Жақсы тәрбиеші – әрбір баланың жанын түсінеді

0
3065

Дана халқымыз «Тәрбие тал бесіктен», — деген. Аналарымыз,әкелеріміз, бесікті тербетіп әлдиімен ұлағатты тәрбие беріп отырғын. Әрбір ата-ананың алдына қойған мақсаты, баласының өсіп-өніп, өркендеп беделді тұлғаға айналғаны. Тәрбиенің бастауы, қайнар бұлағы отбасынан басталса, балабақшадағы тәрбиешінің де баланың жеке тұлға, жақсы азамат болып қалыптасуына қосар үлесі зор.

Тәрбиеші әрбір балаға мейірлене шуақ шашып, анасындай махаббатпен сезімін білдіреді. Тәрбиешінің алға қойған мақсат – міндеті мен педагогикалық ұстанымы болуы керек. Күнделікті ұйымдастырылған оқу қызметіне жауапкершілікпен қараған жөн. Тәрбиеші сөзінің астарында тәрбиені беруші, алға жетелеуші, өмірге қалыптастырушы, қанаттарын қатайтып биікке ұшыруға деген мағына жатады дер едім.Ақын М.Жұмабаев «Тәрбие – адам баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша азық беріп өсіру», — деген екен. Ол-бала мінез-құлқын зерттеуші психолог, ол  мектепке дейінгі білім нәрімен сусындататын ұстаз, ол-бала денсаулығына жауап беретін күтуші де. Осыншама жауапкершіліктің бәрі де бір тәрбиешінің ісімен атқарылады. Сондықтан біз балаларымыздың болашағына жауапты жандармыз.

Бала майысқан шыбық сияқты жастайынан қалай иетін болсаң, солай өседі. Отбасынан да, балабақшадан да жақсы тәрбие болса, келешек ұрпағымыздан саналы, салауатты азаматтар мен азаматшалар шығатыны сөзсіз.

Бүгінгі балабақшада бала жағдайы үшін барлық мүмкіндік бар. Заманауи үлгідегі қажетті құралдар, түрлі ойыншықтар, басқа да материалдық – шаруашылық қажетті заттар, әсем жиһаздар бәрі де бала үшін. Осындай тәрбие ошағында тәрбие мен білімнің сапалы негізі қаланса, ұрпақ болашағының іргетасы мықты болар еді.

Мектепке дейінгі білім беру саласы мамандарының қазіргі таңда санаттарын, біліктіліктерін арттыру үшін көптеген іс-шаралар жүргізілуде. Жақсы маман қай салада болсын өз ісінің шебері, өз мамандығы бау-бақшасының бағбаны. Жақсы тәрбиеші – әрбір баланың жанын түсінетін, қабілетін дамытатын көмекші, қамқоршы, яғни тәрбиеші – бала жанының бағбаны.

Авторы: Джумагулова Айгерім Тұрсынғалиқызы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ