Қор болған көк Туым

0
1965

Жол бойында қаз-қатар тізіліп, дабылдарын қосқан аппақ көліктер. Ішіндегі жастардың қиқуынан құлақ тұнады. Барлығы да қос жастың қуанышына ортақтасып, серуенге (гулянка) шыққан беті осы. Бір сәтте алдыңғы жақтағы көліктің терезесінен екі жігіт шығып, көк Туымызды желбіретіп айғайға басты. Мұны көрген қарсы беттегі көліктер де қолдан келгенше қолдау көрсетіп «бипылдатып» әлек. Ал бір қолында сыра ұстап, екінші қолымен Туды желбіреткен жастарға ырық бермеген желдің екпіні байрағымызды жұлып алып, тас жолдың ортасына әкеп тастай салды. Сыра ішіп есірген қаракөздер Туды алған былай тұрсын, артына бұрылып та қарамады.

«Қалайша біз осындай күйге жеттік?» деген сұрақ өзегімді өртеді.  Керек десеңіз, осындай жалған патриоттықтың кесірінен Туымызды қоқыс арасынан да тауып жатырмыз. Бірнеше апта бұрын Алматы қаласының жоғарғы жағындағы «Алма-Арасан» демалыс аймағындағы Аюсай сайында той серуеніне шыққан патриотсымақтар Туымызды қоқыс жәшігіне тастап кеткен. Оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Өкінішке қарай, кімнің ісі екендігі анықталмады. Рас, той бола қалса, серуенге шығу керек. Ол жағын реттесек «патриоттығымыз» ұстап қалады. Сонымен не керек бір қолымызда харам су, екінші қолымызбен қасиетті байрағымызды желбіретіп кете барамыз.

Бүгінде құқық қорғау қызметкерлері де серуенге Туды алып шығудың заңға қайшы екендігін айтып, дабыл қағуда. Алайда, мұны ескеріп жатқан жан жоқ. Мемлекеттік Ту – елдігімізді танытар еліміздің ұлттық нышандарының бірі. Оны қолдану мен орнату аясы заң бойынша қадағаланады. ҚР-ның Мемлекеттік рәміздер туралы Заңының 13-і бабы 1-ші тармағында «ҚР-ның азаматтары, сондай-ақ, республика аумағында жүрген адамдар Қазақстан Республикасының рәміздерін құрметтеуге міндетті» – деп нақты көрсетілген. Ал заңға құлақ аспағандар ҚР Қылмыстық құқық кодексінің 317-бабы «ҚР Мемлекеттік рәміздерін қорлау – 1 мыңнан 2 мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады».  Демек, есірген «патриоттар» жазасыз қалмайды. Ұлттық нышанымызды қорлаудың құны кемінде – 2 млн теңге болмақ.

Осылай жалғаса берер болса байрағымыз әжетханада жатпасына кім кепіл? Алайда, бұдан зорғысын да көрдік қой. Осыдан бірнеше жыл бұрын көк байрағымызбен көшеде қоқыс тасыған студенттер республика жұртшылығының наразылығын тудырды. Ал осының барлығын істеп жүрген – жас-тар. Елбасының өзі «Елдің болашағы, Тәуелсіз Қазақстанның болашағы – жастар» – деп бізге сенім артып отыр. Елдің ертеңі деп үміт артқан азаматтарымыз бүгінде осындай бассыздыққа барса, келешегіміз қандай болмақ? Әрине, жастардың барлығына топырақ шашып, қаралаудан аулақпыз. Десе де, жоғарыдағы оқиғалар әрбір қаракөздің санасына жетіп, отансүйгіштік ұғымын дұрыс жағынан ұқса болғаны.

«Айтылмаса сөздің атасы өледі». Бүгінде жеке азаматтар былай тұрсын, мемлекеттік мекемелердің төбесінде тоз-тозы шығып оңып кеткен, тіпті, кейбірінде жыртық Тулардың ілініп тұрғанын көзіміз көріп жүр.  Сол мекеменің бір қызметкерінің бойында Отанға деген титтей де сезім болса, Ту жыртылып жатпас еді. Тіпті, өзіміз емес өзге елдің мекемелері біздің рәміздерге құрметпен қарауды үйренуде. Жыл басында Қытайда жүрген студенттеріміз университетінің алдында ілініп тұрған жыртық Туымызды ауыстыртты. Кейіннен оқу орнының әкімшілігі көп Тулардың ішінен байқамай қалғандықтарын айтып, өз кінәларын мойындады. Ал Еуропа елдерінің біріндегі университетте теріс ілінген көк байрақты түзеттірген қаракөз талайдың алғысын арқалағаны баршамызға аян. Шетелдік мекемелер олқылықтың орнын толтырып қана қоймай, қазақ жастарынан кешірім сұрап, арқасынан қақты. Міне, әрқайсымыз осы жастардан үлгі алуға тиіспіз.

ТҮЙІН. Көк Тудың желбірегені,

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен Ту,

Жан емес маған керегі

Көк Тудың желбірегені – деп ақын Алмас Ахметбекұлы ұлттық байрағымыздың мәңгі желбіреуі үшін жанын құрбан етуге әзір екендігін әнмен ұқтырды. Чемпион спортшыларымыз әлемдік бәсекелерде Туымызды биікке көтеріп, шетелдіктерге қазақтың Гимнін шырқатты. Қазақ студенттері өзге елде жүрсе де жалауымыздың талапқа сай еместігіне бей-жай қарай алмайтындығын көрсетті. Ал біз, құрметті тойшыл жастар, ащы суға тойып, Туымызды аяқ асты етіп нені дәлелдемекпіз? Ойланайық… Ал көк байрағымыз өз тұғырының биігінде желбіресін!

сурет: liter.kz сайтынан алынды


ПІКІР ҚАЛДЫРУ