«Дінтану» мамандығының 20 жылдығы аталып өтті

0
1362

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Философия және саясаттану факультеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, Дінтану зерттеу және сараптама орталығының ұйымдастыруымен «Дінтану» мамандығының 20 жылдығына арналған «Дінтанудың қазіргі жағдайы мен оның даму перспективалары» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция жұмысына Шет тілдер және іскерлік карьера университетінің ректоры, ҚР ҰҒА Академигі Сабри Хизметли, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры Қайрат Құрманбаев, Тәжікстан Республикасының Қазақстан Республикасындағы Бас Консулы Баходур Назиров, Қазақстан Республикасындағы Қырғызстан Республикасының Консулы Қайратбек Жақыпов, Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Айдар Есенбеков, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, діни экстремизмнің алдын алу орталықтарының басшылары, Алматы қаласы Діни бірлестіктерінің көшбасшылары Клубының мүшелері, шетелдік және отандық жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушылары, жас ғалымдар, БАҚ өкілдері және т.б. қатысты.

Конференцияның пленарлық және секциялық отырыстарында дінтануды орта және жоғары білім беру жүйесінде оқыту, Тәуелсіз Қазақстан ғылымының жаңа бағыты ретіндегі дінтану, діни білімнің жаңа пәнаралық бағыттары, дін саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырудағы дінтанудың тиімділігі мен даму болашағы мәселелері қарастырылды. Іс-шара аясында Қазақстандағы алғашқы «Дін тарихы мұражайының» тұсаукесері өтті.

Конференция барысында шетелдік және отандық әріптестер мен қонақтардың «Дінтану» мамандығының 20 жылдығына арналған құттықтаулары қабылданды. Ғылымда, оқуда және еліміздің қоғамдық өмірінде озық танылған ҚазҰУ-дың үздік студенттері мен жас ғалымдары мақтау қағаздарымен және алғыс хаттармен марапатталды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қабырғасында алғаш рет «Дінтану» мамандарын кәсіби даярлау 1999 жылы басталғандығын айта кету керек. Мамандарды дайындауда профессорлар Б.Қ. Құдайбергенов пен М.С. Орынбековтың еңбектері айрықша мәнге ие.

20 жылдық кезеңде «Дінтану» саласында әртүрлі зерттеулер табысты дамып, нәтижелі жүргізіліп отырды. Бүгінде үлкен тәжірибе жинақталды, ғылыми-білім беру мекемелері мен ұйымдармен өзара алмасу бойынша халықаралық шарттар жасалды. Бүгінде дінтанушылар әлемдік білім беру кеңістігінде өзара ықпалдасудың маңыздылығын жоғары бағалайды.

Конференция қатысушылары қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлері жағдайында дінтану ғылымы мен білім берудің әдіснамалық және практикалық мәселелерін талқылады, сондай-ақ, дінтанудың кейбір мәселелерін шешу және зерттеу перспективаларын құру жолдары айтылды.

Конференция жұмысының қорытындысы бойынша қарарлар қабылданды, олар дінтанушылардың, Қоғамдық келісім мәселелері бойынша мемлекеттік органдар басшыларының, дінтанулық ғылыми институттар мен орталықтарының, білім беру мекемелерінің қарауына жіберілетін болады.

 

Жандосова Ш.М.

PhD доктор, Ассоцацияланған профессор

Айтуған А.Н.

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Дінтану» мамандығының магистранты


ПІКІР ҚАЛДЫРУ