Қазақ үйдің жасалу жолдары және жабдықтары

0
2520

Сабақтың мақсаты: 1. Қазақ үйдің жасалу жолдарымен және құрал-жабдықтары туралы ұғымдарын кеңейту. Ою-өрнектердің түр-түсі, әсемдігіне назар аудару, үйлесім тауып орналасуына мән бере білуге үйрету.

2.Балалардың сөздік қорларын молайту, тілдерін дамыту.

3.Ата-бабаларымызды, салт-дәстүрді қадірлей білуге тәрбиелеу.

Көрнекіліктер: қазақ үйдің суреті, қазақ үй жабдықтары (текемет,түскиіз.сырмақ, аяққап),ыдыстар, (торсық, тостаған, құмған, ожау, кесе, қасық), ою-өрнектер (қошқар мүйіз,гүл, тұмарша, ботакөз, құс қанаты, ирек су).

Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, түсіндіру, әңгімелеу.

Сөздік жұмыс: киіз үй.

Билингвальды компонент: киіз үй-юрта, ауылшаруашылық-сельскохозяйственный.

Тәрбиеші: Адамның бір – біріне лебіз білдіруі сәлемнен басталады. Кішінің үлкенге сәлем беруі, үлкенді құрмет көруі, жастың ізет білдіруі. «Сәлемдесу ағайын мен туысты, дос жаранды, іні мен ағаны жарастыру ғана емес, ата салтын жалғастыру, көңіл күйін білдіру әрі оған өз ниетіңді білдіру» демекші қонақтармен амандасайық.

Алдымыздан кезіккен,

Көп танысты көреміз.

Бәріне де ізетпен,

Біздер сәлем береміз.

Сәлеметсіздер ме, қонақтар!

Сәлеметсіздер ме, апайлар!

Есенсің бе, достарым!

Біз өнегелі өренбіз,

Біздер сәлем береміз!

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі ұйымдастырылған оқу қызметімізде біз қазақ үй, оның жасалу жолдары және қазақ үй жабдықтары туралы өтеміз. Бүгінгі тақырыпты мұқият тыңдап, дұрыс жауап берген балаларға мына сиқырлы қоржыннан сыйлықтар беремін.

Қазақ үй көшіп – қонуға ыңғайлы баспана. Оны тез бұзуға, шапшаң тігуге болады. Ата-бабаларымыз осы қазақ үйде тұрған кімде-кім  оған кіріп, тым болмаса бір-екі күн тұрып көрген болса біледі, оның іші ыстық күннің өзінде салқын, суық күндері жылы және жайлы баспана. Ендеше, қазақ үйдің қалай жасалатыны жайында тоқталып өтейік. (Киіз үйдің бөлшектерімен таныстыру)

  • Қазақ үй қандай бөлшектерден тұрады? (есік, кереге, уық, шаңырақ)
  • Осылардың бәрі неден жасалған? (ағаштан)
  • Қазақ үйдің сыртқы бөлшектерін атап беріңдер? (түңлік, киіз, арқан)

Түңлік шаңырақты жабатын киіз.

  • Арқан не үшін қажет? (қазақ үйдің киіздері желде, боранда ұшып кетпеу үшін арқанмен байлаған)

 

Билингвальды компонент.

Киіз үй-юрта, ауылшаруашылық-сельскохозяйственный.

Тәрбиеші: Қазақ үй туралы кімтақпақ айтып береді?

1.Атам менің айбынды,

Атам менің сүйікті.

Бір қонуға шалғынға,

Қазақ үйін тігіпті.

2.Көтерілсе шаңырақ,

Ақ бақанды астына ап

Жатқан уық жамырап,

Бірігеді бас құрап.

3.Дегеніміз уықтар,

Имек басты сырықтар

Шаңырақты уысқа ап,

Тұрады ылғи нық ұстап.

Сергіту сәті:

Дөңгелене тұрамыз,

Керегені құрамыз

Уық болып иіліп,

Шаңыраққа киіліп,

Қазақ үйді құрамыз.

 

Тәрбиеші: Енді мына қазақ үйдің ішін жабдықтайтын ыдыстарға тоқталып өтейік. Олар не үшін қажет екен?

  • Мынау нелер? (түскиіз,сырмақ,аяққап)
  • Түскиіз, сырмақ, аяққап не үшін қажет? (Түскиізді қазақ үйдің керегесіне әдемі және жылы болсын деп ілген. Сырмақ еден жылы болу үшін. Ыдыстарды кір болмас үшін аяққапқа салып керегеге іліп қойған)
  • Түскиіз, сырмақ, аяққап қандай оюлармен өрнектелген? (қошқар мүйіз, ботакөз, балта).
  • Мына ыдыстар қалай аталады, не үшін қажет және неден жасалған? (Торсыққа сусын құйған, малдың терісінен жасалған. Тостағанға сусындар құйған. Осы ыдыстардың барлығы ағаштан жасалған).
  • Төрт кесе көп пе, әлде бір тостаған көп пе? (Төрт кесе).

Тәрбиеші: «Біздің көңіл күйіміз» ойынын ойнайық.

Ойын шарты: Бет-әлпеттің мимикасына қарап, сөйлем ойланады,оның ішінен бет-әлпеттің мимикасына білдіретін сөздерді бөліп айтады. Әр түрлі көңіл-күйді білдіретін сәттерді салу.

Тәрбиеші: Балаларды екі топқа бөліп, 1-ші топқа қазақ үйді, 2-ші топқа сырмақты ою – өрнекпен өрнектету.

  • Сырмақты қандай оюмен өрнектедіңдер, түстері қандай? (Гүл оюы өрнектелген, қошқармүйіз, балта, ирек су оюлары)
  • Қазақ үйді қандай оюлармен өрнектедіңдер, түстері қандай?(Тұмарша, құс қанаты, ботакөз)

Тәрбиеші: Жарайсыңдар, қандай әдемі қазақ үй мен сырмақты өрнектедіңдер. Сырмақты қолымызбен ұстап көрейікші қандай екен? (Жұмсақ, әдемі)

Қорытындылау: Венн диаграмасын қолдана отырып сұрақтар қою, қазақ үй мен жәй үйдің айырмашылықтарын, ортақ қасиеттерін тапқызу.

  • Қазақ үй қандай бөлшектерден және неден жасалған? (Есік, кереге,уық, шаңырақ ағаштан және киізден жасалған).

Ұйымдастырылған оқу қызметінің соңында балалардың қанша ұпай жинағандарын санату.

 

Сабақты өткізген: Джумагулова Айгерім Тұрсынғалиқызы

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ