Ер деген аты ғана, ісі шала…

0
4749

А. бетті әрлейтін косметикалық бұйымдарға айына бақандай 200 мың теңге жұмсайды екен. Осынша көп қаражатты тек бет бояйтын құралдарға жұмсау қанша­лықты дұрыс?

Қазіргі таңда табысы жақсы мамандықтардың бірі – визажист, яғни бет әрлеуші болып тұр. Бұрын бұл қыз-келіншектердің ермегі болса, бүгінде жігіттер де оны нәпақа табар жұмысқа айналдырыпты. Әрине, бет әрлейтін ерлер шет елдерде таңсық емес. Ал бетті әдемілейтін жігіттердің біздің Қазақстанда да пайда болғаны қызық екен. Алматылық А. деген қазақ  жігітінің осындай өзіне ұнайтын ісімен айналысамын деп, отбасының, достарының және қоғамның сыны мен қарсылығына ұшырағандығы туралы телеарналардың бірінен көріп қалдым.

«Көп жігіт бұдан қорқады. Әрине, басында мен де қо­рықтым. Отбасым да біраз қарсы болды. Олар мені тоқтату үшін «бұл еркектің ісі емес»  деді. Біздің халықта «ұят» деген түсінік бар. Осы «ұят» біздің қабілетімізді тұншық­тыруда. Ал менің ұстанымым: әркім өзінің көңілі қалаған ісімен айналысуы керек», – дейді визажист жас жігіт.

Уақыт өте келе А.-ның отбасы оның жан қалауымен келіспеске шарасы қалмапты. Бірақ көпшілік әлі де оның ісіне наразы. «Отбасым менің қандай екенімді біледі. Турасын айтқанда, егер мен былай киінсем, осылай көрін­сем, осы имиджді ұстансам, онда ол мені «көгілдір» екенімді білдірмейді», – деп түсіндіреді сырт келбеті нәзік көрінетін жігіт.

А. бетті әрлейтін косметикалық бұйымдарға айына бақандай 200 мың теңге жұмсайды екен. Осынша көп қаражатты тек бет бояйтын құралдарға жұмсау қанша­лықты дұрыс? Осылайша қыруар қаржыны тек опа-далапқа ғана  жұмсағанша, одан да пайдалырақ, мәселен, жігітке тән тірліктермен айналысса дұрыс қой деген ой келеді маған.  Тіпті, олай болмаған күнде де, өзгені боян­дырғаны былай тұрсын, өзі де боянып алатын еркектің ақыл-есінде ауытқуы бар ма екен деп ойлап қаласың. Себебі, біздің түсінік мұндай субмәдениеттің дәл біздің іште қалыптасып жатқанын қабылдай алар емес.

«Өз ойым» бағдарламасына сұхбат берген С. деген қазақ жігіті де өзіне визажист болып жұмыс істеген ұнай­тынын, екі күн сайын қасын жұлатынын,  шашын бояй­тынын да еш  қысылмай айтып отыр. Мен өзім қыз болсам да, екі күн сайын қас жұлмайды екенмін. Тіпті, шыны керек, бұл жігіттердің қасында өзімді күтімі жоқ қыздай сезініп кеттім. Бірақ мен табиғи сұлулықты, рухани құндылықтарды бағалайтындар санатынанмын.

Жақсы, визажист болып істей ғой, бірақ ол ер адам­дардың боянып жүруі деген сөз емес. Иә, қазіргі таңда сән индустриясы шаң ілестірмес даму үстінде. Күнде бір тренд, жаңа бренд немесе өтімді хайп. Бірақ жігіттердің боянуы, меніңше, ұлттық құндылықтарға бай өр мінезді, рухы биік қазақ халқының табиғи болмысына сай келмейтіні анық. Қанша жерден трендті қусаң да, біз үшін рухани байлық қана нағыз бренд екені шындық.

Өкінішке орай, арамызда осындай қыз сияқты майысқан, нәзік жігіттер көбейіп келеді. Олар уақыт өте келе «жан қалауымыз осы» деп, бізден іргелерін аулақ салып, бөлек мемлекет болып кетпей ме?

Тәуелсіздік бізге көп жетістік әкелді. Әлемге жол ашылды, бір-бірімізбен мәдени, рухани құндылық­тарымызбен алмаса бастадық. Бірақ неге біз шет елге еліктеп шыға келеміз, ал қазаққа ешкім еліктемейді? Беті аулақ, бірақ елімізге жау шапса, жерімізді әлгіндей опа-далап жағып алған нәзік жігіттер қорғай ала ма?!

Мамандықты игерген дұрыс-ақ, бірақ мамандық сені басқарғаны дұрыс болмас.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ