Көкке көтерер қиял

0
806

(Мұқағали Мақатаевтың «Фантазия» өлеңі бойынша)

Жер бетіндегі жұмыр басты пенденің қиялында шек бар ма, шіркін! Тау мен тасқа жан бітіріп, тілсізді сайратып, көр соқырды көреген етер фантазияның шекарасы жоқ болар, сірә. Осы бір қиялдың көрініс табар өзіндік Отаны, танымдық ойлаудың ерекше үлгісі-ертегі.

Ертегінің ерекшесі

Ертегіге келгенде қазақтан шебері бар ма? Дана халқымыз жылдар бойы жанды баураған қара сөзді ауыздан-ауызға таратқан. Сол арқылы атадан балаға мұра етіп сақтап келді. Фантазия атаулының алыбын, танымның ғажайыбын қазақтың мұзбалағы Мұқаң да өзіндік мәнерде, сарында жеткізе білді.

Мұқаң не дейді?

Өлеңнің алғашқы жолдарында-ақ ақын ойдың қарапайым қалыбына түсініксіз, бірақ қиялдың қақпаларын ашқан шексіз әлем үшін әдеттегі жағдайды көрсетеді. Жеті қат аспанмен көмкерілген жеті қат жерді өз көзімен көрген ешкім жоқ шығар. Көрген тұрмақ, естігендер де саусақпен санарлық шығар. Дегенмен, адамзат атты жаратылыс осындай ғажайып, мидың шекарасынан тыс құбылыстарды шебер суреттей алған. Ертегіде ертеңімен табысып, кешегісімен қауышып, бүгінін бүтіндеген. Бес күндік жалғанның тұрғыны қағазға түсіретін бұл құдіреттің күшімен ғаламаттар туылған. Қалалар жаратылып, жаңа тұрғандығын айта кетпеу ақын үшін, әсте, қателік болар еді.

Ғаламды ғажапқа кенелтетін адам қиялының барып соғылар есігі, қайта қайтар бұрылысы жоқ. Шетсіз, шексіз дүние. Осы шексіз арпалысты өз бойына сыйдыра алмағаннан қиялшылдар қиял атын ерттеп, айға да, күнге де қол созған. Арғымақ түгіл, ойдың жетегімен кілемге де отырып сапар шеккен.

Галилей, Коперник сынды ғалымдардан бұрын-ақ фантазияға бай жер тұрғындары ғаламдық ақиқатты түсініп, мәніне терең бойлай алды. Ерекше, естен кетпес оқиғалардың шынайы өмірде орын алмағанымен, қиял айнасында жүзеге асуға қауқары жететіні анық. Мұқағалидың талантты тілімен жеткізілген осынау өмір өрнегі қиялдан бас сауғаламай, фантазияға апарар жолды батылдықпен, ата-баба қиялымен қанаттана отырып жүріп өтуге бұйыратындай.

Көңілдің шексіз толқынымен аспанға ұшып, жерге қонып, бар ғаламды шыр айналып өту әбден мүмкін. Бастысы-дұрыс бағытта және керекті дәрежеде қиялға бағыну. Бұл сезімге ерік берсең, үш ұйықтасаң түсіңе кірмес жерлерге жеткізеді, басыңды тауға да, тасқа да ұрады. Шыңға шығарып, әлемді алақаныңа сыйдырады. Осындай белестерді аяғыңның астына тастайтын фантазиямен әрекет еткенге не жетсін, шіркін!


ПІКІР ҚАЛДЫРУ