Қиссамен құттықтау!

0
1952
    Сапар жалғаса берді. Бұлар келе жатып бір ер адам мен хас сұлу әйелді көрді. Жебірейіл: – Бұл – Адам ата мен Хауа ана, – деп сыбырлады. Адам ата тақтың үстінде отыр екен. Пайғамбар Хауа анаға қарады. Ол ерінің сол жағында тұр екен. Басына ақ жаулық тартыпты. Өте келбетті һәм көрікті, инабатты келіншек екен. Хауа ана оң аяғының табанын болмашы ғана көтеріп еді, жарық нұрдың шұғыласы он сегіз мың ғаламды нұрға көміп жіберді. Бұлбұлдар тамылжыта ән салып, мейірім-шуақ әлемді құшағына орап алды. Бір кезде сол табанын сәл ғана жылжытып еді, астынан ыстық жалын ұрды. Әлгінде ғана орнаған жайма шуақ бақытты әлем көз алдында балқып жанып кетті. Мұхамбет пайғамбар мұның мәнісін біле алмай тұрып қалды. Жебірейіл: – Хауа ананың оң жақ табанынан шыққан нұр – жаннаттың мейір шуағы, сол жақ табанынан атқылаған жалын – тозақтың оты. «Тозақ та, жұмақ та ананың аяғының астында» деген – осы. Егер әйел баласы иба-әдепке берік болып, арын таза сақтаса, айналасын пейішке айналдырады. Ал егер бұзылып, ар мен намыстан жұрдай болса, үрім-бұтағын тозаққа отын қылады, – деді. Пайғамбар пырақтан түсіп, алдымен Хауа анаға, артынан барып Адам атаға сәлем берді. Хауа ана Мұхамбеттің маңдайынан сүйді. Адам ата маңдайынан иіскеді. Пайғамбар олардың жанында отырып армансыз сұхбаттасты. Хауа ана пайғамбарға жұмақтың кәусарын берді. Барша адамзат баласы үшін дұға тілеп, Алладан шапағат сұрады. Пайғамбар Адам атаның батасын алып, рұқсат сұрап, жолға шықты. Олардан ұзаған соң, Жебірейіл періште: – Әй, Мұхамбет, сен нағыз Алланың хабибісі екенсің. Үлгілі іс қылдың. Алла сенің екі қылығыңа дән риза. Біріншісі, аттан түсіп сәлем бердің. Жүсіп пайғамбар әкесіне ат үстінде сәлем беріп, денесі жеті күнде шіріп кетті. Артында тұяқ қалмады. Сен кішіпейілдік танытқандықтан, денеңді қабірде нұрға бөлейді. Тәкаппарлық – Алланың ең жек көретін дерті. Бұдан кейін үмбетіңе сәлем беру – парыз, сәлем алу қарыз болсын! Сәлем – жүректің есігі, жақсылықтың бесігі. Құдайға жаққан екінші қылығың: алдымен анаңа сәлем бердің. Хауа анаға екінші боп сәлем бергеніңде миғраж осы жерден тоқтайтын еді. Әкеңе бір рет сәлем берсең, анаңа екі рет сәлем бер. Әкеңе бір мәрте жақсылық етсең, анаңа екі қайтара жақсылық жаса. Жұмақ та, тозақ та анаңның аяғының астында. Үмбетіңе айт. Жұмақты іздесе, үш қыз тапқан ананы қадірлесін, – деді. Пайғамбар: – Үш қыз таппаса ше? – деп сұрады. – Екі қыз тапқан ананы қадірлесін. – Сонан кейін? – Бір қыз тапқан ананы әлпештесін. – Қыз тумаған ана болса ше? – Онда ұл тапқан ананы сыйласын. – Баласы жоқ әйелдердің жайы не болады? – Алла пейіштің шарапатын ерін сыйлаған әйелдің табанының астына жасырады. – Ерге тимеген қыздардың қадірі қаншалықты қымбат? – Олардың иманы мен әдебі таразыға түседі. Көркем мінезі мен әдемі иба қылығы оларды басқалармен теңестіреді. – Үмбетіме «анаңды, әйеліңді, қызыңды құрметте, сыйла» деп айтайын. Ал ер-азаматтың құрметі қаншалықты болмақ? – деп сұрады. – Ер-азаматты сыйламаған Құдайға қарсы келгенмен бірдей. Ұлық Құдай Адам атаны жер бетіне орынбасар етіп жаратқан. Ол – отбасының иесі. Таразы-мизамда да сұрақ алдымен ерден басталады, – деді періште. Пайғамбар қолын жайып: – Иә, Жасаған ием! Менің еркек кіндік үмбетімді пасық, жасық, намыссыз, қайратсыз, жігерсіз, жеңілтек, қорқақ болудан сақта! Олар ер-азамат атануға лайық болсын, – деп дұға жасады.

ПІКІР ҚАЛДЫРУ