Қазақ халқының ұлттық ойындары: «Асық ойыны»

1
24834

Асық ойыны– қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Асықты далада, алаңда ойнайды. Асық ойнап өскен бала мерген, өзгелерден ептілеу, зеректеу, табандырақ, шыдамды болып келеді.

Асық сойылған қойдың, арқардың, ешкінің, киіктің асықты жілігінен алынады. Оны шикідей де, піскен күйінде де сіңірінен тазалап, пайдалана береді. Шикі асық салмақты, берік келеді. Асықты кез келген жерге тастай салсаң, не тұра қалады, не жатады ғой. Тұрса– не алшы, не тәйке, не омпы тұрады да, жатса– не бүк, не шік жатады. Жолында омпы тұрған асықты көрген қазақ жолым болады екен деп, ырымдап сүйіп алып, сақтап жүрген. Өйткені асық омпысынан өте сирек тұрады.

Асықты жақ- жақ болып та, екі бала да ойнай береді. Екеуден- алтауға дейінгі балалар ойынды тез бітіреді және қызғылықты болады. Балалар тым көп болса, дау көбейіп мәнін жоғалтады.

Асықтың түрлері

Асық түрлеріне қарай сақа, кеней болып бөлінеді. Сақаға үлкен ірі қошқар, ісек асықтарының оңқайы алынады. Кеней деген қой, ешкі, киік, қозы-лақ асықтарының жалпы аты. Асықты тәйкесінен тұрғызып, өзіңе қаратып қойғанда, ұшы оң жаққа қарап тұрса– оңқай, солға қарап тұрса–солақай асық деп аталады.

«Арқар сақа» (Арқардың асығы).

«Айналсақ сақа» (Бүгі мен шігін айналдыра қорғасын белбеу құяды, ол сақа алшы мен тәйке ғана түседі).

«Жымпит» сақа (Асықтың екі жағын жұқалап егеп тастайды, көздегенде жер жалатып тигізуге оңай, ал қарсыласың мұндай сақаға оңайшылықпен тигізе алмайды).

«Тәйпек» сақа (Асықтың не алшы, не тәйке жағының бүрі егеліп, тегістелген сақа.Алшы жағын егесе, тәйке тұрғыш, тәйке жағын егесе, алшы тұрғыш болады).

«Қорғасын» сақа (Асық салмақты, ұшқыр болып, дәл тиюі үшін түрлі әдістермен жан-жағын қуыстап тесіп, қорғасын құйған сақа).

Қорғасын құю тәсілдері де әр түрлі, омпы жағынан не тәйкесін, не алшы жағын үңкіп құю. Әр ойынның түрлеріне қарай жеке-жеке сақалары болады. Сақаның тұмсығын өзіңе қаратып, тәйке жағынан сұқ саусағымен қысып ұстап, иіріп атасың, не шиырып тастайсың. Сақаны кейде қаржиды. Қаржу деген– сақаны екі алақаныңның арасына салып, не қара санның үстіне қойып, оң алақаныңмен жіп ширатқандай ысып қалып жерге тастап жіберу.

Сақа соғыстыру дегеніміз– ойын бастау кезегіне ие болу үшін балалар бар сақаны жиып алып, төмен шашып тастайды. Кімнің сақасы бірінші тұрса, кезек соныкі. Егер екі сақа бірдей тұрса, екеуін қайта тастайды (Оны сақа соғыстыру деп атайды). Қай тұрғаны–бірінші, тұрмағаны екінші болады.

Асық жабайлату– ішінде бір сақасы бар кенейлерді жиып алып, уыстап шашып тастауды атайды.  Иесі сақасымен жұптас жатқан кенейлерді үлесіне қосып алады. Сақасы басқа асықтардан жеке-дара (алшы, не тәйке, не бүк, не шік) түссе, ойын келесі кезектегі қарсыласқа жылжиды.

Асық бояу– сақа, кенейлер сәнді болу үшін жүн бояп жатқанда, ішіне салып, әр түске бояп алады.

Асық ойындары:

Ханталапай. Бұл ойында екі баладан бес-алты балаға дейін (алаша не сырмақ төселген тегіс жерде) ойнай алады. Әр бала келісім бойынша бірнеше кенейін ортаға қосады. Бір асықты (түрі қызыл болса тіпті жақсы) ішінен «хан» етіп сайлайды. Ол асық қосқан кенейлер санына қосылмайды. Асық иіріп немесе санамақ арқылы бірінші ату кезегіне ие болған бала асықтарды қос уыстап алып, араластырып, шашып жібереді. Ойыншылар бірден «ханның» қалай түскеніне қарайды. «Хан» алшы тұрса, таласа-тармаса жаппай қарманып, мол үлес алып қалу үшін, асықтарды бас салады. Балалардың жинаған ұпайы, алып үлгерген асығына қарай есептеледі. Бас салған кезді «Ханталапай» деп айтады.

«Хан» тәйке тұрса, тәйке тұрған асықпен, бүгі жатса-бүгі, шігімен жатса шігімен жатқан асықпен атып алынады. Атқанда сұқ қолдың басымен, сүйретпей, ақырындап ішке итеріп, не сыртқа шертіп тигізу керек. Егер «Ханды» басқа түстес асықтар қоршап жатса, онда сондай жұп асыққа бармақты жалап сулап, басып, көтеріп әкеп үстінен тастау керек. Бұл тәсілді «Ханды» атып алғаннан кейін бірін екіншісімен атып алу үшін басқа жұптарға да қолдануға болады. Бірдей жұптарды біріне бірін атып тигізгенде, ойыншы оның біреуін ғана иемденеді. Тигізе алмай қалғанда, не көздеген асыққа тимей, басқа асыққа тигенде, ойыншы жеңіліп, кезегін қарсыласына береді. Қарсыласы асықты шашып тастағанда, асықтар үймелеп қалса, не болмаса бір асықтың үстінде бір асық жатып қалса, «Қимыл» деп ойыншы жариялап, кезегін екінші ойыншыға береді. «Хан» омпы тұрса, оны кез келген асықтың түрімен атып алады, ал басқа асық омпы тұрса, бұрын көрген «омпы» деп сүйіп алады да, өз үлесіне қосады.

Бұл ойынның ішінді «Көк шолақ» деген ойын бар. Егер қарсылас бала бір ғана асық атып алса, кезегін екінші балаға бергенде, «Көк шолағым» деп, атып алған асығын топ асықтың ішіне қосып жібереді. Екінші баланың атқалы тұрған асығын, «Мынау менің «Көк шолағым» деп алып қоюға еркі бар. Бұл әрекет қарсыласқа бөгет жасау үшін қолданылады. Және үш асық қатар не бүк, не шік жатса , не тәйкі, не алшы тұрып қалса, осы ортадағы асықты мынау менің «Көк шолағым» деп алып қояды. Үш-төрт асық алғаннан кейін «Көк шолақ» күшін жояды.

Киімалғыш. Бұл ойынды көбінесе екі бала ойнайды. Көп бала ойнаса, ұтқызған киімдерін не заттарын ортаға салады. Бірінші кезек алған бала (асық иіріп не санамақта жеңген) уысындағы үш не төрт асықты жабайлатып шашып тастайды. Асықтар бірыңғай не бүк, не шік, не тәйкі, не алшы түссе қарсыласы үстіндегі бір киімін шешіп беруі керек. Асықты иіріп отырған бала, иірген асықтары әртүрлі ыңғайда түскенше, жабайлата береді. Біреуі басқа қалыпта түссе болды, кезек қарсыласына тиеді. Ұтылған балалар ойын соңында ән салып, күй тартып, жұмбақ айту арқылы ұтқызған заттарын қайтып алады.

Бестас. Бұл ойынға екі-үш бала қатыса алады. Кезек алған бала бес асықты шашып тастап, ішінен біреуін алады да, бір асықты жерден іліп үлгеріп, жоғары ыршытқан асықты қағып алуы керек. Қағып алған асығын бөлек қояды да, әлгіндегі тәсілмен жердегі екінші асықты іледі. Қалған асықтарды да осылайша іліп алып, жинап қояды.

Екінші айналымда екіден жиып үлгеру керек, үшіншісінде –үшеуден, төртіншісінде– төртеуін бірдей алу шарт. Бесіншіден бес асықты алақанға ұстап, жоғары серпіп жіберіп қақшып алу керек. Одан кейінгі айналымдар күрделене береді. Бармақ пен сұқ саусақты жерге тіреп, соның ашылған арасынан жерде жатқан асықтарды кезегімен қақпақылдап өткізіп жіберіп, жоғарғы атқан асығын қағып алып отырады. Мұнда да ойыншы асықтарды саусағының ұшымен әуелі бір-бірден, одан кейін екіден, үштен, төрттен өткізу шарт. Соңында қағып алған асығын да өткізіп жібереді. Соңғы шешуші ойында бес асықты қолдың сыртына салады да, жоғары ыршытып жіберіп, жерге түсірмей қолымен қақшып алады. Айналымдарда асықтарын дұрыс жинай алмағандар немес түсіріп алғандар, сол айналымда қалып, кезегі келгенде сол айналымын жалғастырады. Жаңылмай, мүдірмей межеге жеткен бала жеңімпаз атанып, басқа балаларды қалып қойған айналымына қарай жазалайды. Жазаның түрлері: бірден онға дейін алақанға шерту, сұқ қол ең қатты шертетін саусақ болғандықтан, шертуге қарсыластың жас шамасына қарай «ортан саусақ», «аты жоқ қол», «шынашақ» пайдалануы мүмкін.

Арқалампай. Бұл– екі бала сыртта ойнайтын ойын. Екеуі әуелі сақаларын соғыстырып, қайсысынікі бірінші тұрса, әуелгі кезекті сонысы алады. Сақасы тұрмаған бала екі-үш адым жерге сақасын тастайды. Кезек алған бала көздеп, оның сақасына тигізсе, қарсыласы жеңімпазды атқан сақасының жатқан жеріне дейін арқалап апарады. Қашан тигізе алмай мүлт кеткенше, жеңімпаз қарсыласына ату кезегін бермей, ойынды жалғастыра береді. Егер оның сақасы тиген кезде, қарсыласының сақасы алшы тұрып қалса, қарсыласы бәрібір жеңімпазды тиісті жеріне арқалап барады. Содан соң ғана кезегіне ие болып, жеңімпаз атанады. Бұдан соң да жеңімпаздың асығы тимей, мүлт кеткен жағдайда да соқа соғыстырылып, ойын қайта басталады. Ойын үстінде арқадағы баланың «Шу, жануар», «Көкмоншағым», «Қара жорғам» деп, әжуалап отыруы мүмкін.

Тәйке. Бұл ойынға екіден бес-алты балаға дейін қатыса алады. Ойын үшін тақыр, тегіс жер таңдап алынады. Алаңға түзу сызық сызылып, ойыншылар келісім бойынша бір-бір немесе екі-екі кенейден шығарып, сол сызықтың бойына араларына бір сүйемдей жер қалдырып, тәйкесінен тізіп қояды. Сақаларын соғыстырып, кезек алғандар ретімен үш адымдай жерден сызылған сызықтың сыртына қарай кеней тұрған жерден сақасын шиырып тастайды. Тәйке түссе келесі баланың сақасын шиыруын күтпей, кенейді көздеп атуға құқы бар. Кенейге тигенде, тәйке түссе, барлық тігулі асықты атпай-ақ жиып алады. Алшы тұрса–түпте кезекте тұрған бала оны атып, ойыннан шығартады да, ойын әрмен қарай жалғасады. Тастаған баланың сақасы алшы тұрса, қалған балалар оның сақасын атады, тигізсе–алшы тұрған сақа ойыннан шығады. Ал атқан баланың сақасы тиіп, тәйке түссе, ол да кенейді атады. Тигізсе– үлесін алып, қайтара сақасын тастайды. Алшы да, тәйке де тұрмаса, ойыншылар меже сызықтан кезек бойынша кенейлерді көздеп атады, тисе шарт бойынша асық ұтады. Сызықтан аттап кеткен бала атып тигізген кенейін ала алмайды, айып есебінде және бір кеней қосуына болады. Атқан бала мүлт кеткенше кенейлерді көздеп ата береді. Бұл ойынның қызығы сақаның тәйке түсуімен ұтымды. Сол үшін ойынға тәйке тұрғыш сақа қосады.

Шықетер. Бұл ойынның тәйкеден айырмасы, белгіленген сызықтан тізілген кенейлерді шартты кезекпен бір-бірден атып шығады. Тигізіп құлатқан бала кенейін алады. Тигізе алмағандар соңын күтеді. Барлық бала атып болғаннан кейін алқақотан жиылып, бірінші кезектегі бала тізілген асықтардың біреуіне тигізсе, кенейлерді уыстап алып, ішіне сақасын қосып, жерге шашып тастайды. Оны «жабайлату» дейді. Сақасы қалай жатса, соған жұптас түскен асықтар соның еншісіне тиеді. Балалар осылайша кезекпен жабайлатып отырады. Ойыншылар әу баста келіссе ғана атуға– басқа, жабайлатуға басқа сақа қосуға болады. Болмаса, бір-ақ сақа пайдаланылады.

Шыр. Бұл ойынға да екіден төрт- беске дейін бала қатыса алады. Дөңгелек сызық сызып (аумағы екі-үш қарыс) ішіне әр бала бірден, не екіден біріктіріп, (бірінің үстінен бірін емес) топтастырып, асықтарын тігіп қояды. Оны «Шыр» дейді. Ойыншылар сақаларын соғыстырып, кезектерін алады. Бірінші бала сақасын ешкім көздей алмайтындай тасалау ойпаттау жерге алысырақ тастайды. Екінші баалның да, басқасының да солай тастауына болады. Оны «жаттым» дейді. Бірақ тастаған сақа атуға ыңғайлы жатса, кезектегі түптегі қарсылас көздеп атуға құқы бар. Тигізсе, «өлді» дейді. «Өлген» сақаның иесі ойыннан шығады. Одан да әрі маңында жақын сақалдарды атып «өлтіруге» еркі бар. Болмаса, бір сақаны «өлтіргеннен» кейін, сол жерден «шырды» атып бұзады. Сақасының жұбына қарай құлаған асықтарды жиып алып, енді біртіндеп кенейлерді атады. Жұп түссе– ұтысын алып, ойынды жалғастыра береді. Бөлек түссе, сол жатқан жерінде жатады. Егер сақасы кенейлермен жұп түспей-ақ алшы түссе, ойыншының қайта атуына болады. Тәйке түссе, алыстау басқа жаққа «жатуға» болады. Бұл заңдылық сақаны сақа  көздегенде де сақталады. Тимей кетіп, бүгінен не шігінен түссе, сол жерде жаатды. Қарсылас ойыншы  кезегін алғанда, оны оп-онай «өлтіре» салады. Бұл ойында сақаны атып «өлтіріп» не «шар» бұзып, жұп асықтарды көбірек ұтып, көбірек ұпай жинаған ойыншылар жеңімпаз деп танылады.

«Шыр» түбінде ең соңғы баланың сақасы ғана жата алады. Оның пайдасы, қарсыластар сақаларын атып, ұзап кетеді де, «шырға» тигізе алмай қалады. Кезегі келгенде, қалауынша «шырды» бұзып, жұп-асықтарды жиып алады. Ыңғайлы кенейді жақын жатқан сақаға қарай атып жақындап, кенеймен жұп түссе, оның сақасын «өлтіруге» болады. «Шырды» бұзып, бар кенейді ұтқан бала жеңімпаз аатнып, ойынды басындағыдай қайта жалғастырады. Кенейі біткендер ойыннан ұтылып шығып қаалды. Келесі ойында көп ұпай алған бала бірінші болады.

Бестабан. Бұл– кезінде үлкен бозбалалардың өзі ауыл-ауыл боп топаймен ойнаған ұлттық ойын. Асықтарын араларына сүйем не қарыс жер қалдырып бір сызықтың бойына тізіп қою керек. Екі жағынан бес табан өлшеп, кеней тұрған орыннан параллель сызық сызылады. Екі жаққа  бөлінген балалар бес метр жерден тұрған асықтарды кезекпен атқылайды. Шарты– тигізіп құлату емес, бес табан жердегі сызықтан кенейді шығарып жіберу. Сол үшін қорғасынды ауыр сақалар қолданылады. Оларды судың бетіне тас жалақтай лақтырады. Бұл ойын үшін дәлдік, мергендік керек. Ұтқандар ұпай санын жиып, мәреге жетеді.

Үштабан ойыны. Бұл ойынға екі-үш бала қатысады. Бірінші асықта орта сызыққа екі не төрт асықтан алшы, тәйке етіп тігіледі. Егер екі бала ойнаса, ойын алдында екеуі асық ататын сақаларын бір бала алады да, жерге тастайды, сонда қай баланың сақасы алшы түссе, сол бала бірінші болып сақасын иіреді. Егер сақасы алшы не тәйке тұратын болса ортадағы тігулі тұрған асықты дәлдеп атады. Егер атқан асық үш табаннан артық қашықтыққа ұшса, онда асық– атқан баланікі. Сөйтіп, барлық асықты үш табан ұшырса, ортадағы тігілген асықтың, барлығын асық атқан бала жинап алады.

Ойын қайтадан тағы жалғасады. Егер ұтқан баалның сақасы иіргенде тұрмаса, екінші бала, оның сақасын, асыққа жақын болса, екі табан өлшеп алып атады, егер сақасы үш табаннан артық жерге түссе, онда бір асықты ортанғы асықтың қасына апарып тігеді. Жаңағы баланың сақасы ортаңғы асыққа жақын болса, ортаңғы асықтарды атып, үш табан ұшырса, шетінен өзіне алады. Егер үш табан ұшырылмаса асықты ортаға қайтадан тігеді.  Бұл жерде кім ортадағы асықты көп жықса, сол бала жеңіске жетеді. Бұл ойынды ойнайтын балаларға 5-10 асықтан беру керек, кім көп асық ұтса, сол жеңіске жетеді.

Шік-бүк ойыны. Бұл ойынды екі не үш бала ойнайды. Ортаға 2-4-6 асық тігіледі.

3-5 метрден барып ортадағы асықты атады. Егер сақа ортадағы асыққа тиіп, шік-бүк түссе, барлық асықты ұтып алады. Егер шік-бүк түспесе, басқа балалар атып, ойынды жалғастырады, бұл ойында кім көп асық ұтса, сол жеңіске жетеді.

 


1 ПІКІР

  1. асык ату ойынынан мастер класс откизетин адам керек, Алматы каласы, 13 сентябрьге, Лесная сказка
    отиниш томендеги номерге хабарласуларын сураймыз
    87025630708

ПІКІР ҚАЛДЫРУ