Теңдікті талап ететін қоғамда өмір сүріп жатқандықтан,тұрмыстағы теңдік те қалыпты жағдай ғой қазір. Екі адамның ойы,көзқарасы,жеке ісі,қызметі өз қалауына сай болуы да қалыпты.
Дегенмен,заман қанша ілгері басса да өзгертуге келмейтін әрі өзгертуді талап етпейтін қағидалар бар біздің ұлтта. Жаңашылдықты қолдайтын жан ретінде тура осы заңдылықтардың өзгермегенін мен де қалар едім. Дініміз бен салтымыз көрсететін ер адамның бір саты жоғары тұратын дәрежесін заманға еріп аласатудың қажеті жоқ секілді. Азаматынан бір саты төмен тұру дегенді өзіндік ойын бұғып,не десе де көнумен шатастырмау керек.
Ақылды ер азамат та әр нәрсенің жөнін біледі ғой. Біздің отбасымыздың әкенің орны бөлек. Әке – сол шаңырақтың бар ауыртпалығын көтеретін, асырап-бағуға да, жақсы тәлім-тәрбие беруге де міндетті адам. Әке – бала үшін асқар тау. Әке қамқорлығы дегеніміз – отбасы мүшелерін әртүрлі пәле-жаладан қорғап отыратын қасиетті ұғым.
Сондықтан әкені сыйлау, оған үлкен құрметпен, ілтипатпен қарау баланың парызы болмақ. Ақын Жарасқан Әбдірашевтың әке десе – ауылы, ауыл десе – әкесі есіне оралатын перзенттік жүрегі дамылсыз соққан. Қашан да қамқор болған сан үмітке, Өтермін сақтауменен салтыңды әсем.
Көнбей ме көңіл шіркін кәрілікке, Өкпелеп қалмайсың ба «қартым” десем! Ақын үшін, «бір ауылдың бәйтерегі» – өмірдің ащы-тұщысын халқымен бірге татқан әкесі. Сондықтан ол әкеден алатын тәрбие де салиқалы болмақ. Әке – ұрпақтың панасы, үйдің басшысы, әрі тәрбиешісі.
Ол тек бір отбасының ғана емес, ауылдың, рудың қамқоршысы, ел ағасы. Өмірге келген баланың әрбір сәтті қадамы әке үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш болмақ. Сондықтан да әке ақылымен жүру, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешу баланы тек жақсы болашаққа ғана әкеледі. Ақылы мен пайымы терең аналар балаларын үнемі әкесін сыйлап, құрметтеуге бейімдеп отырады. Анама «неге олай жасадыңыз,қажеті жоқ еді..», «осыны істемей-ақ қояйықшы,қайтеміз» деп ықылассыздық танытқан кездерде «Әкең осылай істе деді»-десе біз үшін ең дұрыс шешім солай болып көрініп тұрады әйтеуір.
Соңында расымен солай болып шығады.Әйел мәселесінің дұрыс шешімін,ешкімнің айтуынсыз өзі таба алатыны сөзсіз.Бірақ,осылай жасау арқылы үйдегі әкенің беделін көтеріп,соңғы сөзді азаматына қалдыру арқылы отбасындағы ұйытқыны сақтап отқандай көрінеді.
Үйде әкең ұрысады десе,қорқып әкеміздің рұқсатынсыз ешқандай нәрсе жасамаймыз.Және де «Әкең ренжіп қалар», «Әкең жіберсе, бара ғой», «Әкеңе барып сәлем бер», «Әкеңнің керегін дайында» деп әкеге құрмет, қызмет етуге баланы жасынан дайындап отырған,мұндай отбасында әрдайым тәртіп, ынтымақ пен бірлік болуын үйретіп отырған ,әкеміздің беделін жоғары сатыға көтеріп отырған аналарымыз да мықты. Әке ұл-қызын намысшылдыққа, елі, руы, қала берді өз бауырлары үшін еңбек етіп, өмір сүруге баулып отырады.
Әкенің мейірімі мен талап қойғыштығының, еңбеккерлігінің бала тәрбиесіне ықпалы көп.Отбасымда әкемнің беделі осы,міне мен көрген тәрбие осындай.