Хиуаз Доспанова

0
4576

/Деректі хикаяттан үзінді/

– Мәселе мынандай, – дейді әйел көңілденіп, күле сөйлеп, – мен саған бір тосын жаңалық айтқым келіп тұр.
Хиуаз қуана қол шапалақтайды.
– Айтыңыз, айта беріңіз Дарья ханым. Мен тыңдауға дайынмын.
– Ал, ендеше, құлақ сал да, қуана бер. Өзің естіген де шығарсың, естімеген де шығарсың, бір жаңалық болғалы жатыр.
– Айта беріңіз.
– Мәскеуде адамзат тарихында тұңғыш рет қыз-келіншектерден құралған түнгі барлаушы-бомбылаушы әуе полкы құрылғалы жатыр.
– О, міне, тамаша!
– Оны кім ұйымдастырғалы жатқанын білесің бе?
– Айта беріңіз.
– Оны аты мәшбүр ұшқыш М.Раскова ұйымдастырғалы жатыр. Енді саған қарманып қалатын шақ туды. Ертеңнің арғы күні осы академияның үлкен залында осы датаға орай жиын өтеді. Оған Мария Раскованың өзі қатысады. Арты ән мен биге ұласады.
– Дарья ханым, менің өнерге бейімім бар ғой. Шіркін, сол Марияның алдында ән шырқар ма едім.
– Болады, концерттің артын ала ел таланттарына кезек беріледі. Алайда опынып қалып жүр ме.
– Ол жағынан уайым жемеңіз. Мен қалайда сіздің үмітіңізді ақтауға тырысамын.
– Онда іске сәт…
Бұл Хиуаз үшін аса бір қиын, беймаза шақ еді. Өзі бала кезден арман еткен мақсаттың сәті туған кезі де осы еді. Оны жас қыз саналы жүрекпен дәл түсінген. Қайткенде Марияның көңілінен шығу керек. Қазақ әнімен әлдилеп, қиядан жол тапқаны жөн. Ол екі күн бойы күн демей, түн демей концертке дайындалды.
Межелі шақта кештете академияның үлкен залында жиын өтті. Соғыс жәйлі түрлі мәселелер талқыға түсті. Мария Раскова сөз сөйледі. Әр сөзін ағашқа шеге қаққандай етіп, ұғынықты, дәл сөйлейтін әйел екен. Онша да езуі көпіріп, көп сөйлемеді. Тиселі сөзді ғана айтты. Кіл қыздардан жасақталған түнгі барлаушы-бомбылаушы әскери әуе полкының міндеттері мен өздеріне Отан алдында тапсырылған істерін баян етті…

image
Өз ойын қысқаша ғана баян етті де, мінбеден түсті. Одан кейін де толып жатқан әскери мамандар сөзге шығып, соңы концертке ұласып еді. Әуелі арнайы дайындалған концерт қойылды. Соңыра әдеттегінше халық өнерпаздарына кезек берілген. Әні, биі аралас бес-алты бағдарлама өз мәресіне жетті. Концерт жүргізуші:
– Сіздердің алдарыңызда Хиуаз Кайырқызы Доспанова ән шырқайды. Қазақстан!, – деп таныстырылым жасады. Көп аял етпеді. Артынша үстіне төгілдіріп қазақтың ұлттық киімін киген, кеудесіне әдемі қызғылт түсті жаңа гармон қондырған Хиуаз шыға келген. Басындағы үкілі бөркі қыз қозғалысына бөлекше сән беріп, сан құбылады.
Хиуаз гармонды соза құлаштап, атақты «Майраның» әнінің толық нұсқасын тегіс ойнап шықты. Келесі қайталамасында барып, әннің тек қайырмасын құйқылжытты да, бастап кеп жіберген. «Қызы едім, Уәлидің атым Майра» деген қазақтың ерке сылқым әні кең сарайдың ішіне қалықтай жөнелді. Ән салып тұрған қызға қараған хатшы келіншектің көз алдына құм басқан құба белес, ақ селеуі селдіреген бозғылт дала, изен мен майда күреңсесі самал желге тынымсыз елбек қаққан бұйрат жондар елестеді. Бұлақ жағасындағы жұмсақ көгалда ойнақ салып, бірін-бірі қуалаған жаңа тірліктің басы, жас туған қозы-лақтар көрінісі бергендей болған. Әннің сарыны мүлдем басқа еді. Әйткенмен Дарьяның көз алдына әнтек балалық шағы елес берген. Ойнақы ән миға тез дарыды. Бойды балқытып, жүректі баурады.Тіршіліктің жалқы сәттік тәтті шағын сағынтып, құлақ түбін ойнақы ән қытықтады. Қыз даусы онша жуан да, бәлендей жіңішке де емес, жанға жағымды майда самалдай есті. Әсіресе, әннің қайырмасы тым ойнақы, екпіндеп соққан желдей ерке еді. Ән тағы құйқылжып, қалықтай жөнелді.
Хиуаздың орындауындағы алғашқы ән де аяқталып еді. Дария орнынан ұшып тұрып, қуана қол шапалақтады. Қасында отырған Мария ханым да аузы әнтек ашылып, баладай мәз бола қалыпты. Полковник Трошкин де атақты ұшқыш әйелге бір бүйірлей келе әлденелерді айтып жатыр… Қыз әні тыңдаушыларға бөлекше әсер еткен. Отырғандар дамыл-дамыл қол шапалақтап, Хиуаздың ән айтуын тіледі.
– Міне, ән деп осыны айт.
– Шіркіннің үні неткен таза, тұп-тура тау бұлағының дыбысындай сыңғыр-сыңғыр етеді.
– Қимылы мен үні қатар жарасып, сан құбылуын қарашы.
– О, қазақ әнін тыңдағанның өзі бір бақыт екен ғой.
– Ән айтуда азиялықтар, оның ішінде қазақтар алдына жан салмайды.
– Ән кезегі қазақтарда, айтсын, айта берсін…
Әу бастағыдай емес, Хиуаз да еті қызып, бабына келіп алған еді. Бұл жолы тартынбады. Салған жерден «Дударайдан» бастады да, дамытып әкетті. Өзі сүйіп айтатын, ең бір әсем сазды ән «Гауһар тасты» төгілтіп өтті. Халық әні «Қамажай» да тыңдаушысын майдай ерітті. Бұдан кейін орындаған өзге әндері де ел құлағына майдай жақты. Қыз осы айтқаным да жеткілікті болар дегендей, жиылғандарға бас иіп, ізет көрсетті. Концерт те аяқталған. Топты әскери адам Хиуазда өз арасына шақырып алып, қаумалай тіл қатты. Алғашқылардың бірі болып, хатшы әйел Хиуазды құшақтап алып, бетінен сүйді. Атақты ұшқыш М.Раскова да жас қызды бетінен аймалай сүйіп, ақ тілек тіледі. Қыз әнін тыңдағанда өзін академияның кең сарайында емес, басын мәңгілік қар бүркеген Алатаудың баурайында қызғалдақ пен еңлік гүлін теріп жүргендей сезінгенін айтып, Хиуаздың көңілін бір желпінтіп тастады.

vedmi-v-nochi
– О, қиқар қыз, хош келдің, – деп дөңбектей біреу өзінің ыстық құшағын ашты. Ерекше ықыласпен қызды құшақтап, маңдайынан сүйді. Бұл бір кездегі өзінің алдын кес-кестеген полковник Трошкин еді.
– Армысыз полковник мырза, – деді Хиуаз, – сіздің алдыңызда ән салғаным үшін өзімді бақытты санаймын.
– Сенің әніңді тыңдағанымыз үшін біз де өзімізді бақытты санаймыз. Әйткенмен, – деп сәл күмілжіді де, артынша шешіле сөйлеп кетті, – сен қыз осы П.Чаиковский не болмаса М.Луначарский атындағы оқу орнына барсаң да болатын сияқты ғой. Сен өнерден де құр емес екенсің.
– Рахмет, полковник мырза, дейтұрғанмен де маған ұшақпен ұшудың жөні бөлек. Біле білсеңіз, ұшқыш болу ол менің сүйек сіңді арманым.
– Арманыңа жет қызым, мен саған шын ниетіммен тілеулестік білдіремін…
Полковник осыны айтты да, өз-өзінен күйбіңдеп, қыбыжықтап қалды. Қыз әні әсер етті ме, әлде басқа нәрсеге көңілі бұзылған ба, кім білсін, әйтеуірі не болса да полковник жылаған секілді. Жанарына жас тұнып қалыпты…
– Рахмет, – деп қыз өзін қаумалаған жандарға шын ризашылығын білдірді, – сіздерге тек сәттілік қана тілеймін. Ал Отан үшін болып жатқан соғыстың біздің пайдамызға шешілетініне мен кәміл сенемін. Өйткені, біздікі азаттық жолындағы соғыс. Қазақта «Аққа – құдай жақ» деген қанатты сөз бар. Біздің ісіміз ақ. Оны көкте тәңірі, жерде адамзат атаулы тегіс беледі. Біз жеңеміз…
Ертесі сағат ондар шамасында хатшы әйел мен Хиуаз Мария Раскованың қабылдауына жазылды.
– Күте тұрыңыздар, – деді хатшы қыз, – кәзір Мария Раскованың қолы бос емес. Бас штабпен сөйлесіп жатыр. Шамалы уақыттан кейін кіресіздер.
– Жақсы, – деді Дария Ивановна, – күтеміз. Сөйтті де Хиуазға бұрылды.
– Мен сені, – деді күле сөйлеп, – әншейін ғана жай орындаушы деп ойлап қалыппын. Сөйтсем, сенің өнерің ішіңде жатыр екен ғой.
Хиуаз да күле жауап берген.
– Ән мен би менің бойыма ананың ақ сүтімен сіңген асыл қасиет, – деді ол, – мен өнерге жастайымнан жақын болдым. Бірнеше музыкалық аспаптарда ойнаймын. Мектептің де, аэроклубтың да белді мүшелерінің бірі болдым. Оны айтасың, керек болса, аудандық, облыстық байқауларға қатысып, жүлде алған шақтарым да болған.
– Бәсе, ысылғаның сезіліп тұр. Әлі де сол өнеріңді жалғастыруыңа болады.
– Әскери концерт бағдарламасына қатыс демексің ғой. Несі бар қатысамын.
– Бәрінен де кешегі әндерің керемет болды. Әсіресе, Мария Михайловна қатты риза болып қалды.
– Әуе академиясының есігі мен үшін мәңгі жабылғандай сезіліп еді. Үрей бұлтының сейіліп, алдымнан үміт шырағы жанғанына қатты қуанып тұрмын.
– Өзің бір жолың болғыш қыз екен. Бәрі де жақсы болады..
Осы кезде хатшы қыз ішке кіре беріңіздер, – деген ишарат жасаған. Мария Михайловна келісті келген, көркем пішінді, кербез әйел екен. Көз қарасында, әр қимылында, сөйлеген сөзінде бір түрлі салқын сырбаздық бар. Ол келгендерді жылы қабылдады.
– Мария Михайловна, – деді хатшы әйел, – баяндай беруге ұлықсат етіңіз
– Айта беріңдер.
– Өзіңіз де сезіп отырған боларсыз, бұл – деп серіктесін нұсқады, – Хиваз Қайырқызы Доспанова деген қазақ қызы болады. Кешегі концертте жиналғандардың жүрегін әнмен жаулаған әншіңіз осы.
– Жақсы, жақсы.
– Қазақстанның Орал өңірінде туған. Орта мектепті орыс тілінде алтын медалмен бітірген. Сонымен қоса, бір мезгілде аэроклубты да түгетіп, қосалқы ұшқыш-штурман деген куәлікті де алып шыққан.
Арманы ұшқыш болу екен. Өткен жылы осы үдеден шығу үшін біздің академияға құжат тапсырған. Өкінішке қарай, төралқа мүшелері құжаттарын қабылдамай тастады.
– Неге?
– Бас штабтың нұсқауында ұлт қыздарын әуе академиясына алмасын деген тармақ бар екен.
– Сонымен.
– Сонымен, бұл қызымыз тауы шағылғандай болып, академиядан жылап шықты.
– Одан кейін не болды?
– Бұнан соң бұл әнші қызымыз Мәскеудегі №1 медицина иниститутына оқуға түскен.
– Сөйтіп, болашақта дәрігер болғысы келген екен ғой, – деп Мария Михайловна енді Хиуазға қараған, қалай азаматша, жағдай не болып жатыр?
– Жағдай мен ойлағандай емес, – деді Хиуаз, – алтын медалды құшақтап, ауылға қайтқым келмеді. Қинала-қинала келе осы оқу орнына бардым.
– Неге қиналдың?
– Менің бала күннен бергі арманым ұшқыш болу еді. Сол арманыма солақай саясаттың сойылынан кейін қол жеткізе алмадым. Әлі де кеш емес, егер сіз секілді жақсы адамдар шарапатын тигізсе, мен бала кезден бойыма сіңген мақсатымды орындауға әзірмін. Сол үшін мені жаңадан құрылып жатқан түнгі барлаушы, бомбылаушы әскери әуе қыздар полкына қабылдауыңызды өтінемін.
Мария Михайловна бір сәт үнсіз қалып, Хиуаздың бар құжатын қарап шықты да «Саратов қаласындағы әскери әуе күштері училищесіне жіберілсін» деп қол қойған еді. Хиуаздың қуанышында шек болмаған. Ол Мария Михайловнаға сан мәрте алғысын жаудырып, шексіз ризашылығын білдіреді. Бір сәтте арманы орындалғандай болып, әскери әуе күштерінің киімін киіп, сымдай болып тартылып шыға келеді. Жолдамасын құшақтап, аталған шаһарға аттанады.

afec39a07316f03130e3fc84ae99a33e_big

Саратов қаласындағы штурмандар даярлайтын арнайы курсты да сәтті аяқтайды. Таманскідегі №46 жер шарындағы тұңғыш қыз-келіншектерден құралған түнгі барлаушы-бомбылаушы әскери әуе полкына қабылданады. Бұл 1942 жыл еді.
«Ол бір естен кетпес, қияметі мол, ауыр шақ еді», – деп жазады қазақтың «Қанатты қызы» атанған Хиуаз Қайырқызы өзінің кейінгі жазған деректі естеліктерінің бірінде, – жаумен жағаласқандай болып жүріп, дегеніме де жеттім. Адам баласының өзі арман еткен нәрсесі қашан да өзінен алыс тұратын әдеті ғой. Ұшқыш болу да мен үшін сондай еді. Бірақ ештен кеш жақсы деген, иншалла ойдағы ісім орындалды. Бір жасың мың болғыр, Мария Михайловна өзі араласты да, бағытымды түзеп берді. Қазақта «ашаршылықта жеген құйқаның ауыздан дәмі кетпейді» деген сөзі бар. Сол рас. Мен осы бір тар жол, тайғақ кешуде қол ұшын берген, қиналған шақта қолтығымнан демеген орыс әйелінің жасаған жақсылығын еш қашан ұмытпақ емеспін. Және оның жарқын бейнесін де ғұмыр бойы жүрегімде сақтап өтпекпін.
Арада алты ай мерзім аттай шауып өте шықты. Саратовтағы ұшқыш-штурмандар даярлайтын әскери әуе оқу орнының даярлық курсы да артта қалды. Аталған оқу орнын жүзге шамалы курсанттар бітіріп шықты. Ұшқыш-штурман деген куәлік алатын шақ та келіп жеткен. Училище осы бір мерекелі сәтке қызу даярланды. Айналдырған екі-үш күннің ішінде оқу мекемесінің іші-сырты әрі боялып, әрі тазарып, мұздай болып, мөлдіреп шыға келді. Арғысы Мәскеу, бергісі тағы басқадай ірі қалалардан мәртебелі меймандар да келіп жеткен. Келгендердің ішінде әуе қорғаныс күштерінің генаралдары мен қоса, менің сүйікті Мария Михайловнам да бар еді. Кеш есте қаларлықтай аса қызықты өтті. Әрбір сөйлеушіден кейін сарай ішінде «Отан үшін!», «Ел үшін!» деген ұранды сөздер жаңғырығып кетті. Мария Раскова да сөйледі. Қажет болса, ол өз сөзінің арасында ұлттар достығын айта келе, менің де есімімді атап өтті.
– Отан соғысына күллі Кеңс халқы қатысып отыр, – деді ол өз сөзінде, – оның бір айқын мысалы ретінде мынаны айтуға болады. Осы ұшқыш-штурмандар курсын бітіргендер арасында қаршадай ғана қазақ қызы бар. Оралда орта мектепті алтын медалмен бітіріпті. Сонымен бірге аэроклубты да аяқтап шыққан куәлігі бар. Ол Хиваз немесе Катя деп аталады. Өткен жылы Мәскеудегі әскери – әуе академиясына құжат тапсырған екен. Әйткенмен, жолы болмапты. Содан сол қаладағы №1 медицина иниститутына түсіп, оның бірінші курсын тәмамдап шығыпты. Қажет болған жағдайда ол аталған оқуын тастап, ұрыс даласына санитар болып кетуге әзір отыр. Ал мен оның тілегін орындап, осы оқуға жібердім. Енді ол дап-дайын ұшқыш-штурман. Оның үстіне осы лектегі жалғыз мұсылман және қазақ қызы. Былайша айтқанда, көп бидайдың арасындағы жалғыз бидай деуге де келеді. Алатаудың ақ бас шыңдарынан арда ұшып келген көк қаршыға десе, тіптен жарасып кетеді. Ол жәй ұшқыш-штурман емес, тамаша өнер иесі, әнші. Өткендегі Мәскеу академиясында болған концерттегі орындаған әнін академия қызметкерлері күні бүгінге дейін аузының суы құрып, тамсана айтып жүр. Бәлкім, осы кештің концерттік бағдарламасынан оны да көріп қаларсыздар…Осындай өр де, өжет қыздарымыз тұрғанда біз сөзсіз жеңеміз. Жеңіс біздікі болады. Ура!
Зал іші тағы уралаған дауысқа толып, жаңғырығып кеткен. Бұдан кейін де әлденеше адамдар сөзге шықты. Партия, комсомол ұйымының жетекшілері де сөзден шет қалмады.
Бір сәтте кеш бағдарламасын жүргізушісі:
– Сөз Саратов әскери әуе училищесінің курсанты Хиваз Доспановаға беріледі, – дегені. Шынымды айтсам, сасып қалдым. Бірақ сөйлемеске шараң жоқ.
– Құрметті жолдастар, және мен үшін аса мәртебелі Мария Михайловна, жаңадан жасақталған түнгі барлаушы-бомбылаушы полкының командирі Евдокия Бершанская, маған және осы отырған бәрімізге сенім білдіргендеріңіз үшін сіздерге көптен көп алғыс айтамын. Біз бәріміз жан-жақтан, тіпті алыс қиырдан осында жауды жеңу үшін жиналдық. Отан үшін, Ел үшін біз ештемеден де тайынбаймыз. Біз жеңеміз. Ура!, – деп сөзімді аяқтадым.
Кең сарай іші тағы жаңғырығып кетті…Артынан үлкен концерт болды. Мен «Майраның» әнінен бастап, тағы бірнеше халық әндерін нақышына келтіре орындап бердім. Бұл менің әскери сахнадағы орындаған алғашқы әндерім болатын. Кейін осы дәстүр жау жеңілгенше жалғасып жатты…
Дегенмен, әр ненің өз қиындығы бар ғой. Әйелдерден құралған әскери полкта сапқа тұру оңайға түскен жоқ. Түрлі сынақтан өттік. Өзіміздің жеке басымызды әскери қалыпқа келтірдік. Мраия Михаиловнаның бұйрығы бойынша төгіліп, тізеге түсіп тұрған тоқпақтай бұрымды қиюға тура келді. Аяқта керзі етік, үстімізге сұр киім киіп, жіптей болып тартылып шыға келдік.
Келесі күні Мария Раскова өзі бас болып, бізді №46 әскери полк құрамында салтанатты жағдайда соғысқа шығарып салды. Не керек, сонымен, біз үшін түнгі әуе соғысы басталды да кетті.
Қазақтың қанатты қызы Хиуаз Қайырқызы өзінің ең алғашқы түнгі барлаушы-бомбылаушы ретінде соғысқа қатынасқан сәті жазған деректі естеліктерінің бірінде былайша тебіренеді.

126238
…Арада жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әйтсе де алғашқы әскери операцияға барғаным көз алдымда кеше ғана болғандай сайрап тұр. Даланы түн қараңғылығы жайлаған кез. Тағы да ұшып шыққан бетіміз еді. Нысанаға таяу келгенде ұшақтың моторы өшті де, жарық бергіш бомба тасталды. Жарық бергіш бомба тастай салып жарылмайды. Кемінде екі-үш минуттан кейін жарылады. Біз осы кезде ұшақтың моторын бірден от алдырып, биікке көтерілеміз де, қайта айналамыз. Біз қайта беттегенде әлгі жарық бергіш бомбалар жарылады да, айнала жап-жарық болып кетеді. Біз бомбалайтын нысананы анық көріп үлгіреміз. Артынша ПО-2 ұшағын шыңғыртып, қайта құлдилаймыз. Мотор үнін тағы өшіріп тастаймыз. Мотор өшше болды, қап-қараңғы аспаннан ештеме де көрінбейді. Сол арада бомбаларды көгеннен ағатып жібереміз де, моторға от беріп, маневр жасап, қиғаштай бұрылып, жалт беріп, қашып кетеміз. Жау жағының бізді «Түнгі мыстандар» дейтіні де содан. Звено командирі Е.Пескова екеуміз алғашқы әскери тапсырманы осылай атқардық. Қашанда сақ отыратын жау әскері естерін жиып та үлгірмей қалатын. Неше мәрте бомбаланған даланың астан-кестеңі шығып жатады. Біз аққан жұлдыздай жарқ етіп, жер бауырлай ұшып, жоқ боламыз.
Алғашқы тапсырма осылайша сәтті орындалды. Бізді майдандас достарымыз қаумалап, қоршап алды. Біз олардың қошеметіне бөлендік. Әрі өзіміздің де осындай жауапты іске әзір екенімізді біліп, қатты қуандық…

Дәнеш Ахметұлы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ