Гүлфайруз Байметова, ұстаз: «29 мұғалімге жалғыз қарсы тұру қиын болды»

2
2841

«Құдай кімнің мәртебесін көтергісі келсе, оны ұстаз етеді» деген сөз бар.

Ол ұстаз болуды армандаған жоқ, бірақ ұстаз. Мұны өзі құдайдың сыйы деп қабылдайды.

 Түркістан облысы Құшата ауылындағы М. Қазыбеков атындағы жалпы орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Гүлфайруз Байметова менің бүгінгі кейіпкерім.

Қарашаш Есенбай: Гүлфайруз, мен сенің бала кезден режиссер болуды армандағаныңды білемін. Неліктен ол арманды орта жолда үзіп, ауыл балаларына сабақ беруді таңдадың?

Гүлфайруз Байметова: (Күліп) Мен оны арман деп айтпас едім. Өйткені режиссер болғым келген уақытта мен кішкентай мектеп оқушысы болдым ғой. Өмірде не керек, немен айналысқан дұрыс дегенді бағамдамайтын уақыт. Оның үстіне біздің ортада, мектепте «Сен кім болуды қалайсың, сол мамандықты игер деген» түсінік, таңдау еркіндігі болмағанын сен жақсы білесің, Қарашаш!

Бірақ мен ес білгелі киноға қызығатынмын, ол туралы барлық мәліметтерді іздеп оқып жүрдім. Ол саланың барлық түсін болмаса да, көп жайттарын жақсы білдім. Сонда «Менің қолымнан келеді екен» деген ой болған, ол ой қазір де бар. Оқу бітіріп, ҰБТ тапсырғаннан кейін ойланып жүргенімде әкем телефон соқты. Сөйтсем бір жерден ХҚТУ-де жақсы оқысаң бір жылдан кейін квота берілетінін естіп тұр екен. Сосын маған «Жақын жерге, шамаң жететін мамандыққа түсе салсай»-, деді. Орыс тілі маған оңай еді, өзім ешқашан тіл үйренуден қиналған емеспін. Кейде үйде орысша сөйлегенде олардың қателерін жөндеп отырамын ғой, сонда інім: «Біз сен сияқты орыс тілін біліп туған жоқпыз» деп әзілдейді. Шынында мен орыс тілін біліп тудым, қазақ сыныбында оқығаныммен ойымды орыс тілінде жеткізу оңай. Бұл мамандық маған сол кезде оң жамбасыма келгені де рас, сондықтан түстім. Бірақ өкінбеймін, өйткені жақсы университетте оқыдым, жақсы мұғалімдерден дәріс алдым, достар таптым.

Ал режиссерлік туралы ой ұмытылып, ол туралы мүлде ойламадым. Өйткені мұғалім болуды түбегейлі шештім. Бірақ шынымды айтсам, бұрын бала оқыту қолымнан келеді деп ойламағанмын. Ал қазір оларды оқытқан ұнайды әрі оқушыларымды жақсы көремін. Кейде ата-аналар «Сізді менің балам жақсы көреді, мақтайды» деп айтып кетеді. Олардың да маған деген ыстық сезімдерін сезген сайын шабытым оянады. Қай мамандыққа түсерімді білмей тұрған кезде, мұғалімдікке түсіргені Құдайдың маған сыйы шығар деп ойлаймын.

 Қарашаш Есенбай: Режиссердің қиялы ұшқыр келеді ғой. Оқиғаны шарықтау шегінде көре алады. Сен соңғы саяси жаңалықтардан  не көресің? Осыдан кейін біздің елімізде қандай өзгеріс болуы мүмкін деп ойлайсың?

Гүлфайруз Байметова: Шынымды айтсам, айтарлықтай өзгеріс күтпеймін. Әрине жаңа президенттің келу біршама жайттарды өзгертетін шығар. Бірақ ауқымды, таң қалатын өзгеріс күтпеймін. Өйткені билік басындағылар өзгерген жоқ, сондықтан жүйеге өзгеріс келуі екіталай.

Қарашаш Есенбай: Елбасымыздың өкілеттілігін тоқтатуын халық әр түрлі қабылдады. Ішінде қимастық сезімі болғандар басым, оған қоса қазір желіде белгілі тұлғалардың жылаған видеолары тарап кетті. Оны сен де көрген шығарсың, бұған көзқарасың қандай және өзің қалай қабылдадың?

 Гүлфайруз Байметова: Негізінде сол кезде президенттің үндеуін тыңдау үшін теледидар қосып қойған едік. Бірақ мен сөзіне мән бермеппін. Алғашында бұл хабарды естігенде сенбедім, әлеуметтік желідегі жазбалардан кейін көзімді жеткіздім ғой (күліп). Иә, бір елді ынтамақта ұстап отыру қиын нәрсе, ол тұста мен оның біліктілігіне разымын. Бірақ керемет махаббатым бар деп те айта алмаймын. Бейтарап көзқарастамын деп айтсам болады. Дегенмен, оған рақметімді айтқым келеді. Тәуелсіздік алғаннан кейін, елді көркейтіп, халықтың жағдайына көңіл бөлді, жастарға қолдау білдірді. Жалпы ол кісі халықты барынша қамтамасыз етуге тырысты ғой. Қимастық болғаны рас, бірақ жыладым, қайғырдым дей алмаймын. Сондай видеолардың тарағанына күлкім де келді. Өйткені ол кеткенмен, орнына басқа біреу келеді. Назарбаев жақсы президент болды, кейінгі президент одан да жақсы болсын деп үміт етеміз.

Қарашаш Есенбай. Ал Астананың Нұрсұлтан болып аталуын оң шешім деп есептейсің бе? Ол бізге қандай пайда немесе зиян келтіруі мүмкін?

Гүлфайруз Байметова: Бұл мен үшін қызық жаңалық болды, күтпедім! Тіпті ұсыныс айтылып жатқанның өзінде, осылай тез-ақ қабылданып, өзгере салады деп ойламадым. Негізі қызық шешім. Қазір біздің Түркістандағы да даңғылдың біріне сол кісінің есімін берді. Әр қаладан, ауданнан көшелер беру, есімін ұлықтау қажет шығар. Бірақ бір қаланы «Нұрсұлтан» деп атау жақсы шешім деп айта алмаймын. Сол уақыттағы әлеуметтік желідегі жазюбалардан  байқағаным көпшілік қарсы сияқты. Дегенмен олар өз пікірлерін жүйелі, сауатты жеткізе алмағандай. Енді шешім қабылданып қойды. Бір қаланы адам атымен атау орыстар айтады ғой «культ личность» деп қазақша қалай жеткізуге болатын білмей тұрмын… артық сияқты. Біз бұған да үйренеміз, тек уақыт керек. Иә, Назарбаев керемет президент болғанына ешкім қарсы шыға алмайды, оған әр адамның алғысы шексіз.

Қарашаш Есенбай: Оның алдында ғылым және білім министрі тағайындалған еді. Ендігі кезекте өз салаңнан қандай өзгерістерді күтесің?

Гүлфайруз Байметова: Бұрынғы министрдің кезінде оған сын көп айтылатын. Көпшіліктен «Білім министрі мұғалім болу керек» деген пікірді жиі естимін, мен де соны қолдаймын. Мұғалім өзінің әріптестерінің тіршілігін, жай-күйін жақсы түсінеді. Қазіргі министр Шәмшидинова бұрын мұғалім болған адам ретінде ол кісіден оң өзгерістерді күтемін.

Осыған дейін бұрынғы министр жаңа оқу бағдарламасын алып келіп, барлық мектепке міндеттеді. Ол жүйе қала мектептеріне, зияткерлік мектерге пайда әкелетін шығар, өйткені олар дараланған дарынды оқушылар. Ал ауыл мектептеріне қазіргі білім жүйесі ауыр тиіп жатыр. Жаңару керек, мен оны қолдаймын. Бірақ жаңартылған білімді игеру қалай боларын ескеру керек. Мысалы қазір ауыл балаларымен қоса, мұғалімдеріне де қиынға соғып жатыр. Өзім орыс тілінен сабақ беремін, қазір грамматика дегенді үйретпейміз, олардың кітаптарында мәтіндер берілген сол бойынша жұмыс істейміз. Жақын күндері білімімді жетілдіріп келдім. Жаңартылған бағдарламаның негізгі мақсаты — оқушыны тұлға ретінде дамытуды көздейді. Бұл өте жақсы мақсат, өйткені біздің кезімізде оқушының көзқарасын қалыптастыруға тырыспайтын. Қазіргі тапсырмалар оқушының пікір айтып үйренуіне көмектеседі, бірақ ауылдағы оқушыларға ол тапсырмалар қиын. Мысалы отыз оқушының бесеуі ғана игере алуы мүмкін. Меніңше оқушыға тілдің грамматикасын үйрету керек, сондықтан мен сабағымда аз уақыт болсын грамматиканы түсіндіруге арнаймын.

Осы себептерден кейін мен жаңа министрден жақсылық күтемін. Қағазбастылықтан арылып, ауыл мектептеріне көңіл бөлінсе, бізде ғаламтормен жұмыс істеуге жеткілікті жағдай жасалмаған, осыны келіп өздері көрсе деген ойым бар. Одан кейін әліпбиді қайтадан сабаққа қосады дегенді естіп қуанып жатырмын. Бірінші сыныптың баласына үш тілді емес, бірінші өз ана тілін меңгертуді де қолға алса екен.

Қарашаш Есенбай: Гүлфайруз, қазір үкімет түрлі жұмыстар аясында педагогтардың пікірімен санасып, олардың ойын білуге ынталы. Мысалы осы жылы қабылданатын «Педогог мәртебесі» туралы заңға министрлік өз ұсыныстарыңызды жіберіңіздер деген еді. Осы уақытқа дейін бірнеше мұғалімдермен кездесіп, сөйлескенде байқағаным олардың көбі өз пікірлерін айтпаған. Неліктен біздің педогогтар өз пікірін айтудан жасқанады?

Гүлфайруз Байметова: «Педогог мәртебесі»  туралы заң бұрын қабылдану керек пе еді деп ойлаймын. Мойындау керек біздегілер педогогтарды қадірлей білмейді. Педогогтардың барлығы пікірін айта алмайды деуге де болмайды. Олардың арасында да қалыптасқан тұлғалар бар. Ондай кісілермен өзімде сөйлесіп, пікір алмасып тұрамын. Мен жұмыс істейтін мектепте де ондай адамдар өте көп. Пікірін айтқысы келмейтін мұғалімдер, көбінде басын қатырғысы келмейтін шығар. Көптен ерекшеленгенге қарағанда, бір ағыммен жүргенді дұрыс көретіндер бар. Өзімді пікірі бар, қалыптасқан адаммын деп есептеймін. Бірақ кейде қарсы шыққанмен де өзгерте алмайтын жайттар болады. Мен алғаш жұмысқа келген кезімде түсініспеушіліктер болды, олар мені біразға дейін қабылдай алмады. Өйткені мен басқаша едім (күліп). Мысалы «Осылай істеу керек!» деген тапсырмаларға «Неге?» деген қарсы сұрақ қоятынмын. Соның кесірінен ұжымда ұнатпаушылық болғанын жасырмаймын.

Қарашаш Есенбай: Осы сұраққа қосымша, жақында мерекеге орай сыйлық жинайтын кезде сен бір төбе, қалған жиырма тоғыз мұғалім бір төбе болғанын білемін. Олар ақыры басшыларына сыйлық алып бергенін де білемін. Біздің қоғам неліктен өзгенің ойы мен пікіріне жалтақтайды?

Гүлфайруз Байметова: (Күліп) мереке қарсаңында… иә, ондай жағдай болды. Неге екенін толық айтпай-ақ қояйын. Бірақ бір группада отыз адамның ішінде сыйлыққа ақша жинауға мен ғана қарсы болдым. «Не үшін олай істеуіміз керек, біз міндетті емеспіз!» деп ашуланғаным бар. Бірақ жиырма тоғызы қарсы шыққанда, қолдау жетіспеді. Олар менің бұрын ондай курстарға бармағанымды естіп, «жас екенің, бармағаның көрініп тұр» дейді. Өздері сол нәрсеге үйреніп кеткен. Ол курста үлкендермен бірге жастар да болды, бірақ бастарын ауыртқысы келмейді. Мен жалғыз өзім ғана қарсы шығамын деп ойламаппын. Олар «Артық әңгімені қайтесің» деп мені сыйлық жасауға үгіттеді, түсінгенім олар құлақтарының тыныштықтарын қалайды. Дөрекі айтсам кешірім сұраймын, бірақ менің айдаумен жүре бергім келмейді. Соңында әркім өз пікірінде қалды. Мен сыйлық бермедім, ал олар берді дегендей… Бірақ жалғыз өзің қалғанда, неге бір адам қолдау білдірмеді деп көп ойландым. Мысалы тағы 4-5 адам қарсы болса, осы үрдісті жояр ма едік? Бірақ олай болмады.

Қарашаш Есенбай: Ал, қазір өзің тәрбиелеп отырған оқушылардың бойында еркіндік бар ма? Жалпы біздің замандастарымызбен салыстырғанда олардың қандай тұстары басым?

Гүлфайруз Байметова: Қазіргі оқушыларды өзімізбен салыстыра алмайсың, олар басқаша. Мен өзім оқытып жүрген оқушыларда еркіндік бар, бәрінде болмаса да бізден қарағанда өсу бар. Мен қазіргі тұлғамды университет қабырғасында жүріп қалыптастырдым, ал мектеп кезінде өзіндік менім жоқ еді. Ал қазіргі оқушылар не істеу керектігін, не керектігін біледі. Таңдау еркіндігі бар екені қуантады, өз ойларын қорықпай айтып, шешім қабылдай алатындарына риза боламын. Бұл қасиеттерін әрі қарай дамытуға тырысып, сабақ барысында да түрлі әдістерді қолданып жүрмін. Шығарма жаздырғанда олардың ойын сұраймын, адам өз ойын айтар тұста міндетті түрде ойланады ғой. Сол арқылы жауапты болуды үйренеді. Оқушыларым менімен еркін сөйлеседі, оларға сабақты мұғалім емес достары ретінде түсіндіруге тырысамын. Бұл арадағы алшақтықты жойып, сабақты жеңілдетеді.

Гүлфайруздың оқушылары

Қарашаш Есенбай: Ауылдағы «директордың баласы», «завучтың қызы» деген титулдар қазір де жұмыс істей ме? Өзің балаларды қалай бағалайсың?

Гүлфайруз Байметова: Өзім жұмыс істейтін мектепте ондай нәрсе жоқ, байқаған да емеспін. Қазір мен сондай лауазымдағы  кісілердің балаларына сабақ беремін. Бірақ ешкім өтініш айтып келген емес. Негізі мен бағаға сараң мұғаліммін (күліп). Кейде басқа мұғалімде «Бағаны аяма!» деп әзілдейді.

Мектепке алғаш келгенімде бір баланың тапсырмасына төрт қойғанмын, өйткені беске лайық болмады. Кейін оның сынып жетекшісі келіп, «Ол — бестің баласы. Неге оған төрт қоясың?» деген кезде таң қалдым. Мен үшін мұндай дүниелер өте күлкілі. Ешқашан «Балаға мынадай баға қоясың» деген тапсырманы орындамаймын, бала өз еңбегімен алуы керек. Ал тырысып, еібектеніп оқитын баланың өз бағасын беремін. Негізі әлі күнге дейін барлық мектептерде «мына балаға 5», «мына балаға 4» деген түсінік жойылмады. Мен балаларға баға міндетті емес, сен білім ал дегенді түсіндіргім келеді.

Қарашаш  Есенбай: Қазір біздің қатардағы, жалпы бізден үлкен буындағы адамдар «Ауылда орыс тілі мұғалімі жалғыз болды, оның өзі дұрыс білмейтін» немесе «Орыс тілі мұғалімі ағылшыннан беретін еді» деп маска киіп жатамыз ғой. Қазір менің білуімше, ауылда шет тілінің мамандары жеткілікті. Бұл балалардың көрсеткішіне әсер етті ме?

 Гүлфайруз Байметова: Әрине, оң әсері болып жатыр. Бірақ әлі де мамандар жетіспейтін жерлер бар. Кейбір балалардың «Орыс тілі мектеп бітірген соң керек емес» деп ойлайтынын байқадым. Неге олай ойлайтынын түсіне алмаймын. Қазір сабаққа кіргенде тек орыс тілінде сөйлеймін, олардың құлақтарына сіңе берсін деген ниет. Қазір тіл өте маңызды, сен шет тілін көп білген сайын саған әлемнің есіктері де кең ашылады. Кейде баланың қызығушылығын аша алмасаң, жас мұғалім болғандықтан мұңайып қалатын кездерім де бар.

Қарашаш Есенбай: Мұғалім болып жүргеніңе біршама уақыт болды. Сен оқушыларыңды жақсы көретін, бірақ мектептің қалыбына түскің келмейтін ұстазсың ғой. Егер білім және ғылым министрі болсаң жүйеге қандай нақты үш өзгерісті енгізер едің?

Гүлфайруз Байметова: Мұғалім болып жүргеніме екі жылға жуықтады. Иә, мен оқушыларымды қатты жақсы көремін. Бірақ мектептің қалыбына түскім келмейтіні де рас. Алғашқы кезде көп нәрсеге үйрене алмадым. Мен еркін жүріп үйренген адаммын, ал мектепте ондай еркіндік жоқ. Егер мен Білім мен Ғылым министрі болсам, алдымен қағазбастылықты жояр едім. Қазір «kundelik.kz» ашып, барлығын электронды жүйеге көшіріп жатырмыз. Бірақ әлі журнал толтырып, жоспар жазамыз. Осыны  керек емес деп ойлаймын. Екіншіден, қиын болса да әр мектепті ғаламтормен және ғаламтор тақталарымен толықтыратын едім. Өйткені қазір онсыз сабақ өту миға қонымсыз. Одан кейін мектеп мұғалімдерінде форма деген дүние бар, соны алып тастау керек. Өзім бас кезінде осыдан қатты қиналғанмын, үнемі ресми киіну еркіндік бермейтін сияқты. Арнайы шараларда киюге болатын шығар, бірақ күнделікті өзіңе ыңғайлы киім киген дұрыс сияқты. Мектепке келген соң оқушы да, мұғалім де өзін еркін сезінуі керек.

Қарашаш Есенбай: Қазір мұғалімдерге сөйлейтін сөзі мен киетін киіміне дейін шектеу бар дейді бұл қаншалықты рас?

Гүлфайруз Байметова: (Күліп) Барлық құпияны ашуға бола ма? Иә, қазір мұғалімдерге ондай шектеу бар. Біздің мектепте ұстаз ақ кофта мен қара белдемше киюі керек. Артық ештеңе болмайды, тіпті маникюріңіздің түсі де маңызды. Мен алғаш жұмысқа кірген жылдары осындай шектеулерге үйрене алмай қиналдым. Білезік мен жүзік таққанның не айыбы бар? Мектепке келгенде қатты сын айтылды, тіпті құлағымдағы тесіктерге дейін әңгіме болды ғой (күліп). Әлі күнге дейін әңгіме болады. Формам үшін мені директор шақырып ескерту жасаған кездері бар. Сондықтан да жаңа министр болсам киімге еркіндік беруші едім дедім (күліп). Мен адамның образына, киіміне, түріне қарап баға беруге келіспеймін! Адамның талғамына, таңдауына құрмет көрсетпеу — адамды сыйламау! Кейде мені сынап жатқандарға күлемін де қоямын.

Қарашаш Есенбай: Қазір q-pop-ты тыңдайтын буын солардың киіну стиліне еліктейтіні рас. Бұл тенденция бізге қандай зиян келтіруі мүмкін?

Гүлфайруз Байметова: Неге көп адамдар сол тенденцияны зиян деп ойлайды? Қазақ, корей немесе орыс болсын мен үшін барлық адам бірдей. Адам бірнәрсеге қызығып, соны қайталаса біз одан неге қорқуымыз керек? Адам өзіне ұнайтын дүниені істеуге құқылы. Сол музыканы тыңдағысы келсе тыңдасын, көрсін. Адамның өміріне, қызығушылығына шектеу қою дұрыс емес.

Қарашаш Есенбай: Зиянсыз болса, неге біздің қоғам «91» тобын қабылдай алмады?

Гүлфайруз Байметова: Өйткені біздің қоғам оған үйренбеген. Біздегі «Қазақилықтан шықпау керек» деген өзіміз салған тиымдардың әсерінен қабылдай алмадық. Екіншіден, кейбіреулер олардың сондай жетістігін көре алмаған да сияқты. «91» тобына қызығу арқылы қазақылығымызды жоғалтамыз деу бекер. Ол өнер, солай қабылдау керек. Өз басым олардың әндерін жақсы көремін.

Негізі біздің қоғамда сапасыз дарындар көп. Біздің шоу бизнестегі бейнеклиптерді көріп күлкім келеді,  барлығы арзан дүниелер! Олардың ішінде «91» тобының ерекшелініп көзге түсуі де заңдылық. Ол жігіттер қазақ тілінде ән айту арқылы бізді өзгелерге танытып жатыр. Бас кезінде оларды қуып, түрлі талқылауға салғанда, менің «неге соншалықты жабайылық көрсетеміз» деп қарным ашты.

Қарашаш Есенбай: Гүлфайруз сенің тағы бір өнерің — сурет түсіру. Қазір суреттеріңді қарап отырмыз, өзіңе тән стиль мен сенің болмысыңды ашатын элементтер бар. Бұл өнерге қызығушылық қалай пайда болды?

 Гүлфайруз Байметова: Суретке түсіруге — студент кезімдегі қызығушылықтан оянған сияқты. Тобымызда біреуді суретке түсіру керек болса, үнемі мен түсіретін едім. Жалпы айтқанда, топтың фотографы болдым ғой (күліп). Менің суреттерімді көріп, құрбыларым «Күшті түсіресің!» деп риза болатын. Ол кезде телефонмен түсіремін, сонда осыны хоббиге айналдырсам болады екен деген ой келді. Өзім үнемі кадрде емес, кадр сыртында жүргендіктен видео да түсіріп үйрендім. Бұл саланы зерттеу де мен үшін өте қызық. Менің сүйікті фотографым Ли  Джеффрис көбінде портрет түсіреді. Сол кісінің жұмыстарын көріп, шабытым ашылып, суретке түсіруді хоббиге айналдырдым.

Сол құштарлықпен алғашқы айлығымды алған күні, фотоаппарат сатып алдым. Содан бастап жүйелі айналысамын, әсіресе адамдарды түсірген қатты ұнайды.

Қарашаш Есенбай: Болашақта осы саланы кәсіпке айналдырғың келмей ме?

Гүлфайруз Байметова: Иә, болашақта кәсіпке айналдырғым келеді. Бірақ менің бір қасиетім, үнемі бір дүниемен айналысып жүре алмаймын. Қызығушылықтарым көп, барлығын да байқап көргім келеді. Студент кезімде өте қызық «Самопознание» деген сабақ болатын. Сол сабақтан бір күні тест орындадық, ол қай салада жетістікке жетесің дегенді анықтауға байланысты болған. Сонда мен өзімнің нәтижемді түсінбедім, өйткені нақты сала шыққан жоқ. Оны көрген апайымыз: «Сен хамелеонсың, кез келген саладан жетістікке жетесің» деген еді. Мысалы кейде баяғы режиссерлік арманыма қол жеткізгім келеді.

Қарашаш Есенбай: Оқушыларға фотосурет үйірмесін жүргізу туралы ой жоқ па?

 Гүлфайруз Байметова: Бұл туралы ой маған мүлде келмепті. Өйткені мен әлі кәсіби маман емеспін ғой. Бәлкім болашақта осы кәсіпті жақсы меңгерсем, курс ашуым әбден мүмкін.

Қарашаш Есенбай: Осыған дейін бір сөзіңде сценарий жазатыныңды айтып едің. Толығырақ білгіміз келеді, не туралы жазасың? Болашақта кино түсіру ойыңда бар ма?

Гүлфайруз Байметова: Жаңа жоғарыдағы сөзімде айтып кеттім ғой, мен өзімді университет қабырғасында таптым. Екінші курс оқып жүрген кезімде сценарий жазуды бастадым. Негізі мектепте шығарма жазуда қатты қиналатынмын, сондықтан алғашында  қолымнан келе ме деген қорқыныш болды. Бірақ құрбым қызық үшін жазып көрсеңші деп идея тастады. Қазір орыс тілінде сценарийлер жазамын, бұл күні толық метражды үш киноның сценариін жазып бітірдім. Олардың бәрі өмірдегі тұрмыстық оқиғаларымен байланысты. Болашақта ол сценарийлерімді киноға айналдырғым келеді.

Қарашаш Есенбай: Алдағы уақытта қандай жоспарларың бар?

Гүлфайруз Байметова: Адамда жоспар таусылмайды ғой, менде де ой көп. Оның бәрін тізіп айта бергім келмейді. Бірақ болашақта әлемді шарлауды армандаймын.

Қарашаш Есенбай: Жақсы Гүлфайруз, арман-мақсаттарыңның орындалуына тілектеспін! Уақыт бөлгенің үшін рақмет!


2 ПІКІРЛЕР

  1. Креативти мугалимдер кобейе берсин деп тилеймин ?????

  2. Ұстаздық еткен жалықпаған жандар көбейсін ???

ПІКІР ҚАЛДЫРУ