Хат жанры және түрлері

0
18219
Әбіш Кекілбаев

Хат жанры ықылым заманнан бері бүгінгі күнге дейін әлеуметтік маңызы зор жанрлардың бірі.Хат мәтіні-мәдени және тарихи мәні зор жанрлардың бірі, жазба тілдің ежелгі формаларының бірі. Көптеген ғалымдар хатты «Эпистолярлық стиль», «Эпистолярлық әдебиет», «Эпистолярлық жанр» деп атап жүр.

Эпистолярия грекше (epistole) «хат» деген мағынадан шыққан.Қазақ Совет энциклопедиясында: «Эпистолярлық әдебиет, эпистолография( грекше жолдау, үндеу) –сан алуан хат түрінде жазылған шығарма.Эпистолярлық әдебиетке жеке адамдардың бір-біріне жазған, мәдени маңызы бар, әдеби мұраға айналған хаттары да жатады…», деп түсінік береді. Ал, орыс ғалымы Е.М.Виноградова «Функцоналдық және құрылымдық белгілері бар кез-келген тексті эпистолярлық деп атайды.

Рабиға Сыздықова аталған стиль туралы: «Бұл стиль жеке адамдардың бір-біріне жазысқан хаттарының тілін танытатын сөз мәнері. Әдетте бұл салада зерттелуге тиісті материал кез-келген адамның күнделікті тұрмысқа, үй ішіне, қара басына қатысты жайларды сөз еткен хаттары емес, белгілі қоғам қайраткерлерінің, қалам иелерінің, ғылым-білім өкілдерінің, көбінесе әлеуметтік не өзге де мәні бар мазмұндағы корреспонденциялары болуға тиіс»,-дейді.

Хат деп белгілі субъектінің екінші біреуге, бірлестікке, қоғамға, мекемеге арнап жазған жеке туындысын айтамыз.

Хaт жазу барысында нақты тұрақталған үлгісі болмаса да, белгілі бір жазу мәнері бар. Хат бірінші жақтан баяндалады. Нақтылы адресант( хатты жазушы) пен адресаттың ( хат жолдаушы) болуы керек.

Хат жазудың үлгісі:

1.Адресант сәлемдесу түрін анықтауы қажет.(хат жолдаушының жасын, әлеуметтік жағдайы мен қарым-қатынасын есепке алуы керек.)

2.Жазу барысында:

а) хат жолдаушының өзіне, қызметіне қызығушылық тудыратын тәсілді анықтау.

б) Мазмұнды баяндауды анықтау.

в) Қорытынды жасау.

г) Авторға тілек айту.

д) керек болған жағдайда «P.S» белгілеу (посткритум-хатта үлгермеген хабарлаулар)

е) хаттың безендірілу мәдениетіне көңіл аудару (күні, қолы, сауаттылығы, тазалығы, қағаздың сапасы).Бұл деңгей хат авторын, оның адресатқа деген көзқарасын анықтайды.

Мысал ретінде Мәлік Ғабдулиннің Қадыр Мырза Әлиге жазған хатынан үзінді:

Құрметті Қадыр!(1)

Бауырым, мен сенімен сырттай таныс болғанымен сырласың емеспін. Сондықтан, саған арнап жазып отырған бұл хатымды егде ағаның ежіктемесі деп қарайсың ба, әлде қамқор көңілдің қанағаттанғандық белгісі екен деп қарайсың ба-ол арасын өзің білесің.

Негізгі бөлімнен: « Тағы бір шындығымды айтайын.Сен бір өлеңіңнен екіншісіне дейін, бір құйындата самғаудасың, биіктен биікке, асқардан асқарға көтеріліп барасың.Осыныңа қуанам, риза болам. Сенің әрбір өлеңінде ( басқа құрдастарында аз кездесетін ) үлкен ой, тұжырымды түйін жатады.»(2а,б)

Мен сенің бұдан былайда творчестволық жаңа табыстарға жете беруіңе белестен белеске көтеріле беруіңе шынкөңілден тілектеспін…(в, г)

P.S. Саған осы хатты жазып болған бойда мына бір жеңіл әңгіме есіме түсе қалғаны.Соны да қоса салайыншы…(д)

Е.М. Виноградова хаттарды коммуникативтік қызметіне қарай былай топтастырады:

1.Жеке хаттар( негізгі эпистолярлық жанрлар)

а) Қалыптасқан үлгісі жоқ хаттар( әлеуметтік –тұрмыстық хаттар)

б) этикет түрдегі хаттар

в) кепілдемелік хаттар

г) Белгілі бір үлгіде жазылған хаттар

2. Жеке іскерлік хаттар

а) Басқа интонацияға бағытталған хаттың көшірмесі.

б) Адресанты жасырын хаттар

3. Ресми-іскерлік хаттар

а) Нұсқаулық

б) Дипломатиялық

в) Хабарлама, рапорт

4.Әдебиеттегі хаттар ( Қосымша эпистолярлық жанрлар)

— Әдеби достық хаттар (стилистикалық стиль)

— Жариялану үшін авторлық өндеуге түскен хаттар

— Баспалық құлақтандыру хаттар

— Өлеңмен жазылған хаттар (арнау)

-Әдеби мазмұндағы (тұрмыстық емес) жеке хаттар

— Әдeби қосымшасы бар жеке хаттар

— Әдеби шығарма құрылымындағы хаттар

— Ашық хат ( Редакцияға жазылған хаттар)

Хат тұрмыстық шеңберінен шығып, қазіргі кезде публицистикада, әр түрлі мекемелерде (іскерлік хаттар) көрініс таба бастады. Мәселен, хат басқару байланысының негізгі құралы болып табылады.Хабар-ошар алысу мекеме құжаттары жалпы көлемінің 80 пайызын құрайды. М.Қасымбеков, Қ.Әлімқұлов ресми іс қағаздар қатысты кітабында хаттарды маңызы мен мазмұнына қарай: а) инициативалы ( хат талап, хат өтініш, хат-шағым, хат ескерту, хат хабарлама, хат-ескерту, ілеспе хат) және б) жауап ( ақпарат-түсінік, тыйым салу хаттары).

Жоғарғы мекемелер мен ұйымдардан шығатын хаттар, негізінен, тапсырма беру, хабардар ету, ескерту, түсіндіру, сұрау салу түрінде жиі кездеседі. Ведомстволық бағынышты мекемелер жоғары органдарға жауап қайтарып, хабар береді, өтініш жазады.Олардың әрқайсысының белгілі бір үлгісі, формасы болады.

Жеке-жеке тоқталсақ:

Өтініш хатта адресат белгілі бір істің атқарылуын немесе оның тоқтатылуын талап етеді, алайда ол жөнінде жауап қайтаруға міндеттемейді.

Сұрау салу хатына белгілі бір мәселені түсіндіріп немесе фактілердің болған-болмағанын растап жауап берілуі тиіс.

Шағым хатта автор шартты міндеттемелердің орындалмауы салдарынан орын алған шығындарды өтеуді талап етеді.

Ескерту хаттар-адресат өзі атқаруға тиісті міндетін уақытылы орындалмаған кезде жазылады.

Циркуляр хаттар-ведомстволық жағынан бағынышты барлық мекемелерге 1 мезгілде жөнелтілетін хат, олар, негізінен, тапсырма беру сипатында болады.

Ақпарат түсінік хаттары дегеніміз-бұрынғы тапсырылған міндетті түсіндіруге, оның кейбір мәселелері мен фактілерін нақтылай түсу мақсатында жазылатын хаттар.

Тыйым салу хатында салынған сұрауға мәселелердің шешілмеген туралы жазылатын болса, шешім хатында-мәселеніің дұрыс шешілгені жөніндегі мағлұмат береді.

Ілеспе хат-адресатқа құжатпен бірге оны орындау жөніндегі қосымша түсінік беруді талап ететін жағдайда жазылады. Онда негізгі құжат не үшін жіберілді, онымен не істеу керек және оны қанша мерзімде орындау қажеттігі көрсетіледі.

Ілеспе хаттың мынандай түрлері болады :

-мағлұмат үшін;

-уағдаластық бойынша;

-келісу үшін;

— қарау үшін;

-жауап беру үшін;

-сіздің хатыңызға орай;

-шара қолдану үшін;

-қайтаруды сұраймыз.

Қызметтік хаттардың еркін түрде жазылатын кездері де жиі кездеседі.Ол әр лауазым иесінің жеке басының шеберлігіне, сауатына, мәдениетіне мен біліміне байланысты болады.

Хат жазудың соңғы жетістіктерінің бірі-бүкіләлемдік интернет жүйесі арқылы хат алысу.Мұнда әрбір адамда жеке электрондық мекен-жай, мекен-жайын табу үшін өзінің құпия сөзі (код), хат қоржыны болады.Бұл интернет жүйесі арқылы кез-келген электрондық мекен-жайы бар досыңа немесе басқа адамдарға хатжіберсіңіз ол бес секундтың ішінде өз иесін табады, яғни дүниенің төрт бұрышына ортақ байланыс.Соныммен қатар бұл жүйе арқылы көптеген суреттер, документтер, іс-қағаз құжаттарын, т.б. хат арқылы жіберіп, өзіңіз де ала аласыз.

Өкінішке орай бұл жүйе тек ағылшын және орыс тілдерінде.Қазақ тіліндегі нұсқасы шықпаған.

Қорыта айтқанда, хат стилінің адамдар арасындағы қарым-қатынас құралы ретіндегі маңызы зор деп айта аламыз.Болашақта да осы хат жанры өзінің даму шеңберін кеңейте береді деп ойлаймын.

Басқа да материалдар Мұғалімдерге Ашық сабақтар Сабақ Жоспарлары Оқушыларға Рефераттар ҰБТ Шығармалар СӨЖ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ