Қыз өссе — елдiң көркi: Қыз тәрбиесі — қоғам келбеті

0
4950

Қай ата-ананы алсақ та, қызының ертең барған жерiнде балдай батып, судай сiңiп кетуiн, жақсы жар, әдептi келiн, аяулы ана болуын армандайды. Қасиеттi ана қызының тәрбиелi болып өсуi үшiн жасынан ақ шашты қарияның алдынан аттатпай өсiредi. Халқымыз “Келiн-нiң — аяғынан, қойшының — таяғынан” дегенде, жаңа отаудың береке-құтын, ағайын-туыс, ауыл арасындағы беделiн, болашақ ұрпағына дұрыс тәлiм-тәрбие беруiн келiннiң жақсы-жаман қасиеттерiмен өлшеген.

Қазақ халқы келiннiң келген жерiнде жақсы жар, абзал ана, ұқыпты әйел болуы, бiрiншiден, оның өскен ортасына байланысты десе, екiншiден, келген жерiне де байланысты деп қарайды. Жаңа түскен жас келiнге енелерi қонақ күту, ас ұстау, бала күту, т.б. мәселелерде үнемi ақыл-кеңес берiп үйретiп отырады. “Келiннiң жақсы болмағы қайын ененiң топырағынан” деп, ененiң жас келiнге қамқоршы болуын талап еткен. Сондықтан да “Жақсы ауылға келген келiн — келiн, жаман ауылға келген келiн-келсап” деп текке айтпаған.

Әйел қандай биiк дәрежелi жұмыс iстемесiн, қайда болмасын оның ең басты мiндетi — өмiрге ұрпақ әкелу, бала тәрбиелеу. Көп жағдайда отбасының берiктiгi әйелге байланысты. Әйел сабырлылығы, кешiрiмдiлiгi, сыпайы-лығымен, т.с.с. жақсы қасиеттерiмен үй-iшiне береке әкелiп, шаңырақ бақытын орната алады.

Үлкендi сыйлау — бiздiң халқымыздың ежелгi дәстүрi. Ол дәстүр бойынша жастар үлкеннiң алдын кесiп өтпеуге, сыпайы болуға, үлкенмен сөз жарыстырмауға, тiптi үлкендердiң алдында қатты күлмеуге тиiс. Осындай ата дәстүрiмiздi бүгiнгi жастар жадында сақтап, жалғастыра бiлуi қажет.

Тән сұлулығы. Қыздарға жан-жақты сұлулық, яғни, жан сұлулығымен қоса, тән сұлулығы бiрдей болғаны жарасады. Жастықтың өзi — сұлулықтың, нәзiктiктiң белгiсi. Қыз балалардың көрiктi болып өсуiне ертеде аналары ерекше көңiл бөлген. “Аттың көркi — жалы, арудың көркi — шашы” деп ұққан аналар қыздың шашын дұрыстап күтiп-өсiрудi өнер санаған. Шашты жақсы өсiру үшiн айранмен, қынамен жудырған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етiп өру бойжеткен қыздардың көркi болған. Оған, мысалы, қыз бен жiгiт айтысындағы:

“Атымды әкем сүйiп Несiп қойған,

Шашымды бестемшелеп есiп қойған”,

деген сөз тiркестерi осы пiкiрдi дәлелдейдi.

Халық жырларында аруларды “Шашының ұзынды-ғы iзiн басты”, немесе “Шаштарын он күн тарап, бес күн өрген”, “Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты” деп сипаттаған.

Бойжеткен қыздардың киiм киiсiне де ерекше көңiл бөлген.

“Адам көркi–шүберек,

Ағаш көркi–жапырақ”,

“Қыз өссе–елдiң көркi”,–

деп таныған халқымыз қыз балаларға қынама қамзол, дүрия бешпет, кәмшат бөрiк, қос етек көйлек, биiк өкше етiк тiктiрiп кигiзген. Сырға, бiлезiк, шашбау, шолпы сияқты әшекей заттарды тақтырған. “Қыздың көзi — қызылда” деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйiрлiгiн бiлдiредi.

Ұзатылатын қыздың аулында айтылатын “Жар-жар”, “Жұбату”, “Сыңсу” өлеңдерiнде, келiн түсiру тойында орындалатын “Беташарда” қыздың, жас келiннiң басты-басты киiмдерi, сән-салтанаты мадақтала жырланған.

Халық жырларындағы арулардың сұлу мүсiнiн шебер суреттеудегi мақсат — жастарды әсемдiк сезiмге бөлеу. Сұлулықты терең сезiнiп, соған елiктесе екен деген ой-пiкiрден туған.

Халқымыз қыздың көркiне ақыл-ойы, мiнезi сай болуын қалаған. “Қыз — қылығымен сүйкiмдi”, “Қызым үйде, қылығы түзде” деп, қыз тәрбиесiнiң ерекшелiгiне аса жоғары мән берген.

Қыздың ұзатылып барған жерiнде өсiрген ата-ананың, өскен ауылдың атына кiр келтiрмеуiн, сағын сындырмауын тiлеген.

Адамның мәдениетi мен тәрбие деңгейi оның сырт бейнесiнен, киiне бiлуiнен де көрiнедi. Бiздiң этикалық-эстетикалық мұратымыз — сырт көрiнiстiң әдемiлiгi мен рухани кемелдiлiктiң табиғи бiте қайнасуы. ”Сырт пiшiннiң адам өмiрiндегi мәнi зор, — деп жазды А.С.Макаренко. — ұқыпсыз, салақ адамды өз iсi мен қылығына есеп бере алады деп ойлау көбiне қиын. Киiне бiлу әдемiлiгiнiң де жүрiс-тұрыс әдемiлiгiнен маңызы кем емес”. Қоғамның дамуына байланысты киiмнiң сәнi де өзгерiп отырады. Адамның әр уақытта өз тұсындағы сәнге сәйкес киiне бiлуi оның әсем-кербез талғамына байланысты. Жарасымды киiну дегенiмiз ең алдымен адамның үстiне киген киiмнiң бойына, түсiне, жас ерекшелiгiне үйлесiмдi болуы.

Киiмнiң сәндi де жарасымды болуымен қатар, киiп барған жерiндегi жағдайға, отырған орнына, iстейтiн қызметiне сәйкес келуiн де ескеру қажет.

Қыздардың темекi тартуы, iшiмдiкке үйiрлiгi бүгiнде әдетке айналып бара жатқаны байқалады. Орынсыз киiну, орынсыз жүрiс-тұрыс әйел затының әйелдiк, нәзiктiк, сыпайылық көркiне нұқсан келтiретiн қылық екенiн естен шығаруға болмайды.

Ишанбай Қарақұлов айтқандай: ”Адам жарасымды тәуiр киiне бiлуi керек. Бұған кiмнiң таласы бар. Әйтсе де бүгiнгi жастарға әдебi мен әдетi көпке үлгi жас ұрпақ өкiлдерi екендерiн қашан да, қайда болса да есте сақтаңдар дегiмiз келедi. Өзiңдi басқаларға үлгi ет, басқаларды қызықтыратындай әдептiлiктiң иесi бол деймiз. Денсаулыққа, тазалыққа, сыпайылыққа зиянды ерсi әдет қай жерде де жеткiлiктi. Қыс пен күздiң суық күндерiнде де келте көйлекке қызығып, денсаулығына зиянын тигiзiп алған, боянамын деп әсем шашын әлемештеп алған, кiрпiктерiн жұлып, ендi оны қайта өсiре алмай жүрген бикештер аз ба? “Әсемпаз болма әрнеге”,— деп Абай осындай ұрпақтарына ескерткен сияқты болады да тұрады.

Бiз жастардың, әсiресе, балаларымыздың әдептi, сыпайы болғанын өте ұнатамыз. ”Әйелдiң бойындағы әлсiздiктi ұнатам” дегенде К.Маркс оларды тiптi де кемсiтiп айтпаған ғой”.


ПІКІР ҚАЛДЫРУ