Домбыра аспабында сирек кездесетін әдіс –амалдарды үйрету тәсілі

0
3314
домбыра

Мазмұны: 

  1. Кіріспе
  1. Домбыра үйрену тарихы
  1. Күй үйрену тәсілінің дәстүрлік сипаттары, күй тарту шеберлігі
  1. Қағыс атаулары және берілетін түсініктемелер
  1. Қорытынды
  1. Қолданған әдебиеттер

Кіріспе

Кәсіби оқу жүйесінің пәрменді түрдегі даму сатысы бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Домбыра аспабын терең меңгеруде, халықтық музыкалық терминалогияны сабақтастырып, сабақ беруде көмекші құрал ретінде пайдалану жөніндегі кейбір ой-пікірімді ортаға салып отырмын.

Қазақ халқының аспаптық музыкасы, соның ішінде домбыраға арналған күйлер ең жоғары кәәсіби өнеріміздің бірі. Бізге жеткен күйлердің әуен ырғағы, тақырыбы мен мазмұны, халықтың көкейкесті ой-арманынан туған. Ал, халық күйшілері сол күйлерді сақтап, келесі ұрпаққа жалғастырды. Соның арқасында, қазіргі күйлер өмірдің тар жол бұралаңдарынан өтіп, біздің заманның айғағы болып отыр.

Өткен ғасырдың соңында еліміз егемендік алып, тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болып, тарихымыз түгенделуде. Ендеше қазақтың күй өнері, күй жанры да өзінің тарихи түр-сипатын анықтап, дәстүрлік ерекшеліктерін белгілеп алуға тиіс. Мұның өзі, күй жанрының даму сапасының келешекте жоғары сатыға көтерілуіне жол ашып береді. Дәл осы кезеңде біз табиғи қалпы сақталған, әуен ырғағы бұзылмаған, бұрынғы нұсқасы өзгермеген күйлерді студенттерге үйретуге міндеттіміз, әрі мұны болашақта жас күйшіні тәрбиелейтін музыкалық білім көзінің қайнар бұлағына айналдыруға тиіспіз. Өйткені күй – қазақ халқының рухани асыл қазынасы.

Қазақта күй өнері тәжірибесі өте жоғары дәрежеде болғанын дәлелдейтін жүзднген көне күйлер, күй жанрының дәстүрлік сипаты, күй жанрының мектептері т.б. сапалық дамуы тарихи шындық. Халық өнерпаздарының өздері жасаған әдістемелік жүйесі бар екенін осыдан-ақ білеміз.

Қазіргі домбыра үйрену әдістемесі ғасырлар бойы қалыптасқан күй үйрену тәжірибесінің қағидаларымен тығыз байланыста болуы керек. Халық күйшілері қалдырған күй үйрену тәжірибесінің негіздерін жинақтап, қазіргі домбыра үйренудің жүйелі әдіс-тәсілдерін жасап, домбыра үйренудің болашақтағы бағыт-бағдарын анықтап алуды өмірдің өзі талап етіп отыр. Қазақтың домбыра өнері бүгінгі таңда екі бағытта дамып келеді. Біріншісі, ғасырлар бойы келе жатқан күйшілік өнер жолы. Екіншісі, қазіргі кәсіпқой домбырашылар дайындайтын музыкалық оқу орындары.

Ендігі жерде, халқымыздың рухани талап-тілегін қанағаттандыра алатындай дәрежеде домбыра өнерін дамыту үшін, домбыра тарту шеберлігін жан-жақты зерттеген еңбек қажет. Көнеден келе жатқан күй өнерінің тарихы жайлы, дәстүрлік түр-сипаты және мектептері туралы жүйеленген бағыттары айқындалуға тиіс.

Қазақ халқының дәстүрлі домбыра үйрену мектебінде аспапты меңгеруде түрлі әдіс-қағыстарды суреттейтін көптеген түсініктер бар. Домбыраның қағыстары күйдің мазмұнын түсіндіруде ең басты құрал, қысқаша айтқанда домбыраның қағысы – күйдің тілі. Сондықтан да, оң қолдың қағысының неше бір түрлерін көрсететін, әрқайсысының белгілі бір өзіне тән аты бар, көптеген әртүрлі терминдер мен атаулар бар.Біз бүгін домбыра аспабында сирек кездесетін әдіс-амалдарды үйрету тәсілімен танысқалы отырмыз.

Ұлы күйшілердің күй үйрену тәжірибесін сақтай отырып қолдан келгенінше кейінгі ұрпаққа күйді бұзбай жеткізу – қасиетті борыш.

 Домбыра үйрену тарихы

Домбыраның негізгі репертуары күй болғандықтан, сол күйлердің тарихы біздің көзімізді біршама нәрсеге жеткізді.

Ұлы түріктер заманында «Тәңірінің 366 күйін» қаған алдында қандай аспаппен тартқаны біздің ғылымда әлі белгісіз. Дегенмен ғылыми болжам жасап көрсек, күйлер негізінен қобыз аспабымен тартылған деп түсінуге болады. Басқа да музыка аспаптарымен тартылуы әбден мүмкін. Енді көне тарихи деректердің кейбіреуін атап өтейік. Академик В.В.Виноградов бұдан екі мың жыл бұрынғы қос шекті аспаптың бейнесін тапқан. Академик Әлкей Марғұлан қобыз бен қоңыраудың суреті бар бақсының тас мүсінін тапты. «Ақсақ киік» күйінің аңызы домбыра бетіндегі үндік ойықтың пайда болуы жайлы болжам жасауға мүмкіндік береді. «Шайтан тиек» туралы аңызда домбыра құлағының түбіндегі ішекті көтеріп тұратын кішкене тиектің пайда болуынан хабар береді. «Тау құдырет» туралы күй аңызында екінші ішектің пайда болуы жайлы хабар берсе, ал Ш.Уалихановтың бақсылардың бірінші ұстазы Қорқыт екенін айтқан дерегі өте маңызды. Мұндай деректерді жинап-теріп отыру домбыра үйрену тарихын байыта түседі.

Домбыра үйрену әдістемесіне керекті негізгі деректердің түрлерін тізіп көрелік. Құрманғазының шәкірті атақты Ерғали Есжанов 300-ге тарта күй білген деген сөз бар. Бұл Құрманғазының күйшілік мектебін толықтай білді деген сөз. Ал, маңғыстаулық әйгілі күйші Өскенбай 1000-ге тарта күй білсе, оның баласы Мұрат 300-ге тарта күй білген дейді. Мұның өзі бүкіл Маңғыстау күйшілік мектебін шыңына жете меңгергенін көрсетеді.

Дәулеткерей күйшілік мектебін жалғастырушы Науша Бөкейханов 90-ға тарта күй білген екен. Осының өзі-ақ Наушаның Дәулеткерей күйлерін өте терең білгенін, оның дәстүрін жалғастырушы екенін көрсетеді. Атақты Біржан салдың өлеңінде кездесетін, ұлы күйші Тәттімбеттің бір отырыста 40 күйді санап тартуы, ауызға айтуға онай. Тәттімбет бабамыздың қазақтың күй жанрының дәстүрлік сипатын жан-жақты терең білгенін ол кісінің өзі шығарған күйлері де дәлелдейді.

Қобызда және қазақтың басқа да музыкалық аспаптарында орындалатын күйлерді былай қойғанның өзінде де домбырада тартылатын күйлердің екі үлкен дәстүрлік сипаты бар. Яғни, ғасырлар бойы, екі үлкен тәсілдің күй үйрену тәжірибесінде қалыптасқанын көреміз.

Мұндай әдістемелік тәсіл келе-келе бірнеше күйшілік мектептердің тармақтарын туғызды. Ал, күйшілік мектептердің өзіне тән методологиялық жүйесінің бар екеніне ешкімде дауласа алмайды, оған біздің күйлеріміз куә.

Күй үйрену тәсілдерінің өте ерте заманда-ақ қалыптасқанын көрсететін айғақтардың бірі, домбыра тарту шеберлігіне тән атаулардың лексикалық мағынасының болуы. Қағыстардың сан түрлі атаулары, саусақ басу тәртібі, пернелердің атаулары, күй тарту шеберлігіне қатысты атаулардың түр-түрі жиі кездеседі.

Домбыра үйренудің кейбір бағыт бағдарына тоқтала отырып, қазіргі таңда, күй үйренудің екі үлкен дәстүрлік сипатына аса мән беріп қастерлеп үйренуіміз керек. Мұның өзі ғасырлардан бері келе жатқан бай тәжірибеге сүйене отырып, халықтық педагогиканың бір саласы күй үйренумен ұштастыра білуіміз керек.

Домбыра тартуды үйрену оңай шаруа емес екенін онымен көп жылдар бойы шұғылданып келе жатқан ұстаз жақсы біледі. Бұрынғы кездегі дәстүрлі күй үйретумен қазіргі күй үйретудің арасында көптеген айырмашылық бар. Әрине, бұрынғы аталарымыздың күй үйрену тәжірибесін одан әрі жалғастыру басты міндетіміз.

Мысалы, XVIII-XX ғасырдағы ән-күй үйрену тәжірибесімен салыстырғанда XX ғасырдың соңында домбыра тартып үйренудің арасында жер мен көктей айырмашылық бар.

Құрманғазы мен Тәттімбет заманындағы шәкіртпен, қазіргі шәкірттердің дүние танымы, өмірге көзқарасы арасында мүлдем өзгешелік бар. Қазіргі таңда ең күрделі нәрсе ұстаз бен шәкірт арасындағы дәстүр сабақтастығын үзіп алмау.

Мұндай айырмашылықтың негізгі себептерінің бірі: басқа халықтардың музыка мәдениетімен және рухани дүниесімен етене араласуымыздан болып отыр. Қазіргі өміріміздің осындай шындығымен есептеспеуге болмайды. Күй үйренудегі мұндай айырмашылықтар, күйдің мазмұнын түсінуге, мәнерлеп тартуға, дәстүрлі шеберлікке жетуге т.б. тікелей ықпал жасауда. Әсіресе, күйдің табиғи нұсқасына келеңсіз жағынан әсер етіп, күйді бұзып тартуға дейін апаруда. Келешекте күй үйренудің дәстүрлі жағынан айырылып қалу қаупін тудыратын мұндай жағдайды болдырмас үшін, оның алдын алатын шаралар қолдану керек.

Ұлы халық күйшілерінің тәжірибесіне сүйенсек, бұрынғы кезде өнерге табыс табудың көзі деп қарамаған, рухани мұра деп қараған. Егерде, бала бойынан өнерге деген қабілеті ерте оянса, онда оны әрі қарай тәрбиелейтін ұстаз іздеген. Сал-серілер, әнші-күйшілер, ақын-жыраулар т.б. халық өнерпаздарының өмірі бұған дәлел бола алады. Өнерді табыс табудың көзі деп бағалау – домбырашының психологиясына үлкен әсер етуде. Мұның өзі қазіргі күй үйрену әдістемесіне ерекше көзқараспен қарауды міндеттейді.

Күй үйрену тәсілінің дәстүрлік сипаттары, күй тарту шеберлігі

       Халық күйшілерінің тәжірибесінде күй тартудың дәстүрлі әдістерін күйшілік мектептердің өзіне тән тәсілдерін ұстазынан шәкірт үйреніп алады. Оның қыры мен сырын толық меңгереді.

Қазіргі кезде шәкіртті күй тартып үйренуге кішкене күнінен тәрбиелеуге мүмкіндік туып отыр. Мұндай әдістеме бірте-бірте қиындай береді де өзінің ең негізгі шыңы күйшілік өнерді толық меңгере алатын дәрежеге жетеді. Музыкалық қабілеті аса күшті шәкірттерді ел ішінде «құйма құлақ» деп атайтын болған.

Күй үйрену тәсілдері:

1) күй туралы және күйдің аңыз әңгімесін тыңдаушыға әрі түсінікті әрі қызықты етіп айту. Бұл тәсіл ежелден келе жатқан әдістемелік құрал, күйді үйреткенде бірге айтылады.

2) күйді есту арқылы үйрету. Бұл тәсілдің әдістемелік түрлері өте көп. Солардың бірі: өзі естіп, өзі үйрену, өз қатесін өзі түзеп алу. Мұндай тәсіл үлкен нәтиже береді.

3) күй үйрету тәсілінде ертеден келе жатқан әдістемелік құралдың бірі күй сазын әуен арқылы айтып беру. Бұл шәкірттің күй сазын көкірегінде сақтауға көмектеседі. Әсіресе күйдің дыбыстық сапасының бояуы қанық болады. Халық күйлерін үйреткенде оның сазын әндете отырып түсіндіру, халық педагогикасының ең негізгі әдістемелік құралы.

4) домбырада күйді тартып көрсету – ең негізгі көне тәсілдердің бірі. Мұның әдістемелік жүйесі сан ғасырлық тәжірибенің негізінде қалыптасқан.

5) күй жанрының дәстүрлік сипатын үйретудің тәсілдері. Мұның әдістемелік жүйесі күй үйренуде ерекше құбылыс. Оның тармақтары көп.

6) күйшілік мектептердің қалыптасуына қарай, сол мектепке тән ерекше тәсілдерін сақтау. Күйді үйренудің белгілі бір қағидаларын сақтайтын әдістемелік жүйе. Бұл да халық педагогикасында ерекше құбылыстардың бірі.

7) күйді үйрену үшін оны ана тіліміздің қасиеттерімен байланыстыру тәсілі. Күй жанрының даму жолы халық ауыз әдебиетімен бірдей болғандықтан, сөз сөйлеу, сөйлем құрау, поэзия тілі күйге тікелей әсер етеді. Күйдің әуен саз ырғағына сәйкес келетін өлең сөздерді жүйелі түрде күймен бірге қоса үйретсе күй тарту шеберлігі арта түседі. Ана тіліміздің қасиеттерін толық білмейінше күйді дұрыс үйрету мүмкін емес. Әдістемелік құрал өте бай болу үшін фольклорлық ауыз әдебиет үлгілерін жинап отыру керек.

8) күйге байланысты көнеден келе жатқан атауларды қолдану тәсілдері. Оны орнын тауып қолдана білу керек.

9) ең негізгі әдістемелік тәсілдердің бірі – күйді халқымыздың тарихымен байланыстыра үйрету.

Бұл айтылғандардың басқа сан алуан тәсілдердің әдістемелік жүйесін жасау — өмір талабы. Егерде, біз күй жанры бұзылмай, кейінгі ұрпаққа дұрыс жетсін десек, мұны өзіміздің күнделікті домбыра үйрену тәжірибемізде бұлжымайтын қағидаға айналдыруымыз керек болады.

         Көп ғасырлық күй тарту шеберлігінің арқасында небір жақсы әдіс-тәсілдер қалыптасты.  Күй тарту шеберлігінің дәстүрі деп жылдар бойы қалыптасқан, кейінгі ұрпаққа мұра болып қалған тұрақты әдіс-тәсілдерді айтамыз.

Біріншіден, күй жанрының негіздерін көрсете алатын шеберлік.

Екіншіден, күй жанрының дәстүрлік сипатын көрсете алатын шеберлік.

Үшіншіден, күй жанрының мектептерін көрсете алатын шеберлік.

Төртіншіден, күй жанрын ұлттық өнер ретінде көрсете алатын шеберлік.

Жоғарыда аталған күй тарту шеберлігінің негіздері күй тақырыбының мазмұнын мүмкіндігінше толық аша алатындай болуы керек. Домбыра тарту шеберлігінің дәстүрлі әдістерін қолдан келгенше сақтап ойнауға күш салу үшін оның негізгі қағидаларын жақсы білу керек.

Домбыра тарту шеберлігі – дамып жетіле беретін өнер. Әр мектептің күй тарту шеберлігі сол мектепке тән көркемдік және суреткерлік шеберлікпен тікелей байланысты. Сондай-ақ әр мектепке тән тақырып мазмұнын ашу үшін қолданылатын шеберлік тәсілі болады.

Қағыс атаулары және оған берілетін түсініктемелер

   Алғашқы қағысты меңгеру барысында студент екі қағыс түріне де (төкпе және шертпе қағыстарына) бірдей жаттығу керек. Төкпе қағысты сұқ саусақ пен басбармақ, ал шертпе қағысты тек сұқ саусақпен орындаудан бастаған жөн. Ең негізгі бізге белгілі қағыс түрлері:

“Тентек қағыс” – Құрманғазы дәстүріндегі кейін Дина дамытқан кең шеңберлі қағыс.

“Төре қағыс” – Төре күйлеріндегі ішектің екі жағынан аса алыс кетпейтін қағыс.

“Сүйретпе қағыс” – Абылдан келе жатқан бұл қағыс күйлердің динамикалық жақтарын аса жандандырады. Әсіресе ол шартты бөлуден жұпты бөлінген дыбыстарға ауысқанда, соңғылардың үлкен айырмасын көрсетеді.

“Шұбыртпа қағыс” – бес саусақты кезегімен жоғарылы-төмен сілтеген қағыс.

“Сипай қағыс” – саусақтың ұшымен сипай өтетін қағыс.

Енді дәстүрлі күй қағыстары түрлерімен және оларға берілген түсініктермен таныса өтейік: ілме қағыс, саулама қағыс, шалу қағыс, орама қағыс, тырнама қағыс, толқындама қағыс, иілме қағыс,  шашқын қағыс. Бұл қағыс түрлері М.Өскенбаев пен С.Балмағанбетовтерден жазып алынған. Орындаушылық дәстүрлерде ең көп кездесетін қағыстардың бірі “теріс қағыс”. Мұнда қағыстың әлді кезеңі қаққан қолдың жоғары қарай шыққанда келеді. Сондықтан бұл күйдің ырғағында акцент табиғи түрінде болмай ауысып келеді.

Сирек кездесетін күрделі қағыстар. Қара қағыстан кейінгі қағыстар біртіндеп күрделене түседі. “Орама қағыстың” бір түрін домбырада тез үйреніп кетудің өзі біраз қиындықтар туғызады. “Ілме қағыс” – білек буыны арқылы бір төмен, бір жоғары қозғалыспен алынады, тек айырмашылығы соңғы жоғары алынатын екі қағыс бармақпен және сұқ саусақпен алынады.

Күрделі қағыстың бірі Маңғыстау түбегінің әйгілі қағысы “Адай қағыс” – ол оң қолдың білек буынын үш рет қозғалып жұмсартып алған төрт қағысын айтамыз. Бұл қағыс көбінесе Атыраудың “Ақжелең” аттас күйлерінде және маңғыстау өңірінің күйлерінің көбінде әсерлі қолданылады.

Қорытынды:

Қазақтың рухани мәдениеті – шытырман тарих қойнауында, ерекше ахуал үстінде туып қалыптасқан мәдениет. Ән-күй, жыр-дастандар, сияқты көне күндерден жеткен қасиетті жәдігерлер бізге осыны паш етеді.

Сонымен қатар, қазақ халқының алпыс екі санына көзқарасы ерекше болған. Өйткені, алпыс екі саны ежелгі мүшелік жыл санауға да тығыз байланысты болуы мүмкін. Алпыс бір жаста бесінші мүшел. Оның үстіне әрбір мүшелдің өз түр – түсі болады. Мысалы: ақ, қара, сары, қызыл, көк. Мүшел алпыс бірге келгенде осы бес түр бір шеңбер жасап, қай түрден басталған болса, сол түріне қайтып оралады, яғни, бір цикл аяқталады. Ежелгі ұғымда осы бес түр толық бір шеңбер жасағанда  ғана – бір жас деп есептеген. Алпысқа толмай өлген адамды «екі жастың біріне келмей өлген адам» дейтіні содан болса керек. Демек, алпыс бір жас – бесінші мүшел, яғни, бір жас. Бір күйді «Табалдырық күй» немесе  «Құлақ күй» деп қосады. Сонда күйдің саны алпыс екі болып түгелденеді.

Ертедегі домбырашыылар бір – бірімен сайысқа түсу үшін, осы алпыс бір күйге өзінің құлақ күйін қосып ойнап, күй санын алпыс екі санымен түгелдеуге  тиіс болған. Күйден  құлақ шығару – жаңа күй шығару деген мағынада. Демек, әрбір күйші бір циклды толық аяқтауға міндетті деген сөз.

Сондықтан, қорыта келе осы құдіретті күйдің пайда болуы, дамуы мағынасы жөнінде керемет ой түйген белгілі ғалым Қ. Жұбановқа жүгіне кеткен жөн. Ол өзінің «қазақ музыкасындағы күй жанрының пайда болуы нәсілі» атта еңбегінде мынадай пікірін алға тартады «Қазақ музыкасы шығармаларының ішіндегі ең ірі жанрдың бірі-күйлер. Композиция жағынан, музыка мәдениетінің басқа өлшеулері жағынан қарағанда да,күйлер халық музыкасының жетіскен  ірі тарауы екендігінде дау болмауы керек.

Қазақтың өзі де күйді ерекше бағалайды:онда айтып тұрған әңгіме,сөйлеп тұрған сөз болмаса да, күйлердің өзінің музыка тілі халыққа сондай жақын, сондай түсінікті, оны сол тілсіз түрінің өзінде жақсы таниды. Басқа халықта да күй атаулы шығармалар бар, бірақ оларда әнмен  бимен араласып жүреді. Жан-жақты жетілген, дамыған күй тек қана біздің қазақ ұлтына тән өнер. Әр аймақтың өзіне тән күй ойнау, күй шығару, таралу тәсілі бар. Сазымен де, сапасымен де көзге ұратын домбыра күйлері өзінің тақырыптық ауқымымен, әуезімен, мазмұнымен, жетілген белгілі нысанымен ерекшеленеді. Адамзат және коғаммен күй дамуы қапталдас өрбіп отырған».

«Домбыра – қазақтың қасиеттi дүниесi. Оны тарта алмасаң да, қадiрлей бiл. Себебi, баланың бойына халықтың рухани байлығын сiңiру домбырадан басталады.

Домбыраны қастерлей бiлмеген қазақтың баласы туған халқының жанын бiлмейдi. Ал халықтың жанын түсiнбеу деген тамыры шабылған ағашпен тең. Ондай ағаш жапырақ жайып сая да болмайды, жемiс те бермейдi» — деген  Бауыржан Момышұлы.

Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi, домбыра – ұлттық өнеріміздің негiзiн салушы әрi жеткiзушiсi. Сондықтан оның қазақ үшiн киелi аспап екенiн мойындай отырып, қазақтың ұлы перзенттерiн даярлауға тиiспiз.

Дереккөз: sabaqtar.kz


ПІКІР ҚАЛДЫРУ