«Ғасыр адамы» атанған Альберт Эйнштейн

0
3254

Альберт Эйнштейн сондай таныс әрі таныс емес жандардың бірі. Сіз оны суретінен бірден танисыз, оның аты-жөнін тіпті теңеу ретінде қолдануыңыз мүмкін, ал қандай еңбек жазып, ғылымда қандай із қалдырғанын білесіз бе? 

Атақты физик-теоретик, Нобель сыйлығының лауреаты Альберт Эйнштейн ғалым ғана емес, өз заманының кемеңгер ойшылы әрі қоғам қайраткері болған.

Ғалым 1879 жылы 14 наурызда Германияның Ульм қаласында, еврейлердің шаңырағында дүниеге келген. Отбасының тұрмысы жүдеулеу еді, әкесі Герман Эйнштейн матрастар мен көрпелерге арналған құс жүнін шығаратын шағын ғана өндіріске иелік ететін. Альберт бастауыш білімді Мюнхендегі католик мектебінде алған. 11-13 жасында дінге беріліп, тақуалық күйді бастан кешті. Дегенмен, есейе келе көп оқып, дүниетанымын кеңейту арқылы әр құбылысқа скептикалық көзқараспен қарайтындай дәрежеге жетті.

Мектепте Альберт үздік оқушылар қатарынан көрінген жоқ. Оған математика мен латын тілінен өзге пәндер ұнамаған көрінеді. Сөйтіп ол гимназияны аяқтағаны туралы аттестатын да алмастан, отбасымен Италияға қоныс аударады.

1896 жылы Швейцарияның Политехникумының педагогика факультетіне оқуға түседі. Мұндағы білім беру жүйесі, оқыту стилі мен әдістемесі оның көңілінен шығады. Осы оқу орнында ол өзінің болашақ жары Милева Маричпен танысады.

Альберт зор құлшыныспен оқып, 1900 жылы жоғары оқу орнын үздік аяқтап шығады. Алайда, өзі оқыған білім ұясы оның математика мен физикадағы жетістіктерін, қабілетін жоғары бағалай отырып, ол қасиеттерін кеңінен дамытуына мүмкіндік бермейді. 1901 жылы ол ақыры швейцария азамматығына қол жеткізеді. Бірақ тұрақты жұмысы болмай, жағдайы қиындай түседі. Соған қарамастан ғалым өзінің ғылыми ізденістерін жалғастыра берген. Үнемі аш жүргендіктен оның бауыры сырқатқа шалдығады. Жастық шағында жабысқан осынау  дертпен Эйнштейн өмір бойы күресіп өтті.

Осындай арпалыста, күнкөріс үшін күресе жүріп жазған алғашқы мақаласы 1901 жылы жарық көрді. «Капиллярлық теориясының салдары» деп аталған материал ғалымдардың назарын аудармай қоймады. Ал, 1905 жылы оның атақты «салыстырмалылық теориясы» дүниеге келді. Осы тақырыпта бір жыл ішінде үш материал жариялаған ғалым осы арқылы бүтін физика ілімінде үлкен төңкеріс жасады.

Бұл теорияның арқасында кеңістіктің, уақыттың және тартылыстың жаңа қасиеттері ашылды. Ғылыми жаңалық олардың бір-бірімен байланыста болатындығын дәлелдеді. Салыстырмалық теориясы жарық жылдамдығына жуық жылдамдықпен қозғалатын мен күшті тартылыс өрісінде өтетін процестерді зерттеу үшін қолданылатын теориялық негізге айналды. Оның тұжырымдарын сол кезде кейбір ғалымдар мойындамағанымен, қазіргі кезде ол – жалпы жұртшылық мойындаған ілім. Эйнштейн кванттық физикадағы орасан зор еңбегі үшін 1921 жылы Нобель сыйлығына ие болды.

Альберт Эйнштейн атақты теориясынан өзге 300-ден астам ғылыми еңбектердің, тарих, ғылымдар философиясы және публицистика саласындағы 150-дей кітап, мақалалардың авторы.

1909-1911 жылдары ол Цюрих университетінің профессоры, 1912-1914 жылдары – Цюрих политехникумының профессоры, ал, 1914-1933 жылдар аралығында – Берлин университетінің профессоры әрі физика институтының директоры қызметін атқарды. 1933 жылы билікке Гитлердің келуімен ол да АҚШ-қа біржолата қоныс аударды. Эйнштейн содан кейін Отанына оралған жоқ.

1933 жылдан өле өлгенше Принстон қаласындағы Перспективалық зерттеулер университетінің профессоры болды. 1955 жылы осы Принстонда қайтыс болып, денесі кремацияланған.

Әлемнің 5 қаласында ғалымның құрметіне мемориалдық тақталар орнатылған. Ол туралы екі фильм түсірілді. «Тайм» журналы оны «Ғасыр адамы» деп атады.

Мақала авторы: Ерлан Оспан
Дереккөз: El.kz сайты

ПІКІР ҚАЛДЫРУ