Күлкіге қарық болған күн

0
2630

Жетінші сәуір күні  Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен  жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын  «Сұңқар кубогі 2017» КВН ойындары болып өтті.

Күлкі — өмірдің кілті. Атақты сатирик Сейіт Кенжеахметұлының «Күле білу — өмір, күлкі болу — өлім, күлдіре білу — өнер» деген сөзі бар. Иә, расымен талғамы биік көрерменнің алдында  біреулер күлкі сыйлаймыз деп қылжаққа айналса, енді бірі сол сәттегі астарлы әзілінің арқасында халық жадына ұзақ сақталып қалып жатады. Бүгіннің тілінде «Көңілді тапқырлар клубы» деп аударылып  жүрген әзілкештер ойынының негізгі міндеті де сол: күлкі арқылы санаңызға сауал тастайды, бүгінгінің бейнесін ашық көрсетуге тырысады. Оған, ашығы, сіз де біз де қанықпыз. Кешегі сатира сардары Т.Қожакеевтің  салып кеткен әзіл әлеміндегі соқпақтарынан боз түзеген күлдіру процесін жүргізетін жандардың немесе құрамалардың  көбейіп кеткендігі көзі қарақты көрерменнің де түрлі әзіл байқауларының да бүгінгі таңдағы деңгейлерін шарықтатып жіберді.  Оған дәлелі, күні кеше Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтетін факультетаралық «Сұңқар кубогі 2017» КВН ойыны болып өтті. Бастауын Қараша айында өткен маусымашардан алатын командалар түрлі кезеңдерде іріктеліп, олардың:
-механико-математика факультетінің «Мех-мат құрамасы»
-философия және саясаттану факультетінің «Әлем.KZ»
-физика-техникалық факультетінің «Физ-тех құрамасы»
шығыстану факултетінің «Класстастар»
филология және әлем тілдері факултетінің «Филфак құрамасы»
заң факультетінің «ЮрStyle» командалары финалда өз өнерлерін ортаға салды. Қағытпа қалжыңды серік еткен студенттердің өнерін ҚазҰУ Әлеуметтік – тәрбие жұмыс басқармасының басшысы Әбішов Талғат Болатұлы, «Bugin group» компаниясының коммерциялық директоры Қуаныш Сейсенбай; продюсер, КВН ойыншысы Қалдыбаев Дастан; КВН ойыншысы, актер Серғазы Тоқтарбек; әнші, актер Жігер Ауыпбаев және «Сұңқар» студенттер мен магистранттар кәсіподағының төрайымы Бүрлібаева Шұғыла 3 кезең бойы бағалады.

Ойында бірнеше номинациялар бойынша арнайы жүлделер тігіліп, үздік ойын көрсеткен әзілкештерге бұйырды. Атап айтқанда, «Ең үздік жанкүйер» номинациясымен «Физ-тех құрамасы» командасының қолдаушылары, «Мисс және Мистер КВН» номинацияларын «ЮрStyle» ойыншысы Елікай Бутекбай мен «Класстастар» командасының ойыншысы Жайлаубеков Ернар иеленді. Ал «Ең үздік ойыншы» номинациясын жеңіп алған «Мех-мат құрамасы» командасының ойыншысы Белібаев Нарық пен «Филфак құрамасы» командасының капитаны Арьятов Қайрат «Dostik Travel» және «Bugin group» компаниясының демеушілігімен Түркияның Анталия қаласына демалуға жолдама алды.

Тағы бір арнайы сыйлықты әлеуметтік желідегі КВН ойынын тамашалауға шақыру видеоларынының конкурсында «Ең үздік шақыру видеосы» номинациясын жартылай финалда сүрінген география және табиғатты пайдалану факультетінің «Эверест» командасы жеңіп алды. Бұл командаға Алматы қаласы Жастар конгресінің демеушілігімен 20 000 теңге қаржылай сыйақы тағайындалып, басшысы Сандыбаева Сандуғаш Қалжанқызын ойыншыларға табыстады.
2017 жылда үздік ойын көрсетіп, әзілдерінде мектептегі достарды ұмытпау керек екендігін басты назарға алатын «Класстастар» командасы 3 орынды және «Ыстықкөл» спорттық-сауықтыру лагеріне жолдаманы иеленсе, финалдағы ойында факультетінің деканына сахнада әзіл ойнатқан механико-математика факультетінің командасы 2 орынға тігілген Астана қаласына демалысқа жолдама алды. Бас жүлдеге тігілген 200 000 теңгені «Сұңқар кубогін» КВН ойындарының барлық кезеңіде өз ерекшеліктерімен дараланған, «Жайдарман» ұлттық КВН чемпионатының 2016 жылғы қатысушылары филология және әлем тілдері факультетінің «Филфак құрамасы» жеңіп алды.

Mara beey-дің суреттері «Филфак құрамасы» командасы

Жарыс соңында: Жігер Ауыпбаев, Ерман Бердалы және жас әнші Абзал Жаңабаев көрермендерге ән жолдады. Әділқазы мүшелері сахнаға шығып ойынның жоғары деңгейде өткенін, КВН ойыншысы, актер Серіғазы Тоқтарбек ҚазҰУ-дың КВН ойындарында өнер көрсетуді армандағанын айтты. Шұғыла Бүрлібаева осындай мүмкіндік сыйлап жатқан ҚазҰУ ректорына, сахнада сынға түскен ойыншыларға, әзіл кешіне жиналған барлық студенттер мен қонақтарға өзінің ерекше алғысын білдірді. Кеш әзілкештердің орындауында «Сұңқар кубогінің» әнұранымен керемет көңіл-күйде аяқталды.

Суреттерді түсірген: Марат Жүнісов

авторы: Дастан Қастай


ПІКІР ҚАЛДЫРУ