«Көңілге түрлі ой салар,әнді сүйсең, менше сүй» атты кездесу кешінің сценариі

0
5501
ұйымдастырылған оқу қызметінің конспектісі

«Көңілге түрлі ой салар,әнді сүйсең, менше сүй»
(атты кездесу кешінің сценариі)

Мақсаты: «Рухани жаңғыру» аясында халықтық шығармаларға айналған әндеріміз бен оның орындаушылары жайлы,әндердің шығу тарихынан сыр шерте отырып,оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды дарыту;

1-жүргізуші:
Армысыздар, құрметті қонақтар, ұлағатты ұстаздар, оқушылар, қадірлі әнсүйер қауым! Қазақ тілі мен әдебиетінің онкүндігіне орай, керім күздің керемет күнінде өткелі отырған «Көңілге түрлі ой салар,әнді сүйсең, менше сүй» атты кездесу кешіне қош келдіңіздер!

2- жүргізуші:
Құлақтан кіріп, бойды алар

Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар
Әнді сүйсең, менше сүй, — деп дана Абай қазақтың ән мен күй құдіретін осылай жырлаған. Себебі, қазақтың әні мен күйі – халқымыздың көне заманнан бері қалыптасқан асыл қазынасы, ұлттың бекзат болмысы, жүрек сыздатқан сағынышы, көңілдің нәзік қылын шертер сезімі, мұң-шері, қызық қуанышы. Қазақ халқының рухани жәдігерліктерінің ішінде мақтаныш етер бай мұрасының бірі – дәстүрлі әндер. Музыка зерттеушілерінің айтуына қарағанда, халқымызда 5 мыңнан аса күй, 12 мыңға жуық ән бар көрінеді. Бұл  — қазақ әншілік өнердің сан ғасырлық даму тарихының бар екендігін бірден бір айғағы.
1-жүргізуші:
Киелі қара домбыра мен қарт қобыз сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі ән өнері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді.  Талай ғасыр сүзгісінен өтіп бүгінге жеткен дәстүрлі ән өнерінде әуендік, орындаушылық, құрылымдық өзгешеліктері мен кең тараған мекеніне байланысты шартты түрде бірнеше мектеп қалыптасты. Олар – Арқа, Батыс, Сыр және Жетісу мектептері. 

2- жүргізуші:
Қасиетті өнердің кез келген адамның басына бақ құсындай келіп, қона салмайтығындығы әмседен аян жәйт. Қазақ халқының мерей тұтып, мақтаныш етер асыл мұрасы, рухани жәдігерліктері ішінде замана сүзгісінен өтіп, бүгінгі ұрпақтың еншісіне егжей-тегжейлі жеткен ән қазынасы қашаннан дәстүрлі өнердің қаймағы саналады.

Дәстүрлі ән үлгілері ежелден ғұрыптық әндер, халық әндері, кәсіби халық композиторлары шығармалары болып, баға жетпес құндылықты құрайды.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында дәстүрлі ән өнеріне зор үлес қосқан әнші – композиторлар қатарында Біржан салды, Мұхитты, Ақан серіні, Жаяу Мұсаны, Абайды, Үкілі Ыбырайды, Әсетті, Естайды, Ғазизді, Жарылғапбердіні, Шәкәрімді, Мәдиді, Нартайды, Майраны ерекше атауға болады.  
1-жүргізуші:
Халық әндерінің елге кең тарап, ұрпақтан ұрпаққа жетіп отыруында әнші – композиторлармен бірге жекелеген әнші орындаушылардың да еңбегі аз емес. Тамырын үзбеген дәстүрлі әніміз бүгінгі күнге Манарбек Ержанов, Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Кенен Әзірбаев, Қосымжан Бабақов, Темірболат Арғынбаев, Қали Байжанов, Бисмилла Балабеков, Қуан Лекеров, Ғаббас Айтбаев, Мәжит Шалқаров, Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Иса Байзақов, Әли Құрманов, Дәнеш Рақышев, Жаңыл Қартбаева сияқты аса дарынды әншілер арқылы жетті.

Олай болса, сол халықтық мұраны жалғастырып келе жатқан қонақтарымызбен таныс бола отырыңыздар:
  1. Сақаев Жасұлан / «Алатау» дәстүрлі өнер театрының әншісі2. Бодесов Саян / Құрманғазы атындағы консервоторияның 4 курс студенті
    халықаралық, Республикалық байқаулардың жеңімпазы/

    2-жүргізуші:

«Әннің де естісі бар, есері бар,

Тыңдаушының құлағын кесері бар.

Ақылдының сөзіндей ойлы күйді

Тыңдағанда көңілдің өсері бар…» деп Абай жырлағандай, қай халық, қай ұлт болмасын, әлдебір ән шырқалып жатқанын естісе, ентелей алға басып келе жатқан жүрісін баяулатып, тіпті тоқтай қалып құлақ тоспайтын, «апырым-ау, бұл қандай ән, төгілдіре шырқап тұрған бұл кім екен?» деп таңырқай тамсанбайтын, емірене елжіреп жан рахатына шым батып ләззат алмайтын адамды кездестірмейміз.Ендеше, сөз кезегі өздеріңізде, қадірлі қонақтар.

1-жүргізуші:
Ұйықтап жатқан жүректі ән оятар,
Үннің тәтті оралған мәні оятар.
Кейі зауық, кейі мұң, дертін қозғап,
Жас балаша көңілді жақсы уатар,- демекші сұрақ –жауап кезеңіне де кезек келді. Олай болса, сұрақ қоям деушілерге кезек келді. Сөз кезегі сіздерде, жас өрендер.

1. Неше жастан өлең айта бастадыңыз,әлде музыкалық мектептен білім алдыңыз ба?

  1. Өнердің осы бағытын таңдауға себепші болған адамдар бар ма,әлде өз қалауыңызбен келдіңіз бе?
  2. Кімдерден үлгі алдыңыз, қандай ұстаздың шәкіртісіз?
  3. Өнер жолы ауыр дейді,сізге бұл өнерді алып жүру ауыр ма?
    5. Сіз үшін нағыз әншілер кімдер?
    6. Өнер жолыңызда есіңізден кетпейтіндей қызықты сәттеріңіз бар ма?
    7. Әншіліктен басқа бізді таң қалдыратындай қандай қырыңыз бар?
    8. Өзіңізге келіп сабақ алсақ деген жастар бар ма?
    9. Танымалдылықтың жауапкершілігі қандай?
    10. Қаптап кеткен музыкалық жобалар туралы пікіріңіз?

2-жүргізуші:

Әннің де естісі бар, есері бар,
Тыңдаушының құлағын кесері бар.
Ақылдының сөзіндей ойлы күйді
Тыңдағанда, көңілдің өсері бар,-демекші мектебімізде ұстаздар мен оқушылар да өнерден құр алақан емес. Ұстаздар мен оқушыларды ортамызға шақырайық.

Қадірлі қонақтарымызға өзінің жүрекжарды лебізін білдіруге Республикалық, қалалық, аудандық байқаулардың жеңімпазы Есімбеков Аманды ортаға шақырайық.

1-жүргізуші Қорытынды:
Ән… саз… әуен… Бұл сөздерді оқығанда немесе естігенде көңілде бірден «Балқадиша», «Әдемі қыз», «Бозторғай» сияқты халық композиторларының терең сазды, сырлы, сұлу туындылары, қазір өзіміз сүйіп тыңдайтын талантты композиторлардың шығармашылығындағы иірімдері сүйкімді, әдемі әндер лек-легімен, үзік-үзік ойнай жөнелетіні бар… Расында, әнді тыңдай алатын, әуелете айта алатын, бағалай алатын, одан өз жан-дүниесінің бейнесін көре алатын, басындағы небір жайттарды әнмен, сазбен жеткізе білетін, сезімтал, сыршыл, сұлулықты сүйетін халықтың ұрпағы болғанымыз қандай бақыт!
Өзгеге, көңілім, тоярсың,
Өлеңді қайтіп қоярсың?
Оны айтқанда толғанып,
Іштегі дертті жоярсың- деп
Қадірлі қонақтар, біздің білім ордамызға келіп,өз өнерлеріңіз бен ойларыңызды ортаға салғандарыңызға рахмет! Қанаттарыңыз талмай әрдайым өнер шыңына өрлей  берулеріңізге тілектеспіз.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ