Сал-серілер поэзиясындағы жігіттік дәурен, адамгершілік туралы толғаныстар

0
3814

         Сал-серілер ежелгі дәуірден сақталып келе жатқан халықтың тіршілігіне көп жаңалық кіргізген, қазақ мәдениетінің бір жарқын белгілері. Ең алдымен сал-серілер поэзиясындағы жігіттік дәурен, жастық шақ, адамгершілік толғаныстарына тоқталмастан бұрын, сал, сері ұғымына тән ортақ қасиеттерге сипаттама берсек.

Сал-серілер поэзиясында қыз бейнесін жасаумен қатар, жігіт бейнесін, жігіттік шақты бейнелеу де жиі кездеседі. Жаяу Мұса «Көкаршын» деген өлеңінде жігітке тән басты қасиет – ер жігіттің айтқан сертінде тұруы екенін айтады.
Көкаршын ән еркесі баппен айтса,

Ер жігіт не болады серттен тайса.

Ән болмас «Көкаршындай» қайда барсаң,

Ән білем деген адам шынын айтса [1, 60].

Сал-серілер ауыл бозбаласының ғашықтық әсер-сезімін, қыр ұлына тән ұлттық жастық кейіптерді ғажап бейнелеген. Ақан серінің жігіттік лирикасы кең табиғат құшағында ескен дархан жігіттің ерлігіне, даланың сұлу көрінісіне, халықтық сүйкімді бейнелерге толы.

Жастық, бозбалалық кезінде Ақан серінің көп жырлаған тақырыбы – достық, махаббат мәселесі. Ол сүйіспеншілікке беріктік пен адалдықты, махаббат еркіндігін аңсайтын тамаша өлеңдерін әнге қосып айтқан. Эстетикалық сезімі, талғамы күшті, нәзік жанды ақын өмірдегі небір сұлу, әдеміннің бәрінәнге қосып жырлаған. Атап өткеніміздей, Ақанның жігіттік, серілік өлеңдері кезінде дала жастарының сүйікті жыры болып, ел ішіне мол жайылғаны мәлім. Ақанның өзі шығарған әсем әндеріне қосып талай жас:

Торыны таң асырып мінген қандай,

Үкілі әсемдетіп жүрген қандай!

Тұсынан қызды ауылдың ән шырқатып,

Сыбанып ақ білекті түрген қандай!

Сөз салып қалқатайға жеңгесінен,

Құрбыңмен сыпайы ойнап-күлген қандай!-

деп басталатын әнді жігіт көңілінің бір асқақ аңсары етіп шырқамады ма? [2, 31].

Шашубай Қошқарбаев cал-серілер   серілік   өмірінің   нағыз   алаулаған   жігіттік шағын былай бейнелейді:

Құс атып, аң аулаймын Сарышығаннан

Қызға жылы көрінер қаршыға алған

Қиынға ұя салған қыран едім,

Аққудың төсіне ұйықтап, талшық алған [3, 43].

Мұнда   Шашубай   мергендік,   аңшылық   өнердің   жігіттік дәуреніне құрал болғандығын аңғартады. Біржан сал өзінің   «Біржан сал»   деп аталатын алғашқы өлеңінде:

Баласы Қожағұлдың Біржан салмын,

Адамға зияным жоқ жүрген жанмын

Кісіге менменсінген бас имеймін

Өзім әнші, өзім сал кімге зармын.

Жасым бар жиырмада, жасырмаймын,

Басымнан   дұшпан   сөзін   aсырмаймын [4, 43],-

деп өзінің ақындық, әншілік құдіретіне, турашыл, сыншыл ойына берік сеніммен, ешкімнің алдында бас имейтін тәкаппар екенін айтады. Біржан жігіттік туралы   ойларын   есейген   шағында «Жамбас сипар», «Талай   заман» өлеңдері   арқылы   жеткізген тәрізді:

Ал десе еркін жүйрік ағындаған

Ақылға кейбір надан бағынбаған.

Жігіттік бойға таққан бір гауһар тас,

Қартайсаң қайғы айналып табылмаған.

Түскендей аспан жерге іс болса да,

Бел байлап тәуекел деп төзген артық,- деген толғауында жігіттікке тән талапкерлікті замандасына, жас жігіттерге үлгі етіп ұсынады [4, 61]. Жігіттік сонымен бірге, дүниені сайран етіп өнер үлгісін шашқан өз өмірінің сәулесіндей, оны әрі өкініп жоқтайды, әрі мақтан етеді.

Ыбырай Сандыбайұлы ерте атқа мініп, жігіт болып, серілік жолға беттегенін былай бейнелейді:

Жігіт болдым он жетімде

Тынды айтқан кебімді.

Шаруадан бас тартып,

Салдыққа бұрдым бетімді [5, 61].

Ыбырайдың жігіттік шағында аты елге кең тарайды. Осы өлеңнің жалғасын оқып көрейік:

«Сал» атандым он сегізде,

Қайғысыз ендім бір теңізге.

Он тоғызда оттай лаулап,

Ойнақ салдым кемеңізге

Жігіт боп жетіп қалдық жиырмаға

Кезегенге дәм үйден бұйыра ма?

Өнерге өңмен салып ұмтылмасаң,

Жастықта нәпсі шіркін тыйыла ма, — деп өзінің жігіттік дәуренін босқа өткізбей салдық құрып, өнер жолына бет түзегенін айтады [5, 68].

Ыбырай «Көкейкесті» деген өлеңінде:

Бірді алдап көргенім жоқ, бірді қорғап,

Жігіттікті өткіздім ән-күй толғап.

Күрмеуіне қысқа жіп кейде келмей,

Ұшығына жібердім өлең жалғап, — деп өзінің жігіттік шағын қызықпен өткізгенін кейде қол қысқалықтан ойдағысының бәрі бірдей болмай, ауқаты жетпеген жерде өлеңі, әнімен алдынан жол ашқанын айтады [5, 72].

Ақанның «Майдақоңыр» деген өлеңінде мынадай жолдар бар:

Жігіттің падишасы Әмір-Темір

Бозбала әнге салсаң қайғың кемір

Кешегі бес болыстың кеңесінде

Шығарған Ақан сері «Майдақоңыр», — деп Әмір-Темірді жігіттің падишасына балайды [5, 69].

Ал Жаяу Мұса мына бір өлеңінде:

Жігітке ашу – дұшпан, нәпсі – жауың

Алдында ақыл деген асқар тауың

Көңіліңе бір зәредей түссе қайғы,

Білмейсің қай жеріңнің ауру, сауын — деп, жігіттің нағыз жауы мен дұшпаны деп, ашу мен нәпсі екенін айтады [1,25].

Адамның жас мөлшері, табиғат көрінісі, замана жаңалығы — бәрі де Ыбырай, Ақан сері, Біржан сал Сегіз сері сияқты сал-серілеріміз өлең-жыр арнаған тақырып осы тақырыптарды жырлауда олар өз уақыты, өз ортасынан көп ілгерілік танытады. Мысалға Үкілі Ыбырайдың мына бір:

Жігіт болдым он жетімде,

Тыңда айтқан кебімді,

Шаруадан бас тартып,

Қалжыңға бұрдым бетімді.

Сал атандым он сегізде,

Қайықсыз кірдім бір деңізге.

Он тоғызда оттай лаулап,

Ойнақ салдым кемеңізде, — деп, кісінің жас-шамасына байланысты жазылған. Олар осындай дәстүрлі тақырыптың өзін тың баламамен түрлендіріп береді [5, 71]. Мәселен Ыбырай өзінің қартайған шағын:

Әттең дүние, өткен күн

Кейінгіге келіп жеткен күн.

Қара бура қартайып,

Жар басына шөккен күн, — деп бейнелі жеткізеді [5, 74].

Әнші ақындар көбіне пәк таза махаббатты, сұлу әйел сипатын, жастық шақ, жігіттік арман, ар-намыс бостандығын жырлауға ден қойды. Оған Ақан сері, Біржан сал, Естай, Балуан Шолақ тағы басқа ақындардың шығармашылығын айтуға болады. Әйел затының әдемі көрік-келбетін, жан-дүниесінің сұлулығын әсерлі жырлаған Ақан серінің «Ақтоқты», «Мақпал», «Перизат», «Ақсаусақ», «Жамал қыз», «Балқадиша» тәрізді әндері қыз есімімен аталады. Үкілі Ыбырай әйгілі «Гәкку» әнін Кәлима атты сүйген қызына арнап шығарған, мұнда ғашығы аққу құсқа баланып, ән қайырмасындағы аққу құстың үніне ұласатын «гәкку, гәкку» одағайларымен шебер үйлесім тауып, автордың ой-қиялынан туған арман мен зарды күшейте түседі. Әнші ақындар жастарды ықтиярсыз үйлендіретін неке заңына, ескі әдет-ғұрыптарына қарсы шықты.

Ақан серінің «Сырымбет» Естайдың «Қорлан», Қайыптың «Ақбөбек», Сауытбектің «Ақбөбек» тағы басқа әндері қалың мал жоралғыларын айыптаған, махаббат бостандығын, сұлулықты дәріптеген туындылар. Ақан сері өлеңдері трубадур лирикасындағы әйелді культке айналдыру сарындарын еске салады. Ғашықтық тақырыптағы өлеңдерден ұшқалақ сезім, құмарлық, ләззат алуға ұмтылысты жырлайтын тұстары да ұшырасады.

Әнші ақындар шығармашылығының поэзиямызда өзгеше арналы болып қалыптасуына қазақ даласындағы әлеуметтік жағдай ықпалын тигізді. XIX ғасырдағы сан қабатты өзгерістер, ежелгі салт-дәстүрдің, қауым мен қауым, адам мен адам арасындағы қатынастардың басқаша өріс табуы әншілік поэзиямыздың қуаттана дамуына қолайлы жағдай тудырып, әнші ақындар өз әнін, өз өнерін ақы дәмету үшін пайдаланған емес, оны күрестің құралы деп таныған, бар ғұмырын өнерге қызмет етуге бағыттай білген жандар. Олардың еркін жүрісі, ерке әндері айналасындағылардың бәріне бір-бірдей жаға бермеген, ел тұтқасын ұстаған үстем топтан қысым да көрген. Олардың шығармаларында өнер жолындағы адам тағдырының қиындығы жырланады. Әнші ақындар айналасында өтіп жатқан құбылыстарды сырттан бақылаушы ретінде емес, өз басынан кешкен жайларды суреттеу арқылы махаббат пен ғадауат, теңсіздік пен әділетсіздікті қоғамдық орта мен адам арасындағы қатынастарды жырлап, бүгінгі күнге жеткізді деп ойымызды қорытамыз.

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Біржан сал Қожағұлұлы. «Ләйлім шырақ» — Алматы, 1986.
  2. Жаяу Мұса. «Ақ сиса»,   құрастырған: З. Қоспақов.- Алматы, 1985
  3. Қорамсаұлы А. «Шығармалар» — Алматы, 1963
  4. Қошқарбаев Ш. «Ақ қайың» — Алматы, 1984
  5. «XIX ғасырдағы қазақ ақындары» — Алматы, 1988

Н.А. Уакаева
Қазақстан инновациялық университетінің
2 курс магистранты, Семей қаласы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ