«Феминизм» қазаққа жат ұғым ба?

0
1209

Құндылықтардың өзгерген заманында қазақтың қағида-дәстүрлері де өзгеріске ұшырап жатыр. Әрдайым еркектен кейінгі орында болып келген әйел затының бүгінгі рөлі қандай? Қазақ халқында «феминизм» қалай қабылданады?

21 ғасыр – гендерлік теңсіздіктен арыла бастаған тең мүмкіндіктер мен құқықтардың заманы. Қоғамдағы орыныңды анықтауда жыныс, жас мөлшері, әлеуметтік-экономикалық жағдай немесе өзге де ескірген критерийлердің маңызы жоқ. Әлемнің қарыштап дамуымен бірге сұраныстар да өзгеруде. Нарық пен қоғамдағы әйел затының бағалануы жоғарылады.

Қазақтың туа бітетін менталитетіне байланысты халқымыз қыз баланы әрқашан сыпайы, көнбіс және ошақтың басы-қасында жүретін пысық етіп тәрбиелейді. Әрине, отбасының бақытты болуы негізінен әйел адамға байланысты болып келеді. Дегенмен, төрт қабырғадан аса алмай, жеке тұлғалық мүмкіндіктерді шектеу қаншалықты дұрыс?

Профеминизмнің алғашқы бастамалары

Қазақстанда ең алғаш қыздардың білім алуына жол ашқан Хан Ордасындағы 1883 жылы салынған бастауыш мектеп болды. 20 қазақ және орыс қыздары білім алған мектепте 1889 жылға дейін 243 қыз бала оқыған. Солардың ішінде тек 26 қыз толық курсты тәмамдаған. Әйелдер эмансипациясы 1887 жылы Ырғызда Ыбырай Алтынсариннің бастауымен әйелдерге арналған алғашқы арнайы орта оқу орының ашылуымен орныға бастады. Алғашқы оқушылары бірыңғай орыс қыздары болған. 1888 жылға қарай қазақ оқушы қыздарының қарасы көбейді. Бұдан кейін де Торғайда, Қарабұтақта, Ақтөбеде және Қостанайда осыған ұқсас оқу орындары ашыла бастады. Яғни, ХІХ ғасырдың соңында қазақ халқының ағартушылары ескі көзқарастардан арылды. Сол уақыттан бастап әйелдерге жеткілікті дәрежеде құқық беру үшін еңбектене бастаған.

Феминистік басылымдар

1970 жылдары әлсіреп қалған әйелдер қозғалысы 10 жылдан кейін қайта жандана бастады. 90-жылдары Қазақстанда Мұсылман әйелдер лигасы, Феминистік лига, «Әйел және құқық» лигасы, «Шығармашылық бастау» лигасы тәрізді бірнеше қоғамдық ұйымдар пайда болды. Сонымен қатар, Қазақстанда 1991 жылы «Мальвина» алғашқы феминистік басылымы ашылды. Қазіргі уақытта осы басылымның ізбасарлары ретінде «Сезон», «Қазақстан әйелдері», «Зеркало» журналдарын атап өтуге болады. ХХ ғасырдың соңында да феминизмді қазақ халқына жаю кең етек алғанын осыдан-ақ байқауға болады.

Журналист Юрий Зайцев өзінің феминизм жайлы монографиялық еңбегінде Қазақстандағы әйелдерге байланысты гендерлік стереотиптер, әлеуметтік қорғалмаушылық, зорлық-зомбылық және билік құрылымындағы әйелдердің рөлі сияқты мәселелерді атап өтеді.

Статистика

2000 жылдары ерлердің табысы әйелдерге қарағанда 1,7 есе артық болғаны анықталды. Ұлттық құндылықтарды жаңғырту патриархалдық жүйе мен стереотиптердің қайта оралуына әкеліп соқтырды. Қазақстанда әйелдердің құқығы бүгінгі күнге дейін тапталып келеді. Зорлау мен тұрмыстық әлімжеттік тәрізді ауқымды мәселелерді былай қояйық. Қыз алып қашу, балалы болуға мәжбүрлеу, күштеп тұрмысқа беру сияқты ұсақ бірақ маңызды заттар әлі де орын алып жатыр.

Осындай құқықтың қорғалмауы кезінде әйелдердің жағдайды өз қолдарына алды. «Феминизм» олар үшін басты ұран болды. Олардың қатып қалған жүйені өзгертуге тырысып жатқандары дұрыс та шығар. Себебі осылай жалғаса беретін болса, әйел затының маңызы мүлдем құнсызданып кетпесіне кім кепіл? Елді қорғайтын ерлерді дүниеге әкелетін дәл осы әйелдер екені қай-қайсымызға да мәлім ғой.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ