Әлеуметтік — экономикалық аудандастыру мәселелері

0
1317
Freepik.com

Андатпа. Мақалада Қазақстанда және басқа да ТМД елдерінде қалыптасқан әлеуметтік-экономикалық аудандастыру жүйесінің қазіргі жағдайы, жүйеде болып жатқан өзгерістер және нарықтық экономика жағдайында туындаған бірқатар мәселелер қарастырылады.

Тірек сөздер: әлеуметтік-экономикалық аудандастыру, экономикалық география, нарықтық экономика.

Аннотация. В статье рассматривается современное состояние системы социально-экономического районирования, сложившейся в Казахстане и других странах СНГ, происходящие изменения в системе и ряд проблем, возникающих в условиях рыночной экономики.

Ключевые слова: социально-экономическое районирование, экономическая география, рыночная экономика.

Abstract. The article discusses the current state of the socio-economic zoning system that has developed in Kazakhstan and other CIS countries, changes taking place in the system and a number of problems that have arisen in the context of the market economy.

Key words: socio-economic zoning, economic geography, market economy.

Әлеуметтік-экономикалық аудандастыру — аудандастырудың көптеген түрлерінің бірі. Ол еңбек ресурстарының және әлеуметтік инфрақұрылымның қол жетімділігі, халықтың өмір сүру сапасы, экономикалық даму деңгейі, өндірісті мамандандыру және т.б сияқты біртекті әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштермен сипатталатын аумақтарды бөлуге негізделген.

Мұндай аймақтарға бөлу әлеуметтік-экономикалық саладағы дағдарысты еңсеруге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға көмектеседі. Оның экономикасының, әлеуметтік кешенінің әлсіз жақтарын анықтау, сонымен қатар өзекті мәселелерді шешу мүмкіндіктерінің алгоритмін табу аймақты әлеуметтік-экономикалық аудандастырудың дәлдігіне байланысты болады[1].

Әлеуметтік-экономикалық аудандастыру жүйесі толық қалыптасқан және жан-жақты зерттелген болып көрінуі мүмкін. Алайда, осы кезекте бірнеше мәселелерді атап өту қажет. Біріншіден, Қазақстанда және басқа да ТМД мемлекеттерінде қолданылып жүрген әлеуметтік-экономикалық аудандастыру принциптері мен заңдылықтары ХХ ғасырдың басында қалыптасты.

Екіншіден, аталған аудандастыру жүйесі жоспарлы экономикаға негізделіп жасалған, сондықтан, нарық жағдайында қайта қарауды қажет етеді. Үшіншіден, мемлекеттердің даму қарқыны мен әлеуетін бағалауда әлеуметтік-экономикалық аудандастырудың рөлі әлі де айқындалмаған. Бұл мақалада жоғарыда аталған үш мәселеге талдау жасалады.

Отандық аудандастыру ғылым саласында ХІХ ғ соңы мен ХХ ғасырдың басында қалыптасқан теориялар мен жүйелер классикалық деп саналады. Алайда, осы кезеңдегі аудандастыру принциптері мен ерекшеліктерне көз жүгіртсек[2,3], бірқатар қайшылықтарды байқауымызға болады.

КСРО-да аудандастыру мәселесі ХХ ғ 20-жылдары қолға алынды. Жалпы КСРО аумағын 21 ауданға бөлу барысында экономикалық, мәдени-тарихи, географиялық және ұлттық факторлар ескерілсе, республикаларды өз ішінде

аудандастыру негізінен тек шаруашылықтық, шикізаттық факторлар негізінде жүргізілді. Аудандастырудың бұл тәсілі аумақтардың өзіндік табиғи-тарихи ерекшеліктерін айқындауға емес, жаңа аймақтарды құруға және қайта құрылымдауға бағытталды.

Бірақ жоғарыда аталған мәселені шешуге және аудандастырудың мағыналық негізін өзгерту бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. В.И.Блануца өзінің «Экономическое районирование как система смыслов: контент-анализ постсоветских публикации» мақаласында 1993-2016 жылдар аралығында жарияланған 467 еңбекке талдау жасап, қазіргі кезде қалыптасып жатқан аудандастырудың негізгі 10 мағынасын бөліп көрсетеді[4]. Атап айтқанда:

1. Аудандастыру бренд ретінде.

2. Аудандастыру шындық ретінде.

3. Аудандастыру дүние жүзін бейнелеу тәсілі ретінде.

4. Аудандастыру ойлау жүйесі ретінде.

5. Аудандастыру қоғамды ұйымдастыру тәсілі ретінде.

6. Аудандастыру жаңа білім ретінде.

7. Аудандастыру модель ретінде.

8. Аудандастыру болжам ретінде.

9. Аудандастыру жүйе ретінде.

10. Аудандастыру ағым ретінде.

Бұл мағыналар тек посткеңестік кезеңде ғана пайда болды деп айта алмаймыз. Бірақ, осы уақыт аралығында аудандастыруға деген көзқарастың өзгеруі мен мағыналық аясының айтарлықтай кеңеюі байқалады. Бұл әлеуметтік-экономикалық құрылыстың жылдам әрі түбегейлі өзгерісіне негізделеді.

Осылайша, әлеуметтік-экономикалық аудандастыру теориясы әлеуметтік-экономикалық кеңістікті иерархиялық құрылымдау теориясына айналады және әлеуметтік-экономикалық географияның дамуындағы жаңа маңызды кезеңді құрайды[5].

Екінші қарастырылатын мәселе нарық жағдайындағы қазіргі қалыптасқан экономикалық аудандастыру бірліктерінің өміршендігі. Жоғарыда атап кеткендей, кеңестік экономикалық аудандастыру жүйесінде жетекші рөлді Мемлекеттік жоспарлау комитеті атқарды. 90 жылдардан бастап жүргізілген нарықтық экономикаға өту саясаты жүйені жаңарту қажеттілігін туғызды. Бүгінгі таңда экономиканың салыстырмалы тұрақтануымен мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару жедел мәселелерді шешуден стратегияларды әзірлеуге көшуде.

Бірақ аймақтық дамуды стратегиялық басқару идеологиясының өзі аудандастырудың әдіснамасы мен тәсілдерін қайта қарауды талап етеді. Бұл ретте нарық жағдайында экономикалық аудандарды қалыптастыру процестері қоғамның аумақтық ұйымының әлеуметтік, этномәдени және саяси кіші жүйелерінің күшейіп келе жатқан ықпалында болатынын ескеру қажет. Сонымен, экономикалық аймақтардың қалыптасу процестеріне және тұтастай алғанда табиғи сипаттағы факторларға әсерін ерекше атап өткен жөн[6].

Қазақстанда және басқа да ТМД елдерінде экономикалық аудандар бір немесе бірнеше салаларға маманданунәтижесінде және географиялық тұрғыдан жақын әкімшілік бірліктердің (облыстардың) жиынтығынан тұрады. Елдердің нарықтық экономикаға көшуіне байланысты өзгерістер, әсіресе экономиканың екінші және үшінші секторларының дамуы, бұл экономикалық аудандардың тиімділігін төмендетті.

Аталған өзгерістер мемлекеттердің тәуелсіздігін алған алғашқы жылдары жеке кәсіпорындармен қатар экономиканың тұтас салаларының құлдырауына әкелді. Соған қарамастан, мемлекеттерде жетекші өнеркәсіп салаларының өзгеріссіз қалуы экономикалық аудандардың да сақталуында шешуші фактор болып табылады.

ТМД мемлекеттернің нарықтық қатынастарға көшуі бірқатар қиындықтарды туғызды. Олардың бастылары төменде берілген:

1. «Ашық» нарықтың экономикалық және әлеуметтік процестерінің ауқымына сәйкес келмеуі.

2. Экономиканың шикізаттық бағдарлануы нәтижесінде өңірлер арасындағы елеулі алшақтық.

3. Тиімсіз аумақтық-өндірістік ұйымдастыру.

4. Әлеуметтік-экономикалық даму процестерін тежейтін әкімшілік-аумақтық бөліністің ескірген жүйесі.

5. Еңбек және өндірістік ресурстарды көп қажет ететін аумақтарсанының артуы және өсіп келе жатқан өңірлердің жеткіліксіз болуы.

6. Қалыптасқан қоныстандыру жүйесіне байланысты адам ресурстарының жеткіліксіздігі.

7. Көші-қон ағыны үшін көптеген аумақтардың тартымдылығының болмауы салдарынан еңбекке қабілетті халықтың біртекті таралмауы.

8. Халықтың өмір сүру сапасын тұрақсыздандырудың нәтижесі ретінде теріс демографиялық үрдістер.

9. Экологиялық саясаттың халық денсаулығын сақтау саласындағы саясатпен және халықты экологиялық апаттар, теріс әлеуметтік-экологиялық және антропологиялық салдарлардан әлеуметтік қорғау бағдарламасымен үйлесімсіздігі.

10. Аймақтық дамуды мемлекеттік басқару тәжірибесіне заманауи құралдарды баяу енгізу[7].

Экономикалық аудандардың әкімшілік бірлік ретінде бекітілмеуі де бұл мәселеге өз ықпалын тигізеді. Әрбір экономикалық, әлеуметтік реформалар немесе даму бағдарламалары нақты бір әкімшілік бірлікке бағытталады. Ал аймақаралық сұрақтар мемлекеттік деңгейде шешілетіні белгілі. Бұл да экономиклық аудандардың рөлінің кемуіне өз септігін тигізеді.

Бірақ, әлеуметтік-экономикалық аудандастыру кеңестік кезеңнен мүлдем өзгеріссіз қалды деп айтуға болмайды. Қазақстандағы 1997 жылғы әкімшілік территориялық реформа осыған мысал бола алады.

Алайда, ғалмдар мен саясатшылар арасында бұл реформаға қатысты бір жақты пікір қалыптаспаған. Реформаның әлеуметтік салаға, әсіресе облыстардағы этникалық ара қатынастырды реттеуде үлесі зор болса да, бірқатар экономикалық, логистикалық мәселелердің туындауына әкелді. Сәйкесінше, Қазақстанның қазіргі аумақтық жіктелуінің тиімділігі төмендігін көріп отырмыз.

Біз тоқталатын үшінші мәселе, әлеуметтік-экономикалық аудандастырудың Қазақстанның жіне басқа да ТМД елдерінің даму саясатындағы алатын орны. Бұл елдердің экономикасы әлі күнге дейін бірінші сектор басымдыққа ие және достастыққа кіретін мемлекеттердің даму деңгейлері арасында алшақтық зор. Бірақ, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша алдыңғы қатарлы елдер де жоғарыда аталып өткен қиындықтарға байланысты өз әлеуетін толық жүзеге асыра алмай отыр.

Әлемдік тәжірибе ауыр өнеркәсіп пен шикізатты экспорттауға маманданған елдер жан басына шаққанда жоғары ЖІӨ көрсеткіштеріне ие болса да, дамыған мемлекеттер қатарына қосыла алмайтындығын көрсетіп отыр.

Бәсекеге қабілетті экономикалық аймақты құруда келесі факторлар елеулі рөл атқарады:

1. Экологиялық факторлар.

2. Әлеуметтік факторлар.

3. Ақпараттық факторлар.

4. Саяси үдерістер.

5. Әлеуметтік-психологиялық факторлар.

Экономиканың қайта құрылымдалуын және мемлекеттің дамуын қамтамасыз ету үшін экономикалық аймақтарды қайта жіктеу қажеттілігі анық. Осы кезекте шаруашылықтың жаңа қалыптасып келе жатқан салаларының ықпалын, аймақаралық және халықаралық байланыстардың, сонымен бірге, көлік-транзиттік торап аса маңызды орын алады.

Қорытындылай келе, қолданыстағы әлеуметтік-экономикалық аудандастыру жүйесі толық өзектілігін жоймаса да, ескіргендігі барған сайын айқын білінуде. Мемлекеттің алдағы дамуын қолдау мақсатында заманауи нарық талаптарына жауап бере алатын және жаңа экономикалық тораптарды құруға мүмкіндік беретін аудандастыру жүйесін қалыптастыру қажет.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Г.Н. Кургурцева, С.А. Суркова. Подходы к социально-экономическому районированию региона на примере Курганской области // Экономика региона. 2008 ж. №2 139-148 беттер.

2. А.С. Титкова. Проблема социально-экономического районирования Европейской России в начале ХХ века.// Вестник Московского университета. Сер. 5.География. 2009 ж. №2. 13 – 18 беттер.

3. С.В. Кузнецов, Н.М. Межевич // Региональная экономическая политика СССР: исторический опыт для новых хозяйственных условий. // Экономическое возрождение России. 2017 ж.№2(52). 97 – 113 беттер.

4. В.И. Блануца. Социально-экономическое районирование как система смыслов: контент-анализ постсоветских публикации. // Географический вестник. 2017 ж. №4(43). 39-50 беттер.

5. П.Я. Бакланов. О содержании и «смыслах» социально-экономического районирования.// Географический вестник. 2018 ж. №3(46). 24-30 беттер.

6. А.Н. Демьяненко. Районирование в контексте стратегий регионального развития. //Вестник ДВО РАН. 2006 ж. №3. 11-17 беттер.

7. А.А. Жидких. Методика учета особенностей социально-экономического развития территериальных систем в экономическом районировании.// Мир науки, культуры, образования. 2012 ж.№4(35). 326-329 беттер.

Каримжанов Мурат Аманжолович
Ш.Уәлиханов атындағы Кокшетау университеті,
география,экология және туризм кафедрасы,
география мамандығының магистранты

Баязитова Зульфия Ерзатовна
Ш.Уәлиханов атындағы Кокшетау университеті,
география,экология және туризм кафедрасы,
биология ғылымының кондидаты,доцент міндетін атқарушы


ПІКІР ҚАЛДЫРУ