Қазақ әдебиетіндегі сал-серілер поэзиясының зерттелу тарихы

0
19700

Қазақ поэзиясының ерекше дамыған кезі – XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасырдың басы. Бұл кезеңдегі қазақ поэзиясының басында сал-серілер шығармашылығы тұрды. Сал-серілер поэзиясы — өзіне дейінгі ауызша поэзия мен жазба поэзияның жалғастыратын буын сияқты, өзінің алдында өткендерге қарағанда бір адым ілгері кеткен, жаңалығы, ерекше сипаты бар өнер. Оның қазақ поэзиясының көкжиегін кеңейткен, тың өрістерге көтерген арна екені дау тудырмайды» — дейді профессор Ш.Керимов [1,120]. Шындығында да сал-серілер мұралары – қазақ поэзиясын көкке көтеріп, жұлдызын жарқыратты. Осы кезде қазақ поэзиясы жаңа түрге ие болып, сан алуан бояу — өрнектермен   дами   түсті.

Сал-серілер — әдебиет тарихында да, музыка өнері тарихында да есімдері алтын әріппен жазылып, халықтың ерекше сүйіспеншілігіне, ықыласына бөленген талант иелері. Сал-серілер сегіз қырлы бір сырлы жандар болғаны бәрімізге мәлім. «Жігітке жеті өнер де аз» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Сал-серілер сан түрлі өнерді игерген. Олар ақын, әнші, композитор болумен қатар, әрі бишілік, әрі артистік, әрі фокусшілдік қасиеттерін бойына жинақтаған жан-жақты талант иелері. Сал-серілердің әнші, композитор ретінде қазақтың өнерін, музыкасын дамытып, жаңа белеске көтергендігін әрі әншілік-сазгерлік шығармашылықтың өзіндік озық үлгі — өрнегін қалыптастырғандығын, поэзия мен музыканың, халықтың ойын-сауық өнерлерін ұштастырып келгендігін, ең бастысы қазақ поэзиясының дамуына зор үлестерін қосқандықтарын әдебиетші, өнертанушы ғалымдар әлі күнге дейін зерттеп жазып   келеді.

Сал-серілер туралы алғашқы жазба деректер Қазан төңкерісіне дейін де әр түрлі Ресей басылымдарында жарияланған. Бірақ олар негізінен сипаттама түрінде болды.

Сал-серілердің өмірбаяндық деректерін жинап, өлеңдерін жазып алу, нотаға түсіру ісі Қазан төңкерісінен кейін ғана қолға алынды. XX ғасырдың 20-жылдарынан бастап сал-серілер туралы зерттеулер жариялана бастады.

Сал-серілердің өмірбаянын, шығармашылығын, композиторлық, әншілік өнерін жан-жақты зерттеген ғалымдар кімдер деген сұраққа, ең бірінші ауызға алатынымыз – С.Мұқанов, А.Затаевич, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, М.Әуезов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов, Ғ.Әбетов, Ғ.Малдыбаев, І.Жақанов т.б.

Ең алғаш баспа жүзінде Біржанның атақты сал ақын, әнші ретінде есімі С.Мұқанов, А.Затаевич, С.Сейфуллиннің еңбектерінде аталады. М.Жұмабаевтың «Ақан сері», С.Мұқановтың «Үкілі Ыбырай» деген мақалалары жарияланды. А.Затаевич әнші ақындардың туындыларын нотаға түсірумен қатар, оның авторы, орындаушысы жайлы деректер береді. Мәселен, Біржан әніне жазған түсініктемесінде сал мен серінің айырмашылығы, мінездері туралы айтады.

Біржанның өмірі туралы деректі жазған – Сәбит Мұқанов. Онан кейін М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, А.Жұбанов, М.Ғабдуллин, Е.Ысмайылов секілді белді-белді ғалымдардың кітаптарында Біржан салдың өмірі мен шығармашылығы сөз болады. Ал Біржан туралы бұрынғы-соңғы деректерді жинап, қорыта отырып, оның поэзиялық шығармалары жөнінде нақты талдау жасаған әдебиетші-ғалым – Ғ.Әбетов. Біржанның ақындығы туралы, айтыстағы өнері туралы пікірлер көптеген әдебиетшілер еңбектерінде кездеседі.

Біржанның өмірі мен ата-тегі туралы және бұрын белгісіз өлеңдерін, әндерін жинауда көп еңбек еткен ғалымдар – Б.Г.Ерзакович, Е.Байболов, Қ.Қаңтарбаев, М.Майшекин т. б.

Ақанның серілік өмірінің әсемдігіне, қызықтығына көп адамдар көңіл бөлген. Оның өмірі – «ертегідей әдемі, сұлу өмір» — дейді Мағжан Жұмабаев [2,312]. Мағжанмен бірге Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров те Ақан өмірінің жұмбақ сырын түсінуге тырысқан. Сері өмірі өзінің замандастары үшін де жұмбақ саналған. Жабылар жүйріктің сырын түсінбеген. Ақан бойын кернеген шабыт тудырған өлмес ғашықтық сезімі, жүйрік ат, алғыр құс, құмай тазыға құмарлығы, соңғы жалғыздық өмірі, бәрін де замандастары түрліше жорыған [3,54].

Ақан сері туралы тек қана Мағжан, Сәкен, Ілияс қана емес, Ғабит Мүсірепов, Сәкен Жүнісов сияқты жазушыларымыз шығармалар жазып, Ахмет Жұбанов Ақанның әншілік-композиторлық мұрасын зерттеді.

Сал-серілер шығармашылығын зерттеуде Ахмет Жұбановтың еңбегін ерекше атап өткен жөн. Ғалымның 1942 жылы жарық көрген «Қазақтың халық композиторлары» атты кітабы материалдарының молдығымен құнды. Бұл кітап ХІХ-ХХ ғасырларда ғұмыр кешкен музыка қайраткерлеріне тоқталып, жинақтап баға берген алғашқы монография болып саналады. Ғалым осы еңбегін кеңейтіп, толықтырып, жеке екі монографияға айналдырды. Оның алғашқы кітабы күйші композиторларға арналса, әншілерге арналған екінші кітабы «Замана бұлбұлдары» деген атпен жарық көрді. А.Жұбанов осы еңбегінде Ақан сері, Балуан Шолақ, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай сынды сал-серілеріміз жайлы мәлімет беріп, өзіне көмектескен біраз адамдардың есімін атап өтеді. Ол жөнінде А.Жұбанов былай дейді: «Біржан сал жөнінде біздің бұрынғы деректерімізге әнші жөнінде көп жылдан бері тырнақтап жинап жүрген деректерін алдымызға жайып салған Ғылым Академиясының ғылыми кітапханасының қызметкері Есім Байболов болды. Сонымен қатар, Көкшетау облысына барып қайтқан, Алматының Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваториясының доценті Хабидолла Тастанов пен аспирант Алтын Кетегенованың Біржан жайлы деректер іздеп, әншінің Қалкен атты баласының жұбайын тауып алып, сонымен әңгімелескен және басқа әншінің кездескен адамдары, жүрген жерінде аңыз боп қалған әңгімелерін ол адамдар бізге жеткізіп берді» [4, 243]. Бұлардан басқа А.Жұбанов, Қ.Бабақов, А.Затаевичті де атап өтеді.

Сал-серілер шығармашылығын зерттеу саласында көп еңбек сіңірген танымал әдебиетшілердің бірі – Е.Ысмайылов. Ол өзінің «Ақындар» атты монографиясында бұрын жалпылай ақын аталып келген өнерпаздарды іштей бірнеше топқа жіктеп, «әнші ақындар» деген ұғымды сал-сері сөзімен синонимдес мағынада қолданып, сал-серілер өнерінің сан қырлы, синкретті сипатына тоқталады, сал мен серінің айырмашылығын көрсетіп, «сал», «сері» сөздерінің шығу тегіне үңіледі. Е.Ысмайыловтың сал-серілер поэзиясын зерттеудегі еңбегі ерекше деп біз жоғарыда айтып өттік. Е.Ысмайылов әнші     ақындарды даралағанда олардың творчествосына тән ортақ сипаттарын ғылыми дәйектілікпен анықтап қана қоймай, «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерпаздар жайында жеке зерттеулер де жазғанын айта кеткен жөн. Оның Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Ақан сері туралы мақалалары жаңа деректер, тың ойлар, қызықты пайымдауларымен құнды. Біржан Қожағұлұлы мен Ақан Қорамсаұлы жайында бұрын жазылған зерттеулер болды. Е.Ысмайылов оларды қайталамай әнші ақындардың өмір тарихындағы, творчествосындағы кейбір аз зерттелген кезеңдерге тоқталды. «Біржан — Сара» айтысына қатысты даулы пікірлерді талдап, таратып айтуымен қатар, өзінің ғылыми болжамын ұсынады. Ақан мен Біржанның ақпа ақын, асқақ әнші, асқан сазгер болуымен бірге салдық, серілік қасиетін толығымен баяндайды. Бұл ерекшеліктер өнер иелерін халықтың қалың бұқарасымен етене жақындастыра түсуге игі ықпалын тигізеді.

Е.Ысмайылов ел аузында Үкілі Ыбырай атанып кеткен әнші ақынды Көкшетаудың күзгі сентябрь жәрмеңкесінде алғаш рет көріп, ақындық, әншілік өнеріне таң қалғанын айтады [4, 250].

Е.Ысмайылов Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырайды көрген қариялармен, олардың шәкірттерімен кездесіп, өте құнды мәліметтер жинайды.

Сал-серілер туралы қысқа да болса тұжырымын білдіріп, мақала жариялаған ғалым Ә.Марғұлан. Ол сал-серілерге қатысты ел аузынан жиналған және архивтік деректерге сүйене отырып, Ақан сері, Жаяу Мұса туралы мақалалар жазды. Ғалымның «Күйді ерттеп, әнді мінген кемеңгерлер» атты мақаласында сал-серілік дәстүр сөз болады.

Ә.Марғұлан қазақ поэтикалық өнерін жасаушылар туралы мақаласында сал-серіні ақынның өзгеше бір түрі ретінде айқындап дара қасиетіне тоқталады. Ә.Марғұлан осы мақаласында көне жазба жәдігерлерді таяныш ете отырып, оның ертедегі елестерін түркі қағанаты, оғыз дәуірінен іздестіреді.

Жеке ақындар шығармашылығы жөнінде тараулар әдебиет тарихының 6 томдығына кірді. Мұндағы Ақан Қорамсаұлы туралы тарауды А.Нұрқатов, Біржан Қожағұлұлы, Балуан Шолақ, Жаяу Мұса Байжанов хақындағы тарауды Ғ.Әбетов, Әсет Найманбаев туралы тарауды С.Ордалиев жазған.

Композитор І.Жақановтың сал-серілер туралы деректі мақаласы жарық көріп, әнші — ақындар хақында «Екі жирен» кітабын жазды.

Ақан сері туралы зерттеп, мақала жазған І.Жақанов Ақан шығармашылығының зерттелуі жөнінде былай дейді: «Ақан сері турасында аңыз көп, бірақ ізіне түсіп жалықпай ізденген адамға нақты деректер де табылатынына өз көзім жетті. Менің сері жөнінде әрқилы зерттеулеріме берік негіз болған дерек — әншімен үш атадан туыс боп келетін Қасым қарияның қолжазба дәптері. Бұл дәптер Қасым ақсақалдың ұлы марқұм Ербахрамның қолында көздің қарашығындай сақталған еді. Ол жазбаны мен кезінде бұл кісілермен туыс, Көкшетаудың әйгілі азаматы еңбек ері Ұлтай Нұрпейісов арқылы алып қажетке жараттым. Қолжазба Ақан сері өмірінің бүкіл өзегі десе де боларлықтай. Осыдан шығарып айтарым, жалпы ақын мұрасына әлі де болса ғылыми көзқарас, тыңғылықты талдау жетіспей жатыр» — дейді. [5, 184]

Ақан серіні танудағы айрықша құнды еңбекті Мағжан Жұмабаев жасады. Ал көркем дүниелердің ішінде шоқтығы биігі, әрине, қазір де ұлттық классикамызға арналған І.Жансүгіров пен Ғ.Мүсірепов туындылары, сондай-ақ Сәкен Жүнісовтың белгілі дилогиясы, Батыс Еуропа әдебиетінде мұндай ірі тұлғалар жөніндегі туындылардың тамаша үлгілері бар. Солардан өнеге алсақ, лақап пен аңыздан гөрі шындыққа көбірек жүгінер едік. Әрине, көркем шығарманы тудырудың сан алуан жолдары бар. Ал бірақ дәл Ақан сері өміріне, бейнесіне, жан дүниесіне реалистік көзқараспен кіретін жазушылық тәсіл бізге оның бай тағдыр-тарихын, шын болмысын анығырақ, толығырақ танытатыны талассыз.

Әдебиеттанушы ғалымдар З.Ахметов, М.Базарбаев, Ә.Дербісәлиннің зерттеу еңбектерінде әнші ақындар поэзиясындағы дәстүрлі өрнектер сөз болады.

Халық арасында үкілі Ыбырай жайлы көп аңызға бергісіз әңгімелер бар. Солардың бірінде көл жағасында ұйықтап жатқан Ыбырайға түсінде аруақ аян береді. Көлдің арғы бетінен біреу дауыстайды. Ояна келсе сақалы белуарына түскен ақсақал. Қария бала Ыбырайға домбыра сыйлайды. Сол сәттен Ыбырай жырлап та, шырқап та кете барады.

Бұл аңыз – халық ақындары айта беретін: «түс көрдім түсімде әруақ аян берді», «өлең аласың ба, көген аласың ба?»-деді, мен өлеңін қаладым. Содан ақындық қонды»,- дейтін әңгімеге саяды.

Олар ақын туралы тереңінен зерттеп оның ақындығын, әншілігін зерттеуге ден қойды. Музыка маманы Е.Г.Ерзакович — әнші-ақындардың әндері мен өлеңдерін жазып алу, нотаға түсіру, жарыққа шығаруды, әрі зерттеу жүргізуді қатар ұштастырған ғалым. Ол Мұхит, Кенен, Жаяу Мұса, Біржан әндерінің ноталы текстерін бастыртып, олардың шығармаларына тақырыптық, әуендік-ырғақтық құрылымына, теориялық тұрғыдан талдау жасаған. [7]

Сонымен сал-серілер поэзиясын әдебиетші ғалымдар сөз өнері ретінде қарастырып, оның поэзиямызды дамытудағы орнына тоқталса, музыкатанушы мамандарымыз оның әншілік, композиторлық қырынан зерттеп келеді. Сал-
серілер туралы зерттеулер әлі де жазылу үстінде, болашақта да жазыла бермек.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Керимов Ш. Әнші-ақындар поэзиясындағы дәстүр мен даралық мәселесі. — Алматы, 1991 (канд. дисс.)
  2. Жұмабаев М. Ақан сері. // Шығармалары. А.,1989
  3. Ысмайылов Е. Ақындар. — Алматы, 1956
  4. Жұбанов А. Замана бұлбұлдары. — Алматы, 1975
  5. Жақанов I. «Аққулар қонған айдын көл» — Алматы, 1988
  6. Кенжебаев Б. Жылдар жемісі. 1984ж
  7. Ерзакович Б.Г. Песенная культура казахского народа. -Алма-Ата,1966

Н.А.Уакаева
Қазақстан инновациялық университетінің магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ