Мұхтар Әуезовтың қанатты сөздері

0
11212

1. Күшіңе сенбе, адал ісіңе сен.

2. Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек.

3. Азамат сыны – ерлік, ерлік сыны – елдік.

4. Адам көркі – ақыл.

5. Жігітті жылы сөз ширатпайды, қатты сын ширатады.

6. Тартыспен түскен, бейнетпен келген жақсылық қана – шын мәнінде қымбат табыс.

7. Адам ірілігі бір сипат емес, ішкі-тысқы сан сипат қасиеттерінен құралады.

8. Адам баласының жасан құлқы жаратылысынан емес, өскен ортасында көрген үлгі-өнегесінен.

9. Тумай жатып – толдым деме, толмай жатып – болдым деме.

10. Қызғаныш – құрт ауруы, мыс қазанда қайнайтын азап оты.

11. Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, Ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсең.

12. Маңына ұрық шашпаған жақсылық жапанда жалғыз өскен бәйтерекше тұл болады да қалады.

13. Өнерпаз болсаң, өр бол.

14. Бөрінің артынан бөлтірік ақылды болғандықтан ермейді.

15. Білім – бақтың жібермейтін қазығы, Білімсіз бақ – әлдекімнің азығы.

16. Көген көз қазағыма қаратып, мінбе құрып, сол мінбеге шығарып:“Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!” – десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгітіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ғана, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан мұра сөзімізді арзандатып алмайық.

17. Жігіт қадірі өнерімен өлшенер.

18. Жалған намыс – қасиет емес, ар сақтаған – қасиет.

19. Берекені көктен тілеме, еткен еңбектен тіле.

20. Еңбек шыққан жерден төзім де шығады.

21. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім.

22. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек.

23. Ар жазасы – бар жазадан ауыр жаза.

24. Жауға – жалынба, досқа – тарылма.

25. Амал: кіжіну бар, килігу жоқ.

26. Қол жетпес шыңыраудағы су болғанша, пайдасы көпке тиетін жайдақ су болған жақсы.

27. Қыл өтпестей татулықты бір ашуға сатпас болар.

28. Тамыр болдың – айтыс жоқ, Қолдан бердің – қайтыс жоқ.

29. Аузымен айды алып, қолымен қосаяқ соға алмайтын жандар бар.

30. Көбікті толқын санама.

31. Әділет тілесе – атаңның болсын айыбын айт.

32. Бас асауға – жез ноқта.

33. Кісінің бір ғайыбын маған айтқан адам – менің жүз ғайыбымды кісіге айтар.

34. Сын – шын болсын, шын сын болсын.

35. Іздессең – табарсың, алыссаң – аларсың.

36. Ұлттың тілі – сол ұлттың жаны, жан дүниесі. Ол жүректі соқтыртып тұрған қан тамыры сияқты. Егер де қан тамыры жабылып қалса, жүрек те соғуын тоқтатпай ма?!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ