Қазақ әдебиеті Шерхан Мұртазадан айырылды

0
1929

Қазақ әдебиеті аса көрнекті жазушысы, публицист Шерхан Мұртазадан айырылды. Алаш арманын ту қылған, ар-намысы алдаспанның жүзінде ойнаған, елінің ертеңін ойлаған тұлғаның орны ойсырап-ақ қалды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. 1955 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінің, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің тілшісі, әдеби қызметкері болды. 1963-1970 жылдары «Лениншіл жас» газетінің редакторы, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы әрі Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы, 1989-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторы, 1992–1994 жылдары ҚР мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы болып істеді. ҚР Парламентінің Мәжіліс депутаты болған.

Жазушының әр жылдары «Табылған теңіз» (1963), «Белгісіз солдаттың баласы» (1969), «Ахметжанның анты» (1973), «Мылтықсыз майдан» (1977) повестері, «41-жылғы келіншек» (1972), «Интернат наны» (1974) әңгімелері, «Қара маржан» (1977), бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» (1999) романдары, шығармаларының төрт томдығы (1990-2000), шығармаларының 6 томдығы, таңдамалы шығармаларының 7 томдығы, «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда» (К. Смайыловпен бірге) (1998), «Бір кем дүние» (2008) кітаптары жарық көрген.

Қазақ руханиятында ұлт қаламгерлерінің  ұлы мектебін қалыптастырған, әдебиетіміздің алыбы, мемлекет және қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза өмірден озды. Қайталанбас қайсар тұлғаның туған еліне, туған жұртына қаралы туды құшақтап көңіл айтамыз!

Мәдениет және спорт министрлігі,

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ