Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы

0
2237
Иллюстрация: Freepik.com

Сөйлем – тіл бөлшегі әрі сөйлеу бөлшегі. Тілді жалпылама тұрақты жүйе ретінде қарайтын болсақ, оның өзі әрқилы сөйлеу құбылыстарын қамтып, солардың басты белгілерінің көрінісі тұрғысынан анықталады.

Сөйлем сөйлеу жағдайында пайда болады да, әрқашан айтушы тарапынан, қатынас жасау  процесінің талап-тілегіне қарай жаңадан қалыптасып отырады. Бірақ сөйлемдердің құрылымында тілдің жүйелілігіне байланысты жалпылық, тұрақтылық сипат болады.

Сөйлемдердің құрылуында белгілі бір ережелер бар. Сөйлем құраудың мұндай ережелері болмаса, адамдардың пікір алысуына мүмкіндік тумас еді. Жалпы сөйлемнің құрылымдық негізін белгілейтін айырым бір модельдер (құрылымдық үлгі-тұлғалар) болатындығы байқалады.

Сөйлем моделі белгілі бір типтік топқа жататын барлық сөйлемдерге ортақ құрылымдық ерекшеліктерді қамтиды. Сөйлеудегі сөйлемдер әрқилы, сан жағынан көп болып келеді, бірақ модельдер олай емес, санамалы ғана.

Құрылымдық үлгі-тұлғалар сөйлем типін белгілеуге негіз етіледі.

Сөйлемнің қай үлгі-тұлғасы болмасын, бір жағынан, синтаксистің тарихи даму жүйесінде бұрыннан қалыптасқан сөйлем типтерінің құрлымына қарай анықталады, екінші жағынан, сол үлгі-тұлғалар арқылы сөйлеуде үнемі жаңа сөйлемдер жасалып отырады.

Тілдегі сөйлемдер белгілі бір құрылымдық айырмашылықта қалыптасып отырады.

Сөйлемнің ерекше бір құрылымдық тип екендігі мағыналық қызметімен байланысты.

Бір үлгі-тұлғаның қайталануы арқылы қалыптасқан сөйлемдер сөйлеуде әрқилы болып жұмсалады.

Қайсыбір тілде болмасын сөйлемдер әрқилы аспектіде қолданылып қызмет етеді; мазмұны жағынан да, тұлға, құрамы жағынан да түрлі-түрлі болып келеді. Бірақ олар тілдің жүйелілігіне қарасты айырым үлгі-тұлғалар арқылы құрылымдық-грамматикалық типтер ретінде қалыптасып жұмсалады да, әрқилы сөйлеу мазмұнын зат, құбылыстардың байланысына негізделген логикалық қатынастар ыңғайында, жалпыланған мағынада білдіреді.

Роман, герман, орыс тілдерінің мамандары жай сөйлемнің құрылымдық типтерін көбіне грамматикалық, мағыналық критерийлер негізінде топтастырып келеді.

Сөйлемдер айырым үлгі-тұлғаға байланысты қалыптасады десек, олардың негізгі жіктелу критерийі – грамматикалық-құрылымдық ерекшеліктер болмақ. Әрине, ол грамматикалық ерекшеліктер сөйлемдердің жеке бір типтерге ажыратылуында бірдей емес.

Мұның өзі мынадан байқалады: жалпы сөйлемдердің грамматикалық критерий тұрғысынан топтастырылуына алдымен, олардың мүше-құрамды не мүше-құрамды емес болып құралу айырмашылығы негіз етіледі; мүше-құрамды сөйлемдер тобын өзара ажыратқанда грамматикалық критерий – екі бас мүше не бір бас мүше арқылы құралу-құралмау ерекшелігі болады.

Сөйлемнің мағыналық жағы да оларды топтағанда негізге алынады. Оның өзі қосымша фактор ретінде, грамматикалық критериймен тікелей байланыста ескеріліп отырады. Мысалы, бір бас мүше негізінде құралған сөйлем түрлерін жіктегенде, бұл бас мүшенің грамматикалық тұлғасымен бірге, етістік не есім түріндегі лексикалық құрамы, осыған орай ол типтердің мағыналық айырмашылығы да бірдей еске алынып, критерий етіледі.

Осы айтылғандарды ескере отырып, қазіргі қазақ тіліндегі жай сөйлемдерді құрылымдық типтері жағынан мына сала-жүйеде жіктеуге болады.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:


ПІКІР ҚАЛДЫРУ