Латын әліпбиіне көшу заман талабы ма?

0
2071

 

Елімізде соңғы жылдары ғылым-білім саласы қарқынды дамып келеді. Осыған орай латын әліпбиіне көшу  мәселесі қоғам назарын өзіне аударып, үлкен талқыға түскені белгілі. Латын әліпбиіне көшірудің белгілі бір себептері аталып өтілмейді. Рухани, саяси, тіл тазалығы сынды сылтаулар ғана айтылады.

Сондықтан осы сылтаулардың орнын басу мақсатында соңғы жылдары Елбасы тарапынан нақты шешімдер ұсынылып жүр. Нақты тоқтала кететін болсақ 2012 жылғы желтоқсан айында жарияланған «Қазақстан-2050» Стратегиясында мәлімдемесі. Бұл жерде 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз керектігі алға тартылып отыр.

Мен еліміздің азаматы әрі жас буын өкілі ретінде латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Алдымен, күнделікті тұрмыста қолданылып жүрген жазулардың басым бөлігі латын әліпбиіне негізделгенін айтқым келеді.

Мәселен, көліктердің нөмірлері, көше атауларының басым бөлігінен латын қарпін байқаймыз. Шетелдік кәсіпорындар мен дүкен атауларында да латын қарпін жиі кездестіреміз. Сондықтан қоғамның латын қарпіне негізделген жаңа әліпбиді қабылдауында қиындықтар туындамауы мүмкін.

Ал, екіншіден, бұл әліпбиге көшу арқылы түбі бір түркі елдерімен ынтымақтастығымыз артатыны айдан анық. Мәдениетіміздің жақындай түсуі мүмкін. Себебі, түркі тілдес бауырларымыздан Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінің латын қарпіне негізделген әліпбиді пайдалануға әлдеқашан көшкені белгілі.

Демек, әлемнің 80%-дан астам жұрты пайдаланатын латын қаріптеріне көшу арқылы көптеген жетістіктерге жете аламыз. Әлемдік аренада жаһандану ұранымен интеграциялану үрдісіне бір қадам жақындай түсеміз.

Үшіншіден, бұл бастаманы білім беру бағытында жүзеге асырылып жатқан «үш тұғырлы тіл» саясатымен ұштастырып қарауға болады. Жаңадан мектеп табалдырығын аттаған жас буынның латын әліпбиі арқылы шет тілдерін тез әрі еркін меңгеруіне оң ықпалын тигізеді.

Тың әліпбиге тосырқай қарамасақ та, қоғамда орта және жоғары жастағы адамдар арасындағы сауатсыздық мәселесі. Қоғамның ескі әліпбиден бірден бас тарта қоймайтындығына орай екіге бөліну мәселелері туындауы мүмкін.

Тиісінше жаңа әліпбиге толықтай ауысу арқылы уақыт тиімділігі жағынан жеңіске жетеміз. Ақпараттық технологияларды сертификациялауда, құжаттарды рәсімдеу барысында «жұмыстың жеңілдейтіні» анық.

Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Латынға көшу терең логикаға үңілуге мүмкіндік береді. Бұл қазіргі заманғы жаңа технологиялар мен коммуникация құралдарының ерекшеліктеріне байланысты» деп тұжырымды нақтылай түскені белгілі.

Төртіншіден, латынға көшу арқылы алдымен оралмандардың елімізге оралуы кезіндегі олқылықтардың орнын басатыны белгілі. Тілді үйреніп, сауатты жазуға тез бейімделуге өз ықпалын тигізеді. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жиі отыратын жастарымыздың сауаттылығы мен тіл тазалығы жүзеге асатындығын айтқым келеді.

Әліпбиге көшудің саясатпен тікелей байланысына келтіретін мысалдар да жеткілікті. Алайда тарихта бұл әліпбидің қолданыста болғандығы қоғам үшін қиындық тудырмайды деген қорытындыға әкеледі.

Экономикалық тұрғыдан шығынға ұшырауды ойласақ, еліміздің рухани тәуелсіздігі жолында келер ұрпақ үшін «шығынданудың» шын қажеті бар. Отарлау саясатының салдарынан санамыздың уланғаны, екі әліпби мәселесі елді екіге бөлу қаупіне әкелетіні тағы бар. Бұл тұрғыда зиялы қауым өкілдері мен қоғам жанашырларының «бір мемлекет – бір жазу», «бір әріп – бір дыбыс» ұранын ұстану туралы пікірлері көп.

Ал, менің айтпағым, тарих, әдебиет сынды салалардағы шығармалар біз секілді болашақ жастарға беймәлім кириллица күйінде қалып, ел зиялыларының елеулі еңбектері еленбей қала ма деген күдікпен жүрген қауым үшін бұл әліпбидің керісінше қай саланың болмасын құнды дүниелерін тазалап, келер ұрпақтың керегіне жарайтыны, жастар ең қажет деген құнды дүниелер мен нағыз еңбекті іріктей отырып, жаңа әліпбиге өздері аударып алатындығын алға тартып, «латынға көшу – тарихи, әдеби еңбектер мен шығармалардың шын бағасын берер сүзгі» демекпін.

Мені де, менің достарымды да алаңдататын жайттар өте көп. Көршілес өзбек елі секілді жаңа әліпбиге көшу жай ғана қиял болып, кирилл мен латынға негізделген елге айналып, қиындықтарға әкелмесе екен.

Латынға көшу бағытында ағымдағы жылдың аяғына дейін «қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау» барысында жұмыстар атқарылуы тиіс болатын. Елбасы Жарлығымен 32 әріптен тұратын қазақ тілі әліпбиі де бекітілді. Алдағы уақытта жаңа әліпбиді үйрететін мамандар даярлануы керек екен.

Сондай-ақ, орта мектептерге арналған оқулықтар мен заңнамалық құжаттарды, қала, көше атауларын өзгерту, т.б. ауыстыру жұмыстары жүргізіледі. Қазірден қолға алынған бұл идеяның нақты жұмыстармен жүзеге асырылып жатқаны рас болса, қоғамның жаңғыруына әкелетін жаңа әліпбиге 2025 жылдан бастап толықтай көшуіміз мүмкін екеніне сене отырып, бір ауыздан қолдаймыз.

Қорыта айтсам, тәуелсіздік алған 29 жылдан кейін рухани жаңғырайын деп жатқан халқымызды ендігі 32 әріпке құрылған жаңа әліпби рухани қаңғыртып жібермесе екен.

 

Мәлік Мади Арманұлы

Тұран университеті

3 курс студенті


ПІКІР ҚАЛДЫРУ