Дулат Бабатайұлының «Еспенбет» дастанындағы жас батыр Еспенбеттің ерлік істерінің көрінісін дәлелдер арқылы жеткізіп жазыңыз!

0
31632

Дулат – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тұрмыс қалпын өктем зорлықпен бұзған XIX ғасырдың ақыны. Отарлық озбырлықтың күшейгенін халықтың бұрынғы еркін өмірінің еткенін, адамдардың мінез-құлқы мен психологиясында, ойсанасында сахара салты мен түсінігіне жат өзгерістер орын алғанын – бәр-бәрін тумысынан жаны сергек Дулат көзімен көріп, жүрегімен сезініп өсті. Барлық билікті патша қолына алып, қазақтан қойылған билеушілер оның қолшоқпарына, шабарманына айналғаны, ел жайлы қоныс, құнарлы жерлерінен ығыстырылып, бағыныштының кейпіне түскені азамат Дулаттың ойынан шықпайтын қайғы-шері болды. Сахараның ергіндік сүйініш рухы мен даналығын бойына молынан дарытқан, жаратылысынан ерекше дарынды Дулат, міне, осы тарихи жаңа дәуірдің жыршысына, отаршылдықтың айыптаушысына, еркіндік, ынтымақ-бірлігін жоғалта бастаған халқының жоқшысына айналды. Дулат мұндай масқара жағдай ел басшыларының жағымпаздығынан, өз ойлап, халықты ұмытқандығынан болды деп, соларға катты шүйлікті.
Ақын өлеңдерінен заман, адам өзгерістері, басқа ел мақсат ─ мүддесіне бейімделе бастаған халық халі, туған жер, адалдық, адамдық қасиеттерді өрнектеген өзіне ғана тән бояуды табамыз. Дулатқа дейін ақыл айту, құр нақыл дәрежесінде келсе, ақын бәріне өзін кінәлі санап, ашына айтады. Бұған дейін көрінбеген өзгеше леп. Жаңа жол. Секілді сөздер кейін ұлы Абайда жаңа өрнекпен көрінеді. Ақын ел билегендерді де, басқыншы орысты да ашына, барын ақтара көрсетеді. Ғалым Р. Сыздықова айтқандай: «Дулат ─ қазақтың ұлы ақыны», ұлылықтың бастауы. Сонысымен құнды. XIX ғасырдағы қазақ әдебиетінде Дулаттың өзіндік үлкен орны бар. Өйткені ол өзінің толғау — жырларында көптеген келелі мәселелерді көтеріп, өз заманының шындығы бірқыдыру бере білді. Жеке кісілерге арналған өлеңдерінде (Кеңесбайға, Бараққа, ел аралаған ишанға т,б) сол кездегі тірліктің ұсқынсыз жақтарын өлтіре шенеп, кейде өткір сатира дәрежесіне дейін көтеріле алды. Дегенмен, түптеп келгенде Дулат жырау ескішіл ақын, феодалдық қоғамның жаршысы. Дулат толғаудың асқан шебері болғандықтан өлендердің барлығы дерлік еркін ұйқасты жеті-сегіз буыннан тұратын жыр үлгісінде болып келді. Ақының кіргізген бір жаңалығы кейбір толғауларының шумақтарында өзара қайталап отыратын заңдылық бар.  Ақын – қазақ даласының кіріптарлық, халықтың шұрайлы, сулы қоныстарынан ығыстырылып, өз жері, өз елінде өгей жетімнің күйіне түскенін көрмей, айтпай, тек Сарыарқасы мен Сандықтасын тамылжыта жырына қосса, әрине, оғаш, түсініксіз, ал атамның қонысын өзгеден қызғана сүйдім десе, жалған болар еді. Елін, жерін жанындай жақсы көріп, оның тағдырын ойлап, күйзелген ұлы жырау олай еткен жоқ, шындықты, шынайы сезімін бейнелейді. Оның туған жер туралы толғауларының тарихи мәні де, тәрбиелік кұндылығы да сонда.
«Еспенбет» поэмасы
Ақынның ел өмірінің ескі бір тақырыбына құрып, жазба әдебиет үлгісінде шығарылған бұл поэмасы XIX ғасырдағы қазақ әдебиеті үшін жаңалық еді. Поэма:

Еспенбеттей ер қайда?
Еспенбеттей ер туса,
Ер күтетін ел қайда? —

деген жолдармен аяқталады. Шығарма, міне, осы аңсардан, яғни ақынның күллі шығармашылығына ортақ елге тірек ер, көсем шықса, халық соның қасынан табылса деген идеядан туған. Хан-сұлтандар халқынан бөлініп, жатқа жағынған, батырлары «қазан бұзар үй тентекке айналған» заманда ер мен елдің бірлігі идеясын халықтың көкейіне жеткізіп, еңсесін тіктемек болған. Сол мақсатпен айбынды бейнелері халық жадынан өшпеген Ер Қосай, Қабанбай, Ақтамберді батырлар заманындағы қазақтардын, қалмақтарға қарсы бір шайқасын өзек етіп алып, батырлық дастан тудырған. «Еспенбет» поэмасы батырлар жырының үлгісінде жазылғанымен, онда, қиял-ғажайып оқиғалар, тылсым күштер, нанымсыз әсірелеулер атымен жоқ. Бас қаһарман Еспенбет те, оның Ақберте аты да, қалмақ, қазақ батырлары да – бәр-бәрі өмір шындығы аясында алынып, суреттеледі.
Жырау поэмасын бастаған жерден бас қаһарманын:

Ер Еспенбет кешегі
Ерекше ер деседі.
Тіл біткеннің шешені,
Топта бермес есені.
Үлгі айтса – көшелі,
Жауға шапса – көсемі, –

деп марапаттай таныстырғанымен,

Өзі болған жігіттен
Сұрама кім деп ата-анаң, –

дегеніне қарағанда, Еспенбет қандай да бір, артықшылығымен ел көзіне түспеген, қарапайым ғана кісінің баласы. Міне, осы Еспенбет жас күнінде әке-шешеден бірдей жетім қалып, нағашысы Ер Қосайдың (тарихта болған адам, батыр) қолында, уақ елінде өседі. Қосай жиенді бөтен санамайтын қазақ салты бойынша да, «Еспенбеттей ұрпағын өте жақсы көргендіктен» де оған жетімдік көрсетпей өсіреді. Ер жеткенде таңдап жүріп қалыңдық айттырып, басына үй тұрғызып бермек ойда жүреді. Қазірде «тоқсан жасқа келіп, тұғырдан әбден түскенімен», Ер Қосайдай:

Елім десе, елеріп,
Жаннан мүлде күскен кер;
Бел шешпей жортып ел үшін,
Алты малта ас қылып,
Арпа суын ішкен ер.

Осындай кісінің бауырында өсіп, тәрбиесін алғаннан да болар:

Жатса, тұрса, Еспенбет
Тұлпар мінсем деуші еді.
Қару, сайман асынып,
Шөпті бұзсам деуші еді.
Алайда:
Туған елін ойласа,
Қалатын жасып, басылып.

Еспенбет он төрт жасқа келгенде «Ер – туған жеріне, ит – тойған жеріне» дегенді есіне алып, алыстағы ата жұртына кеткісі келеді. Нағашы атасынан еліне қайтуға рұқсат батасын сұрайды. Осы арада мына бір жайтқа назар аударған жөн. Еті тірі, сезімі сергек, талапты жасөспірімнің желі басында үйездеп тұрған енесінің белінен секіріп ойнап жүрген Ақбөрте құлынға қызығуында нышан бар:

Құйрығын шаншып алды да,
Үш айналды желіні.
Селеу жерге бас ұрды,
Омырауының желінен.
Құйындатып келді де,
Ытқып түсті Ақбөрте,
Енесінің белінен.

Құрбыларынан ойлы, намысы күшті, арманы биік Еспенбетті осы бір туысы бөлек құлын ерлік арманға жетелейді: өскенде Ақбөртені ат қып мініп, қару асынып, жау қайтаруды армандайды. Ал осы жеткіншек тағы да:

Жігерім болса жетемде,          Өнерім болса, еліме
Еліме барып, ұл болсам.         Адал еңбек етсем деп;
Жігерсіз болсам, жетесіз,       Болмаса өнер бойымда,
Қойын бағып, құл болсам…   Қораш кұл боп өтсем деп, –

ойлайды. Қандай адамдык адал, ақ ниет десеңізші! Ақынның кейіпкерінің осы сөздері арқылы бейнеленген биік эстетикалық-адамгершілік көзқарасы, халықтық демократизмі-туындының өн бойына көктей тартылып жатқан өзекті идеясы.
Ер Қосай Еспенбеттің тілегін қабыл алып, қалауын сұрайды. Салт бойынша басына үй, алдына мал салып, қалыңдық әперіп қайтарайын дейді. Көпті көрген батырдың көрегендігі шығар, әйтеуір, «көп шөбере ішінде» Еспенбеттің «ерекше тілеп тілеуін», Құдайға жалбарынумен жүреді екен.

Шепті бұзар деуші едім,
Жаудың туын құлатып;
Сұлу сүйер деуші едім,
Елден таңдап ұнатып;
Тұлпар мінер деуші едім,
Жалын желмен сылатып;
Найза ұстар деуші едім,
Сарағын жезбен қынатып;
Түйғын құстай алыстан
Тоят тілер деуші едім.

Мұндай игі сенім, асыл арман дана қарттың көкірегіне  бекер ұяламаған ғой. Еспенбет нағашы атасы ұсынған байлықтың бәрінен бас тартып, жалғыз ғана Ақбөрте тайды қалайды. Бұл да жас ұланның жаны таза, арманы биік, дүниеге қызықпайтын парасаттылығын танытады. Ер Қосайды да емірентіп, мейірін түсірген жиенінің ел баласы болғысы келген мінезі, көп құрбыларынан ерекше ізгі қасиеті болса керек.
Нағашы атасы Еспенбеттің қалаған Ақбөрте тайын беріп, әрі жиенінің біліп таңдағанына сүйсінеді. Батасын беріп тұрып, кемеңгер қарт былайша толғайды:

–  Бірақ, балам, айтайын:             Қамалау да еліңнен,
Еліңе де барарсың,                    Табалау да еліңнен;
Тірі болсаң, еліңнің                   Өсіру де еліңнен,
Керегіне жарарсың.                   Көшіру де еліңнен;
Дос та елден, жау да елден,       Абалау да еліңнен.
Алды-артыңа қарарсың.            Бақыт та елден қонады,
Дәулет те елден болады,
Күндестік те еліңнен,                Елменен ер ержетіп,
Міндестік те еліңнен;                Емендей өсіп, толады.

Өмір шындығынан даналықпен қорытылған бұл терең ой өзінің мәнін әлі жойған жоқ, сірә, ешқашан жоя да қоймас.
Шынында да, нағашы атасы болжағандай жарбиып жалғыз тай мініп келген баланы еліндегілер кездеріне ілмей, Ер Қосайдың жиенін қара басын сопайтып, тай мінгізіп Қайтарған мұнысы қалай деп, алуан түрлі әңгіме қоздатады. Бірақ, Еспенбет оның бәрін құлағына ілмей, жүре береді. Сонымен үш жыл өтіп, Ақбөрте бесті ат болады. Сол кезде Жыл бұрын қайтыс болған Сәтімкұл деген атақты бидің көп халық шақырылған асы беріліп, аламан бәйге шаптырылады. Бәйгеге қосылған Ақбөрте алдымен келіп, бас бәйгеге тігілген 100 тайлақты жеңіп алады. Бірақ, «ердің сыйы – ортаға олжа салғаны» дегендей, бұл жолы да Еспенбет бәйгеге берілген жүз тайлақтан бір тайлақ та алмай, барлық олжасын қалың сыбанның ортасына салады. Өзінен атағы бұрын шыққан Ақбөртеге қызыққандар қоралап қой, үйірлеп жылқы беріп сұраса да, Еспенбет дүниеге қызықпайды, тұлпарын сатпайды.
Сөйтіп жүргенде, Қабанбай бастаған батырлар кеткен бір кекті қайтару үшін, қалмаққа қарсы аттанбақ болады. Мұны естіген Еспенбет те қару-жарақ асынып, «Ақбөртені баптайды».

«Басталар қашан соғыс» – деп:
Белін шешіп жатпады,
Түнде кірпік кақпады.
Ерлік қысқан кеудеге
Ішкен асы батпады.

Ақыры «шу!» десе, артынан шаңды боратып, алдынан құйын оратып, бөкендей орғып» желдеткен Ақбөртесіне мініп, аттанған қалың қолға Еспенбет те ілеседі. Бұл тұстағы Еспенбетті ақын: «алыстан тоят іздеген ер», «сұңқар», «орынсыз сөз сөйлемес батагей қарттай сінелі», міндетін «айтқызбай-ақ біледі», «сыр бермейді сырттанысып», «бейне арыстан түлегі» деп бейнелейді. Осындағы жекпе-жекте ерекше назар аударарлық бір жай бар. Поэманың бас қаһарманы Еспенбеттің «алты жүз рет соғысқа кірген, алпыс алты айлалы», осы ұрыстың өзінде қазақтың жеті батырын мерт қылған қалмақ батырымен жекпе-жегі жойқын батырлардың, шын болат қару-жарақтардың, арыраған тұлпарлардың ғаламат шайқасы болуға тиісті еді. Оны қандай сұрапыл етіп суреттеймін десе де, Дулаттың ақындық қуаты, құдіреті жетер еді. Бірақ олай етпейді. Алып батырлардың бірін-бірі қалай өлтіргенін қызықтаудан даналық ұстамдылықпен бас тартады. Жырау үшін маңыздысы – елім деген ердің болғаны, оның жауын жеңіп, кегін қайтарғаны.

Қас қаққанша майданда           Өлімге мойынсұнғандай
Айқасқан екі ер де жоқ.            Аяқ-қолы кесілген.
Дене жатыр майданда               Тіршілік пен өлімнің,
Қылышпен басы кесілген.        Ұзақ дауы шешілген.

Ақын өлген жауды табалап, айызы қанатын сөз айтпайды. Тіпті «жау» да демейді, «айқасқан екі ер» дейді.

Ел үшін туған ерім деп,
Бір топ келіп жыласты.
Еліме қатер жауым деп,
Өлгенін бір топ ұнасты.

Мұндай терең философиялық түйіндеу шапқыншылықты емес, елінің еркіндігі мен бейбіт өмірін көксеген Еспенбет батыр бейнесінің табиғатынан туындаған. Ақын қазақ қолы мен қалмақ қолы кездескен көріністі де кемел ойлы ұстамдылықпен, шынайы суреткерлік тұрғыдан сипаттайды.

Қарсыласып екі топ,
Іріктеді батырды.
Қалмақ сорып барабан,
Қазақ ұран шақырды.

Еспенбеттің топтан суырыла шыққан сәтінің суретінен оқырман оқиғаның қатысушысындай әсер алады. Арыстандай атылған батыр мен жолбарыстай ышқына ытырылған Ақбөрте тұлпар қаныңды қыздыра, көз алдына елестейді.

Топтан шығып жөнелді,
Найзаға таққан шоқтай боп.
Ақбөрте кетті құнтиып,
Садақтан тартқан оқтай боп.
Қанға сусап қалмақ тұр
Обатұғын оптай боп.

Ұлы суретшінің талантына лайық жанды картина! Еспенбеттің ерлігінің арқасында қазақ жағы жауып талқандап жеңіп, кегін қайтарады, мол олжа түсіреді. Ел мүддесі мен намысын ойлаған ер Еспенбет бұл жолы да тоқпейіл әдетінен таймайды, еңбек сіңіріп тұрса да, көл-көсір олжадан ештеңе алмайды.
Ақын халыққа қамқор, елге тірек болам деген нағыз ер осы Еспенбеттей болу керек деп, оның батырлығын, ақыл-парасатын, дүниеге қызықпайтын қанағатшыл, мәрттігін өзінің замандастары мен кейінгіге үлгі етеді.
Поэма сындарлы құрылымы, суреттігімен ерекшеленеді. Оқиғаның желісі жинақы, мазмұны тартымды. Ұлы жырау талай-талай татымды ойларды, мазмұнды үлкен шеберлікпен туындының өн бойына еріп жіберген.
Туған ел, өскен жерден алыста жүрген намысты жастық асқақ арманы мен тәтті қиялын ақын мейлінше дәл берген.

«Ер – туыс, ит – тамаққа»
Деген жоқ па бұрынғы?
Туған ел, туған жерім бар,
Туған елді көкседім,
Жат елде арман – өскенім… –

дейді Еспенбет. Осындай ерді өсіретін жалпы қауым, ел жұрты екендігін айтып, ақын жастарға «әрқашанда еліңмен жұртыңмен бол» – дейді.
Еспенбет поэмада тек алып күштің иесі ғана емес, сонымен бірге адал, ақ жүрек, кішіпейіл, көпшіл адам болып көрінеді. Еліне қайту, ерлікке әзірлену, батырға лайық ат таңдау елдің кегін қайтару, сый-сияпат, олжаны алу-алмау сияқты: елеулі шешімдерді өз бетімен қабылдайды.
Поэмада тек батырдың жеке тұлғасы ғана емес, сонымен бірге халық бейнесі қоса суреттеліп отырады. Ақын жорыққа аттанып бара жатқан қазақ қолын ерекше шабытпен, тапқыр да бейнелі теңеулермен әсерлі жырлайды.

Жөңкерілген қалың қол           Асқар белге ұқсайды.
Жүйткіген желге ұқсайды.       Кенетінен ду етсе,
Көрінісі кей кезде                     Тас қопарып, тау бұзған
Толқыған гүлге ұқсайды.         Аққан селге ұқсайды…
Мұнар түнеп, бұлт көшкен

Шығармадағы жау да осал емес. Жау батырын бейнелегенде ақын талай тапқыр, әсерлі теңеулер табады. Қалмақ батырын:

Қалмақ шықты майданға     Қайырымсыздығы – талайдың
Шамасы елу жастағы,          Жонынан алған таспаны.
Астына мінген мәнерлеп,     Кір басқан құлаш айдары,
Мақпалдай қара қасқаны.    Аждаһадан кем емес
Ерлігі елең қылмайды          Аузын ашқан айбары, –
Бір өзінен басқаны.

деп, әлі жеткенді аямайтын жауыз, айлалы да айбарлы аждаһа кейпінде суреттейді де, Еспенбетті осындай жойқын пәлені жеңген алып батыр, ардақты ер ретінде бейнелейді.
Көп арасында қоян жүрек қорқақ, ездерің де болатынын ақын жасырмайды. Батырлар ұран сала жауға ұмтылып, майдандасып жатқанда, өздердің тығылар жер таппай, қарадай шошып, үрейі ұшқандарын мысқылдайды.

Қалмақ соғып барабан,
Қазақ ұран шақырды.
Айбаты өсіп ерлердің,
Арыстандай ақырды.
Иығы түсіп өздердің,
Қоярға жанын жер таппай…
Арман көріп, аһ ұрды, –

деп, ерлік, ездік аралас майдан суретін алға тартады.
«Еспенбет» поэмасында ұлттық психология, салт-сана, тәрбие-өнеге үрдістері молынан көрінеді.
Поэма көлемі шағын болғанымен, мазмұны бай, бөтен сөз, бөгде шумақтардан таза жинақылығымен де ерекшеленеді. Елге қорған тұлғаны аңсаудан туған «Еспенбет» поэмасы – XIX ғасыр әдебиетінде елеулі орын алатын көркем туынды.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ