Келер шақ көсемше етістіктің қатысуымен құрылатын сабақтас құрмалас сөйлемдер

0
1610
Иллюстрация: Freepik.com

Келер шақ көсемше формалары –а, -е, -й ортақ сипатта қызмет атқарып сабақтас құрмалас сөйлем құрады. Бұлардың синтаксистік қызметі морфологиялық форма ретінде танылған грамматикалық мағынасына сүйенеді.

Келер шақ көсемше формасы деп аталып жүрген –а, -е, -й жөнінде Н.А.Баскаков былай деген: -а, -е, -п тұлғалы көсемше істі, әрекетті басыңқы етістікте аталған іске қатар, жарыса болған етіп пысықтауыш ретінде қатыстырады.

Аталған формалы етістіктер сабақтас құрмалас сөйлем ұйымдастыруда мынандай ортақ қызмет атқарады.

  1. Көсемше етістіктер бағыңқы компоненттің баяндауышы болып, оны мезгіл пысықтауыш мәнді бағыңқы етіп қатыстырады. Бұл компонент оқиғаны, құбылысты басыңқы компонентте аталған іспен, оқиғамен қатар келетін мезгілдік белгі етіп көрсетеді.

Қой қоздап, мал иесіне әбігер кіреді (Ә.Асқар). Таң бозы біліне, жылқыны далаға шығарды (М.Тиесов). Әңгіме қыза келе, Елемес маған қарай жылжи түсіп, тіземді баса кеп жайғасты (Қ.Жұмаділов). Таң сібірлей, мал қозғалақтады (М.Тиесов).

  1. Келер шақ көсемше етістік бағыңқының баяндауышы болып, ол хабарлаған оқиғаны, құбылысты басыңқы атайтын оқиғаға сын, сапа пысықтауыш ретінде байланыстырады.

Қалжың-күлкісі араласа, шай өте көңілді ішілді (С.Мұқанов).

Аңсаған көңілім серпіле,

Бүгілген белім керіле,

Сапар шегіп, жол тартым

Сүйікті Кавказ еліне

(Жамбыл).

Анау жұртты шақыр айғырдай мойын салып, ықтыра қуғанда, ел арыз айта, өзіме келеді (М.Әуезов).

  1. Бола тұра етістігі бағыңқының баяндауышы болып, немесе баяндауышы құрамына кіріп оны басыңқымен қарсылықтық қатынасқа түсіреді.

Сонша әзірлігі бола тұра, ол тойын жасамай кетті (С.Мұқанов). Материалы бұрынғы, оқиғасы бұрынғы, кейіпкерлері бұрынғы, олардың драмалық қарым-қатынасы бұрынғы бола тұра, сипаттау жағынан роман қайта жазылды (С.Мұқанов). Кейбір сұраулары бола тұра, Сырбайдың сөзін Естай бөлген жоқ (С.Мұқанов).

Біз келер шақ көсемше формалы етістік түрлеріне (-а, -е, -й тұлғалары) құрмалас сөйлем құрудағы ортақ жұмсалысты, қызметті көрсеттік. –й формалы көсемше етістік бөлек шығып жұмсалып, бөлекше мағыналық қатынасты сабақтас құрмалас сөйлем құрады.

  1. –й тұлғалы болымсыз көсемше етістік бағыңқының баяндауышы болып компоненттерді жалғастық қатынаспен байланыстырады. Компоненттер бірін-бірі толықтыратын хабарлар әкеледі.

Биыл сөзім жер де қалмай, ісім оңға басты (Д.Досжанов). Алдыңғы ат баран болмай, ол қылаң болды (Ақан сері).

  1. –й тұлғалы болымсыз көсемше баяндауыш бағыңқы компонентпен басыңқы компонентті мезгілдік қатынасқа түсіреді. Бағыңқы бір істің, оқиғаның болмай тұрған кезін басыңқы сөйлемдегі оқиғаның мезгіл кезеңі етіп көрсетеді.

Қар жаумай, егінді жинап алдық. Ұлжан қақпадан шығып үлгермей, оған қарсы Шолпан кірді (Х.Есенжанов).

  1. Бағыңқы компоненттің баяндауышы –й тұлғалы болымсыз көсемше, басыңқының баяндауышы келер шақ етістік болып құрылған сабақтас құрмалас сөйлем шарттық қатынаста тұрады. Бағыңқы шарт ретіндегі оқиғаны білдіреді.

Қасарысқан жауына

Қанды көбік жұтқызбай,

Халыққа тентек атанбай,

Ерлердің ісі бітер ме! (Махамбет).

  1. Болымсыз –й тұлғаны көсемше бағыныңқының баяндауышы болып оқиғаны басыңқыға сын-сапа ретінде қатыстырады.

Беті былш етпей, күзде кооперативке өткізген екі машина қауын, бір машина картопқа он бес мың теңге беріп қарап тұр (С.Асылбекұлы). Тасқыны басылмай, сарқырап аққан, ойнамалы жүйірік өзен сайды жайнатып, жасартып тұр (М.Әуезов).

  1. Болымсыз –й тұлғалы көсемше бағыңқының баяндауышы болып, оқиғаны басыңқыға себеп ретінде қатыстырады.

Биыл көктемде өзендер тасымай, қырға жайылым мен шабындыққа су шықпай қалды (Қайдар Ә.) Орыс үйіне пәтерге қоюға әкеміздің шаруасы көтермей, мені …Сағындық деген адамның үйіне орналастырды (Ғ.Мүсірепов).

формалы көсемше қатысып құрылған бұл сөйлемдер және –п формалы көсемше құрған сөйлемдердің білдіретін мағыналық қатынастары бірдей дерлік. Келер шақ формалы көсемшенің қатысып осындай салаға ие болуында себеп бар. –й формалы көсемше келтірілген мысалдарда болымсыз формада жұмсалған және бұлар –п формалы көсемшенің орнын басып жұмсалып тұр. Өткен шақ көсемше ежелден болымсыздық жұрнағын қабылдай алмаған.

Оны  кезінде Н.К.Дмитриев кейін В.Т. Кондратов дәлелді етіп айтқан болатын. Бұл көсемше болымсыз форма алу үшін –й жұрнағын қабылдаған: жүгіріп (кірді) – жүгір-ме-п емес, жүгір-ме-й. Осылай өзгеріп келгенмен тіл оны бастапқы қалпында танып, болымды –п тұлғалы көсемшемен қатар жұмсаған. Бұл күрделі процедура сөйлеу практикасында нақты орныққан.

Дереккөз: ҚазҰУ, филология факультетінің дәрісі

Ұқсас материал:

  1. Етістіктің көсемше формаларының қатысуымен жасалатын сабақтас құрмалас сөйлемдер
  2. Синтаксис пәні, оның зерттеу объектісі: сөз тіркесі, сөйлем, синтаксистік тұтастық
  3. Ыңғайластық салалас құрмалас сөйлемдер
  4. Баяндауышқа тән белгілер, баяндауыш түрлері, жасалу жолдары, логикалық баяндауыш ұғымы
  5. Сөйлемге тән белгі. Пікір мен сөйлемнің арақатынасы
  6. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (І нұсқа)
  7. Қазақ әдебиетінен ҰБТ сұрақтары (ІІ нұсқа)
  8. Тест: Ақиық ақынның өлеңдерін қаншалықты жақсы білесіз?
  9. Эс­се жә­не оның түр­ле­рі
  10. Қазақ тілі бойынша тақырыптық тест сұрақтары
  11. Ғылыми стильдің тілдік амал-тәсілдері
  12. Тұрақты іргелес салалас құрмалас сөйлемдер және оның грамматикалық-мағыналық түрлері
  13. Сабақтас құрмалас сөйлемдер және оның танылуындағы проблемалар
  14. Сабақтас құрмалас сөйлемдердің грамматикалық түрлері және олардың жасалуы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ