Әлем халықтарының сәлемдесу рәсімдерінің ерекшелігі

0
13117
Әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны

Әлем халықтарының сәлемдесу рәсімдерінің ерекшелігі

Сәлемдесу – кездескен таныс және бейтаныс адамдардың дәстүрлі сөз, ишара не дене қимылы арқылы бір-біріне жақындық ниет, ілтипат білдіріп, жылы шырай танытуы.

Сәлемдесу – әр халықтың мәдениетінің алғашқы беташары. Алғашқы кезде адамдар оң қолдарын жоғары көтерген, ол «міне, көрдің бе, қолымда дәнеңе жоқ, қарусызбын» дегенді білдірген. Осындай ишара амандасу рәсіміне айналған.

Тегінде, әдеп, адамшылық қасиет – амандасудан бастау алады. Адам баласының рухани тарихында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі жұмыр басты пенделердің бір-біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде. Адам баласы қашанда тыныш, бейбіт заманды, бір-бірімен сыйласып өмір сүруді армандаған. Соның негізін сәлемдесу әдебі қалаған десек, артық айтқандық болмас.

Сәлем – бұл араб тіліндегі «Ас-Сәләм» сөзі, мағынасы «тыныштық, бейбітшілік, амандық-есендік» дегенді білдіреді. Барлық мұсылман қауымы осы сөзбен амандасады. Өйткені, мұсылмандар бір ағаштың бұтақтары тәрізді. Олар Ислам атты ортақ тектен, тамырдан өсіп-өніп, ұқсас тәрбие көріп, бірдей азықпен қоректенген. Осы себептен мұсылмандар кездескенде хал-ахуал сұрасудан бұрын сәлемдесуі әдептілік міндет болып табылады. Ислам дінін қабылдағаннан бері дана халқымыз да алдымен осы сөзден бастап амандасатын болған. «Сәлем – сөздің анасы», «Сәлем – сөздің басы» деген аталы сөздер де соның дәлелі. Сәлем – арабтың «тыныштық», «бейбітшілік» мағынасындағы «ассалам» сөзінен шыққан.

Көптеген елдерде «Бүкіл әлемдік сәлемдесу күні» мейрамын атап өтеді екен.Жалпы ол мейрамның шығу тарихы Америка жерінен бастау алады.Бұл ерекше мейрамды 1973 жылы жиырма бірінші қарашада Американдық ағайындылар Майкл және Брайн Маккормандар ойлап тапқан болатын.Майкл және Брайн Маккорман әлемнін барлық шетіне хат жолдайды.Жіберілген хаттын мазмұнында әр ел өздерінің сәлемдесу әдебі мен мәдениеті туралы жазып жіберуін өтінеді.Содан бұл ой бүкіл елде тек қана қарапайым халықтын ғана емес, өкімет басындағылардың да қолдауына ие болады. Сөйтіп, көтерінкі көңіл – күй мен сыйлы қарым  – қатынастың белгісі ретінде жиырма бірінші қараша күні көптеген әлем елдері «Бүкіл әлемдік сәлемдесу күні» мейрамын атап өтетін болды.

Сәлемдесудің мәні – ең алдымен бетпе – бет ұшырасқан сәттегі үнсіздікті жою, өздерінің аман – есен дидарласып тұрғанына қуану, ниеттерінің ақ, адал, таза екенін білдіру.

Мұсылман халқында амандасу «Ассалаумағалейкум» деген сөзден басталады. Ол «Сізге Алланың нұры жаусын» деген сөз екен. Жасы кіші адам жасы үлкен адамға қос қолын ұсынып, алдымен сәлем береді. Ал сәлем алушы «Уағалейкумассалам» деп оң қолын береді. Ол «Алланың нұры сізге де жаусын» дегені екен.

Таныстарға сәлем беріп, сәлемге жауап алғанда екі арадағы татулық, ынтымақ нығайып, сыйластық артады. Ол адам жөнінде күдікті, жаман ойларға бармайсың . Қазақ дәстүрінде бірнеше сәлемдесу дәстүрі бар. Алайда олардың бәрінде де жасы кішілер бірінші болып сәлем береді. Әдетте сәлемдескенде қол алысады. Онда адамдар алақандарын бір-біріне түйістіріп ұстайды. Ол – «мусафих» деп аталады. Қол алысқанда саусақтың ұшын беріп сәлемдесу — әдепсіздік. Жасы үлкен, кіші болсын, көп адам жиналған жерге келген кісі ең бірінші көпшілікпен сәлемдеседі. Сырқат, мүгедек жанға сау адам ең бірінші сәлем бергені абзал.

Әйелге ер адам, бастығына қызметкері, жастар үлкенге ең бірінші сәлем береді. Амандасқанда біреуге басыңызды иіп, иығыңызды қозғап, қолыңызды көтеріп, көзіңізді қысып, ерсі әрекет жасамаңыз. Егерде сәлем берген кісіңіздің құлағы естімесе, оған сәлеміңізді ымдап түсіндіруіңізге болады.

Қазақтарда амандасудың біренеше түрлері бар. Олар: «төс қағыстыру», «қол алу», «маңдайдан иіскеу», «көзден сүю», «қолдан сүю»т.б.

Қазақта «төс қағыстырып» нағыз ер-жігіттер, жауынгер батырлар амандасқан. Ол «мен сені құрметтеймін, қадір тұтамын» деген мағынада.

Жасы кішілер жасы үлкендермен бірінші болып «қол алып» амандасу міндетті. Ал жастар арасында бұлай амандасу, достықтың, сыйластықтың белгісі.

Үлкен әже-аталар өздерінің сүйікті немелерін «көзден не қолдан сүйіп», «маңдайдан иіскеп» амандасқан. Бұл еркелетудің бір белгісі.

«Сәлем – сөздің атасы» демекші, әр елдің өзіндік сәлемдесу мәдениеті қалыптасқан. Әлем елдерінде, тек сөзбен ғана емес қимыл – қозғалыс арқылы да амандасады екен.Ерекше  қимыл – қозғалыс жасау арқылы сәлемдесетін елдермен таныстырып өтейін.

«Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әлем елдерінде сәлемдесу рәсімдері әр түрлі. Кейбір елдер әдеттегі қол алысумен қатар, үлкен сәлемдесу салтанатын өткізеді. Назарларыңызға әлемдегі ең қызықты сәлемдесу рәсімдерін ұсынамыз.

Жаңа Зеландия. Жаңа Зеландияға сапар шеккен жандар маори халқының «хонги» сәлемдесу рәсіміне куә болады. Бұл сәлемдесудің сан ғасырлық тарихы бар. Бір-бірін көрген жандар сәлемдескен кезде мұрындарын тигізіп амандасады. Мұрынмен үйкелесу арқылы олар «ха» рәсімін жүргізеді. «Ха» рәсімі тәңірге құлшылық ету.Жаңа Зеландияға келген кез келген жан ұлысына және жынысына қарамастан, сәлемдескен кезде мұрнымен үйкелесу керек. Бұл заңға тіпті Уильям ханзаданың өзі бағынған.

Тибет. Көптеген елдерде тіл шығару әдепсіздік болып танылса, кейбір жерде тілін шығарған жан жазаға тартылады. Тіл шығару тибет халқына жат емес, себебі, олар бір-бірін көргенде, тілдерін шығарады. Бұл рәсім 9-ғасырда бастау алған. Сол замандағы Тибет елінің көсемі Ландарманың тілі қара болған деседі. Тибет халқы өзгелерге өздерінің жауыз емес екендерін көрсету мақсатында, бір-бірін көрген кезде тілдерін шығара бастайды. Бұл дәстүр өз жалғасын әлі күнге дейін табуда.

Тувалу. Тувалу еліндегі дәстүрлі сәлемдесу дәстүрі өте қызық. Полинезияда орналасқан арал мемлекетіне саяхат жасаған жандар жергілікті халықпен жақындасу әрекетіне дайын болуы керек. Бір-бірін көрген бойда екі жан бір-бірінің беттеріне жақындап, терең дем алады.

Монғолия. Бейтаныс жанды үйіне қонаққа шақырған кезде монғолдар оған «хада» деп аталатын жібек не мақта-маталы жолақ береді. Әдетте, оның түсі ақ. Кейдесе көк я жасыл түсті болады. Хада ұсынылған кезде келген қонақ оны екі қолмен алып, басты изеуі тиіс. Хада ұсыну мен алу рәсімі – үлкен құрметтің белгісі.

Жапония. Жапон халқы сәлемдесу рәсіміне аса мән береді. Бір-бірін көрген кезде олар иіледі. Жастар өзара бастарын изеп амандасады. Ал татамиде тізерлеп отырып, жерге қарай иілу керек.

Кения. Кенияға сапар шеккен жандар масаи тайпасын кездестіреді. Масаи тайпасының халқы бір-бірін көргенде, билей бастайды. Би арқылы олар бір-бірімен амандасады. Сәлемдесу биі «адаму» деп аталады, яғни «секіру биі». Билеген кезде шеңбер жасап, ырғалып, секіре бастайды.

Гренландия. Гренландия сияқты арктикалық аймақтардағы эскимостар не инуиттердің «куник» деп аталатын сәлемдесу рәсімдері бар. Бұл дәстүр отбасы мүшелері мен ғашық жандар арасында кеңінен таралған. Жүздескен жандардың бірі мұрнының ұшы мен жоғарғы ернін екінші жанның қолына я бетіне тигізіп, терең дем алады.

Қытай. Қытай халқының дәстүрлі сәлемдесуі «коутоу» деп аталады. Сәлемдескен кезде қолдарды бүгіп, иілу қажет. Әйел азаматтардың сәлемдесу рәсімі «ваньфу» деп аталады. Олар қолдарын біріктіріп, оны денесінің бойымен төмен қарай сырғытады.«Коутоу» дәстүрі аңызға айналған Хуан-ди патшаның билік еткен тұсында бастау алған еді. Сол заманда бұл дәстүр патшалармен амандасқан кезде және неке қию, үйлену сияқты салттарда қолданылған.

Корея. Кәріс халқы бір-бірімен амандасқанда «Чылым-ю?» дейтін болған. Онысы «Тамақ іштің бе?» дегені. Сірә, ашаршылық жанына батқан бұқара «қарны тоқ болса, амандық сол» деп ұғынса керек. Алда-жалда кәріс фирмасына жұмысқа тұра қалсаңыз, сізге алдымен бір ай бойы кіммен қалай амандасу керектігін үйретеді екен. Деңгейі өзіңізбен шамалас адамның қасында бірдей ғана бас иесіз, дәрежесі өзіңізден жоғары Че-ның яғни фирма директорының алдында барынша бүгіліп, иіліп сәлем беруге тура келеді. Тіпті кейде үлкен басшының алдында жерге жығылып, маңдайды жерге тигізетін жайттар әлі де бар.

Тайланд. Тай елінің амандасу рәсімі «вай» деп аталады. Бір-бірлерін көрген жандар алақандарын біріктіріп, бастарына қояды. Содан кейін иіліп, «савадди» деп айтады. Ежелден келе жатқан «вай» сәлемдесу дәстүрі әлі күнге дейін күллі Тайланд елі бойынша өз мәртебесін жоғалтпаған.

Филиппины. Филиппин елінде сәлемдесу рәсімі жас ерекшеліктерге байланысты әр қилы. Мысалы, жас жігіт үлкен кісіні көрген кезде ол басын изеп, оң қолымен үлкен кісінің оң қолын ұстайды. Кейін саусағының ұшын оның маңдайына тигізеді де «мано по» деп айтады. «Мано» — қол, «по» — құрмет деген мағына береді.

Тегінде, әдеп, адамшылық — амандасудан басталады. Адам баласының рухани тарижында қолы жеткен зор игілігі – сәлемдесу. Оның шарапаты мен кереметі сонда — адамзат әдебінің қалыптасуында, жұмыр басты пенделердің бір- біріне жылы мейір мен кең пейіл көрсетуінде, достықты, өзара жақындықты бейнелеуге аса зор маңызға ие. Адам баласы қашанда тыныш — бейбіт, басы аман, бауыры бүтін, бір-бірімен тату-тәтті, сыйласып өмір сүруді аңсап армандаған. Сәлемдесу о заманнан құдайшылық, имандылық, кісілік нышаны ретінде түсініліп, қабылданған.Сәлем беру- өткінші міндет емес, өмірлік міндет. Бұдан былай кездескендердің бәрімен сәлемдесіп жүрейік.

Абдикаликова Айгерим Талгатовна

Басқа материалдар

ПІКІР ҚАЛДЫРУ