Қазақтың ұлттық киімдерінің ерекшеліктері

0
3029

Халқымыздың ұлттық киімдерінің түрлері өте көп. Кең байтақ даламыздың табиғатына, ауа райына байланысты киім түрлерінде де ерекшеліктер бар.

Жақы – ертеректе ауқатты адамдар киген, қазір өте сирек кездесетін жағалы әрі асыл киімдердің бірі. Ол тек жылқы терісінен тігілетіндіктен, құлын жақы, тай жақы, құнан жақы деп бөлінеді.

Жақты тіктіру үшін қара, торы түсті құлын, тай, құнанды таңдап алып, арнаулы күтімде ұстап, түгі әбден жетіліп, жылтырағаннан кейін сойып, терісін сыдырып алып, илейді. Бір жақыға 4-5 тері кетеді.

Жақы тігу үшін құлыншақ жалын арқасына, екі иығына келтіріп пішеді. Жылы болу үшін оған арасына жұқа мақта салып, астарлайды. Жақыға басқа тері немесе мата қосылмайды, тек өз терісінен құрастырылып тігіледі.

Қазір ел арасында киімнің бұл түрі кездесе бермейді. Алаш көсемі, ақын, қоғам қайраткері М.Дулатов киген тайжақы қазір Торғай қаласындағы А.Байтұрсынов пен М.Дулатов атындағы әдебиет мұражайында сақтаулы тұр.

Шекпен – тек қана түйе жүнінен тоқылатын жаздық сырт киім. Шекпендік матаны иіріп, оны өрмекпен тоқып, шапан үлгісіне пішеді. Оған мақпалдан немесе басқа қалың матадан қайырма жаға, тік жаға салады.

Шекпеннен су да, жел де өтпейді. Су тигенде түйе жүні ширығып, тығыздала түседі. Ол матадай емес, өте берік әрі жеңіл болады, тез тозбайды.

Ботаның немесе тайлақтың жүнінен тоқылған шекпен өте әдемі болады. Оны шидем шекпен, кей өңірде боз шекпен дейді. Жастар мұны сәндікке киген.

Қазақта шен-шекпен деген сөз бар. Оның мағынасы тереңде жатыр. Өткен ғасырларда қазақ елін отарлаған орыс жымысқылары елді, жерді бөліп, болыстар тағайындап, оларға шен тағайындап, белгі беріп, шекпен (шапан) кигізген. Осыдан барып шен-шекпен киген деген теріс ұғым пайда болған. Оған ұлы Абайдың «Мәз болады болысың, арқаға ұлық қаққанға. Шелтірейтіп орысың шенді шекпен жапқанға» деген сөзі куә.

Күпі – қазақтың ертеден киіп келе жатқан киімдерінің бірі. Ол – ішіне қойдың, түйенің жабағы жүнін салып, бидай шүберекке сырып, сыртына берік бір түсті матадан тігілетін жылы әрі қарапайым киім. Күпі жеңіл әрі ыңғайлы болады. Қажетті бұйымдар мен тігілуі оңай болғандықтан, мұны бұрынғы қазақтардың бәрі де киген. Киімнің бұл түрі көктем мен күзде киіледі.

Қалпақ – ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі ерлердің бас киімі. Бұл киім бірнеше сайдан (құрамнан) құралып, жиегі қайырмалы болады. Сайлары ұлттық ою-өрнектермен әшекейленіп, төбесіне салбырап тұратын шашақ тағылады. Мұны көбінесе белгілі, лауазымы биік адамдар киген.

Қамзол – әйелдердің жасына қарай қызыл, көк, жасыл, қара түсті барқыт, шұға, мауыты т.б. маталардан әсем безендіріліп тігілетін киім. Жағалы, жиекті, жеңді немесе жеңсіз тігіледі. Өңіржиек, алқа, тұмарша, үкіаяқ т.б. алтын, күміс зергерлік бұйымдары тағылады, қапсырмалы, түймелі болады. Жағасына, етегіне зерлі оқалар, өрнектер жүргізіледі.

Жаулық – ақ матадан жасалатын әйелдердің ең негізгі бас киімі. Әз әжелерді, асыл аналарды ардақтап, ақ жаулықты дер атайды. Жаулық – қазақ әйелдерінің ары, ажары, беделі мен көркі. Арқа жерінде ардақты әжелер жоғары және төмен деп аталатын қос жаулық тартқан. Мұндай жаулықтар биік әрі көрнекті болғандықтан, әжелер мәртебесі мен ажарын көтере түседі. Ертеде  мұндай жаулықтарды көбінесе бәйбішелер киген.

Әжелер иығына асып тұратын кимешек те киеді. Оның алдыңғы жағы түрлі түсті ою-өрнекті болады.

Бөкебайды әйелдер өздерінше шаршылап , кейде үшбұрыштап, әр түрлі үлгіде із салып, ақ немесе күлгін түсті түбіттен тоқиды. Тоқудың да қарға тұяқ, ирек, айшық, құстаңдай, бұрама деген көптеген түрлері мен үлгілері болады. Жиегіне тоқу арқылы шашақ, емшек салып, селдіретіп те, жиілеп те, тығыздап та білтелеп тоқиды. Жаңа тоқыған бөкебайды жуып, керіп кептіріп, үлпілдетіп түбітін шығарғанда әрі жылы, әрі сәнді бағалы киім болып шығады.

Қазақша көйлек – әйелдер киімі. Түсі ашық жақсы маталардан тігіледі. Ертедегі көйлектер тік жағалы, жеңді әрі ұзын болған. Етегінен жоғары бір немесе екі қатар бүрмелеп қосымша маталар тігіледі. Мұндай көйлекті желбіршек көйлек немесе қос етек көйлек дейді. Көйлек – әйел қауымының «бұйрықты» киімі.

Белбеу – ерлер де, әйелдер де қалың киім сыртынан буынатын өте қымбат бағалы зергерлік бұйым. Ол бояулы былғарыдан жасалып, сырт жағынан алтын, күмістен жасалған бедерлі әшекейлермен қапталады.  Ер адамдар белбеуі жалпақ етіп жасалады және оған оқшантай, дәндәку, пышақты қын қосылады. Бұл – кісе белбеу. Оны жез доғамен, кейде әдейі жасалатын ілгекпен буынады. Мұндай кіселердің бағасы кемінде бір жылқыға тең келеді.

Әйелдер белбеуі жұқа әрі жіңішке болса да, өте сәнді, жұмсақ болады. Ұзарып, қысқарып тұратын ілгектер арқылы буынады. Берік маталарды да бірнеше қабат орап, белбеу ретінде пайдаланады.

Жарғақ шалбар – ешкі терісінен тігілетін еркектер киімі. Ол әбден иленіп, қынамен, ешкі талдың қабығымен, жосамен боялып, алды және балағының сыртқы жағы түрлі түсті жібек жіптермен айшықталып, ою-өрнектермен безендіріледі. Байлар, мырзалар, жас жігіттер сәндік үшін киген. Мұндай шалбарлар әдемі әрі жеңіл болады, бағалы киім қатарына жатады.

Етік – былғарыдан, құрымнан тігілетін ерлер мен әйелдердің аяқ киімі. Түрлері: жым етік, қисық табан етік, шоңқайма етік. Мұны қыста да, жазда да киеді. Ерлерге арналған, қонышы тізеден асып қара санға дейін жететін етік жырым етік, ішіне байпақ салатын етікті байпақты етік дейді. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Соңғы екі түрін еркектер қыста ғана киген. Етікшілер мұндай етіктерді тарамыспен көктеп, ағаш шегемен шегелеп тігеді. Кейбір шеберлер сықырлап жүрсін деп етік ұлтанына тоз салады. Мұндай етікті сал, серілер мен бозбалалар киген.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ