Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

0
1994
Иллюстрация: Freepik.com

Сабақтас құрмалас сөйлемдерді ұйымдастыруға етістіктің мына көсемше формалары қатысады.

  1. -п, -ып, -іп, -а, -е, -й
  2. –ғалы, -гелі, — қалы, — келі
  3. –ыстан, — стен
  4. –майынша, -мейінше

Бұл формалардың құрмалас сөйлемдерді байланыстыру қызметі олардың абстрактылық дәрежесіне, тілдің жүйесіне сіңісу жағдайына байланысты көрінеді.

Өткен шақ көсемше формалы етстіктің қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер.

Құрмалас сөйлем ұйымдастыруда  әрісіті  жұмсалатын форма –п, -ып, -іп ( өткен шақтың көсемше формасы).

Бұл форманы А.Н.Баскаков бір ілгері болған  іс-қимылды екінші іс-қимылға қатысты (пысықтауыш) етіп көрсететін амал деп анықтаған болатын.

Осы мағынаны, қызметті –п, -ып, -іп формалы көсемше құрмалас сөйлем ұйымдастырғанда да көрсетеді. Ол ілгергі компонентті кейінгі позициядағы компонентке байланыстырып, түрлі мағыналық қатынасқа түсіреді.

Көсемше формалы етістік бағыңқы компоненттің баяндауышы ретінде соңғы позицияда тұрып, оны басыңқы компонентпен байланыстырады. Көсемше ұйымдастырған құрмалас сөйлемдер  көп мағыналық қатынасты білдіреді.

Жай сөйлемде –п формалы көсемше мен басыңқы етістіктердің мағыналық үйлесіміне сай көсемше етістік себеп, мезгіл, сын-қимыл пысықтауыш ретінде көрінгені сияқты сабақтас құрмалас сөйлемде де бағыңқы мен басыңқы компоненттердің мағыналық үйлесіміне сай түрлі синтаксистік қатынас көрінеді.

Аталып отырған сабақтас құрмалас сөйлемдердің компоненттері мынадай мағыналық қатынастарға  түседі.

  1. Жалғастық қатынасты білдіреді. Компоненттер бірін-бірі толықтырып жалғасып келетін пікірлердей хабарлайды.

«Апа, көбі кетіп, азы қалды, шыда», — депті (Д.Досжанов). Күлген кезде екі бетінің ұшына қызыл бояу ойнап, онысы өзіне сонша жарасады екен (Д.Досжанов). Әкесі арбасын жөндеп, шешесі құрт қайнатып жатыр еді (Ғ.Мүсірепов).

  1. Мезгіл жағынан қатар болған оқиғаларды хабарлайтын компоненттер байланысады.

Үлкен таудың ішінде жел гуілдей соғып, ақ боран ұйытқып ойнап тұр (М.Әуезов). Майдың күні көк жетіліп, гүл-жапырақ молайған (М.Әуезов). Дастарқандағы бауырсақтар мен қанттар жөңкіле үркіп, кеселер соқтығысып қалды (С.Оразалин).

  1. Мезгіл жағынан ілесе болатын оқиғаларды белгілейтін компоненттер құрмаласқа қатысады.

Жел тұрып, бұлттар ыдырады.

Күлипаның киімдері тегіс су болып, бойын суық алайын деді (С.Мұратбеков). Сай шеті ұшы-қиыры жоқтай созылып, трактор мен шөп таусылмас бір ұзақ еңіске қарай сырғанап келе жатқан сияқты (С.Мұратбеков).

  1. Сын – қимыл бағыныңқы компонент басыңқы компонентпен байланысады.

Өсітіп терге быршып отырғанда, көзінің асты қалталанып, Саясат келді (Д.Досжанов). Қоңыр қойдың көзіндей қарашығы кішірейер еді, қасын қағып, селдір мұрты дірілдеп, қамығар еді (Д.Досжанов).

  1. Себеп бағыңқы компонент басыңқы компонентпен байланысады.

Сөзіне көбінесе сыбыр араласып, не айтқандары ұғымсыз болды (М.Әуезов). Суық қармап, денесі тоңази бастады (Д.Досжанов). Жаз ортасы ауып, жұрт егін-пішенге қап қыла бастады (М.Әуезов). Көктемгі жауын қалың болып, шөп шүйгін шықты (Д.Досжанов).

  1. –п формалы көсемше бағыңқы компоненттің баяндауышы болып, қарсылықтық қатынасты білдіретін құрмалас сөйлем ұйымдастырады.

Шәнтитіп, осының қай жерін аға дейсің (С.Мұратбеков). Кішкентай болып, тілінің ащысын! (С.Мұратбеков). Тепсініп, не деппін оған! Ауыздарың айтып, артарың көтерілмейді (Ғ.Мүсірепов). Әлгі айтылған жалқау Байкен деген жігіт Қасымның баласына екі жердің тұқымын беріп жіберіп, артынан қоймай жүріп, қайырып алдық (Ғ.Мүсірепов).

-п формалы көсемше ұйымдастырған  сабақтас құрмалас сөйлемнің көп мағыналығына байланысты кейде компоненттердің арасына жалғаулық немесе анафористік есімдік кірігеді.

Арқадағы Әлке Байдалы деген елге барымталы болып қалып, содан жылдағы жайлауға бара алмай, жолда отырып қалыпты (Тиесов). Ат табылып, бірақ боран көтеріліп, тоқтап қалдық.  Ақбілек қайда екен? Деген сұрақ келіп қап, бірақ сұрауға қаймыға берді (Ж.Аймауытов). Әкем шақырып, сондықтан асығып келдім.

Бұл типті сабақтас құрмаласқа жалғаулықтың кіруіне екі себеп бар.

Компоненттердің арасындағы мағыналық қатынас компоненттердің мағынасының үйлесуінен туып, -п формасы тек байланыстырушы ғана амал болып көрінеді. Осы себептен Н.И.Ильминский бұл форманы соединительное днепричастие деп атаған болатын. Бұл пікірде де шындық бар. Жалғаулықтар компонент арасындағы мағыналық байланысты анық таныту үшін енген.

Баяндауышы –п формалы бағыңқы тұлға лебізде экспрессивтік тудырып дара жұмсала береді.

Не болса соны айтып! Бұның жарамайды. Байдың малын жарлы қызғанып!

Компоненттің бойындағы осы  сипат жалғаулықтардың кірігуіне жол береді.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  2. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  3. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  4. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  5. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  7. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  8. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  9. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  10. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  11. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  12. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  13. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ