Еліміздегі жұмысқа орналасу көрсеткіші жоғары мамандықтар

0
2604

Оқуды аяқтағаннан кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналасу көрсеткіші бойынша «Металлургия» мамандығы бірінші орында тұр. 

Бұл жөнінде Қазақстандағы жоғары оқу орындарындағы білім беру бағдарламалары рейтингісінің екінші кезеңіне қатысты Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында ҚР БҒМ білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы Талғат Ешенқұлов мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта 64 мамандық бойынша рейтинг құрылды. Бірінші кезеңде 784 білім беру бағдарламасына бағалау жүргізілді де, қыркүйек айында сарапшылар тағы 681 бағдарламаны бағалады. Екінші кезеңге барлығы 201 сарапшы тартылып, 2016-2017 оқу жылындағы 3 мыңға жуық түлектен сауалнама алынды. Білім беру бағдарламаларын бағалау түлектердің жұмысқа орналасу көрсеткіші, олардың орташа жалақыларының көлемі, бағдарламаның өзектілігі, жұмысқа орналасу туралы түлектер сауалнамасының нәтижесі секілді белгілер бойынша жүргізілді», — деді Ешенқұлов.

Ол бағалаудың екінші кезеңінде салалық сарапшыларды тартумен 31 мамандыққа білім беру бағдарламасының мазмұнындағы қайшылықтарға талдау жүргізілгенін айтты.

«Университетті тәмамдағаннан кейінгі бірінші жылы жұмысқа орналасу бойынша ең жоғарғы көрсеткіш «Металлургия» мамандығы бойынша байқалды. Ол 80% құрады. Оның ішінде Рудный индустриалдық институты, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің түлектері бар. «Су ресурстары және суды пайдалану» мамандығының түлектері бұл көрсеткіш бойынша 58% көлемінде жұмысқа орналастырылған», — деді БҒМ өкілі.

Ешенқұлов жоғары оқу орындарының оқу процесі теорияға көп негізделуін кемшілік ретінде атады.

«Түлектің дайындық деңгейіне тікелей байланысты жалақы өлшемі де маңызды болып табылады. Профессорлық-оқытушылық құрамы мықты және бағдарламасы сауатты оқу орнын бітірген студент әлдеқайда бәсекеге қабілетті екенін жүргізілген талдау көрсетті. Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде «Тасымалдауды ұйымдастыру, көлік қозғалысы және пайдалану» мамандығы бойынша ең жоғарғы жалақы тіркелді. Ал ең төменгі еңбекақы Қазақ технология және бизнес университетінің «Жеңіл өнеркәсіп бұйымдарының технологиясы және конструкциясы» мамандығы бойынша анықталды», — деп түйіндеді комитет басшысы.

 

Дереккөз: Baq.kz сайты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ