Аңыз адам Дінмұхаммед Қонаев туралы

0
3184

Ұлтымыздың мақтанышы Дінмұхаммед Қонаев жайында белгілі жазушы, қоғам қайраткерлері жақсы-жақсы пікірлер қалдырған.

Жазушы Мұхтар Әуезов «Димаш бұйырса, қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын» деп ізгі лебізін білдірсе, Үнді халқының ұлы жазушысы Джавахарлал Неру өз сөзінде былай деп келтіріпті: «Мейірім-шуағы мол, пейілі кең халықтың перзенті болудан асқан бақыт жоқ. Сол халық- қазақ халқы. Елінің өткенін ұмытпай, келешегі үшін қалтықсыз еңбек еткен перзенті бар халық та бақытты. Сол перзент- Дінмұхаммед Қонаев».

Аңыз адамның басты қасиеттері адамсүйгіштігі, әділеттілігі, биік адамгершілігі, нақтылығы, істі терең білуінде. Ол ғажайып дана кісі еді. Өз ісі арқылы халқының шынайы сүйіспеншілігіне ие болған, оның аты өзін шексіз кұрметтейтін ұрпақтарының жадында мәңгі қалған.

«Ол ұлттың намысы, рухы мен иманы қазақтың қанағат мектебі және нағыз адалдықтың өлшемі»- дейді ақын Темірше Сарыбайұлы.

Ғибраты мол ғұмырдан ұрпақ түйер ұлағат аз емес. Димаш ағаны аса бір тұлғаландыратын ерекшелігі- құнарлы да қасиетті қазақ тілін таза білетіні. Сөздің небір мәйегін қолданатын оның халық тарихын, ертеде өткен қазақтың небір даналарын, ақын-жырауларын , олардың нақыл сөздерін жатқа айтуы ерекше еді.

Сонымен қатар ұлтымыздың тұрмыс- салтын, игі дәстүрлерін қадірлей білген. Керек жерінде түрлі қабылдауларда, іссапармен жүргенде адамдардың жас ерекшелігіне қарай мақал-мәтелдерді қолдана білген.

Осындай қайталанбас қасиеттері үшін халқына сыйлы, қадірлі болған. Өзі өнеге, сөзі ғибрат Дінмухаммед Қонаев ұрпаққа өнеге боларлық өмір жолы жайында «Ақиқаттан аттауға болмайды», «Өті дәурен осылай» атты ғұмырбаяндық кітаптар жазып қалдырды. Ол кітаптарда Казақстанның елу жылдық тарихы, ел экономикасы, әлеуметтік дамуы, мәдени өсіп-өркендеуін, өз өмірінің жекеленген сәттерінен сыр шертеді.

Салмақты ой мен өрнекті сөз қатар өрілген бұл кітаптар даналық пен өмір-күрестің шын мәнін аша түскен. «Ақиқаттан аттауға болмайды» атты кітабында елу жыл ел ағасы болған Дінмұхаммед Қонаевтың көкірек көзіңді нұрландыратын қанатты сөздері ерекше назар аудартады. Мәселен «бүгінгі күн-кешегі күннің шәкірті», «көргені жақсы көңілдегідей ic тындырады», «рухани байлықтың анасы— еңбек», «сөзден пәтуа болмаған жерде iстен береке қашады» т.б. Ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты бұзбауға үндейтін «әруақ аттау—арға сын», «Кұдайдан қорықпағанның тажалы қасында жүреді» секілді аталы сөздері адамға үлкен ой салары сөзсіз.

Билік басында жүрген жандарға сабақ болатындай өз өмір тәжірибесінен түйген ойлары аз емес. Мысалы «билік онай, біліп айту қиын», «аты жүpіп тұрған кісінің айбыны биік болады», «тәуелсіздіктің жүгі—ауыр», «танауын көтерген-тасқа соғылар», «халық тәжірибесі- барша білімнің қайнар көзі», «орынды сын- ойлантпай қоймайды» т.б.

Тұғыры биік Димекең елдің санаулы саңлақтарының ішіндегі кесек тұлғаларының бірі ғана болып қалған жоқ, сонымен бірге ол мемлекет қайраткері, үлкен ғалым ретінде дүниежүзіне мәлім. Ол кісі ел басқарған кезде ел дәулеті шалқып, халықтың мәдениеті мен өнері өрледі. Оның тынымсыз еңбегінің арқасында қалаларымыз халық игілігіне қызмет ететін дүниежүзінің сәулетті қалалар қатарына қосылды.

1986 жылғы желтоқсанда Димаш Ахметұлының қызметтен босатылуына қазақ жастарының көтеріліспен жауап беруі оның халық арасында қаншалықты беделге ие болғанын айқын көрсетті. Халқымыздың арыстай азаматын халқы шын сүйетінінің көрінісі болды.

Ол «Биікке көтерілдім, бірақ халқымнан аласа екенімді ұмытқаным жоқ» -дейді. Біраз жылдан кейін елге сапарға шыққан Димаш Ахметұлын басшылықта қызметте жүргеніндей халықтың сый-құрметіне бөленіп қайтқаны оның жүрегін тебірентіп өткен екен.

Бұл оқиғаны Димекеңнің жеке дәрігері Ахат Мүліков «ауыл тұрғындары бізді өте жылы қабылдап, көптеген жылы сөздер айтты. Димекең өзі танымайтын қарапайым қазақ отбасының соншалықты ықылас танытқанына қатты риза болды. Мәшинеге отырып жатып ол ақырын ғана «халық мені ұмытпапты»… деді , жанарындағы жасты байқатпауға тырысып» — деп еске алады .

Бұл оқиға Димаш Ахметұлының жасаған ісі мен есімінің қарапайым халықтың жүрегінде сақталғанын айқындаса керек. Шу ауданындағы елді мекен Димаш Ахметұлының атымен аталады.

Дереккөз: Жамбыл облысының топонимикалық атауларының анықтамалығы(энциклопедиясы) кітабы

Аяулым Жұмабек
Тұран университеті
3курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ