Ең ғажайып ұстаз (Әсерлі әңгіме)

0
4451
Ұстаздық - ұлы қызмет

Оқу жылының басында алтыншы сыныптың жетекшісі өз шәкірттерінің алдында тұр. Ол балаларға бір рет көз тастады да, барлығын бірдей жақсы көретінін, оларды көргеніне риза екенін айтты. Бұл әрине, жалған болатын. Өйткені алдыңғы қатарда өзі жақсы көре қоймайтын бір бала бүрісіп отыр. Басқа оқушылар да онымен былтырғы оқу жылында танысқан. Сол кездің өзінде-ақ, ол баланың өз сыныптастарымен ойнамайтынын, және киімінің лас екенін, ешқашан жуынбағандай күлімсі иіс шығатынын байқаған болатын. Уақыт өткен сайын мұғалімнің бұл оқушыға деген көзқарасы өзгере бастады. Оның жазба жұмыстарын қызыл қаламмен шимайлап, екілік деген бағаны аямай қоятын жағдайға жетті.\r\n Бір күні мектептің оқу жөніндегі орынбасары алтыншы сынып оқушыларының мінездемесіне талдау жасауды тапсырды. Ұстазы сүйкімсіз оқушының мінездемесін жазуды соңына қалдырды. Ол мінездемені қалай жазу керектігін біраз ойланып, бұрынғы жазылған мінездемелерін қолына алды. Сол кезде төбесіне мұздай су құйып жібергендей күйге түсті. \r\nБірінші сыныпта оқытқан ұстазы былай деп жазған екен: «Бұл – көзі нұр шашқан керемет бала. Үй тапсырмасын керемет мүлтіксіз орындайды. Ұқыпты әрі алғыр бала. Осындай талантты баланың ұстазы болудың өзі бір мәртебе». \r\nЕкінші сынып мұғалімінің мінездемесінде: «Ол ғажап оқушы. Жолдастарына да өте сыйлы. Әйтсе де отбасындағы мәселе оны алаңдатып жүрген сыңайлы. Анасы ауыр дертке шалдығыпты. Айықпас аурумен арпалысып, өлім мен өмір арасында жатқан көрінеді. Баланың да жанын сыздатқаны аңғарылады. Шамасы оның үйдегі жағдайы ажалмен арпалысқа айналған сияқты» деп түйіндеген екен.\r\nҮшінші сыныптағы тәрбиешісінің жазғанын тағатсыздана қолына алып, оқи бастайды: «Анасының өлімі баланың жан әлеміне ауыр соққы боп тиді. Ішкі дертіне қарамастан бала оқуға бар ынтасымен, ыждаһатпен ұмтылады. Әйтсе де үйде білім алуына әкесі көңіл бөлуді қойған. Баланың білім алу мәселесін тездетіп қолға алмасақ, жағдай қиындағалы тұр».\r\nМұнан кейінгі жағдайды төртінші сыныптағы ұстазы былай деп жалғастырыпты: «Баланың оқуға құлқы жоқ. Достары да жоқ. Сабақ үстінде жиі ұйықтап қала береді» депті. \r\nМінездемелерді оқып шыққан мұғалімнің осы сәтте жүрегі сыздап қоя берді. \r\nӘдеттегідей келесі оқу жылы келіп жетеді. Сол баяғыдай, барлық оқушылар ұстаздарына сыйлық ұсынып жатыр. Жаңа оқу жылының басталғанымен құттықтап, әлгі бала да бір затты ұстаздың қолына ұстатады. Мыж-мыжы шыққан қағазға әлденені орап әкелген екен. Түйіншекті көрген сыныптастары жарыса күледі. Тек мұғалім ғана қағазды ашып, ішінен көзі сынған білезік пен құтысында бітуге таяған аздаған исіссуды көріп, ерекше қуанды. Баланы құшағына қысып, «мынау тамаша сыйлық қой» деп, білезікті қолына тағып алды. Баланың қуанышында шек жоқ. Ұстаздың тосын мінезіне қайран қалған оқушылар да күлкілерін сап тыйған. Кейіннен көпшіліктің көзінше мұғалім құтыдағы иіссуды үстіне септі. Осылайша сабағын да бастап кеткен. Сабақ соңында көзінде нұры ойнаған бала ұстаздың жанына келіп, ерекше мейіріммен «Білесіз бе, сізден анамның иісі шығады» деді. \r\nБала кеткен соң мұғалім ұзақ жылады. Осы күннен бастап ол тек математика мен әдебиетті ғана емес, ізгілік пен қайырымдылық жайлы дәріс беруді қолға алды. Біраз уақыт сырғып өткенде сұрықсыз баланың ажарына нұр тола бастады. Өмірдің мәні мен сәні жанарынан айқын сезілетін болды. \r\nМұнан кейін мұғалім оқушылардың барлығын бірдей жақсы көремін дегенімен, енді әлгі баланы өзгелерден айқрықша жақын тарта бастаған. Осылайша жыл да зулады. Бірде әдеттегідей көп қағаздарын ақтарып отырып, көзі бір тілім хатқа түсті. Ашып оқығанда жүрегі елжіреп кетті. «Сіз өмірімдегі ғажап ұстазсыз!» деп жазылған екен. Осылайша аттай зулап бес жыл артта қалды. Бұл кезде мұғалім де басқа сыныпты қолға алған. Әйтсе де осыдан біраз жыл бұрынғы шәкірті тағы бір хат жолдапты. Өмірдегі ең асыл ұстазы болып жүрегінде қала беретінін жазыпты. Араға уақыт салып, әлгі оқушыдан тағы бір хат алады. Оқушысы колледжді үздік тәмамдап, университетті үздік оқып жүргенін жазыпты. Кейінірек келген хатында оқу орнын ойдағыдай тәмамдағаны айтылады. Сондай-ақ, әкесінің дүниеден озғанын, жақын арада отау құрғалы отырғанын да жеткізіпті. Әрі үйлену тойында әкесі мен шешесінің орнына мәртебелі ұстазының жайғасқанын қалайтынын білдірген. Тойдың төрінен ұстазын көргісі келетінін оқығанда жүрегі елжіреп сала береді. Әрине, мұғалім қуана келісім де білдірді. \r\nОсылайша той күні де таяйды. Той болатын күні мұғалім баяғы бала сыйлаған көзі жоқ білезікті тағып, анасының құтысының түбіндегі иіссуды септі. Алыстан ұстазын көрген бала қуаныштан төбесі көкке жетердей жүгіріп келіп, құшақтай алды. Сол мезетте балалық шағынан жадында қалған тамаша иісті сезді. Анасының хош иісі. Көзінен ыстық жас ыршып шыққан бала ұстазын құшағына қатты қысып, «Менің осы өмірге керектігімді сезінуге, өз күшіме сенуіме мүмкіндік бергеніңіз үшін, сізге ризамын» деді даусы дірілдеп. Сонда мұғалім көзіне жас алып, «Керісінше, сен мені бәріне үйреткен. Сенімен таныспай тұрып, ұстаз болудың сыры мен мәнін, ғажап қадірін сезінген жоқпын» деп жауап береді.\r\n\r\n \r\n\r\nРедакция: Ұстаз туралы әсерлі әңгімені оқырманымыз жібергендіктен сайтымызға жариялап отырмыз. Әңгіме авторы белгісіз. 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ