Кім білгіш?! Еліміздің ең үздік зияткер оқушылары марапатталды

0
1272

19 желтоқсан күні «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қоры жариялаған «Кім білгіш?» интеллектуалды-танымдық ойыны бойынша 9,10,11 сынып оқушылары арасында өткен онлайн турнирінің қорытындысы шығарылды.

2016 жылдан бері Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Skills academy мекемесі ынтымақтастық туралы меморандум жасасып, әріптестік қатынаста екендігін естеріңізге сала кетеміз.

Іс-шараға ҚР Мәжіліс депутаты Геннадий Шиповских, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Білім және гуманитарлық программалар орталығының жетекшісі Зәуре Түркменбаева, «Казахстанская правда» газеті бас редакторының орынбасары Сәбит Малдыбаев, қоғам қайраткері Нұрлан Өтешов, Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шәуеев қатысты.

Жобаның мақсаты – дарынды балаларды анықтау, оқушылардың танымдық қабілеттерін дамытуға ынталандыру, пәндік білімдерін тереңдету, ғылымға деген қызығушылықтарын арттыру, білімді насихаттау, интеллектуалды мүмкіндіктерін дамытуға ықпал етіп, қолдау көрсету.

«Кім білгіш?» турнирі 2016 жылдан бастап өткізіліп келеді. «Кім Білгіш?» ойыны спорт, ХХ ғасыр, ХХІ ғасыр, әлемде, өнер, Қазақстан тарихы, Қазақстан табиғаты, денсаулық, ғылым тақырыптарындағы 35 000-нан астам сұрақтардан тұратын тұңғыш отандық мобильді қосымша. Ойын барысында қатысушылар аталған тақырыптар бойынша сұрақтарға жауап берді. Турнир қатысушылардың таңдауы бойынша қазақ, орыс, ағылшын тілінде жүргізілді.

Осы жылы республиканың әр өңірінен оқушылар белсенділік танытып, 7000-ға жуық мектеп оқушылары қатысты. Ойынның екі кезеңі онлайн режимінде өткізілді. Қорытынды финал Нұр-Сұлтан қаласында өткізіліп, үздік ойыншылар бір-бірімен эрудиция және жылдамдығымен жарысты.

Осылайша, қазақтілді ойыншылар арасында 1 орынға Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы, №2 орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Сұраған Дәуіржан, 2 орынға Түркістан облысы, Бәйдібек ауданы, Шаян ауылы, Күлтөбе негізгі орта мектебінің 9-сынып оқушысы Тәттібек Дариға, 3 орынға ШҚО, Семей қаласы, Бесқарағай ауданы, Қарабас ауылы, Семеновка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Мұратбекова Гүлнұр Нұрғалымқызы ие болды.

Орыс тілді ойыншылар арасында 1 орынға Павлодар облысы, Ақсу қаласының №4 орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Шанышпаева Камила, 2 орынға Павлодар облысы, Ақсу қаласының №4 орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Белоусова Софья, 3 орынға Өскемен қаласының №4 орта мектебінің 11-сынып оқушысы Коротков Роман ие болды.

Турнирдің жеңімпаздарына «2019 жылдың ең ақылды оқушысы» атты арнайы диплом мен ноутбук, планшет, смартфон сияқты бағалы сыйлықтар табысталды.

Финалға қатысқан  Павлодар облысы, Ақсу қаласының №4 орта мектебінің 11 – сынып оқушысы Жук Алексей, Павлодар қаласы, №39 орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жортиков Раул Асылканович, Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қараөткел ауылы, №2 орта мектебінің 9 – сынып оқушысы Ережеп Саяжан, Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Варваровка селосы, “Куйбышев орта мектебі” КММ – нің 9-сынып оқушысы  Омарканов Рахат Мейрамович арнайы диплом мен ынталандыру сыйлығына ие болды.

«Іс-шара балаларға бәсекелестік рухын сезінуге, өздерін және өздерінің білімдерін дәлелдеуге мүмкіндік берді», – деді Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Білім және гуманитарлық программалар орталығының жетекшісі Зәуре Түркменбаева.

Іс шараның соңында ұйымдастырушылар «Кім Білгіш?» мобильді ойынының сұрақтары бойынша көрермендер арасында викторина өткізді, өздерін ерекше көрсете білгендер арнайы сыйлықтарға ие болды.

 


ПІКІР ҚАЛДЫРУ