеліктері ескеріледі.

Егер де әдебиет теориясынан қазіргі қолданып жүрген әдебиет бағдарламасында келтірілген білім жиынтығын талдап қарағанда, онда көркем әдебиет, әдеби шығарма, әдебиеттік процесс туралы ілімнің әрқайсысынан мағлұмат берілген. Бұл әдеби-теориялық мағлұматтарды әр сала бойынша әр сыныпқа мөлшерлеп бөлгенде, төмендегідей 6 жүйемен жүргізіледі:

а) ауыз әдебиет пен жазба әдебиет, шығармалар мен ақын-жазушылар туралы,

ә) шығарманың құрамды элементтері (көркемдік компоненттері туралы);

б) шығарманың сюжеті мен композициялық құрылысы туралы;

в) шығарманың тіл көркемдігі мен сөйлем, стиль ерекшеліктері туралы;

г) өлең сөз және қазақ өлең құрылысы туралы;

д) әдебиеттік мәтіндер мен жанрлар туралы;

Енді осы мәселелердің әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық. Шығарма және ақын, жазушы туралы мәселелерге келгенде, 5-сыныпта жазба әдеби шығармамен қатар қазақтың халықтық ауыз әдебиетінің нұсқалары да өтіледі (мақал-мәтел, жұмбақ, ертегі, айтыс үлгілері). Осыларды оқып үйренумен  байланысты халықтың ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасында қандай түбегейлі айырмашылық барлығын  айыра білуге алғашқы бақылаулар жасалады. Ал ақын-жазушылардың шығармаларын өткенде, олардың идеялық мағвынасын аңғара білуге назар аударылады.

6-сыныпта оқушылардың бұл жөніндегі алған ұғымдары әрі қарай жалғастырылып, енді автордың өз шығармасында суреттелетін кейіпкердің қайсысына қалай қарайтыны (қарым-қатынасы) байқатылады.  Сонымен бірге, олардың өмір-тіршілік жағдайына автордың көзқарасы қандай екеніне бақылау жасатылады. Сондай-ақ әдеби шығарманың жарық көруіне негіз болған тарихи фактілерді де түсіне білуге үйретіледі.

7-сыныпта ақын, жазушылардың өмірбаяны. Оның дүниетанымы, көзқарасы туралы ұғым беріледі. Өмір шындығы юморлық және сатиралық тәсілмен қалай суреттелетінін аңғарады. Оқушылардың көркем әдебиет, әдеби шығарма және ақын, жазушы жоғарыда өткен сыныптарда алған білім-дағдылары ілгері дамытылып тереңдей түседі, жинақталып тұжырымдалады. Мысалы, бұл сыныпта оқушылар көркем әдебиет сөз өнері екені, онда өмір құбылысын көркемдеп суреттеудің шыншылдығы, типтілігі, әдебиеттің халықтығы, идеялылығы сияқты мәселелермен танысады. Әдебиеттегі жағымды образ туралы ұғым алып, жазушының шығармасында қолданылатын ирония мен сарказм сияқты көркемдік тәсілдерін байқап біледі.

Оқушыларға әдебиет теориясынан берілетін білімнің      2 саласына көркем шығарманың құрамды элементтері жатады. 5-сыныпта лайықты әдеби шығарманы оқып үйрену негізінде оқушылар баяндау мен суреттеу туралы жалпы ұғым алады; шығармадағы кейіпкерлер мен оқиғаларды тауып ажырата білуге үйренеді.

6-сыныпта оқушылардың суреттеу туралы ұғымдары кеңейтіліп, портрет, пейзаж, авторлық мінездеу туралы түсінік беріледі. Баяндау мен суреттеудің үстіне диалогпен танысып, оның шығармадағы кейіпкерлердің мінез-құлқын ашудың бір құралы, тетігі екндігін аңғарып бақылайтын болады.

7-сыныпта бұлармен қатар лирикалық монологтың айрықша (өзіне тән) белгісіне бақылау жүргізіледі және эпиграф туралы ұғым беріледі. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы туралы, зат-жағдай бейнеленген суреттеу туралы ұғым беріледі. Әдеби шығарманың тақырыбы мен идеясы туралы ұғым беріледі, шамамен айтқанда, 7-сыныпты бітірген оқушы көркем шығарманың құрамды элементтері жөнінде осы көлемде ұғым алып шығады.

Келесі сала – шығарманың сюжеті мен композициялық құрылымына байланысты мәселелер. Бұлар да жоғарыда айтылған шығарманың құрамды элементіне жатады. Бірақ композиция мен сюжет шығарманы талдаудағы күнделікті мәселелердің қатарына жататындығын , оқушылардың бұл жөніндегі ұғымдарын бірте-бірте сатылап қалыптастыру жолы айқын көрініп тұруы үшін, өз алдына жеке алып қарастырылады. Мысалы 5-сынып оқушыларына композиция деген атау (термин) айтылмайды, яғни қолданылмайды. Оқушы шығарманың композициялық құрылысын оның жай және күрделі жоспарын тізу арқылы танысады. Осының нәтижесінде шығарманы құрап, оған тұтастық сипат беріп тұрған негізгі бөлімнің арасындағы байланысын айырып біледі. Ол үшін бағдарламадағы  өлең сөз түріндегі және прозалық шығарманың қолайлылары таңдап алынады. Бірақ алынатын мәтіннің (шығарманың) жоспары айқын, сара болуы шарт.

6-сыныпта шығарманың композициялық құрылысына байланысты ұғым кеңейтіле түседі. Шығарманың құрылысымен танысу барысында , ондағы табиғат суретінен (пейзаждың) және басқа да көркемдік композицияның (элементерінің ) қандай роль атқарып тұрғанын айырып біледі. Өйткені шығармадағы оқиғаға кейіпкердің күйініш-сүйінішіне байланысты пейзаждың атқаратын ролі алуан түрлі және ол шығармалардың идеялық-тақырыптық мазмұнына бағынышты болады, яғни соған икемдей беріледі. Сондай-ақ оқушылар шығарманың қорытынды бөлімі композицияның құрамында қандай роль атқарып тұрғанымен де танысады. Қорытынды бөлімге баяндау түрінде жазылған көлемді шығармада кейде эпилог, драмалық шығармада немесе спектакльде апофеоз, яғни пьесаның соңғы суреті жатады. Мұндай сурет оқиғаның салтанатты түрде аяқталатын мадақтау, оның қаһармандарын мақтаумен аяқталады. Ал лирикалық өлең-жырларда  қорытынды бөлімнің ролін соңғы тармақ не шумақ атқарып тұрады. Мысал өлеңдерде бұған қорытылған түйінді пікір , ақыл-өсиет сөз жатады. Кейде шығарманың қорытынды бөлімінің ролін қайталаудың бір түрі эпифора да атқарады. Мұндай өлең тармақтарының соңында ылғи бір сөз қайталанады. Бұл көркем тәсіл поэтикалық тілдің әуезділігін, өрнектілігін күшейту мақсатында қолданады.

1.2. Көркем мәтін құрылысын сыныптар бойынша таныту

Көркем шығарма құрылысы 5-сыныпта ең жеңіл ұғыммен танытыла бастайды. Әр түрлі көлемдегі мәтіндердің табиғи жүйесін ашу композицияны танытудың алғашқы бастамасы болады. Көркем шығарманың негізгі бейнелейтін пәні адам болғандықтан, ол әрекет үстінде көрінеді де,  адамдардың өзара қарым-қатысы, әрекеті, ой-арманы, кескін-келбеті, мақсатына жетудегі істері баяндалады, өмір көріністері бейнеленеді. Соларды бейнелеуде сөз шебері қандай көркем тілді қолданды, міне, осылардың бәрі көркем мәтіннің құрамды бөлігі (компоненті) болып есептеледі.

5-сыныпта көркем мәтіннің құрылысын талдауды жеңіл түрде де, күрделендіріп те жүргізу мұғалімнің қолында. 5-сыныптағы шәкірт мәтіндегі көзге түсетін елеулі кейіпкерлердің жарқын әрекетін, мінезін жеңіл аңғарады, бірақ барлығы бірдей сол кейіпкердің ісін, мінезін бір дәрежеде ұғынады деуге болмайды. Тәжірибеде 10-11 жастағы шәкірттің мәтіндегі өте мәнді нәрселерді, эпизодтық оқиғалар байланысын аңғармай қалуы кездесе береді. Сондықтан да мұғалімнің басты міндеті – көркем мәтіндегі оқиғалардың байланыса дамуына көңіл аударту. Осының өзі – мәтін композициясын танытудың амалы. Жалпы композицияны танытудың түпкі мақсаты бүтінді бөлшектей беру емес, сол бүтіннің қандай бөлшектерден тұратынын, солардың табиғи үйлесімі нәтижесінде мәтіннің негізгі идеялық түйінін танытуға әкеледі.

«Керқұла атты Кендебайң  ертегісінің құрылысындағы кейбір компоненттің рөлін ашқан кезде сұрақ-жауап түріндегі мысалдар тек қана композицияға қатысты жұмыс түрлері болмақ. Мұғалімнің бағдарлағыш, оқушыға ой салғыш, шағын проблемалы  ситуация туғызатындай сұрағының  мәні ерекше. Оқушы жауабының бір ұшы сұрақта жатады.

  • Кендебай сиырларды сирағынан ұстап аралға лақтырып жатқанда, ханның қызы оған не деді?
  • Қырасың ғой малды, күндегідей: «Айрылғырдың суы айырылң, — деп неге айтпайсың дейді.
  • Егер хан қызы осылай демесе, ертегіде не болар еді?
  • Онда Кендебай сиырларды лақтырамын деп өлтіріп алар еді.
  • Дұрыс. Егер ханның қызы осылай деп ескертпесе, Кендебай ханның сиырларын өлтіріп алар еді де, хан оны жазаға тартар еді. Ондай жағдай болмас үшін , хан қызының ескертуі өте керекті сөз екен.Бұл сөз айтылмаса, Кендебайдың тағдыры өзгеріп кетуі мүмкін.

Кейіпкерлер сөзінің рөлін көрсету үшін тағы бір мысал:

  • Кендебайдың алтын құйрықты алып қалуына не себеп болды?
  • Ханның балаларына қара биені күзетіңдер деуі себеп болды.
  • Кендебайдың жеті басты дәу мен арыстанды жеңуіне не себеп болды?
  • Ханның құлынды тауып келіңдер деген сөзі себеп болды.
  • Егер хан ондай тапсырмалар бермегенде, Кендебайдың ерлік істері де болмас еді. Сондықтан бұл сөздерді ертегіден қысқартып не алып тастауға болмайды екен.

Осылай сұрақ қойып, әңгіме жүргізудегі мақсат ертегі композициясының басты компоненті – кейіпкерлер сөзінің рөлін көрсету. Олардың сөзінің ертегі оқиғасының дамуына негізгі қозғаушы күш екенін оқушыға жеткізу. Жұмыстың бұндай түрі – ертегі композициясын танытудың басты амалы. Шығарма құрылысының басқа бөліктерін бір сабақта дәлелдеп беру мүмкін емес.

5- сыныптағы мәтіндердің алғашқы тобы – ертегілер. Ертегі кейіпкерлерінің сөзі – оқиғаны дамытуға қозғаушы компонент. Кейіпкер сөздеріне назар аударту үшін әр кейіпкер сөзін әр оқушыға оқытып, оның оқиғаның дамытуға қандай әсері бар екеніне көз жеткізіледі.

Тәжірибеде жиі қолданылатын мәтінге жоспа жасау жұмысы композицияны танытудың бастамасы екені белгілі. Бірақ барлық жағдайда мәтіннің жоспары композицияны танытудың орнына жүре алмайды. Жоспарды мәтіннің композициялық құрылысы деп ұғынуға болмайды. Мысалы, «Толағайң ертегісінің сюжеттік жоспарын шамамен былай құруға болады:

1.Толағайдың дүниеге келуі.

2.Жас баланың алып болып өсуі.

3.Әкесімен аңға шығуы.

4.Толағайдың ұйықтап қалуы.

5.Әкеге төнген қауіп.

6.Жолбарыспен айқас.

7.Ел күйзелісі.

8.Толағайдың жаңбыр іздеудегі әрекеті.

9.Ел қуанышы.

10.Толағайдың өлімі.

11.Толағай ел аузында.

Енді ертегінің композициялық жүйесін ашып көрсек, Толағайдың бейнесі мен себеп-салдарлы әрекеті саралана түседі.

Ерегі жүйесінің тізбегі:

І- бөлім:

1.Автор: «Ертек айтып берейік

2.Ертістегі Саржан мерген.

3.Ақылды Айсұлу сипаты.

4.Саржанның балалы болуы.

5.Жақсы тілек, ат қою.

6.Жас Толағай    сипаты.

7.Үлкендер: «Алып боларң.

8.Толағай аңда.

9.Әкесімен көлге келуі.

10.Толағай «Дем алып алайынң.

11.Әкесі: «Ұйықта, қозымң

12.Көл сипаты.

13.Жолбарыс сипаты.

14.Әкесі: «Өлдім, балам?ң.

15.Жолбарысты лақтыру.

16.Әке мен бала сүйсінуі.

ІІ –бөлім

1.Ел күйзелісі.

2.Толағайдың ойы.

3.Анасына сұрағы.

4.Ана жауабы.

5.Толағай шешімі.

6.Тау шатқалын көтеріп әкелу.

7.Халық қуанышы.

8.Толағайдың соңғы сөзі «Апа!ң

9.Ел қайғысы.

10.Күн мен түн сипаты.

11.Толағай тауы, табиғаты, (желі, Шалғыны, жаңбыры)

«Толағайң ертегісін оқытуға арналған соңғы сабақта бұрын өтілген «Керқұла атты Кендебайменң салыстырып, ұқсастық жағын ашуға жалпы ертегі композициясына тән ортақ сипаттарға көз жеткізуге болады.Ол үшін мұғалім мынадай сұрақтар қойып, соларға лайықты жауаптар алуы мүмкін.

  • Кендебай қандай болып өсті?
  • Күшті алып, мерген болып өсті.
  • Толағай қалай өсті?
  • Толағай да алып әрі мерген.
  • Кендебай көкжал бөрімен қалай айқасты?
  • Құйрығынан ұстап, лақтырып жіберді?
  • Толағай әкесін қалай құтқарды?
  • Ол да жолбарысты лақтырып жіберді.
  • Осы жас алыптар өскен сайын бұдан да күшті болуы мүмкін бе?
  • Мүмкін.
  • Оны қайдан көреміз?
  • Кендебай дәуді жеңсе, Толағай тауды көтере алды.
  • Кендебайдың қайырымдылығын, жақсылығын қайдан көреміз?
  • Қойшы баланың әкесін тұтқыннан босатты, ата-анасын қуантты.
  • Ал Толағай өз елін қалай қуантты?
  • Тауды жаңбырымен көтеріп әкеліп, елін қуанышқа кенелдірді.
  • Балалар, әр ертегінің оқиғасы әр түрлі болғанмен екі ертегіге тән бірімен-бірі ұқсас келетін осындай ерекшелігі болады. Бұл басқа да ертегілерден байқалуы мүмкін. Ертегі кейіпкерлерінің өсуі, әрекеті шындықтағыдан гөрі әсірелене суреттеледі.

«Аяз биң ертегісінің құрылысы бір-бірімен тығыз байланысты 3 бөліктен тұрады.Онда бірнеше эпизод бар. Эпизод дегеніміз – оқиғаның енді бөлінбейтін ең кішкене бөлшегі, кейіпкерлер әрекетінің жарқын кезеңдері. Мысалы, аңда жүрген ханның қойшы шалмен әңгімесі – диалогқа құрылған бір эпизод. Ертегінің сюжет жүйесін қарастырсақ, кейіпкерлердің қарым-қатысынан бірімен-бірі сабақтасып жатқан әрекеттер тізбегін анықтаймыз. Осы жұмыстар —  ертегі композициясын таныту  деген сөз. Жаман адамның бастан кешкендері, ақылдылығы, уәдеге тұрғыштығы, сөз тапқырлығы кездейсоқ емес, біріне-бірі байланысты эпизодтар тізбегімен баяндалады.  Бұның өзі кейіпкер әрекеттерін баяндаудан сюжет құралатынын ұғындыру болады. Сюжет өрісі көбіне хан, уәзір, Жаман, Меңділер сөзімен дами келе, олардың әрекеті ара-тұра суреттеусіз жай сөзбен баяндалып отыратынын әңгімелеу арқылы мұғалім ертегінің  негізгі компоненттері диалог пен баяндаудан  тұратынын аңғартады. Кейіпкер диалогтары – сюжеттің өрістеуіне ерекше қызмет етіп тұрған компонент. Ертегінің үштен екі бөлігі кейіпкер сөзінен тұрса, баяндаушы сөзі – ертегінің үштен бір бөлігі. Бұдан әрі мұғалім ертегі құрылысындағы халық мақалдары мен бейнелі, тұспал, жұмбақ сөздердің де қалай болса солай айтылмай , кейіпкер әрекетіне, сөзіне сай келіп отыратынын дәлелдейді. Ертегідегі қайрақ, пышақ, гауһар тас, «аш арыстанң, хан мен шалдың жұмбақ әңгімелері де Жаманның не Меңді сұлудың ақылдылығын дәлелдеу үшін, сюжетті толықтыратын мағыналы да көркем сөздер екені әңгімеленеді. Ертегіні оқытудың соңғы сабағында мұғалім ертегі идеясын анықтайды. Сонда ақылдылық, даналық, байлыққа, атаққа негізделмей, өмірді білуден, үйренуден ттуатыны, қандай іс болса да ақылмен шешуге болатыны, жауыздық, күншілдік әрдайым даналық алдында тізе бүгетіні дәлелденеді. Ертегінің түйінді ойы халықтан шыққан осындай даналар ел басқарса  деген халық тілегі көрінетіні ашылады. Ертегі жүйесінде көңіл аударылатын нәрсе – ханның өмір тарихы. Бірақ бұл ертегі басында айтылмайды. «Ертегі ханның өмір тарихынан басталса, қайтер еді?ң — деп оқушыны ойлантып қоюға да болады. Хан анасын шақыртқанда, анасы оның қалай хан болғанын, әкесінің жауыздығынан, өз басына төнген қауіптен құтылу үшін істеген амалын айтып береді. Ханның өз алдына әңгіме боларлық өмірбаяндық тарихы сияқты ертегінің бір бөлігі деуге болады. Бұл сюжет жүйесінде Жаманның тапқырлығына дәлел сияқтанып, хан анасы аузынан айтылған әңгіме боп берілгенін де таныстыру керек.

Мұғалім оқушыларға «Аяз биң ертегісінің 2 – бөлімінен (мұнда өз алдына айқын танылатын сюжет белгісі бар) сюжеттің тұрақты элементтеріне бақылау жасап келуді тапсырады. Ондай жұмыстың өтілген материалды қайталауда да әрі сюжет ерекшелігін бекіте түсуге  де пайдасы тиеді. Бірақ бұндай тапсырма үшін кез келген мәтінді ұсынуға болмайды.

Сюжет желісіне бақылау жасалған сабақ нәтижесін келтірейік:

1.Жаманның ақ боз үйдің сырын білуі –оқиғаның басы

2.Жаманның ойы –    оқиғаның   байланысуы,

3.Қыз жұмбағын шешуі –

4.Қыздың Жаманды шақыртуы —         дамуы.

5.Жаманның қолға түсіп қалуы —  оқиғаның шиеленісуі.

6.Жаманның дарға асылуы —  оқиғаның шарықтау шегі.

7.Қыз жұмбағының  сырын айтуы – оқиғаның шешілуі.

Осындай бақылау, жаттығулар жасау арқылы сюжеттің  басталуы, байланыса дамуы, шиеленісе барып шешілуі деген табиғи заңдылықты жақсы танытады. Сюжеттік оқиғаның бұл заңдылығы кейіпкенрлердің қатысымен болатынын түсінеді және оның заңдылығын жақсы меңгеру логикалық жүйеге төселдіреді.

6-сыныпта да көлемі және формасы әр түрлі шығармадағы әрекеттің  өрістеу себептері , кейіпкерлері, оқиға желісінің дамуы, қосымша көріністер, суреттеулер танытылады. Олардың бәрін бір идеяға  (түйінге) келтіріп тұрған нәрсе композиция екеніне көз жеткізіледі.

«Қобыланды батырң жыры. Жырдың негізгі тақырыбы — өз елін, өз жерін сыртқы жаудан қорғау. Жырдағы өзекті ой – «ел намысы – ер намысың. .Қобыланды өз басының қамы емес, бүкіл елдің бүтіндігін, тәуелсіздігін ойлайды. Қолына сол үшін қару алады, жауға қарсы аттанады. Жырдың идеялық–көркемдік мазмұны, негізінен, Қобыланды бейнесі арқылы көрінген. Халықтық арман да осы арқылы берілген. Оның арманы – «Қараспан тауын жайлаған қалың қыпшақ қамың, ел қамы. Сондықтан да «Қобыландының тілегін бүкіл қыпшақ тілейдің. Ол жауға аттанарда «жіберуге қимай, жиылып жұрты жылайдың. Артында қалып бара жатқан ата-анасын , қарындасы Қарлығаш пен өмірлік жары Құртқаны «Сендерді мұнда жылатпас, қалың қыпшақ қарындасң  деп жұбатады.

Халық Қобыланды бойына батырлықты жастайынан дарытқан. Алты жасында қолына қару ұстатады, жанына болат байлатады, садақ ілдіреді. Ол – аңшы. «Қаршығасы қолында, құмай тазы соңында, көрсе киік аулайдың. Ол – мерген. «Ай астындағы теңгені екі бөліп ұшырадың.

Батырдың өскен ортасы да оның мінезінің қалыптасуына ықпал етеді. Ол ыстық-суықты малшыларымен бірге кешіп, шынығып өседі. Бойындағы жақсы қасиеттер еңбек адамдары арасында қалыптасады. Оны ерлікке баулыған «Тоқтарбайдың тоқсан құлы мен Естемесң жырда.

Естемес деген ер еді,

Естемес ерің баулыды…

Деп Қобыланды бойындағы жақсы қасиеттерді солармен байланыстырады. Мұғалім халық даналығы ерлікті де, адамгершілікті де еңбекпен байланыстыратындығына оқушылар көңілін аударады.

Жырда Қобыланды тек батырлық, ерлігімен ғана емес, бүкіл жан жылуымен, адамгершілігімен де көрінген. Мұғалім мұны да жыр құрылымына ене отырып оқушыларға танытуы керек.

Елін Алшағыр шауып кетті дегенде, батырдың «көзінің жасы мөлтілдепң, елі үшін белі қайысады.  Шапқыншылыққа ұшыраған еліне жаны елжіреуі , намысқа мініп жауына қарсы аттануы жырда нанымды көрсетілген. Мұғалім оқушылардың эстетикалық-эмоциялық сезіміне әсер ету үшін, жырдың сол тұстарынан үзінді оқып беруі керек.

Сөйтіп, мұғалім Қобыланды батыр бойындағы жақсы қасиеттерді – оның адамгершілік, ерлік мінездерін жырдың нақты оқиғасына ене отырып баяндаса, оқушылар елі үшін еңіреген ер мінезіне сүйсінер еді.  Бұл тақырып бойынша мұғалім төмендегідей сұрақтар мен тапсырмалар беруіне болады.

1.Қобыландының балалық шағы. Оның бойына жақсы қасиеттердің қалыптасуына өскен ортасының әсері.

2.Жауға аттанарда ата-анасымен, қарындасы Қарлығашпен, сүйікті жары Құртқамен қоштасқан жерінде Қобыланды мінезінің қандай жақсы жақтары ашылған?

  1. Жыр халықтың қандай арманынан туған?
  2. Қобыландының ерлік, батырлық сипаттары жырдың қандай оқиғалары үстінде ашылады?

Жалпы батырлар жырын соның ішінде «Қобыланды батырң жырын оқытқанда оларды тек өткен өмірдің ізі ретінде ғана қарамай, соның бүгінгі өмірмен үндесу жағына зер салу абзал. Олардағы үлкен ой түйіні қазіргі ұрпағымызға да тіл қатады. Батырлар жырындағы елін, халқын сүю, адалдық, адамгершілік, риясыз достық сияқты азаматтық сарын біздің заманымызға жетті.

«Қобыланды батырң жыры бойынша оқушыларға төмендегідей сұрақтар мен тапсырмалар беруге болады:

  1. «Қобыланды батырң жырын неге эпостық жырға жатқызамыз, дәлелдеп айтып беріңдер
  2. Жырдың тақырыбы, ол тақырып халықтың қандай арманынан туған?
  3. Қобыланды бойындағы қас батырға тән мінездер, қимылдар жырда қалай көрсетілген?
  4. Қараманның жырдағы іс-әрекетіне сай оған сипаттама беріңдер.
  5. Жырда әйелдер бейнесі қалай суреттелген?
  6. Тайбурылды суреттеудегі ақындық көркемдік тәсіл , оның ұтымдылығы.

Эпостық жырларды оқыту барысында мұғалім оқушыларды патриотизмге тәрбиелеу мәселесіне көп көңіл бөледі.

7-сыныпта көркем мәтін құрылысын таныту. Сюжет шығармадағы басты компонент дедік. «Барлық гәп характерде. Сюжет кейіпкерлерді жасамайды. Кейіпкерлер өздерінің характерімен сюжетті жасайдың, —  дейді К.Федин. Мұның өзі – М.Горкийдің: «Сюжет дегеніміз – белгілі характердің типтік өсу және қалыптасу тарихың [4. 25], — деген анықтамасына сай келеді.  Яғни  композицияның бірінші элементі сюжет деген  ұғымды  оқушыға танытудың маңызы зор.

«Қозы Көрпеш – Баян сұлуң поэмасы – біздің лиро-эпостық жырларымыздың ішіндегі өзіндік өрнегімен оқшау жыр. Мұны шығыстың да, батыстың да мұңдықтар жайлы трагедияларымен өрелес, биіктес дейміз. Махаббаттың қос егізі – Қозы мен Баян. Жыр солардың тағдырына арналған. Соны арқау еткен. Рушылдық-феодалдық дәуірде жастардың еркін махаббатқа ұмтылуы – сұмдық. Ол –найсаптық, ол – атаның ала жібін аттау, ол – ежелден келе жатқан әдет- ғұрыпты бұзу.

«Қозы Көрпеш –Баян сұлуң — адал да арманды махаббаттың шынайы үлгісі. Халық солар арқылы махаббат бостандығын, жастардың еркіндігін аңсаған. Екеуінің  трагедиялық тағдырын көрсету барысында Қарабайлар мен Қодарлар заманының сұм-сұрқия шындығын әшкерелеген.

Қозы арманы – сүйгеніне қосылу.  Айбас айтқан ақ баянын көрмей, сол аққу құстай жарымен таныспай, оның көңілі тынар емес.

Қодар пиғылы ақ Баянды құшу ғана емес, Қарабайдың ен малына ие болу , оның түпкі ниеті сол.  Ал Қозы болса, ондай қара ниеттен аулақ.

Қарабай тұсында типтік образ жайында түсінік беру ұтымды. Қарабай – ауыз әдебиетіндегі типтік жағдайда жасалынған образ. Малдан басқа арманы жоқ, адамгершіліктен жұрдай, ертелі-кеш малмен еріп, малмен жатып күн кешкен, қараулығында шек жоқ, адамға зәредей жақсылық дегенді білмейтін дүниеқоңыз, безбүйрек, тасбауыр, сараң бейнесін жыршы – ақын тамаша кескіндеген.

Поэмада Қарабай мен Қодар  жаманат дүниесінің екі жағы ретінде көрінеді. Екеуі бірін-бірі толықтырады. Екеуін табыстырған да сұмырай қылық, арам пиғыл.

Мұғалім жырдағы негізгі кейіпкерлердің  мінез-құлығын тереңдей ашу үшін, қажет десе, поэмадағы оқта–текте көрінетін кейіпкерлерге тоқтала кетсе де артық емес.

Поэмадағы кейіпкерлерді оқшау алмай, бір-бірімен байланыста алу қажет, сонда ғана олардың характерін жан-жақты ашуға болады. Сабақ мақсатына қарай шығармадағы әр оқиғаны штрих-детальды іріктеп ала білу, оқушыларды да соған баулу –шығарманы талдаудың өзекті мәселесі. Құр мазмұндау, мәтінге сүйенбей, жалаң баяндау – тану, таныту емес.

Пейзаждың идеялық-көркемдік мәнін таныту.

Табиғат суреті (пейзаж)  — көркем шығарма композициясының құрамды бөлігі. Сөз шебері шығармашылық мақсатына сай пейзаж көріністерін әр түрлі маңызды функцияда қолданады. Ақын-жазушы бірде табиғатқа деген өз басының көңіл-күйін білдірсе , бірде белгілі бір ортаның , жердің сыр-сипатын оқиға-әрекеттің өрістеуіне себепші ретінде бейнелейді.  Келесі бір жағдайда кейіпкердің көңіл-күйіне, мүдделі ісіне қарай құбылтып суреттейді. Сөйтіп, табиғат бейнесі кейде адамның басындағы жағдаймен параллель түрде қатар қойылады да, кейде әсерлі символдық бейнеде танылады. Қандай көркем мәтінде де пейзаж суреті өзінің алуан түрлі сыр-сипаты мен мәтіннің заңды компоненті ретінде идеялық мазмұны мен байланысты болып келеді.

5-7- сыныптарда пейзаждың бірнеше түрі кездеседі. Оқушылар Абайдың пейзаждық өлеңдерімен танысады. Солардың ішінде лирикалық пейзажға тоқталайық.

Ы.Алтынсариннің «Өзенң деген өлеңі лирикалық пейзажға жатады. «Өзенң өлеңінде таудан аққан өзеннің көрінісі, ағысы, тоғай, көк шалғын шөп т.б. мал шаруашылығымен кәсіп еткен көшпелі елдің өмір тіршілігінде өзеннің қандай пайдасы, маңызы барлығын көрсету болса, екіншіден, ақынның туған өлкесінің табиғатын жылы леппен сүйсіне жырлаған сезімін,  көңіл-күйін білдіріп тұр.

Оқушылар әдебиеттік шығармадағы пейзаж, затты, жағдайды суреттеу сияқты компоненттерді шығарманың идеялық-көркемдік мазмұнын айқындауда, ұғынуда да маңызды роль атқаратынын түсінуі қажет.

1.3. Жанр түрлерін таныту

Әдеби теориялық ұғымдарды қалыптастырудың маңызды саласы – жанр түрлерін таныту. Ортаңғы сыныптардың бағдарламалық материалы әр жанрлы ауыз әдебиеті түрлерінен, жеке авторлар шығармаларынан тұрады. Мұғалім көркем мәтіндердің тақырыбы мен кейіпкерлерін, идеялық мазмұнын талдап қана қоймайды. Сол мәтіннің түрін де атап, қай жанрға жататынын, сол жанрдың өзіндік ерекшелігін таныстырып отырады. Жанрлық ерекшелік деген – көркем мәтіннің өзге шығармалардан өзін айырып, танытатын ерекшелік. Ол – тақырыбы мен идеялық мазмұны жағынан ғана емес, өзіндік табиғатынан, баяндалу, бейнелену түрінен де шығарманың  образы, композициясы, тілі, көлемі жағынан да танылады.

Әдебиетті оқытудағы методикалық жұмыс түрлері көркем мәтіннің жанрлық ерекшелігіне де байланысты өзгеріп, алмасып отырады. Жанр табиғаты сабақта қандай әдіс-амалдар қолдануды күні бұрын айқындауды керек етеді.

1.3.1. Ауыз әдебиеті жанрларының ерекшелігін ұғындыру

Ертегі. Әр жанрдың өзіндік белгілерін таныту сыныбына қарай,  дидактикалық заңдылықпен оқу принциптеріне негізделе жүргізіледі. «Керқұла атты Кендебайң, «Толағайң сияқты 4-сыныптағы халық ертегісін оқытудың екінші сабағында кейіпкерлерді ашумен бірге, ертегінің өзіндік белгілері танытылады.

  1. Ерттегі деген сөзінің этимологиялық мәні ашылады;
  2. «Керқұла атты Кендебайң ертегісінің «Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтедең деген дағдылы сөз тіркесінен басталатыны;
  3. Сол ерте заманда болған адамның әлеуметтік тегі кім екендігіне қарай айтылатын ерекшелігі;
  4. Ертегідегі хаиуанаттардың оқиғаға қатысып адамша сөйлейтіні айтылады.

Мұғалім аталған ерекшеліктерді ертегінің өзіне тән белгілері деп таныстырады.

Оқушылардың өздері белетін ертегілерін айтқызу үстінде де  ертегінің ортақ, ұқсас белгілеріне назар аударылады «Толағайң ертегісі бағдарламада аңыз деп көрсетілгенімен, негізінен бұл жазба ертегі түрі болып есептеледі.

Ақын Ә.Тәжібаев «Толағайң  ертегісін: «Ел аузында ертеректен ертек болған қызық бір әңгіме көптен есімде барң, — деп бастайды. Ертегі кейіпкері Толағай да Кендебай сияқты асқан күш иесі болып суреттеледі. Толағай жолбарыстың құйрығынан ұстап лақтырады, тауды көтеріп әкеледі. Толағай мен Кендебайдың әрекеттері өзара ұқсасып, халық тілегіне сай асқан күшпен жақсылық істеп отырады.

Үшінші сабақта  ертегінің өзіндік ерекшелігін танытуға көңіл аударған жөн:

  1. «Баяғы заманда бір жесір кемпір болыпты, кемпірдің жалғаз баласы болыптың деген дағдылы сөйлемдер көбіне ертегі бастамасы болатыны, аяқталуы: «сөйтіп жігіт пен Күнекей ел жұртына жағып барша мұратына жетіптің, — деп дағдылы жақсылықпен аяқталуы де көптеген ертегіге тән екені көрсетіледі.
  2. Ертегінің қиялдан туған ғажайып оқиғаға құрылуы, оның қиялдан туған көріністері: алтын мүйізді киік, жердің жарығын жамау, жердің астына түсі т.б.
  3. Ертегіге тән кейіпкерлер алып, таусоғар, құлағын жерге төсеп тың тыңдағыш, желаяқ, көл жұтар. Ондағы кейіпкерлердің көбіне жалпылай аталатыны, жалқы атымен Күнекей ғана аталса, басқалары жетім беле, кемпір, шал, хан, уәзір деген жалпы есіммен аталуы да ертегі жанрының сипатын білдіреді.
  4. Ертегіге тән жеке сөздер мен сөйлемдерді қайталауларға бақылау жасалады: ханның балаға тапсырмалары, «осыны тауып әкелмесең, басыңды аламынң деген сөзі бірнеше рет қайталанады; ә) баланың алыптармен кездесудегі диалогтары.
  5. Ертегідегі алтын мүйізді киік, алтын ақша, күміс құдық, алтын ағаш, алтын сарай сияқты сөз тіркестеріндегі алтын, күміс сөздерінің ертегіге тән эпитет екендігі танытылады. Осындай асыл бұйымдарды қолына түсіру үшін жауыз ханның балаға жасаған зұлымдықтары ашыла түседі. Сабақ соңында ертегі белгілері жинақталады. «Түйебайң әңгімесімен салыстырып айырмашылығын көрсетуге болады.

Ертегі жанрының айырмашылықтарын, өзіндік ерекшеліктерін теориялық тұрдан түсіндіру үшін салыстыру, саралау жұмыстары, кейіпкерлерге талдама жасау, сипаттама жазу, ертегі мәтінімен жұмыс түрлерін (ертегінің өзіндік ерекшеліктерін танытатын белгілерін таріп жазу т.б.) жүргізуге болады.

Жұмбақ. Бағдарламада халық жұмбақтарының түрлері мен ерекшеліктерін танытуға арнайы сағат бөлінген. Жұмбақтың жанрлық ерекшелігін танытуда көңіл аударарлық нәрселер:

  1. Жұмбақ жасалу үшін ең басты шарт жұмбақталатын нәрсе тура аталмай, ұқсастығына, ісіне, түсіне, құбылысына, көлеміне қарай троптық әдіспен образды түрде ауыстырыл айтылатыны танытылады. Мысалы, «Ақ сандығым (бұлт) ашылды, ішінен жібек жібек шашылдың
  2. Жұмбақ аз сөзбен не өлең ұйқасымен қиысып айтылады. Мысалы, «Ұзын құйрық сауысқан, бір көлдің суын тауысқанң (құдық, қауға).
  3. Жұмбақ айтылғаннан кейін тез шешілуі шарт. Сол үшін өмірдегі құбылыстарға зер салып, ой жүгіртуге, содан шешімін табуға ізденеді. Жұмбақ ойды ұшқырлайды, білмегенді білгізеді. Жұмбақтың білімдік, өмірді танытарлық пайдасы мол.

Мақал. Мақалдың өзіндік ерекшелігін тану, жұмбақ сияқты, шәкірттердің өдері белетін мақалдарын әңгімелеуден басталады. Әр тақырыптағы мақал үлгілерімен 4-сныптан бастап танысады. Мұғалім бірнеше мақалды арнайы қағазға көрнекті етіп жазып,  сынып тақтасына іледі. Мақалдардың мәні жеке-жеке дәлелденеді. Оның мәнін ашу үстінде өзіндік ерекшелігі де әңгімеленеді. Мақал қорын молайтудың, тіл дамытудың бірнеше амалдары бар:

  1. Үйге бірнеше мақал беріп, оның дәлеліне ауызша әңгіме құрап келу. Мысалы, «Ердің атын еңбек шығарадың, «Шебердің қолы ортақ, шешеннің сөзі ортақң т.б.
  2. Мақал тақырыбына үйге не сыныпта шығарма жазу;
  3. Мақал сияқты сөз өнеріне баулу сыныптан тыс жұмыстарда да жүргізіледі. Мақалды үнемі жинастыру тақырыбына қарай жіктеп жазып алу.
  • Лирика жанрын таныту.

Әдебиеттік оқу жүйесінде лирикалық өлеңдер елеулі орын алады. Лирикалық өлең жырларда ақынның өмір шындығына деген әр түрлі көңіл күйі танылады. Адамның психологиялық көңіл күйі  өзінен өзі құбылып өзгермейді. Көңіл күйдің, шаттық сезімнің, қуаныштың  мысқыл ызаның адам бойын билеген ой арманның пайда болуы өмірдің әр алуан көрінісіне, жағдайға, табиғатқа, әлеуметтік ортаға, байланысты туады.

Лирикалық өлеңдерді оқыту мәселесі, онымен атқарылатын жұмыс түрлері өлеңнің тақырыбына, композициялық құрылысына қарай өзгеріп отырады.

Жұмыс түрлер:

  1. Лирикалық өлеңді оқыту алдындағы кіріспе әңгіме. Ол әңгіме ақынның өмірене байланысты болады. Мысалы, Абайдың «Қараша, желтоқсанмен сол бір екі айң өлеңінің туу тарихы туралы М.Әуезовтің «Абай жолың эпопеясында қызықты әңгіме жазылған. Әрине, мұндай шығарма нақты тарихи оқиғаға байланысты айтылмағанымен бұл деректі сабақтағы кіріспе жұмысында пайдалануға әбден болады.
  2. Өлеңді мұғалімнің өзі келістіріп оқуы және оқушыға мәнерлеп оқыт білуі лириканы танытудың бірден-бір әдістемелік жолы деуге болады.
  3. Лирикалық өлеңдегі негізгі мәселені анықтау. Егер суреттер мен көріністер болса, оны қандай сезіммен бергенін ашу.
  4. Осындай өлеңді, мүмкіндігіне қарай, мәтіндес өлеңмен салыстыру.
  5. Лирикалық өлеңнің сюжет белгілеріне, өмір көрінісінің суреттемелеріне қарай оның композициялық құрылсын талдау, ой-пікірдің жүйесін тауып, жоспарын жасау.
  6. Өткір сықақ, әжуа, мысқылды өлеңдердің қоғамдық мәнін ашу;
  7. Өлең тілінің көркемділігіне тоқталып, ақынның образ жасудағы шеберлігін дәлелдеу.
  8. Аллегориялық не символдық бейнедегі лирикалық өлең болса, оның қоғамдық мәнін ашу;
  9. Өлеңнің құрылысы мен ұқсын таныту. Мағынасы ауыр сөздерге түсінік беру.

1.3.3. Эпикалық жанр түрлерін оқыту

Мектеп бағдарламасында орта буын сыныптарда эпикалық жанр түрлерінен мысал өлеңдер, әңгімелер, поветтен үзінділер, романнан үзінділер оқытылады.

Мысал жанрын таныту бастауыш сыныптардан –ақ басталады. Бұл жанрдың табиғаты адамгершілікке шақыру болғандықтан, оның педагогикалық қасиеті мол. Мысал жанрын танытуда көбіне мәнерлеп оқу, рөлге бөліп оқу, мысал мәтініне жоспар құрғызу, мысалдың аллегориялық астарын ашу сияқты жұмыс түрлері жиі қолданылады.

5-сыныптағы мысал өлеңнің сюжеті мен моральдық қорытындысын мына сияқты көрнекі схема пайдалану арқылы түсіндіруге болады:

Кейіпкер сөзі

 

 

Моральдық қорытынды  Кейіпкер сөзі
Кейіпкер сөзі Моральдік қорытынды
Шегіртке мен құмырсқа Қарға мен түлкі Есек пен бұлбұл

 

Ал әңгіме жаныры орта буында елеулі орын алады.  Қысқа әңгімелермен оқушылар бастауыш сыныптан таныса бастады. Дегенмен әңгіме жанры туралы теориялық ұғым орта буын сыныптарда ғана беріледі. Әңгіме жанрын орта буында оқытқанда  осы жанрдық өзіндік ерекшелктерін түсіндіру керек. Мәселен, 1. әңгіменің эпикалық жанрдың  қысқа түрі екендігі;

  1. Әңгімеде қатысушы кейіпердің бірер оқиғаға қатысуы,  әңгімеде  адам өмірінің басынан өткен бір эпизоды суреттелетіні;
  2. Әңгімеге қатысушы кейіпкерлердің аздығы,
  3. Әңгіме кейіпкерлерінің оқтғаға қатыспай тұрған кезінен қысқаша ғана түсінік берілетіні;
  4. Әңгіменің сюжеті мен композицмяялық құрылымы;
  5. Әңгіме сюжетінің құрамды элементтері т.б.

ҚОРЫТЫНДЫ

Қорыта келгенде, мектепте әдебиет теориясынан берілетін білім мазмұны сыныптардағы көркем шығарма мазмұнымен қабысып жатады.  Әр сынып бойынша оқылатын көркем шығармалардың оқушы ұғымында терең із қалдыруы әдебиет теориясынан қалыптастырылатын білім мазмұнына да қатысты.  Әдебиет пәні адамтану құралы  ретінде оқушынының дүниетанымын қалыптастырып,  өзіндік пікірі мен танымын молайтуға зор үлес қосады. Сонымен қатар әдебиет  өнер пәні ретінде оқушының эстетикалық танымы мен талғамын қалыптастырады, сезімін тәрбиелейді. Осы міндетті жүзеге асыруда әдебиет пәнінің иек артар бірден-бір көмекшісі — әдебиет теориясы.

Әдебиет тану ғылымына алғашқы баспалдақ мектептегі әдебиет пәнінен басталады десек, орта  буын сыныптарда оқылатын әдебиет пәні сөз өнерінің өзіндік ерекшеліктерін танытумен қатар әдебиет танудың алғашқы ұғымдарын да қалыптастырады. Әдебиет теориясынан берілетін алғашқы ұғым, түсінік оқушы үшін әдебиетті түсінудің, көркем шығарма табиғатын танудың кілті болып саналады. Мектепте әдебиет теориясынан берілетін білімнің дені әрі  маңыздысы осы орта буын сыныптарды қамтиды. Сондықтан аталған сыныптарда әдеби теориялық ұғымдарды қалыптастыру біршама күрделі. Әдебиет теориясынан берілетін білім мазмұнын орта буын сыныптарда  сыналап танытып, бірте-бірте әдебиеттану ғылымының негізгі  ұстынымдары мен қағидаларын ұғына біруге дейін жетелеп отыру керек. Әдебиет теориясынан берілетін білім үнемі  материалмен бірлікте түсіндірілуі қажет. Орта буын сыныптардың жас ерекшеліктерін ескере отырып,  сабақ процесінде жалаң теорияны түсіндірмей, практикалық жұмыстармен  қатар алып отыру керек. Яғни,  теориядан мәтінге, практикаға жүрмей, керісінше мәтін арқылы теориялық ұғамға жетелеу керек. Мәтін талдау кезінде теориялық қағиданы өзі  шығара алатындай  жағдай туғызу керек. Әр ғылымның негізі оның теориясында. Әдебиетті терең тану үшін, оқушылар теориялық ұғамдарды жақсы білуі керек. Сол себепті де теориядан берілетін ұғымдар мектеп бағдарламасында  нақты әр тақырыптарға жіктеп берілген.

ӘДЕБИЕТТЕР

  1. З.Қабдолов. Әдебиет теориясының негіздері –Мектеп, 1970.
  2. С.Мақпыров. Әдебиетің тектері мен түрлері. Метод. талдау. 1994
  3. Қ.Жұмалиев Әдебиет теориясы  –А.: Оқу-пед. бас, 1960.
  4. Көшімбаев А. Орта мектептің қазақ әдебиетін оқыту методикасының мәселелері.   — Алматы: Мектеп, 1970. -244 б.
  5. МырзағалиевК. Қазақ мектептерінің Ү-ҮІІ кластарында әдебиет теориясы ұғымдарын қалыптастырудың әдіс-амалдары. Пед. ғыл. канд. ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. — Алматы: 1968. -324 б.
  6. Атымов М. Идея және композиция. Ғылым, 1970 ж.
  7. З.Ахметов. Өлең сөздің теориясы. –А.: Мектеп, 1973. 312 бет.
  8. Голубков В.В. Методика преподования литературы. Москва: Учпедгиз, 1962. –495 с.
  9. Көшімбаев А. Орта мектептің қазақ әдебиетін оқыту        методикасының мәселелері.   — Алматы: Мектеп, 1970. -244 б.
  10. Көшімбаев А. Қазақ әдебиетін оқыту методикасы. Пед институттар мен университеттерге арналған. – Алматы:     Мектеп, 1969. – 244 б.
Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ